«КӨК ТУ ЖӘНЕ ДОСТАРДЫ» КӨРГЕНДЕ...
«КӨК ТУ ЖӘНЕ ДОСТАРДЫ» КӨРГЕНДЕ...
Аталмыш орталық ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру жолында облыс аумағында белсенділігімен көзге түсіп келеді. Орталықтың директоры Н.Тұрсынбай: «Біз қазіргі күні жаһандану әрі ақпараттық технологияның қарыштап даму сатысындамыз. Сондықтан жастар және жасөспірімдерді Отанды сүю, ұлтаралық достастықты нығайтуға байланысты жобаларды жүзеге асыруда заман көшінен қалмау біздің басты мақсатымыз»,– дейді. Осыған орай ертеңгі күніміздің тұтқасына айналар ұрпағымыздың тәрбиесі, олардың ой-өрісін дамытып, жүректеріне имандылық, отансүйгіштік, мейірімділік нұрын себу мәселесін де шет қалдырған емес. Жуырда ғана «Әлеуметтік бастамалар орталығының» тапсырысымен көрермен қауымға жол тартқан «Көк ту және достар» атты қысқаметражды анимациялық жоба соның айғағы.
Жаңа туынды жер шарын кезіп жүрген жаһандану саясатынан елімізді аман алып қалуға септігін тигізері айқын. Өйткені мультфильм елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмеу, ұлтаралық татулықты сақтау, еліміздің болашағы бүлдіршіндерімізді отансүйгіштікке тәрбиелеу, сонымен бірге бүкіл жер шарына елімізді танытуды көздейді. Сондай-ақ фильмнің сценарийін жазған «Жебе» кинокомпаниясының директоры Керімбек Ниязбаев орталықтың мамандарымен кеңесе отырып, туындыны балалардың дүниетанымына сай етіп түсіруді, салт-дәстүріне берік, мемлекеттік рәміздерді дәріптейтін, олардың отаншыл, намысшыл, ақылды, парасатты тұлға болып қалыптасуына үлес қосуды басты назарда ұстаған. Болашағымыз баянды, ынтымақ-бірлігі жарасқан ел болу оңай емес. Бірлік жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан орталықтың игі істеріне сәттілік тілейміз.
Ж.Баққондыұлы