Жаңалықтар

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТАН ҚОРҒАУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

ашық дереккөзі

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТАН ҚОРҒАУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

Экономикалық жетістіктер мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасындағы тиімді тепе-теңдікке қол жеткізуде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» бағдарламалық мақаласы мен 2013 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында басты назар аударылып келеді. 

Мемлекет басшысы өзінің бағ­дар­ламалық мақаласында: «…әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық эконо­ми­калық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы инс­ти­туттарымен емес, адам­ның еңбе­гі­мен жасалады. Сондықтан біздің әлеу­меттік жаңғырту саясатымыздың не­гізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз…»,– деп атап көрсетті. 

Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысының «Қазақстан-2050»: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бағыттардың бірі еңбек және жұ­мыс­пен қамту саясатын жаңғырту болып табылады. 

Осылайша, әлеуметтік жаң­ғыр­тудың алға қойған міндеттері адам потенциалын тиімді пайдаланудың шараларын қарастырады. Осыған байланысты, мынадай стратегиялық міндеттер айқындалды:

– кәсіби дайындық жүйесін тиімді дамытуды қамтамасыз ету;

– жұмыссыздарды қайта дайындау;

– жаңа жұмыс орындарын ашу және бұрынғыларын сақтауға жұмыс берушілерді ынталандыру;

– шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу;

– халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен жастарды жұмыспен қамтуға көмектесу;

– еңбек миграциясын ұйымдастыру бойынша шараларды қамтамасыз ету.

Жұмыссыздықтан қорғау шаралары қоғамда табыстарын және әлеуметтік мәртебесін жоғалтқан топтардың болуымен байланысты әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл ретте мемлекеттің осындай мәселелерді шешуге қатысу дәрежесі мен түрлері, қолданылатын құралдары мен тәсілдері көптеген елдерде әр түрлі. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда әлеу­меттік саясаттың басым міндет­те­рінің бірі – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу болды. Осыған байланысты жаңа жұмыс орындарын құру бойынша уақытында қабылданған шаралар нәтижесін Қазақстанның еңбек нарығындағы негізгі көрсеткіштерден көруге болады. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2008-2013 жж. жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеді, ал 15 жастан 24 жас аралығындағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 7,4 пайыздан 3,8 пайызға дейін төмендеді. 

Жұмыссыздықтан әлеуметтік қор­ғау жүйесін ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесін саралай отырып, либералдық және әлеуметтік екі­ базалық моделін атауға болады. 

Олардың біріншісі солтүстік Америка елдері мен Ұлыбритания ықпалындағы кейбір елдерге тән, ол қоғамдағы экономикалық және қаржы шығындарын төмендетуге бағдарланған. Белсенді және белсенді емес бағдарламаларды таңдау олардың экономикалық қайтарымына қатаң түрде үйлестірілген және жұмыссыздарды материалдық қолдау жүйесі тек сақтандыру принциптері негізінде құрылады. 

Өз кезегінде Батыс Еуропаның көптеген елдеріне тән әлеуметтік модель жұмыссыздықтың әлеуметтік шығындарына басым назар аударады, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға арналған мемлекеттік шығындардың жоғары деңгейімен айқындалады. Жұмыссыздарды материалдық қолдау жұмыссыздықтан сақтандыру және әлеуметтік көмек жүйесі – екі жүйенің өз ара тығыз байланысы негізінде жүзеге асырылады. 

Қазақстандағы жұмыссыздықтан әлеу­меттік қорғау жүйесі өзіне либе­ралды және әлеуметтік модель­дер негізін біріктіре отырып, әлемдегі ең алдыңғы жүйелер жиынтығынан ірік­теліп алынды. Қазақстанда жұмыс­сыз халықты міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру есебінен және мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік қол­дау жүзеге асырылуда. 

«Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қа­зақстан Республикасының Заңы халықты жұмыспен қамту саласын­дағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру қатынастарын реттейді. 

Жұмыспен қамту саласындағы мем­­лекеттік саясаттың бас­ты­ бағыт­тары Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматтарына және Қазақстан Республи­касының аумағында тұрақты тұратын шет елдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға еңбек түрі мен кәсіп таңдауда еркіндік, әділетті және қолайлы еңбек жағдайын жасау, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. 

Жұмыссыздықтан әлеуметтік қор­ғауға – жұмысқа тұруға көмектесу, кәсіби дайындық, қайта дайындау, біліктілігін арттыру, қоғамдық жұ­мыс­тарды ұйымдастыру, табысы­ аз азаматтар мен жұмыссыздарға мем­лекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету кіреді. Осыған байланысты жұмыс іздеуші тұлғалар жұмысқа орналасуға көмек пен тиісті әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталықтарына өтініш бере алады. 

Қазақстанның әрбір азаматы, рес­публика аумағында тұрақты тұратын және табыс табатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жұмысқа тұрғанда міндетті түрде еңбек шарттарын жасау қажет. Еңбек шартына отыру, жұмыс берушілер ай сайын қызметкердің табысынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (Қор) 5 % мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлеп отыратындықтан, әлеуметтік тәуекел туған жағдайда Қор қаржысы есебінен әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік аударымдар біздің табысымыздан ұсталмайды, ол жұмыс берушінің қаржаты есебінен төленеді. 

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік тәуекелдердің бірі – жұмысынан айырылу жағдайы болып табылады. Бұл әлеуметтік тәуекел бойынша «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, олар үшін жұмыс бе­ру­шілер ай сайын әлеуметтік ау­дарымдар төлеген міндетті әлеу­мет­тік сақтандыру жүйесінің қаты­су­шылары Қордан әлеуметтік тө­лем алуға құқылы. Жұмысынан ай­ы­рылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін қажетті не­гізгі құжаттардың бірі – міндетті әлеу­­меттік сақтандыру жүйесіне қатысушының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы анықтама болып табылады. Бұл ретте жұмысынан айрылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін оған төлеуші (жұмыс беруші және (немесе) өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға) жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейін соңғы 24 күнтізбелік айда Қорға алты айдан кем емес әлеуметтік аударымдар төлеген жеке тұлға өтініш білдіре алады. Егер әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін төленсе, онда аталған әлеуметтік төлем бір айға тағайындалады; 12 айдан 24 айға дейін төленсе – екі айға; 24 айдан 36 айға дейін төленсе – үш айға; 36 және одан да көп айға төленсе – төрт айға тағайындалады. 

Жұмысынан айрылуы жағдайына тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелген күнге дейінгі 24 ай ішінде Қорға түскен ай сайынғы әлеуметтік ауда­рым­дардың сомасы мен міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Осыған байланысты, жұмысынан айрылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтан­дыру жүйесіне қатысушы жұмыссыз ретінде неғұрлым тез тіркелсе, соғұрлым тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері жоғары болады. 

2005-2012 жж. жұмысынан айырылуы жағдайына Қордан төленген әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 3,5 млрд.теңгені құрады. Жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем алушылар санының төлем кезеңі 4 айға тең болатын жоғары көрсеткіші жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. 2012 жылы тағайындалған әлеуметтік төлемдер санының негізгі үлесін 36 ай және одан да көп қатысу өтілі бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар (77 % ) құрады. 

Халықаралық тәжірибеде жұ­мыс­­­сыздық бойынша жәрдемақы бел­сенді түрде жұмыс іздеушілерге беріледі. Қордан төленетін әлеуметтік төлем мемлекеттік бюджет есебінен берілетін жұмыспен қамту бойынша шараларға қосымша әлеуметтік қамсыздандыру болып табылады. 

Осыған байланысты, егер тұлға­ның (отбасының) жан басына шаққан­дағы орташа айлық табысы облыстағы (рес­публикалық маңызы бар қаладағы немесе елордадағы) белгіленген кедейлік шегінен төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеу арқылы мемлекет қолдау көрсетеді. 

2011 жылдан бастап Қазақстанда Жұ­мыспен қамту 2020 мемлекеттік бағ­дарламасы жүзеге асырылуда, мұнда ең алдымен оқытуға, жұ­мысқа тұрғызуға, тұрғылықты же­рін­де өзінің ісін ашуға және оны кеңей­туге ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай мүмкіндіктер болмаған жағ­дайда мемлекет экономикалық әлеуе­ті төмен елді-мекендерден өнімді жұмыспен қамтылуды кеңейту мақсатында экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге өз еркімен көшуге көмектеседі.

Өнімді жұмыспен қамту мақса­тын­да жоспарланған шаралар жұмыс іс­тейтін халық үшін әлеуметтік қор­ғау­д­ың қосымша деңгейін қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз. 

Осылайша қазақстандықтар өзде­рі­нің өмір сүру сапасын жақсарта алады және әлеуметтік қолдау халықтың еңбекке, шығармашылық және қоғам­дық белсенділігін арттыруға жағдай жа­сауға бағытталады. 

 Алмас Құрманов, 

«Мемлекеттік әлеуметтік

 сақтандыру қоры» АҚ-ның 

Президенті