Торғай сойса да, қасапшы сойсын

Торғай сойса да, қасапшы сойсын

Торғай сойса да, қасапшы сойсын
ашық дереккөзі
Кешен Ордабасы ауданындағы Бадам ауылында орналасқан республиканың агроөнеркәсiптiк кешенiндегi күркетауық өсiру бойынша алғашқы жоба болып табылады. Заманауи кәсіпорын тұйық өнеркәсіптік цикл ретінде құрылған, құс өсірумен, құрама жем өндірісімен, ет өңдеумен шұғылданады. Бұл iс елiмiздiң Индустрияландыру картасына енгiзiлген және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен iске асырылуда. Құс фабрикасының жалпы құны 3 млрд. 622 млн. теңгенi құрап отыр. Бүгіндері аталмыш бағытта еліміздегі алғашқы жоғары технологиялы құс кешені өндірісін одан әрі ұлғайтпақ ниетте. Қазіргі өндірістік қуаты 5000 тонна болса, кешен ұлғайған жағдайда жылына 8110 тонна күркетауық етін даярлап, саудаға шығармақ. «Ордабасы құс» ЖШС-нің бұл бастамасын «ҚазАгроҚаржы» АҚ жан-жақты зерттеу үстінде. Табыс­ты бастама деп тапса, өндіріс көлемін арттыруға мол қаражат бөлмекші. Кәсіпорын күркетауық етін ОҚО-дан өзге Алматы, Астана мен еліміздің басқа да қалаларына өткiзуде. «Ордабасы Құс» ЖШС директоры Мұрат Тағаев: «Қазiргi кезде құс фабрикасында өндiрiлетiн өнiмнiң 35 пайызы Мәскеуге экспортталады. Бұл ретте, ресейлiк серiктестер өнiм сатып алу көлемiн барынша ұлғайтуға әзiр екенiн мәлiмдеп отыр. Алайда, біздің басым мiндетiміз – отандық нарықты күркетауық етiмен қамтамасыз ету. Сонымен бірге еттi солтүстiк бағыттан өзге, Өзбекстанға, Ауғанстанда орын тепкен НАТО әскерилерiне жеткiзу туралы келiссөздер жүргiзiлуде», – дейді. Бүгіндері құс фабрикасында 320 маман еңбек етеді. Өндiрiстi ұлғайту жүзеге асырылған жағдайда тағы да 180 адам жұмыспен қамтылмақ. Компанияның кешендi жоспарына сәйкес 2017 жылға дейiн өндiрiс қуатын 25000 тоннаға жеткiзу көзделіп отыр екен. Алға қойған, негiзгi мiндеттерінiң бiрi – өзiнiң меншiктi азықтық базасын құру. Бұл бағытта өнiмдiлiгi жоғары жемшөп зауыты тұрғызылып, iске қосылған. Әлемдік тәжірибеде құс шаруашылығы аграрлық сектордың ішіндегі аса тиiмдi және табысты салалардың бiрi болып табылады. Мұрат Тағаев, «Ордабасы-Құс” ЖШС бас директоры: –Елбасының сарабдал саясаты арқасында 2000 жылдан бері құс шаруашылығына деген көзқарас өзгеріп, жалпы еліміз бойынша өндірісті дамыту қолға алына бастағаны белгілі. Бірақ, соған қарамастан қиындықтар бар болатын. Өйткені нарықтың талабы жеңіл емес. Шет елдерде болып, сондағы әріптестермен етене араласа келе бұл саланы қалай дамытуға болады деген сауалға жауап іздеумен жүрдік. Көп нәрсені көрдік, бәрін зерделеп-зерттеп, ақыры үлкен еуропалық компаниялардың басшыларымен байланыс жасай отырып, күркетауық өндірісін дамытуды қолға алу идеясы туындады. Ол кезде бізде 3 күркетауық етін шығаратын фабрика бар болатын. Мен бұрындары бройлер фаб­рикасында басшылықта жүргенде, сол фабрика аумағында күркетауық өсіруді де ұсынған едім. Алайда, біздің израильдік әріптестер Кеңес уақытында салынған ғимараттардың заман талабына, кәсіптік-технологияға сай еместігін, оған кететін шығын көлемін көрсете отырып, мұның нәтижесіздігін маған дәлелдеп берді. Содан біз екіжақты келісіп, жаңа фабрика салуға жер таңдадық. Жұмыс басталып, бизнес жоспар жасалынды. Алғашқы кезде қаржының жетіспеушілігінен шағын 2 құсханамен ғана жұмыс жүргізуді жоспарлаған болатынбыз. Сол кездері Елбасының Жарлығы шығып, соның нәтижесінде Ұлттық қордан ауылшаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөлінді. Осыған сәйкес «ҚазАгро» ұлттық холдингімен еншілес «ҚазАгрофинанс»АҚ-ның конкурстық таңдауынан өтіп, біздің мекеме мемлекет тарапынан қаржыландырыла бас­тады. Осылайша Қазақстандағы, тіпті Орта Азиядағы ең үлкен күркетауық етін қазіргі еуропалық үлгіде халықаралық стандарттарға сай, түрлі ассортиментте өндіретін кешен пайда болды. Әлемдегі алдыңғы қатардағы израильдік технология негізінде бой көтерген кешенге жетекші халықаралық кәсіпорындардан алынған құрал-жабдықтар пайдаланылған. Жоба технология жағынан барлық халықаралық стандарттарға, ветеринарлық және биоқауіпсіздік талаптарға толықтай сәйкестендірілген. Жобаның ішіне инкубация, құсты өсіру, құрама жем, бордақылау және етті тереңдетіп қайта өңдеу бөлімдері кіреді. Сонымен қатар, өндірілген өнімдердің толық циклда қалдықсыз өндірілуін жобаның басты ерекшелігі деп айтуға болады. Қазақта «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар, яғни әр кәсіпті өз маманы атқаруы керек. Осыны негізге алған серіктестік басшысы мал дәрігерлері мен құс мамандарын бұл саладағы тәжірибелері мол шетелдерге арнайы жіберіп, түйетауық өсіру және оны күту технологиясын үйреніп қайтыпты. Ал кешендегі жабдықтар Бельгия, Словения, Израиль, Ресей мен Қытайдан әкелінген екен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы