Жаңалықтар

2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БАРША ХАЛЫҚ БАСПАНАЛЫ БОЛМАҚ

ашық дереккөзі

2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БАРША ХАЛЫҚ БАСПАНАЛЫ БОЛМАҚ

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқармасының кезекті отырысында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры басшылығы бірінші жартжылдықтың есебін тыңдады. Мұнда «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша нысандарды қолданысқа беруді жылдамдату қарастырылды. Баспананың әрбір қазақстандыққа қолжетімді болуы маңызды, ешкім баспана жетіспеушілігін көрмеуі тиіс. 

2012 жылы әлеуметтік саланы жаңғырту үшін Президент маңызды тетіктерді күн тәртібіне енгізген болатын. Қоғамның дамуы үшін қиындық тудырған салаларды тықсыру қажет. Сол қиындықтардың бірі – қаладағы баспана жетіспеушілігі, қымбаттығы. Кезінде еліміздегі құрылыс фирмалары мен банктер құрылысты жаппай қолға алған еді, алайда халықтың қажеттіліктерін толықтай өтей алмады. Қыруар қаражатқа құныққан коммерциялық құрылымдар тек жайлы, қымбат тұрғын үй салуға кірісті. Ал алыпсатарлар пәтердің әрбір шаршы метрінің бағасын аспандатып жібергені тағы бар. Нәтижесінде әлеуметтік әділдік бұзылды. Баспана – қолжетпейтін қиялға айналды. Қаладағы мыңдаған жас отбасылар жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр, өйткені бәленбай мың долларға бағаланған жаңа үйлерді алуға мүмкіндігі жоқ. 2011-2014 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын жасау осы себептерден туындады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына салынған жеке инвестицияның көлемі төмен. Бұл саланың қомақты табысы кеми бастағанда инвесторлар бұл саладан бойын аулақ салды. Мысалы, әлемдік қаржы дағдарысының алдында Қазақстандағы баспананың 87 пайызы жекеменшік инвестицияның арқасында бой көтерсе, 2010 жылдан бастап құрылысқа салынған инвестицияның көлемі 5-7 пайыздан аспайды. Енді Қазақстандағы кез келген құрылыс мемлекет есебінен қаржыландырылады. 

Жаппай тұрғын үй құрылысы бас­талған жылдары баспана халыққа тегіс қолжетімді болған жоқ. Жайлы, элиталы үй әдетте өте қымбат. Эконом-класты үйлер салуға инвесторлар талпынған жоқ. Жаңа мемлекеттік бағдарламада осы мәселе қаралып, заманауи, ыңғайлы баспана көпшіліктің сұранысына сай жасалды. Осы уақытта мемлекет жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік даму институттарының арқасында нарықты ұстап тұру бойынша тәжірибе жинақталды.  

Бүгінде мемлекет тұрғын үй на­ры­ғындағы теңсіздікті жөндеу бойынша жоспарлы жұмыс істеп келеді. Мем­лекеттік тұрғын үй бағдарламасы әуел бастан пәтердің әрбір шаршы метрін қолжетімді етуді негізге алған. 2012 жылдың басында Президент бағдарламаны жалғастыру және ауқымын кеңейтуді талап етті, бірінші кезекте жарты миллионнан асатын жас отбасыларды баспанамен қамтуды алға қойды. Бұл үшін эконом-кластағы жаңа үйлерден 6 миллион шаршы метрді қолданысқа беру қажет. Мемлекет бағасын тұрақтандырады. Бұл мәселені шешудің тетігі – мемлекеттік жалдамалы үйлердің құрылысын бастау. Мұндай пәтерлерде жалдау ақысын төлей отырып, тұрғын-үйді біртіндеп өз меншігіне сатып алады. Сондықтан біртіндеп төлеу арқылы сатып алу жасақталды. Президент жалдамалы пәтерлерді жыл сайын 1 миллион шаршы метрден енгізуді тапсырды. Әрбір шаршы метрдің қолжетімділігін қамтамасыз ету – бірінші кезекке қойылды. 

Қазақстандағы тұрғын үй мә­се­лесінің шешімі қайтарылатын мем­лекеттік инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Әлемдік тәжірибеде осы тектес мемлекеттік бағдарламалар әр­қашанда берік әлеуметтік тұрақтылық ке­пілі. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттері қоғамда қолдауын табуда. Әсіресе қазіргі ғаламдық дағдарыс кезінде Қазақстан мемлекетінің имид­жін қалыптастыруда аса маңызды, әлемнің көптеген дамыған елдері бұл әлеуметтік бағдарламамен айна­­­­лысуға мүмкіндігі жоқ. Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы – миллиардтаған доллар инвестиция, жаңа жұмыс орындары, іскерлік белсенділіктің артуы. Құрылыс, құрылыс материалдары өндірісі, транспорт, әл-ауқат және қалаларды абаттандыру және тағы да басқа секторлар инвестицияны алады. Мемлекет бұдан ұтылмайды. Халыққа берілетін пәтерлер табысты кері қайтара алады. Бірақ ол кезінде құрылыс компанияларының ұмтылған табысындай болмайды әрине, коммерциялық табыс табу көзделген жоқ.

2020 жылға дейін жоспарланған «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жыл сайын кемінде 1 миллион шаршы метрлік тұрғын-үйдің құрылысы белгіленді. Осы құрылыстың жартысын сатып алу құқымен «Самұрық-Қазына» қоры енгізеді. Жеке инвестиция ағынын ынталандыру үшін жасалған модель мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті кеңінен пайдалануды қарастырады. Бұл іскерлік белсенділікті қосымша ынталандыру арқылы кәсіпкерлікке қызығушылықты арттыру. Бірақ кез келген компания Қордың жобасына қатыса алмайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жаңа салынған нысандардың жалпы құнының 20 пайызына ғана инвесторлар қатыса алады. Мұндай әдіс жобаға құрылыс индустриясындағы ірі әріптестерді тартуға және тұрғын үй кешендерін жылдамдатып енгізуді қамтамасыз етеді. «Самұрық-Қазына» АҚ бағдарламасы аясында 2013 жылы 200 шаршы метрлік тұрғын үй салынады, 2014 жылы – 300 мың, ал 2015 жылдан бастап жыл сайын 500 мың шаршы метрден беріліп отырады. Осылайша 2020 жылға дейін жалғасады. Сонда алдағы жеті жылдың ішінде Қазақстанда «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша 3,6 миллион шаршы метр баспана тұрғызылмақ. 

Қор үшінші санатты қолжетімді бас­пана тұрғызады. Ал жобаға қатысу­­­шы жеке меншік инвестиция ең аз көлемде белгіленіп отыр. 2012 жылы құрылыстың өзіндік құны есептелген болатын, оған сәйкес аймақтарда тұрғын-үйдің әрбір метрі 120 мың теңгеден аспауы тиіс, ал Астана мен Алматыда – 150 мың теңгеден аспауы керек. Баспанаға зәру отбасыларға, біртіндеп сатып алу құқымен үй жалға беріледі, жыл сайынғы үстемесі 10 пайыз. 

Бүгін де «Самұрық-Қазына» АҚ Пре­зиденттің алға қойған тапсырмаларын белсенді атқаруда, ол үшін барлық мүмкіндіктер мен қаржы ресурсы жеткілікті. Алайда баспана тапшылығы әлі бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге немесе біртіндеп төлеуге мүмкіндік беретін қолжетімді пәтерлер қазіргі сұраныстан әлдеқайда басым. Сондықтан Қор «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыруда. 

Жылжымайтын мүлік Қор есебінде құрылысқа тартылған жеке меншік инвестиция көлемі 25,6 пайызды құрап отыр, яғни негізгі салмақ мемлекеттің мойнында. Бекітілген келісімшарт бойынша нысандардың жалпы көлемі 578 мың шаршы метрді құрайды, оның ішінде 412 мың тұрғын үй шаршы метрі немесе 7 464 пәтер, соны ішінде «Самұрық-Қазына» еншісінде 5756 пәтер немесе 315,5 мың шаршы метр. Бүгінде қорға қаралуға 16 тұрғын үй кешенінің жобасы берілген, қор меншігіндегі тұрғын-үйдің жалпы көлемі 313,2 мың шаршы метр. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері Қор құрылыс компанияларының өтінішімен 6 келісімшарт жасады. Олар Алматы облысындағы «Асыл арман», Астанадағы «Шығыс», Алматыдағы «Заманауи тұрғын-үй», Тараздағы «Маяковский көшесінде, 42» және Ақтөбедегі «ЮнисСити» тұрғын үй кешен­дері. 

Байқағанымыздай, мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Былтыр «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен эконом-кластағы бір жарым миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында бағаны тұрақтандыруға септігін тигізді. Тіпті үлкен қалалардың өзінде, Алматы, Астана, Шымкентте баспана бағасы біртіндеп төмендей бастады. Нарықта бағаны қасақана көтеретін алыпсатарлардың жолын бөгеп, мемлекет нарыққа жайлы да заманауи пәтерлерді жүйелі түрде енгізе бастады. 

Мемлекеттік жалдамалы­ пә­тер­­лердің берілуі нарықта серпіліс жасады. Осылайша Жылжымайтын мүлік қоры баспанаға мұқтаж қазақ­стандықтарға тиімді әлеуметтік ұсыныс жасады, әсіресе жас отбасыларға. Айта кетер бір жайт, орта таптағы қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешу қоғамдық тұрақтылықтың өсу факторы болды. Дәп осы жастардың мәселесін бөтен топтар пайдалануға құштар. Егер де қызметке жаңа тұрған жастар өмір жолының басында баспанаға қол жеткізсе, әлеуметтік топтардың арасында іріткі салуға тырысатын топтарды ысырып тастайды. Жеке меншік баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі мен еркіндік Қазақстанда өмірге, оқуға, жетістікке жетуге, патриоттық сезімінің оянуына серпін береді. Дәл осындай бағдарлама қазіргі таңда басқа да мемлекеттерде бар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жастардың баспанаға қолы жете алмауы қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақсыздыққа әкеп соқтырады. 

Десе де мемлекет баспанаға мұқ­таж жандардың барлығының мәселесін шешіп бере алмайды, яғни қаражатына, мүмкіндіктеріне қарай шектеледі. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы тұрғын үй бағдарламасының «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жобаға салынған инвестицияның қайтарылатыны алдын-ала есептелген. Тіпті тұрғын үй құрылысына салынған қаражат 3-4 жылдың өзінде табыс әкеледі. Қазақстан Үкіметі де, «Самұрық-Қазына» қоры да – негізгі акция иеленуші ретінде мұндай жүйеден ұтылмайды. Қордың бұл жұмысының ұзақ мерзімді тиімділігін бағалау қиын. «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асыратын тұрғын үй бағдарламасы маңызды әлеуметтік мәселені шешіп, миллиондаған қарапайым қазақтардың өмірінен көрініс табуда. 

Ақниет ОСПАНБАЙ