Жаңалықтар

«Дарабоздан» дара шық!

ашық дереккөзі

«Дарабоздан» дара шық!

Бәйгеге балабақша тәрбиеленушілері мен 1-8 сынып оқушыларына арналған прозалық, поэзиялық және сахналық шығармалар қабылданады. Повестер 20-25 беттен, әңгімелер, ертегілер 10 беттен, өлеңдер, балладалар, ертегі-өлеңдер, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар 5-10 беттен аспауы шарт. Бәйгеге балабақша бүлдіршіндеріне арналған қысқа әңгімелерден, топтама өлеңдерден басқа, тек бір ғана шығарма жіберілуі тиіс.

Шығармалар компьютерлік стандартқа сай 14 кегельмен (аралық 1,5) теріліп, 3 дана етіп басылып, беттелуі қатаң талап етіледі. Бәйге жабық бәйге түрінде өтетіндіктен, автордың бүркеншік атының анықтамасы, аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны жазылған парақ, кіші конвертке салынып желімделіп, сыртына тек бүркеншік аты ғана жазылады. Кіші конверт салынған үлкен конвертке үш дана шығарма салынып, бүркеншік аты жазылып, желімделіп, сыртына мекен-жайы; бүркеншік аты немесе басқа бір есім, фамилия жазылғаны жөн.  

Байқау шартына сай емес, бұрын жарық көрген, мерзімінен кешігіп келген және басқа тілдегі шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге түскен шығармалар мына адрес бойынша қабылданады: 050008, Алматы қаласы, «Дарабоз» бәйгесіне, №01005705 куәлік иесіне.

Шығармалар 2014 жылдың 20 сәуіріне дейін қабылданып, бәйге қорытындысы халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында жарияланады.

Үздік шығармаларға төмендегі бәйгелер беріледі:

Есенқұлқажы Маманов атындағы Бас бәйге  1 миллион теңге;

Бірінші бәйге (екеу) 380 мың теңге;

Екінші бәйге (екеу) 175 мың теңге;

Үшінші бәйге (үшеу) 110 мың теңге;

Ынталандыру бәйгесі (төртеу) 80 мың теңгеден.

Бәйге әділ-қазыларының шешімі тексерілуге жатпайды. Бәйге қорытындысы Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде шығарылып, оқырман алдында беріледі. (Салтанатты марапаттау жиынында өнер иелерінің концерті мен дастархан дәмі ұсынылады).

Байқау қорытындысында жүлде алған туындылар арнайы жинаққа топтастырылып, балабақшаға, мектеп кітапханаларына тегін таратылады. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді.

Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің 

ұйымдастыру комиссиясы