ҚАЗАҚТА КҮРЕСКЕРЛІК ҚАСИЕТ КЕМШІН
ҚАЗАҚТА КҮРЕСКЕРЛІК ҚАСИЕТ КЕМШІН
22 қыркүйек – Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алған күні. 1989 жылы КСРО құрамындағы Қазақ ССР-інің Жоғары Кеңесі дәл осы күні мемлекеттік тілдің тағдырын шешкен еді. Мұхтар Шахановтың айтуына жүгінсек, дәл сол күні Жоғары Кеңес депутаттары қазақ тілі мен орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде қабылдап жіберген екен.
Мұхтар Шаханов халықтың көңіл күйінің қандай жағдайда отырғанын және басқа да одақтас мемлекеттердің өз ұлттық тілдерін мемлекеттік тіл жасағанын айтып, күн тәртібіне бұл мәселені қайта қою қажеттігін көлденең тартыпты. Сөйтіп, заңға қайшы болса да, халық қаһарынан қорыққан игі жақсылар Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қабылдаған. Содан бергі 25 жыл бойы 22 қыркүйек – Қазақстанда тілдер мерекесі болып мерекеленіп келеді. Мемлекеттік, қалалық әкімшіліктер тілдер апталығын өткізеді. Осымен мемлекеттік тілді ұлықтау ісі тәмам. 25 жыл бойы айта-айта жауыр болған түйткілге қайта ораламыз. Жыл өткен сайын оған да ет үйрене бастағандай.
Дәл осы күні «Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық ұйымының жетекшісі Мұхтар Шаханов бастаған мемлекеттік тілдің жанашырлары «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын ұйымдастырып келгеніне он жылдай уақыт. Жиын жыл сайын Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында, «Сарыарқа» кинотеатрының маңындағы «Сарыарқа» алаңында өткізіліп келген. Бұл алаңға кемінде 5 мыңдай адам сыяр еді. Ал биыл бұл үрдіс өзгерген екен. Биылғы таратылған мәлімдемелерде шараның өткізілер жері «Б. Момышұлы және Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысы» дегенді көргенде, оның қайда екенін білмей сарсаңға түстік. Орталық мемлекеттік мұрағаттың жаңа ғимаратын табу қиын болмаса да, астында көлігі жоқ адам үшін қатынау оңай болмады. Оның үстіне аталған ғимараттың мәжіліс залына небәрі 230 адам сияды екен. Мемлекеттік тіл акциясын қолдауға келгендердің қарасы кемінде мыңнан асады. Біразы түрегеп тұрды, біразы сырттан тыңдады, кейі қайтып кетті. Сөйтіп 230 адамдық залға бес жүзден астам адам сығылысып әзер сыйды. Бұл жиынды қандай да бір шеру деу қиын. Өйткені шеру ашық алаңда, далада өтпеуші ме еді. Бұл Үкіметке дауысын жеткізем деушілердің кезекті жиналысы ғана боп қалды.
Сонымен «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына кімдер келді? Мұхтар Шаханов бастаған «Тәуелсіздікті қолдау» қозғалысының мүшелері, Дулат Исабеков, Мекемтас Мырзахметов, Бейбіт Қойшыбай, Советхан Ғаббасов секілді ұлт зиялылары, Айдос Сарым, Расул Жұмалы және Мұхтар Тайжан секілді саясаттанушылар, Дәурен Бабамұратов бастаған «Болашақ» жастар қауымдастығының мүшелері және журналистер, өзге де қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік тілдің бүгінгі аянышты халіне жаны ауыратын қарапайым көпшілік. Арасында «Желтоқсандықтардың» да қара көрсеткені байқалады. Сонымен 2.30 сағат бойы тілдің жырын жырлаған халық не талқылады?..
Мемлекеттік тіл – басты тіл!
Жиналыстың беташарын әдеттегідей Мұхтар Шаханов ашты. Ол өз сөзінде биліктің тар бөлмелерде, қаладан жырақ жерде жиналыс өткізуге рұқсат бергеніне нали отырып, ашық алаңдарда рұқсатсыз жиын өткізсе қамалатынын, ал Республика сарайының бір күндік жал құны – 35 000 мың долларға жеткенін және оған қол ұшын соза қоятын қазақ олигархтарының жоқ екенін тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, 25 жыл жырланған мемлекеттік тілдің жауыр болған түйткілдерін қайталап езудің пайдасы шамалы екенін айтып, билікке қояр нақты талаптарын ұсынуды өтінді жұрттан.
– Біз жақында «Мемлекеттік тілдің мүшкіл халі» атты жиын өткіздік. Осы жиында билікке қоятын нақты талаптарымызды айттық. Соның бірі, мемлекет басшысынан бастап, қарапайым қызметкерге дейін мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету. Бізден басқа ешқандай елдің ұлттық тілі бүгінгідей сорақы күй кешіп отырған жоқ. Сол себепті де «Мемлекеттік тіл – басты тіл!» дегенді талап ететін кез жетті. Мемлекеттік тілді менсінбегендер қызмет етпесін.
Тіл комитеті – Ақпарат және мәдениет министрлігінің құрамында отыр. Мемлекеттік тілдің төңірегінде қаптаған проблемалар бар. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәселесімен айналысатын жеке агенттік болуы тиіс. Осы секілді 14 талапты билікке қойдық, – деді ол.
Тура 18 минут сөз алған жазушы Дулат Исабеков өз қаламдастарының ұлт тағдырына, тіл тағдырына немқұрайлы қарайтынына налыды. Қазақтың бас ал десе, шаш алатын полицейлерінің тапсырманы орындауға келгенде өршеленіп кететінін сөз етті:
– Дүние жүзінде өз тіліне қазақ сияқты селқос қарайтын бір де бір ұлт жоқ екен. Бізге не болды? Көптеген ұлтжанды-ау деген жігіттеріміз билікке барысымен, өзгеріп шыға келеді. Алды «атаман» болып кетіп жатыр. Қазақстанда 700 жазушы бар. Алайда олардың арасында ұлттың қамын ойлайтыны некен-саяқ. Ұлтының қамын ойламаған жазушы, жазушы ма? Бұрынғы Жазушылар одағының рөлі Парламенттің деңгейінде еді. Жазушылар одағының құрылтайына Қонаев өзі келіп, тапжылмай екі күн қатысатын. Қазіргі құрылтайлар ауылдың жиналысы сияқты өтетін болды. Неге? Өйткені қазақ жазушыларының беделі қалмай барады. 2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады дейміз. Ол үшін алғышарттар болуы тиіс қой. Ал біз керісінше, күн өткен сайын кері кетіп барамыз. Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында Тілдер комитетіне қаншама қаржы бөлінді. Алайда ол қаржының бәрі құмға сіңген судай жоғалды. Осы қаржыны тым болмағанда сауатты билбордтар жасауға пайдалана алмадық қой. Телеарналарда, көшелерде «Еуропалық тілдер күні» деген жарнамалар ілініпті дейді Мұхтар Шаханов. Осы күнді «Мемлекеттік тіл күні» деп атауға не кедергі болды? – деді ол.
Филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов қоғамды бөлетін екі түрлі факторға баса назар аудару керек деген ойды кесе көлденең тартты. Оның айтуынша, Қазақстан халқы тілдік және діни бөліністің алдында тұр. Сондай-ақ, Мекемтас Мырзахметов қазақтың бірлігін ойласақ, жазуды бірегейлендірген жөн дейді. Қазір Қазақстан кириллицада, қытайдағы қазақтар төте араб әліппесінде, Еуропа қазақтары латынницада, бірінің жазғанын бірі оқи алмайтын деңгейге жетті деді ол.
– Бізді адастырып жүрген шала қазақтар. Қазақ халқының үштен бірі шала қазақтар және мемлекеттік билікте отырғандардың көпшілігі де солар. Сол себепті де, мемлекеттік қызметке жұмысқа тұратындарға қойылатын талап, өзге емес қазақтар үшін, мемлекеттік тілді білмейтіндерді қызметке қабылдамау қажет. Сонда шала қазақтың бәрі бір жылда қазақша сайрап кететініне мен кепіл. Оған саяси жігер керек. Шала қазақтардан құтылу үшін аралас мектептерді жабу керек. Мектептер тек қазақтілді немесе орыстілді болғаны жөн. Қазір ел көлемінде 2097 аралас мектеп бар екен, – деген ол елдегі қордаланған түйткілдің бірі ретінде діни алауыздықты тілге тиек етті.
ХАЛЫҚ КІНӘЛІ МЕ?
Жиында сөз алғандардың біразы мемлекеттік тілдің бүгінгі халіне билікпен бірге оны тұтынатын халықтың енжарлығы да кінәлі десті. Мәселен, жазушы Советхан Ғаббасов мемлекеттік тілді төріне оздырмай отырған екі себеп бар. Оның бірі – биліктің құлықсыздығы, екіншісі – халықтың енжарлығы деді.
– Біздің биліктен талап ететініміз не? Бірінші, 22 жыл бойы жолға қойылмаған – ұлттық идеология. 25 жыл ұлттық идеологиясыз өмір сүрген қазақ азбай қоймайды, – деді ол.
Дәл осы ойды «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбай мен саясаттанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы да қайталады.
– Әрбір қазақ рухани тұрғыдан өліп барады. Қазақта күрескерлік қасиет қалмады, – деді Жарылқап Қалыбай.
Ал Айдос Сарымның пікірінше, халықтың әлі күнге дейін өздерінің саяси талаптарын табанды қоя алмауының бірнеше себебі бар.
– Бірінші себеп: осы күнге дейін құлдық санадан арыла алмай отырғандығымыз. Соның салдары болар әлі күнге дейін ұлттың ұлылығын паш ететін кинотуындылар, Алаш қайраткерлері жайлы тұщымды роман жарық көрген жоқ. Сол себепті де бүгінгі жастардың санасын осы құлдық санадан ада тәрбиелейтін кез келді. Келесі жылдан бастап, барша мемлекеттік қызметкер, барша халыққа қызмет көрсететін орындардың бәрінде қазақша еркін сөйлейтін адамдардың жұмыс істеуін талап ету, келесі жылдан ҰБТ-ны тек қазақ тілінде тапсыру, келесі жылы «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдату үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.
Ал Расул Жұмалы әрбір қазақ тіл үшін жанын беруі тиіс, соңғы кездегі мемлекеттік тілге қарсы жасалып жатқан шаралар күн өткен сайын халықтың ашу-ызасын тудыруда екенін айтты.
– Мәселен, осы қаладағы әлеуметтік деңгейі төмен қазақтардың мәселесін қала басшылығына жеткізбек мақсатта әкімшілікке барған бір топ белсенді он-он бес тәулікке қамалды, әуе кемесінде Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен қазақ азаматы үш күнге қамалды, қазақ егемендігін танығысы келмеген, оның тәуелсіздігіне түкіргенім бар деген Ресей арандатушысы Қазақстанға келгенде республикалық білім ордаларының бірі оған төрін берді. Осы мәселеге қарсылық танытқан азаматтарды тағы да түрмеге қамамақ болды, бұл нені білдіреді? Қоғамда қазақтардың бас қосуынан сескенушілік байқалады. Сол себептен де қоғамның белсенділігі қажет және заң жүзінде талап ете білген абзал, – деді ол.
ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ ӨЗАРА ДИАЛОГЫ ЖОҚ
Жиналған жұрттың алдына билік атынан келген өкіл, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова шыққанда әуелі зал сілтідей тынды. Алайда, Зәуреш ханымның сөзін ортасына жеткізбей, шулап қоя берді. Бұған оның бағанадан бергі әңгімелерге қатысты берген кейбір жауаптарының тым көңілден шыға қоймағандығы себеп болған еді. Зәуреш Аманжолова 1986 жылы Алматыда 1 ғана қазақ мектебі болса, қазір Алматы мектептерінің 60 пайызы қазақ тілінде деген дерек келтірді. Алайда залдағылар бұл деректің шынайылығына күмәнданды. Өйткені баспасөздегі деректер бойынша, Алматы қаласындағы 185 мектептің 59-ы қазақ тілінде, 62-сі – орыс тілінде білім беретін болса, 61-і – аралас мектептер. Демек, қазақ тілінде білім беретін мектептердің пайыздық үлес салмағы 50 пайызға да жетпейді. Зәуре Аманжолова ханымға залдағылардың қояр сұрағы өте көп болды. Бұл әкім орынбасарымен жиналғандардың арасындағы баспасөз мәслихаты іспетті өтті. Соңында ол қала жұртшылығымен арнайы кездесу өткізуге уәде берді. Сонымен қалалық әкімшілік өкіліне қойылған сауалдар қандай болды?
– Орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің сағаты неге азайды, ал керісінше, қазақ мектептерінде орыс тілі пәнінің сағаты неге көбейді?
– Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 20 жылдан асса да, қазақты отар етуге күш жұмсаған отарлаушы тұлғалардың атындағы көшелер мен жер-су аттарын қазақшалау ісі неге тоқтап қалды? Мәселен, қалада Мирзоян, Фурманов, Колпаковский секілді көшелер әлі көп. Ал Қазақ хандығының негізін салған Қасым, Жәнібек, Керей хандарға арналған көшелер қайда?
– «Алматы» телеарнасындағы «Тіл сақшысы» бағдарламасы неге жабылды?
– Қазір қайда барсаңыздар да, мектепте, колледжде, жоғары оқу орындарында ІІ дүниежүзілік соғысты ұлықтаған мәңгілік алауға кез боласың. Алайда Қазақ тәуелсіздігі жолында күрескен тұлғаларымызды ұлықтау ісі әлі кенже қалып келеді, олардың ел үшін жасаған ерлігіне тағзым етілмейді. Бұл неге?
Әрине, бұл сауалдардың барлығына Зәуреш ханымның жауап беруге құзыреті жетпейтін еді. Дегенмен ол Алматы жұртшылығын толғандырған сауалдарға жауап беруге да-йын екендігін айтты.
Демек, билік пен халық арасындағы өзара диалог деңгейінің төмендігі осыдан байқалып-ақ тұр. Халық көкейінде жауабын таппаған сауалдар көп-ақ. Билік ол сауалдарға жауап беруге құлықты емес. Билік пен халықтың арасы алшақтаған сайын өзара түсінушіліктің кеми түсетінін, оның соңы әлеуметтік наразылыққа ұшырататынын түсінетін кез жеткен секілді.
«ҚАЗАҚ» ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТЕ МЕ?
Жиын соңында жиналыстың қарары қабылданды. Ондағы басты мәселелердің бірі – жақын арада Қазақ ұлтшылдарының құрылтайын өткізу. Аталмыш құрылтайда осы уақытқа дейін түйіні шешілмеген қазақ мәселелерін тағы да талқыға салу, билікке нақты талаптар қою және соны орындату. Оның бастысы – мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ету, кез келген ресми жиындардың қазақ тілінде өтуі, жоғары және төменгі деңгейдегі шенеуніктерді мемлекеттік тілді білмесе қызметтен аластату. Бұған дейін Қазақ ұлтшылдарының құрылтайын Қазақстанның Социал демократиялық партиясы ұйымдастырған болатын. Одан бері де аз уақыт өткен жоқ. Алайда құрылтайдың өз жемісін бермегендігі анық. Бұл жолғы Құрылтай да өткен жолғыдай мұң-шер тарқатудан аспай қалмаса игі. Алайда көпшіліктің көкейінде бұндай Құрылтай өтпеуі мүмкін деген күдік те жоқ емес. Өйткені кез келген ұлттық бастамалар бүгінде қауіпті саналатын сияқты. Неге?
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ