Жаңалықтар

БІР АРНАДА – БЕС ҚОЖАЙЫН

ашық дереккөзі

БІР АРНАДА – БЕС ҚОЖАЙЫН

Бірақ толықтай емес. Яғни, суды жіберетін бас тоған мен каналдың бірнеше бағытқа бөлінетін тұсына дейін сол «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағында қалды. Одан кейінгі жан-жаққа бытырап кеткен салалар мен каналдар жергілікті коммуналдық мемлекеттік мекемелердің меншігінде. Одан қалса, ауылдық су шаруашылығы өндірістік кооперативіне, «ПУИД-2» бағдарламасы бойынша республикалық кәсіпорынға қарайтын арналар да бар. Қысқасы, бір арнада – бес қожайын. 

Қаулының толық орындалмауы былай тұрсын, «Қазсушар» өзінің шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме екендігін алға тартып, жіберген суы үшін текше метріне 7 тиыннан ақы алып отыр. Ал, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы Н.Түйебековтің айтуынша, бұл қазыналық кәсіпорын, сондықтан елден төлемақы талап етуге құқығы жоқ. «Ол жедел басқару құқығындағы мекеме, оның міндеті – су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстап, техникалық жағдайын қадағалау және халықты сумен уақтылы қамтамасыз ету. Бұл мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Демек, ол табыс таппаса да ақшадан тарықпайды. Былтыр бұл мәселе облыстық мәслихатта талқыланғанымен, нәтиже болмай, халық қалаулылары кәсіпорынды шаруашылық жүргізу құқығындағы (ШЖҚ) кәсіпорын етіп қайта құру туралы ұсыныс жасаумен шектелді. Енді олар өздерінің жарғысы ғана емес, мәслихаттың ұсынысын да негізге алып, өздерінің ШЖҚ мекеме екендіктерін қуана мәлімдеп отыр. Биыл мәслихат шешімін қайта қарастырып, өзгертеді деп сенемін»,– дейді маман. Түптеп келгенде, мұның зардабын аудандардағы су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорындары мен диқандар қауымы тартып отыр. Судың бірнеше қожайыны болғаны шаруаға өте қолайсыз. Одан бөлек, «Жамбыл су қоймалары» деген кәсіпорын тағы құрылып, ол да су қожайындарының қатарына кірді. «Бұл мекеменің жұмысына 130 миллион теңге бөлініпті, алайда не бітіргендерін ешкім білмейді. Одан да судың төлемақысын жинап, «Қазсушарға» өткізіп, өзі бір тиын да табыс таппайтын, құрылғанына 10 жыл өтсе де бірде-бір жөні түзу техникасы жоқ коммуналдық кәсіпорындарға қаржы бөліп, жағдайларын түзеу керек. Бүгінде олардың бас тоғанда отырған әріптестерінің алдында 10 миллион теңгеден астам дебиторлық қарызы бар екен. Оны халықтан жинап бермесе, басы тағы дауға қалады. Өзінің соқыр тиыны да жоқ»,– дейді маман Нұрлан Жапарұлы. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз осындайда айтылған болар, сірә. 

Жалпы, су жіберетін бас тоғанды өздерінде қалдырған соң, арналарды коммуналдық меншікке бергеннен не пайда. Одан қалса, былтыр үш ауданнан 15 мың гектар аумаққа лайықталған үш канал тағы да республикалық кәсіпорынға берілген. Аймақтық кәсіпорындар жөндейді, жамап-жасқайды, қызығын «Қазсушар» көреді. Өзі иелік ететін су жүйелерін тұрақты түрде жөндеуден өткізіп, техникалық жағдайын жақсартып отыруға міндетті болғанымен, бұл міндеттің де үдесінен шықпай отырған сыңайлы. Ал «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Б. Нұралиев каналдарды тұтасымен күтіп ұстап, қызмет көрсетуге облыстық бюджеттің шамасы келмейтіндігін, сондықтан да бас тоған республикалық меншікте қалдырылғанын сөз етті. Өткен жылғы үш каналдың берілуі де тегін емес дейді ол. 

Бір меншіктен екіншісіне өткен нысанның бірі – Қордайдағы Георгиев су жүйесінің сол тармағы. Георгиев каналының бас жағындағы 4 шақырым әу бастан «Қазсушардың» меншігінде екен. «Қордай берекесі» КМК директоры Салиха Қасабекованың айтуынша, аталған аумаққа «Қазсушар» он жылдан бері бір тиын да қаржы құйып, жөндеп-әрлеген емес. 

–Жергілікті бюджеттің шамасы­ кел­мейді деген не әңгіме? Өздері сол 4 шақырымға қанша қаржы жұмсапты? Кеңес заманы кезінде жүйе толық авто­мат­тандырылған болатын. Ол қалпына келтірілмей, сол күйі қалды. Қазір тіпті қоршауы да жоқ. Біз каналдың 30 шақырымын тазалап шықтық, 40 гидроқұрылымды жөндеуден өткіздік. Көп жұмыстар жасалды. Алайда, сонша еңбегімізден кейін сол тармақ рес­пуб­ликалық кәсіпорынға берілді. Сөйтіп, жаңартылған дап-дайын, ешбір инвестицияны қажет етпейтін каналға ие болып шыға келді. Біздің сіңірген еңбегіміз далаға кетті. Ең болмаса сал­ған қаржымызды қайтарып ала алма­дық. Қаншама тұлғалармен келісімшарт жасалып, аванс төленген болатын. Еңбектенген жұмысшыларыма қалай жала­қы төлеймін? Соны айтып, өте­мақы сұрасам «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры «жұмысшыларыңды бірден неге шығарып жібермедің, мен ештеңе білмеймін» деді. Екінші мәселе, РМК суды жібергенде де оң тармаққа азырақ, өздеріне қарасты каналға көбірек жібереді. Бізге норма бойынша 5 текше метр жіберуі тиіс болса, шын мәнінде 2,5-3 текше метрден асырмады. Тексеріс келгенде ғана көз алдау үшін 4 текше метрге дейін босатуы мүмкін. Ал, мен биыл каналдың аяқ жағындағы диқандарға су жеткізе алмадым, – дейді ашынған Салиха Қасабекова. Осы тұста тағы бір деректің басы қылтияды. Шу-Талас бассейндік инспекциясындағы Қордай ауданына бекітілген тексеруші маман Георгиев су жүйесіне жауапты лауазымды тұлға Сергеевтің ұлы екен. Баласы қалай әкесінің жұмысын тергеп, тексеріп, сын айтпақ? 

«Ақиқат айтыстан туындайды». Екіжақты пікірталастың соңы оң шешімдерге әкеліп жатса, құба-құп. Дегенмен, осы тұста бір маңызды құжат туралы айтпай кету әбестік болар еді. Өткен жылдың 6 желтоқсанында Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Су қорлары комитетінің біріккен отырысында аталмыш мәселе мұқият қаралып, барлық су шаруашылығы нысандарының төлқұжаттары рәсімделіп біткен соң республикалық меншікке өткізу туралы шешім қабылданған екен. Бүгінде су нысандарын паспорттау шаралары қарқынды жүруде. Оған 2011 жылы – 43, биыл – 105 миллион теңге бөлінгені белгілі. Демек, алдағы екі-үш жылдың көлемінде бұл үрдіс толық аяқталса, каналдар тұтас республикалық меншікке өтіп, коммуналдық кәсіпорындардың тіпті керегі де болмай қалуы мүмкін-ау. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жамбыл облысы