Жаңалықтар

Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір

ашық дереккөзі

Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір

Астанада Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, БҰҰ-ның даму бағдарламасының ұйымдастыруымен «Жасыл көпір» және «Астана EXPO-2017» бойынша тұңғыш халықаралық конференция болып өтті. Оған Еуропа одағы, Орталық Азия және басқа да іргелес мемлекеттердің табиғат қорғау ведомстволары басшылары, сондай-ақ, экологиялық таза энергия мен «Жасыл» даму саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

Алғашқы сөзді алған Үкімет басшысы Серік Ахметов «Жасыл көпір» бағдарламасын жүзеге асыру үшін барлық мемлекеттер күш біріктіруі қажет екенін баса айтты. Ол өңірлік экожүйе бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, барлық ішкі проблемалар Орталық Азия мен жалпы өңірдің мәселесі болып отырғанын жеткізді. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан экономикасының негізгі салалары мұнай-газ, тау-кен, металлургия секторлары барынша тұрақты әрі белсенді даму үстінде. «Дегенмен, индустриялық дамудың кері жағын да ойлау керек. Экожүйенің бұзылуы, ресурстардың азаюы сынды мәселелер маңызды. Сондай-ақ су және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту керек. Біз аталған бағытта алғашқы қадам жасадық», – деді. 

Әрине, бұл бағдарламаның алдында энергетикалық тиімділікті арттыру, энергия үнемдеу, жаңартылатын энергия көздерін ендіру, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша үлкен міндеттер тұрғаны анық. Әрі мұны орындамай кез келген мемлекеттің экономикасын әрі қарай жылжытып, тұрақты дамыту мүмкін емес. Яғни, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының негізгі бағыты – технологиялармен бөлісу, білім алмасу және Орталық Азияда инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсету. Сондай-ақ, «Жасыл» экономикалық өсімді қамтамасыз ету арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Бұл бағдарлама таза технологияларды ендіру және дамыту бойынша өңірлік үйлестіруші және халықаралық салымшы ретінде іске асырылады. Осы тұрғыдан алғанда «EXPO-2017» көрмесі елдің жасыл экономикаға көшуіне қосымша ықпал ететіні сөзсіз. 

Айта кетейік, конференцияға қатысушылар жасыл жаңғыртуға көшу мәселелерін, атап айтқанда, су және басқа да табиғи ресурс­тарды орнықтыруды басқару, жаңартылған энергия көздерін және ауыл шаруашылығын дамытуды талқылады. Конференцияға қатысқан Германияның бұрынғы вице-канцлері Йошка Фишер: «Қазақстанның бастамасы Орталық Азия Еуропа пен Азия арасындағы көпір рөлін атқарып келеді. Қазіргі таңда ресурстардың сарқылуы мен климаттың өзгеруі мәселелері аса өзекті. Біз осыған дайын болуымыз қажет және қандай тетіктер қабылдануы мүмкін екендігін білуге тиіспіз. Біз энергетикалық тиімділікке негізделген болашаққа әзір болуымыз керек», – десе, Испания Премьер-министрі Мариано Рахой: «Қазақстан – өңірлік экономикалық держава. Мемлекет қарқынды дамып келеді. Жыл сайын испан кәсіпкерлерінің Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. Испан экспорты соңғы үш жылда айтарлықтай өсті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана экспорт көлемі 209 млн. еуроға жетті. Қазақстанды «EXPO-2017» көрмесін өткізуімен құттықтағым келеді. Бұл жоба Испания тарапынан әуелден қолдауға ие болды», – деп ағынан жарылды. Ал Экология және орнықты даму институтының директоры Құралай Кәрібаева: «Қазақстанның көтеріп отырған мәселелерін Еуропа, Азия, Америка сынды барлық елдер қолдады. Басты мақсат – әрбір министрлік басшылары өзіміздің бизнес орталықтары, ғылыми институттармен бірлесе отырып, жүйелі түрде насихаттасақ, алға қойған мақсаттарды іске асырсақ, біз көшбасшы болып, ары қарай алып кете аламыз», – деген пікірін білдірді. 

Конференция қорытындысы бойынша «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында ынтымақтастық жөніндегі хартияға қол қойылды. Әрі осы халықаралық шараның аясында Қазақстандағы төмен көміртекті дамытуға арналған «жасыл» экономиканың сая­сат құралы ретінде Бірінші ұлттық семинардың тұсаукесері болып өтті. Оған экономика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Рае Квон Чунг бастаған курс авторларының тобы қатысып, «Жасыл» экономика мен G-Global дамуы» бірлестігі Азия Тынық мұхиты аймағының Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаментімен бірлесіп, Қазақстандағы төмен көміртекті дамытуға бағытталған саясат құралы ретінде «жасыл» өсімнің І ұлттық семинарын өткізді. Ал кеше «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге қатысты мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Динара Мыңжасарқызы