Жаңалықтар

ҰЛЫ АЛТАЙДАН – АНАДОЛЫҒА

ашық дереккөзі

ҰЛЫ АЛТАЙДАН – АНАДОЛЫҒА

Түркияда тұратын қазақтардың ұзақ-салқар көш тарихына назар аударғанда, бұл көштің қазақтың еркіндік жолындағы теңдессіз ерлігі екенін көреміз. 1930 жылдардың екінші жартысында басталып, 1952 жылы Түркияда аяқталған осы көш көркем фильмге арқау болуда. “Aldongar Production” компаниясы фильмнің сценариін жазу үшін 20-22 қыркүйек күндері Алматыда бірқатар тарихшылар мен жазушылардың басын қосты. 

Бұл семинарға  Мемлекеттік тарих институты директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Нәбижан Мұхаметханұлы, Түркия қазақтарының көш жетекшілерінің бірі Елісхан батыр жайында  “Қаралы көш” атты роман жазған Жәди Шәкенұлы, Көш жетекшілерінің бірі Дәлелхан Жаналтайдың немере інісі Насыр Жаналтай, Түркиядан Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, Әбдіуақап Қара, жазушы Қызырбек Ғайретұллах, жазушы Исмаил Женгиз және кино саласының мамандары қатысты.

Продюссер Әлия Уәлжанова жиналыс­ты ашқан сөзінде Түркия қазақтарының көшін тал­қылау үшін осы жиналысты ұйым­дастыр­ғандықтарын айта келе: “Көптен бері осы тақырыпта фильм түсіру ойда жүр еді. Өйткені шетелге шыққан қазақтар көп қиыншылықтар көрді. Әсіресе, Түркия қазақтары. Олардың тағдыры аса аянышты. Шынжаңда миллиондаған қазақ бар. Ондағы қазақтарға жағдай жасалуда. Біздің фильміміз Түркия қазақтарына арналмақ. Түрік халқына рахмет, кезінде осы қазақтарымызды құшағын ашып қабылдады. Бүгінге дейін шетел қазақтары туралы “Мұстафа Шоқай” фильмінен басқа фильм түсірілген жоқ,”  – деді.

Продюссер Әлия Уәлжанова Түркия қазақтары туралы фильм түсірудің өте қиын екенін білетінін, сондықтан фильмнің Қазақстан мен Түркияның бірлескен фильмі болатынын да атап өтті.

Егер тарихқа үңілетін болсақ, Түркия қазақтарының аталары өткен ғасырларда бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы мен Қытай қол астындағы Шығыс Түркістан аймағында өмір сүрген. 1864 жылы Қытай мен Ресей патшалығы шекараны белгілегенде, олар Шығыс Түркістан жақта қалып қойған. Қазақтардың бір бөлігі Шығыс Түркістан өлкесінің губернаторы Шың-Ши-Сайдың (1933 – 1944) зорлық-зомбылықтары салдарынан туған жерлерінен босуға мәжбүр болған. Олар екі көш толқынымен өздерінен 30-40 жыл бұрын Бөке батыр жасаған сияқты, азаттықты туған топырақтан тыс жерлерден іздеп, шетке ауып кеткенін байқаймыз.

Продюсер Әлия Уәлжанова фильмнің Оспан батыр немесе Елісхан батыр сынды жетекшілердің бірінің өмірінің негізінде жасалатынын айтты. Ол сонымен қатар фильмнің тек қазақ пен түрік халықтарына емес, бүкіл дүние қауымдастығына арналып түсірілетініне баса назар аудара келіп былай деді: “Фильм тарыдай шашыраған қазақтың тағдырының бір екенін әлемге әйгілейтін фильм болады.”

Түркиядан келген және Түркия қазақтарының көші туралы 1976 жылы түрік тілінде жарық көрген “Алтайларда қанды күндер” атты кітаптың авторы Қызырбек Гайретұллах “Продюсер Әлия Уәлжановаға осы жұмысты бастағандарыңыз үшін өзім және Түркия қазақтары атынан рахметімді айтамын. Көш оңай болмады. Сол жолда мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адам қаза тапты. Адамдар баласынан, әкесінен, туыстарынан көз жазып қалды. Сондықтан қазақ халқы:

“Өр Алтайдан дүркіреп ел көшті ғой,

Ақ даланың төсінен оқ есті ғой.

Қара арғымақ сүрініп қу томарға,

Қара нардың бұйдасын жау кесті ғой.

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!

Елім көшіп аңырап жерім қалды,

Асқар асу шұрайлы белім қалды.

Омырауын қарт ана жаспен жуып,

Қарай-қарай мекенге көзім талды.

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!” – деген зарлы өлеңдер айтқан. Алла тағала қазақ халқына екінші мұндай өлеңдер айтқызбасын”.

Жазушы Жәди Шәкенұлы Түркия қазақтарының көшінде көш жетекшілерінің рөлін баса көрсетудің маңыздылығына көрсетті. Оның пікірінше, қазақ жетекшілерінің басқа халықтарда кездеспейтін бір қасиеті өздерінің жеке  бастарының қамынан гөрі, елді, соңына ертең халықтың қамын ойлайтынында. “Жеке басым шабылса шабылсын, бірақ халқым аман болсын” деген ой қазақтың генінде бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Нәбижан Мұхаметханұлы Түркия қазақтарының көшінің қазақ тарихындағы өте күрделі де маңызды тарих екенін көрсете келіп, былай деді: “Олардың көрмегені, тартпаған азабы жоқ. 1933-1934 жылдары олар Шынжаң губернаторының озбыр және залым саясатына төзе алмай Гансуға көшті.  Неге? Өйткені олар сол аймақты билеп отырған мұсылман қытайлар – дүнгендерден жәрдем аламын деп ойлады. Бірақ нәтиже олай болған жоқ. Негізінен алғанда олар үлкен империялардың құрбаны болды. Мұндай фильмді түсіру керек. Түсіргенде: 

– Қазақтың көрген қиын­шылықтарын ортаға салса,

– Биік рухын көрсетсе,

– Өміршең болса,

– Түрік халқының оларға қол ұшын бергені айтылса тамаша болар еді.”

Түркиялық жазушы Исмаил Шынғыз: “Түркия қазақтарының аталар  көші қозғалғанда 20 мың адам еді. Содан 2 мың адам Түркияға тірі жетті. Бұл үлкен трагедия. Егер мұндай оқиға АҚШ-та болғанда, америкалықтар қазірге дейін жүзден аса фильм түсірген болар еді. Менің ойымша, бұл фильмде тек тарихи оқиғалар емес, сонымен қатар келін түсіру, көкпар ойыны, шілдехана сынды қазақ салт-дәстүрлері де, тіпті музыкасы да орын алу керек,” – деді. 

Продюсер Әлия Уәлжанованың Түркия қазақтарының көші туралы фильм түсіру бастамасы құптарлық. Біздің оған Түркия қазақтары атынан алғысымыз шексіз. Бұл кино саласында, әрі тарих ғылымдары саласында бұрын-соңды болмаған алғашқы бастама. Менің білуімше, Түркия қазақтарының көші туралы тарихшылардың басын қосып, халықаралық көлемде бүгінге дейін ғылыми конференция болып көрген емес. Сол себепті продюсер Әлия Уәлжанованың осы ізгі бастамасы баршамызға терең ой салуға тиіс.

Әбдіуақап Қара,

тарих ғылымының 

докторы, Мимар Синан көркем 

өнер университетінің профессоры