Жаңалықтар

ЗАҢ ДА ҚОҒАМЫНА ҚАРАЙ ЖАСАЛАДЫ

ашық дереккөзі

ЗАҢ ДА ҚОҒАМЫНА ҚАРАЙ ЖАСАЛАДЫ

22 қыркүйек күнінде жыл сайын қазақстандықтар Тіл мерекесін атап өтеді. Біз Тіл мерекесін қалай атап өтіп жүрміз? Тілдер мерекесі науқаншылдыққа ұласып кеткен жоқ па? Қазақ тілінің мерекесін неге атап өтпейміз? Көкейімізде тұрған көп сауалға жауап іздеп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлымен әңгімелескен едік. – 22 қыркүйек – Тілдер мерекесі. Жыл сайын осы күні тіл мерекесін атап өтеміз. Неге Тілдер мерекесі? Неге қазақ тілінің мерекесі емес?

– Осыдан тура 17 жыл бұрын – 1989 жылы қыркүйектің 22 күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Ол Заңда сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі болып бекітілді. Осы күн тіл мерекесі ретінде аталып келген еді. Одан кейін 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге мерекелер туралы» Президенттің № 3827 Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі «Қазақстан халқы тілдері күні» деп жарияланған. Биыл бұл күн 15 қыркүйекке сәйкес келді. «Неге қазақ тілінің мерекесі емес, неге тілдер мерекесі?» дегенге келсек, біз бұл мәселеге кеңірек қарағанымыз жөн деп ойлаймыз. Әрине, қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі, мәртебелі тіл. Оның мәртебесін мойындау, құрметтеу барша қазақстандықтарға ортақ міндет. Елдің мемлекеттік тіліне, осы жерді тарихи отаны ретінде ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан жергілікті халықтың ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік дәрежеде мән берілгені дұрыс. Солай болуы да керек. Алайда біздің елімізде өзге этнос өкілдері де тұрады. Олар да біздің елдің тең құқықты азаматтары. Олардың да ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауына, ана тілдерін үйренуге, сөйлеуге құқықтары бар. Біз – Ата заңымыз бойынша өзімізді зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде жариялаған жұртпыз. Ендеше, соған сәйкес ізгілікті көздейтін, өркениетті ел ретінде тілдік қатынастар мен елдегі мәдени қатынастарды да құқықтық жолмен шешуге, реттеуге тиіспіз. Мемлекеттің тіл саясаты сауатты жүргізіліп, алдымен, ұлты қазақ азаматтар отбасынан, балабақшадан бастап ана тілін біліп, шынайы құрметтеудің үлгісін көрсетсе, қазақ тілі өзге жұрттардың тілдері мен мәдениетіне көлеңкесін түсірмей-ақ мәуелі бәйтеректей өркен жайып, мәртебесіне сай қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылатын болады. Дана халқымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді ғой. Мұндай мәселеде біз кеңдік танытуға тиіспіз. Қазақ тілі қолданысының әлі толық шешімін таппағаны дәл осы мерекенің атауына тіреліп тұр деп ойламаймын. 

– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Оның мәртебесі басқа барлық тілден жоғары. «Қазақстанның азаматымын» дейтін, осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп, осы елде өмір сүріп жатқан кез келген адам мемлекеттік тілді меңгеріп, құрметтеп, көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Осыны санамызға сіңіруіміз керек», – дейсіз. Мұныңыз дұрыс. Бірақ еліміздің азаматтығын жылына пәленбай адам қабылдайды. Тіпті, солардың өзіне мемлекеттік тілді білуді міндеттей алмай отырған жоқпыз ба?

– Біздің елімізге Қытай мен Моңғолиядан, Өзбекстаннан тарихи Отанына келіп, азаматтығын алып жатқандардың дені қазақ тілін жақсы біледі. Өзге елдерден келетіндердің тілді білуі туралы олай дей алмайтынымыз рас. Туғалы, өмір бойы осы елде тұрып жатқан азаматтарымызды қазақша сөйлетіп, мемлекеттік тілді жас буынға білім беру жүйесі арқылы толық меңгертіп алмай жатып, бұрын тілді оқымаған, тілдік ортасы болмаған кеше келген азаматтардан оны талап етуге қаншалықты моральдық құқығымыз бар. Олар “Қазақстанда отырып, сіздер әлі толық меңгермеген тілді бізден талап еткендеріңіз қалай?” – десе, не деп жауап береміз. Сондықтан, алдымен, “жаңа азаматтарымызға” талап қоймас бұрын, тумысынан қазақстандық болып саналатын азаматтарымызға талап қойғанымыз жөн сияқты. Азамат болған соң оларды ескі-жаңа деп бөлген дұрыс болмас. “Алдымен өзімізден бастайық” деген тұрғыдан айтып жатқанымыз ғой. Жалпы, осыған дейін этностық қарым-қатынас саласында барынша либералды саясат жүргізіп келген көптеген мемлекеттерде бүгінгі таңда өте қатаң талаптар қойылып, мемлекеттік тілді міндетті түрде білуін талап ете бастады. Мәселен, Германия, Ресей сияқты бірқатар елдер. Біз де соған келеміз. 

– Биылғы жылы Президентіміз «Ақ­параттық Қазақстан – 2020» мем­­лекеттік бағдарламасын бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты – еліміздің жаңа инновациялық өзгерістер заманында ақпараттық қоғамға ауысуын қамтамасыз ету болып отыр. Тіл мәселесін ақпараттық ғасыр талабына сай шешу керек дегенімізге біршама уақыт болса да, шешімін таба қойған жоқ. Мұны шешудің жолы қандай?

– Бүгінгі ақпарат ғасырында кез келген ел ғаламтордағы, яғни интернет жүйесіндегі өзінің орнын нықтап алуға ұмтылуда. Бізде бұл кеңістіктен өз орнымызды алуға тиіспіз. Елімізде көп сұранысқа ие сайттардың тек орыс тілінде ғана қызмет ететіні ешкімге құпия емес. Барларының қазақшасы ақсап жатады. Қазақ тіліндегі ақпарат өнімдері орыс тіліндегі өнімдермен толық бәсекелесе алмай жататын кездері де аз емес. Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында өнімнің бәсекеге қабілетті болуы демеушілер мен жарнама берушілерді өзіне тартып, ақпарат құралының қаржылық жағын нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан өнім берушілердің нарыққа бейімделуі көп мәселені шешетінін ескермей болмайды. 2013 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі С. Ахметовтің төрағалығымен өткен Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және ақпарат министрлігіне Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Көлік және коммуникация министрліктерімен бірлесе, мемлекеттік – жекеменшік серіктестіктері әдістерін де пайдалана отырып, соның ішінде қазақ тілінің он-лайн мектептерін құру мәселесін пысықтау туралы тапсырма берілген болатын. Қазір он-лайн мектептерін құру мәселесі туралы тиісті органдар арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Халыққа қызмет көрсету, бұқаралық ақпарат құралдары, көлік және коммуникация және басқа да салаларда қазақ тілі біртіндеп өркен жайып келеді. Біз күткен дәрежеде болмаса да жұмыс жүргізіліп, алға жылжып келеміз. Бұл – уақыт талабы. Мұндай жұмыстар бар саланы қамтып, олардың ауқымы күн санап кеңи беруі тиіс. Сондықтан бұл істі тек тілге жауапты құрылымдардың, ІТ мамандарының немесе журналистердің міндеті деп қарамай, әркім өз саласы бойынша атсалысқаны абзал. 

– Тіл институтының маманы, ғалым Ғалымжан Ермекбай өзінің «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ тілінің қолданысын санамен реттеуден гөрі заңға көп сүйенетініміз анық қой. Бізге соның керісінше болғаны керек», – деген еді. Тілдің қолданысын арттыру үшін бүгінгі таңда басты қажеттілік не?

– Әрине, біз өзімізді зайырлы­, құқықтық мемлекет деп жария­ла­ғандықтан, қай мәселеде де заңға жүгін­геніміз, өз әрекеттеріміздің, қа­был­даған шешімдеріміздің бәрі де қолданыстағы заңнамаға сәйкес болғаны дұрыс қой. Бұл – өркениеттілік белгісі. Заңға, тәртіпке бағынған ел құл болмайды. Ал Ғалымжанның сөзіне келер болсақ, ол мәселенің екінші қырына назар аударып отыр. Жалпы, оның пікірі дұрыс. Біздіңше, бұл медальдің екі беті сияқты нәрсе. Заң да заманына, қоғамына сай жасалады. Біз шындықтың бетіне тура қарағанымыз жөн. Біздің заңдарымызды сырттан келген біреулер жасап, қабылдаған емес. Заңдарымызды әзірлегендер де, оны қабылдаған да қазақстандықтар. Заңды әзірлеген мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органы – Парламентте жұмыс істейтіндер де осы қоғамның мүшелері. Аспаннан түскен ешкім жоқ. Заңдарымызды солқылдақ, екіұшты деп санайтын болсақ, онда олар өзімізге лайық болғаны. Егер олай болмаса, ол заң қабылданбас еді. Қабылданған күннің өзінде оған қоғамның қарсылығы күшті болып, оны өзгертуге мәжбүрлік туындатар еді. Сондықтан, заңның арғы жағында, заңнан да күшті, сол заңдарды жасауға, қабылдауға, керек болса өзгертуге апаратын қоғамдық сана, ұлттық сана жатады. Тіл заңына қатысты алғанда оған тілдік сана да қосылады. Мен біздің қазіргі қазақтың елеулі бөлігінің ұлттық санасы, тілдік санасы әлі де әлсіз, төмен деп санаймын. Егер біздің ұлттық санамыз, тілдік санамыз жапондікіндей, ағылшындікіндей, түріктікіндей, латыштікіндей немесе көрші өзбектікіндей болса, онда қазақ тілінің еліміздегі жағдайы қазіргідей болмас еді. Тілдік санамыз берік, мықты болса, қазақ тілі өз елімізде дәуірлеп, Тәуелсіздігімізді жариялағалы бергі бір ұрпақ ауысатын уақыт өткенде қоғамдық өмірдің барлық саласында мәртебесіне сәйкес кеңінен қолданылып жатқанын көрер едік. Әзірге ол күнге толық жете алмай отырмыз. Мұны тек заңнан көру әділетсіздік. Керек десеңіз, сылтау, өтірік. Ата заңымыздың 7-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” деп тайға таңба басқандай жазулы тұр емес пе? Біз осы құқығымызды қаншалықты пайдаланып, әрқайсымыз оның орындалуына қаншалықты атсалысып отырмыз. Тәуелсіздік тұсында да ұл-қыздарын орысша оқытып, тәрбиелеп, олармен орысша сөйлесіп жүрген қазақтарға Конституция немесе Тіл туралы заң кедергі келтіріп отыр деп ойлайсыз ба? Мүлде олай емес. Бұл олардың миында ұлттық сананың орнықпағандығынан, сол қоғамдық, ұлттық сананың аса маңызды бөлігі болып саналатын тілдік сананың жоқтығынан немесе төмендігінен орын алып отырған құбылыс. Тіл білімінде тілдік санамен қатар “тілдік сана-сезім” (языковое самосознание) деген де ұғым бар. Ол – “тілді пайдаланушылардың қай тілде сөйлейтіндігі мен өздерін қай тілмен, қай этноспен, этникалық топпен сәйкестендіретіндігі туралы түсінігі”. Біздің қазақ қоғамының санасында отарлаудан қалған кілтипан бар. Ол – өзгелердің мәдениетін, тілін зор, өз тілі мен мәдениетін қор, кем санайтын түсінік. Бұл негізінен өз мәдениетінен бейхабар, өз тілінде тәрбие көріп, білім алмағандарда болатын нәрсе. Құлдық сананың осы бір сарқыншағы – бай да құнарлы тіліміздің кең қанат жаюына бөгет жасап, аяғына тұсау болып отырғаны құпия емес. Бұдан құтылудың бір ғана жолы бар. Ол – қазақтың ұл-қыздарын отбасында, балабақшада қазақша тәрбиелеп, мектепте қазақша оқыту. Егер еліміздегі білім саясатын жүйелі түрде жүргізіп, осы істі жолға қойсақ, қазақ тілінің мәселесі сонда ғана түбегейлі шешімін табады. Тілдік орта да қалыптасады, кәсіби қызметін мемлекеттік тілде атқара алатын ұлттық кадрлар да дайындалады. Қазақ тілі ғылым мен білімнің, технологияның тілі ретінде өмірдің барлық саласында қолдануға мүмкіндік алады. Өзге этностардың өкілдері де біздің төңірегімізге топтасып, қазақ тілі шын мәніндегі біріктіруші факторға айналады. Олай ете алмасақ, өз обалымыз өзімізге. Біз тарихи миссиясын атқара алмаған ұрпақ ретінде, шешімін таппаған тіл мәселесін келесі ұрпақтың мойнына артып кетеміз. Бұлай етуге қақымыз жоқ. Әкелері бүгін өзі атқаруға тиісті тірліктерін балаларына қалдырып кететін болса, ондай ұлттың жасампаз, бәсекеге қабілетті болуы қиын. Сондықтан да ұлттық сана мен тілдік санаға бүгін сілкініс жасап, келер ұрпақтың өзге мәдениеттердің етегіне жармасып, өзге тілдердің жетегінде кетуден сақтауымыз керек.

– «СКАТ» әуекомпаниясы мен «Жұлдыздар отбасы» журналының редакторы Жарылқап Қалыбайдың арасындағы қазақ тіліне байланысты болған дауды өзіңіз де естіген шығарсыз. Қазақ тілін неге үнемі дауға сала береміз? Компаниялардың Мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарауына тыйым салып, Заңмен мұрындықтайтын уақыт жеткен жоқ па?

– Қазақ тілінің де, қазақ тілінің мүддесін көздеушілердің де басы дауға қала беруі баршамызға сын. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңының 56-бабының 6-тармағында: «ҚР азаматтық әуе кемесінің, кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті» деп көрсетілген. Заңның осы талабының орындалуын әркім талап етуге құқылы. Алайда оны талап ететіндер ілуде бір кездесетіндіктен, компания басшылығы да, бортсеріктер де заңның осы бабын орындай бермейді. Біздің комитет тарапынан бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, қазақша хабарлау мен қазақша аудармалар сапасы Көлік және коммуникация министрлігіне, оның тиісті тілдік құрылымдарына ескертілген еді. «Скат» әуекомпаниясында орын алған оқиғадан кейін министрлік пен Көлік прокуратурасына хат жолдап, бұл саладағы заңның орындалуын алда бірлесіп қадағалауды қолға алып отырмыз. 

– Білім және ғылым саласына келген жаңа министр «орыс тілін» даярлық тобынан бастауды жөн көріпті. «2020 жылға дейін қазақстандықтардың тоқсан бес пайызы қазақ тілінде сөйлейтін болады» деп Елбасымыз Жолдауында айтқан еді. Жаңа министрдің жаңа реформасымен қазақ тілін білуді кейінге шегеріп отырған жоқпыз ба?

– Мұндай ақпаратты қайдан алға­ныңызды білмедік. Сіздің сұра­ғы­ңызда көтерілген мәселе Білім және ғылым министрлігі тарапынан растал­мағандықтан, оған жауап беруге не­гізіміз болмай отыр. 

– Елбасы биылғы Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесін айтқан еді. Латын қарпіне көшуді кейбіреулер қолдаса, кейбір зиялыларымыз қарсы болып отыр. Латын қарпіне көшудің тиімді жағы қандай? Оңай жағы қайсы, осыны саралай өтсеңіз?

– Әліпби ауыстыру асығыстықты кө­термейтін, лингвистикалық, ақ­па­­раттық, саяси-экономикалық қыр­ла­рын жан-жақты зерделей отырып шешуді қажет ететін маңызды мәселе. Жазу, әліпби бүкіл қоғам мүшелеріне қатысты болғандықтан, оған ешкімнің немқұрайлы қарай алмайтыны, әркімнің өз пікірін білдіргісі келетіні табиғи нәрсе. Оның үстіне қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиін біз жетпіс жылдан астам пайдаланып келеміз. Екі-үш ұрпақ хат танып, аға буынның бүкіл саналы ғұмырында тұтынып келе жатқан жазумен бір-екі айда немесе бір-екі жылда қоштаса салу оңай емес. Ал латын қазіргі уақытта әлемдегі ең кең тараған, ақпараттық технологияға барынша бейімделген әліпби болып отыр. Ересектердің елеулі бөлігі үйренген кирилліне қимастықпен қараса, жас буын негізінен латынды қолдануға бейім екенін көрсетті. Сондықтан түрлі көзқарастардың болуын қалыпты құбылыс деп қабылдау керек. Әліпби ауыстыруға қатысты айтылған ұсыныс-пікірлердің, латынды жақтаушылар мен оған қарсылардың келтірген уәждерінің бәрін таразыға салып, сараптан өткізіп, мәселені ғылыми негізделген түрде шешудің маңызы өте зор. Әліпби жайын талқылауға арналған бірнеше ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар өтті. Ғылыми қауым, лингвистер мен IT саласының мамандары қазір тиісті зерттеулер жүргізіп, латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибелерімен танысып жатыр. Бұл бағытта қазірдің өзінде мамандар тарапынан басы ашылған мәселелер де, қол жеткен нақты нәтижелер де бар екендігінен хабардармыз. Дерек пен дәйек аз емес. Қазір олардың бәрін тізбелеп жатудың реті болмас. Көпшіліктің пікірін ескерген дұрыс, алайда латын қарпіне көшудің тиімді-тиімсіз жақтарын оны тікелей зерттеген кәсіби мамандар қауымы мейлінше ғылыми дәлдікпен анықтап береді деген үміттеміз. Жалпы осы мәселені тым саясиландырудың, алаулатып-жалаулатудың қажеті шамалы. Біреулерге солай ету керек шығар. Бірақ одан қазақ тілі ұтпайды. Қай әліпбиді жақтап, қай жағалауда тұрсақ та, осыны ұмытпағанымыз абзал болар еді.

– Жақында Шығыс Қазақстан облысына барған сапарымызда Зырян ауданында болған едік. Сол жердегі ауылдардың аты әлі күнге орысша тұр. Тіпті, ауданның аты да сол күйінше. Жергілікті жұрт мұны өзге ұлт өкілдерінің көптігімен байланыстырады. Ономастика туралы Заң қазақ тілді ортаға ғана қатысты дүние ме? Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асса да, елді-мекендердің атауларының ауыспауын немен түсіндіреміз?

– Ұзақ мерзімдік отарлау саясаты, әсіресе қызыл империя тұсындағы әміршіл жүйе еліміздің ономастикалық келбетіне үлкен нұқсан келтіріп кетті. Батпандап кірген дерт, мысқалдап шығатыны белгілі ғой. Жыл өткен сайын отаршылдық атауларынан арылып келеміз. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдан астам уақытында жер-су атау­ларынан елдік бейнеміз айқындалып, көптеген тарихи атауларымыз қалпына келгенін де көргеніміз жөн. 

2013 жылғы 21 қаңтарда Қазақ­стан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қазір осы заңға сәйкес тиісті қаулыларды Үкіметке енгізу жұмыстары жүргізіліп отыр. Тарихи атауларды қалпына келтіруге байланыс­ты осыған дейін көптеген жұмыстар атқарылды. Алда да бұл іс жалғасын табады. Сіз атаған аудан сияқты жергілікті жерлерден республикалық ономастикалық комиссияға тиісті ұсыныстар түседі деп сенеміз. 

– Ақпараттық технология заманында тіл ғылымын дамыту қажет деп ойламайсыз ба?

– Тек тіл ғылымы ғана емес, ғы­лы­м­ның қай саласы болса да өз заманына сай дамып, уақыт көшінен қалмауы тиіс. Дұрысы, ғылым алда жүріп отыруы керек. Бұл тұрғыдан келгенде электронды сөздіктер мен оқулықтар, автоматтандырылған аударма бағдарламалары сияқты құралдарды қазір миллиондаған адамдар тұтынады. Тілдік материалдарды жинаудан бастап, өңдеу, екітілді, көптілді сөздіктер жасауда да жаңа технология кеңінен пайдаланылады. Тіл білімінің экспериментальді фонетика, компьютерлік лингвистика, қолданбалы лингвистика салалары дамып келеді. Дыбыстардың табиғатын анықтау мен сөйлеу тілін синтездеу сияқты мәселелерді зерттеуде қазіргі технология кеңінен пайдаланылып жүр. Тіл ғылымы да технологиядан тыс, оның жетістіктерін пайдаланбай дами алмайды. Мұны лингвист ғалымдар жақсы түсінеді. Бұл бағытта жаңа ғылыми ізденістер керек екендігін, әлемдік тәжірибені кешікпей зерделеп отыру қажеттігін айтуға тиіспіз. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАСОВА