Жаңалықтар

ҚАЙТПАС САПАРҒА АТТАНҒАН ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ

ашық дереккөзі

ҚАЙТПАС САПАРҒА АТТАНҒАН ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ

Қаралы хабардан қабырғасы қайысқан ағайынға көңіл айтқан ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Жас­тық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген ол майданда фашистік басқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасты. Ерлігі жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Соғыстан кейінгі өмірін әскери қызметке арнап, мұнда да талантты сардар, тамаша қолбас­шы ретінде танылды. Өзінің біліктілігі мен талапшылдығына қоса қарапайымдылығы және әділді­гімен әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болды. Ол ел тәуелсіздігінің бастапқы қиын-қыстау жылдарында Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі ретінде еліміздің Қарулы күштерін қалыптастырып, нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Сол себепті оған Халық қаһарманы атағы берілгенін ерекше сезіммен еске аламын. Халқымыз оның еңбегін ешқашан ұмытпайды, ал оның жарқын дидары біздің жадымызда әрдайым сақталады», – деп жеделхат жолдады.

Сағадат аға Украина, Болгария, Польша, Чехия, Моңғолия, Ресей мемлекеттерінің жоғары наградаларымен марапатталған. 

Нұрмағамбетов Сағадат Қожах­метұлы, ұлты – қазақ, 1924 жылы 25 мамырда Целиноград облысы Алексеев ауданында (қазіргі Ақмола облысы, Ақкөл ауданында дүниеге келген. 1942 жылы мектеп партасынан Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберіледі. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айынан Ұлы Отан соғысының майдандарында болды. 1945 жылдың мамыр айына дейін пулемет взводының командирі, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301 Донецк-Берлин атқыштар дивизиясының 1052 атқыштар полкі құрамында атқыштар батальонының командирі лауазымында соғысты. Краснодар өлкесін, Украина, Молдавия, Батыс Белоруссия, Польша жерін жаудан азат етуге қатысты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының батыры атағы (№5214) берілді. Соғысты Берлинде аяқтады. Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны Гитлердің рейхсканцеляриясына шабуыл жасады. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар нысандарда күзетумен айналысты. 

1946 жылдың маусымы мен 1949 жылдың қарашасы аралығында М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдады. Оқуын аяқтаған соң Түркістан әскери округінде әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда жедел басқарманың аға офицері, мотоатқыштар полкінің командирі, мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. Осы кезең аралығында КСРО Қарулы Күштері Бас штабының Академиясында екі рет курстарда оқыды. 

1989 жылы округ тараған соң Қазақ Республикасы соғыс және еңбек, Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы әрі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Комитеті ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері төрағасы қызметтерін атқарды

1991 жылы қазанда Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Жарлы­ғымен Мемлекеттік Қорғаныс Коми­тетінің Төрағасы, ал 1992 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 

1994 жылғы 23 мамырда Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің Жарлығымен оған Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 

1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шықты. Республика Президентінің және ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі болды. 

1971-1994 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 

Марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков: «Бұл бүкіл Қазақстан үшін орны толмас қаза. Біз ұстазымыздан әрі сенімді досымыздан айырылдық. Сағадат Қожахметұлы Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында аңызға айналған тұлға ретінде қалады», – деді Әділбек Жақсыбеков. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Бұл артында өшпес із қалдырған абзал азаматтың атын көпшілік жадында жаңғыртатын асыл мұралардың бірі болары анық. 

«Түркістан-ақпарат»