Жаңалықтар

Астанада айтыс өтпек дүркіреп...

ашық дереккөзі

Астанада айтыс өтпек дүркіреп...

Естеріңізде болса, осыдан айға жуық уақыт бұрын «kazaitys.kz» сайты Алаш жұртына сауын айтып, айтысқа қатысатын ақындарды іріктеу айтыс жанкүйерлерінің өздеріне жүктелгендігін жария еткен еді. Солардың арасынан оза шауып, мәре сызығын кескен сегіз ақын аламанға қатысуға мүмкіндік алды. Олардың арасында, талай рет топты жарған Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Қанатбек Зәйтолла бар.

Айтыс – атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер. Соңғы жылдары айтыстың да ауқымы тарылып, телеарналардан таратылуына тұсау салынғандай болатын. Солай бола тұра, рухани өнеріміз өлген жоқ. Тарих қойнауынан үзілмей келе жатқан төл өнеріміз кез келген жерден жарып шығады. Өйткені оның тыңдаушысы да, бағасын беріп төрелік айтушысы да қарапайым халық. Айтыстың дәстүрлі өнерге айналуына көшпелі өмір салты тікелей әсер еткен. Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай, Жамбыл сияқты ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл үлкен дәстүрді кейінірек Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Мұхамеджан сияқты айтыс ақындары жалғастырды. Бүгінгі айтыстың көшін жалғаушы Айбек, Балғынбек, Бекарыс, Айнұр, Ринат, Рүстем, Сара, Әсем, Жандарбек және тағы басқа ақындарымыз бастаған кіл жүйріктер тобы.

Қазақ халқы үшін айтыстың жөні де, жолы да бөлек. Ол – қазақтың халық ауыз әдебиетінің мол мұрасын бойына жинақтаған рухани өнері. Тарихтағы әлеуметтік мәні жоғары айтыстарымызды сол кездегі елдің өмірінен сыр шертетін көркем шежіресі деп айтуымызға да болады. «Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да көрініс тауып жатады. Заманына лайық өрбіген тартыстың неше бір формалары әлденеше тарау болып, тармақталып кетеді», – деп жазылады айтыстың тарихына қатысты кейбір деректерде. 

Айтыстың ежелгі түрлері көп сақталып қалмаған. Оның қағазға түсірілген кезі бертінде ғана. Бұрынғы айтыстардың көбі ұмыт қалған, өкінішке қарай. Шығарушы ақындардың есімі белгісіз болғанымен, кейбір тіркестер ауыздан ауызға таралып, бертінге дейін жеткен. Айтыс жанрының көп сақталған уақыты да XIX ғасырдағы айтыстар. Бұл айтыс­тарды Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасынан табуға болады. Тіпті, олардың кейбірі әлі күнге дейін баспа бетін көрмеген. 

Әдебиетіміздің тарихына көз сал­сақ, айтыстың жанр ретінде бірден қалып­таспағанына көз жеткізуге болады. Ақындар айтысы дегенде көбіне әдет-ғұрып айтыстары еске түседі. Оның өзін бірнеше тарауға бөлуге болады. Айтыстың ең көне түрі «Жар-жар» айтысы. Атынан көрініп тұрғанындай, «жар-жарды» қыз ұзатар алдында айтатын болған. Той тарқар алдында жас жігіттер ұзатылатын қыз отырған үйге келіп, үзіктің жабығынан қалыңдықпен өлең айтып қоштасқан. Бозбаланың қоштасу өлеңіне қалыңдық та өлеңмен жауап қайырады. 

Айтыстың көп пайдаланатын түрі, ол – қайымдасу. Бұл қыз бен боз­баланың өлеңмен әзілдесуі. Бұрын­дары айтыста көп пайдаланып жүрген түрі – жұмбақ айтыс. Қазір жұмбақ айтысты көп кездестіре бермейміз. 

Қазақтың айтыс өнерінің ерекше­лігін сақтаған рухани мұрамыз атадан балаға мирас болып, үзілмей келеді. Айтыс дәстүрін енді «Нұр Отан» партиясы қолдап, рухани өнердің өлмеуі, өшпеуі үшін жаңа жобаны қолға алғаны қуанышты жайт. 

«Кazaitys.kz» сайтының бас редакторы Ұларбек Нұрғалымұлы аламанға қатысатын ақындарды іріктеу үшін оқырмандар өздері жұмыла кіріскенін айтады. «Айтысқа қатысатын ақындарды іріктеп бәйгеге қосудың шартында: «Оқырмандар өзі ең жақсы бағалайтын 5 айтыскер ақынның аты-жөнін біздің электронды поштаға жібереді. Соның ішінде аттары ең көп аталған 8 ақынды іріктеп, бәйгеге қосатын боламыз» делінген болатын. Оқырмандардың өздері іріктеген байқау мәреге жетіп, дүбірлі додаға кімдердің шығатыны анықталып отыр. Сайтымыздың электронды поштасында келіп түскен жүзден астам хатты ақтарып отырып, айтыс төңірегіндегі оқырмандар ойымен де таныстық деуге болады. Айтыс жанкүйерлерінің көбі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтыс сахнасында атой салған тұлпарларды іздейді екен. Мұны хат жіберушілердің 80 пайызының тізім басына Мұхамеджан Тазабектің есімін жазғанынан аңғаруға болады. Кейінгі буырқанып шығып келе жатқан жас жүйріктерді жалпы халық тани бермейді. Өкінішті, әрине. Дәл осы мәселе төңірегінде ел-жұрттан жеткен тілекті аузы дуалы, ұлтқа жанашыр ағаларымыз іс басындағы азаматтарға жеткізіп, «осы айтыстан бастап, Республика көлеміндегі ірі айтыстардың барлығы теледидардан көрсетіледі» деген уәде алғандығын үлкен үміт, зор қуанышпен сүйіншілей айтқымыз келеді», – дейді Ұларбек Нұрғалымұлы.

Атынан көрініп тұрғанындай, бұл айтысқа кіл жүйріктер таңдалып алынды. «Кіл жүйрікте кім жүйрікке» қатысатын ақындарымыз да осал емес. Кілең «сен тұр, мен атайын» дүлдүлдеріміз. 

Аламан доданың алдында «кіл жүйрікке» қатысатын ақындарға бірер сауал тастадық. Соның бірі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан ақындарымыздың бірі – Айбек Қалиев. 

– Айбек мырза, Астанада 6 қазан күні «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты айтыс өткелі отыр. Бұл айтыстың ерекшелігі не болмақ? 

– Бұл айтыстың бірінші ерекше­лігі, айтысқа қатысушыларды «Қазай­тыс» сайтында көрермендер өзде­рі таңдады. Екінші ерекшелігі, ай­тыс­тың құрылымы өзгеше болғалы тұр. Бірінші айналым – дәстүрлі екі­ ақынның сүре айтысы, екінші ай­налымда бірнеше ақын қатар шы­ғып, «Құлмамбет айтыс» жасайды. Үшінші айналымда іріктелген екі ақын экранда көрсетілген суретті немесе тақырыпты жырлайды.

– Бұл айтысты «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырып отыр. Билік партиясының айтысты қолдауын төл өнеріміздің қайта жандануы деп қабылдайсыз ба?

– «Балапанды күзде санайды». Іс қалай басталуымен емес, нәтижесімен бағаланса керек. Десек те бұл айтыс­ты теларнаға түсіріп, бірнеше арнадан көрсетпек. Ұмытпасам, айтыстың телеарнадан көрсетілмегеніне 2-3 жыл боп қалды. Мен үшін басты жаңалық осы боп тұр.

Айтыстың жас сайыпқыраны атанған Жандарбек Бұлғақов та бұл айтыста кіл жүйріктермен додаға түспек. 

– Жандарбек, көп ақынның ішінен көрерменнің өзіңді таңдауын қалай бағалайсың?

– Әрине, көптің мені қалап, ме­ні таңдауының өзі үлкен мәртебе ма­ған. Мәртебе болғанда да, өзімнің әр айтысқа қатысуымды зор құрмет санаймын. Өйткені екі күннің бірінде айтыс өткізіліп отырған жоқ. Сондықтан, мұндай айтыстың елорда төрінде өткізілуі, оған «Нұр Отан» партиясының арнайы демеуші болып отыруының өзі үлкен мәртебе. Көрерменнің айтыскерлердің арасынан мені таңдап алуы бойыма қуаныш ұялатады, әрі өзіме үлкен сенім арқалатады. Қаншалықты сұранысқа ие болсаң, сенен соншалықты жа-уап алынады ғой. Сол себепті, мұның жауапкершілігі де жоғары деп ойлаймын. 

– Бұл айтыс билік партиясының қолдауымен өткізілгелі отыр. Тақырып аясы шектеулі болып қалады деп ойламайсыз ба?

– Олай деп ойламаймын. Өйткені билік партиясының қолдауымен өткеннен кейін, оған билік басында жүрген шенеуніктеріміз келіп қатысатыны анық қой. Олармен екі күннің бірінде жолыға бермейміз. Сондықтан, сол мүмкіндікті пайдаланып, барынша елдің мұң-мұқтажын айтып қалуға тырысармыз. Айтыс дегеніміз әзіл-қалжыңмен ғана шектелмейді ғой. Еліміздің жеткен жетістігін де, кемшілігін де қамтуға тырысамыз. 

– Айтысты телеарнадан көр­се­теді деп естідік. Бұл айтыс­керлер үшін үлкен жаңалық деп санамайсыз ба?

– Телеарнадан көрсетіледі деп естідік. Әзірге оның қай арнадан көрсетілетінін нақты білмеймін.

– Бұл айтысқа қатысатын төрт қана жұп. Сонда бұл айтыстың ерекшелігі не болмақ?

– Айтыстың әзірге шарттары қандай болатыны әлі белгісіз. 

Ақын Мұхтар Ниязов та осы айтыстың көрігін қыздыратын айтыскер ақындарымыздың бірі: 

– Айтам деген ақынға қай жерде де халықтың мұңын айтуға мүмкіндігі бар. Мәселе, бұл айтыстағы ақындар­дың саны емес. 

– Айтыстың уақыты қалай болады? Ақындардың айтысуына мейлінше еркіндік беріле ме?

– Уақыт көп ұзап кетсе де болмайды. «Көп шайнаған қазының дәмі кетеді» дейді ғой. Жақсы айтыстың өзі отыз бес-қырық минуттан аспауы керек. Ол асып кетсе, дәмі кетеді. Қандай айтыс болғанда да. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дейді. Ақынның аяқ алысы алғашқы айналымынан-ақ белгілі болады. Шын тұлпарлар сол уақытқа бүкіл сөзін сыйғыза алады. Ұзағынан толғап, «мен бұлаймын, сен олайсың» деп отырғанда, бүкіл уақытың құр кетеді.

– Айтыстың тақырыбы қалай болады? 

– Жалпы, бізде өткізіліп отырған айтыстарды шектемеудің өзі билік партиясының қолдауы деп ойлар едім. Айтыс тоқтап отырған жоқ. Бір Қызылорданың өзінде бір айдың ішінде төрт рет айтыс өтіпті. Облыс әкімдігі немесе қала әкімдігі қолдамаса, ол айтыстар өтпес еді. Биліктің тарапынан қаржы бөлінеді. Соның өзі, аты жазылмаса да, «Нұр Отан» партиясының қолдауын білдіреді. Бүгінде телеарналардан түрлі сериалдар қаптап кетті. Тіпті, шектен шығып кетті десек те болады. Осындай нәрселердің орнына, көрермен айтысты іздейді. Аңсайды. Кейде шалғайдағы ауылдардың адамдары «Эфирден неге берілмейді?» деп, бізден сұрайды. Бұл айтыстың эфирге оралуының өзі үлкен жетістік болып отыр. Елдің тыныштығын, бірлігін қорғауға бәріміз мүдделіміз ғой. Бәріміз де сол жолдамыз. 

– Мұхтар, өзіңнің қарсыласың белгілі болды ма?

– Әлі белгісіз. Бұл айтыста бабымыз бен бағымыз шешеді. 

– Кіл жүйріктердің айтысы Астанадан бөлек, өзге облыстарда да жалғасын таба ма? 

– Әбден мүмкін. Астанада өткен айтысты телеарнадан берер болса, нұр үстіне нұр. Берілмей қалса, көрермендерге жетпей қалуы да мүмкін ғой. Өзге облыстардағы көрермендердің де төл өнерімізбен сусындауы қажет емес пе? Халықтық маңыз беріліп, айтысты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған айтыс. Баяғы Абылайдың заманындағы Бұхар жыраулардың сипатындағы айтыс болады деп сенемін. 

Кіл жүйріктердің арасында екі бірдей аруымыз бар. Талай айтыста топ жарып, оза шапқан, бәйгенің алдын бермейтін дүлдүл айтыскер ақын қызымыз Айнұр Тұрсынбаева мен от тілді, өткір әзілімен талайды түйреп жүрген Сара Тоқтамысова Астана төрінде айтыс көрігін қыздырмақ. 

Екі бірдей айтыскер ақын қызды да көрермендеріміздің өздері таңдапты. Сара Тоқтамысоваға айтыстың алдында бірер сауал тастап үлгердік. 

– Кіл жүйріктің арасынан өзіңнің есіміңді кездестіріп отырмыз. Көрерменнің таңдауы өзіңе түсіпті. Көпшіліктің сенімін арқалау оңай емес шығар. Кіл жүйріктермен додаға түсуге қорықпайсың ба?

– Әрине, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, бұл айтыстың мәні де, сәні де бөлек болайын деп тұр. Тіпті атауының өзі «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деп қойылуының өзі тегін емес. Әуелі Алла, екінші халықтың қошеметіне сыйынып отырмыз. Айтысқа қатысатын ақындардың қай-қайсысын алсақ та, Балғынбек ағамыз болсын, Жандарбек, Мұхтар болсын, барлығымен айтысып жүрміз ғой. Тәуекел. Осындай сегіздікке ілінгеннен кейін, елдің алдында дұрыс өнер көрсету – біздің парызымыз. Соған сеніп отырмыз.

– Бұл айтыстың ерекшелігі неде деп ойлайсың?

– Бұл айтыстың ерекшелігі Үкі­меттің ұйымдастыруымен өткізілгелі отыр. Ең бірінші қолдаушы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы. Бүкіл құндылықтарды елге жеткізейік деп игі іс жасап отырғанының өзі қуантарлық жағдай. Көптен бері айтысымыздың өзі елдің сағынышына айналып кетті. Ауыл-аймақтағы, аудандағы ағайынға айтыс жетпей жатыр. Айтыстың телеэк­раннан көрінбей кеткені ағайынның көңілін құлазытып жіберді. Біздің естуіміз бойынша, бұл жолы айтыс экраннан көрсетіледі екен. Мұның өзі жағымды жаңалық болып отыр. 

– Айтысқа сегіз ақын ғана ірік­теліп алыныпты. Қалған айтыс­кер ақындарымыздың қатысуына мүмкіндік болмады ма? Ертең пышы-пышы сөз шығып жүрмей ме?

– Іріктеулер «kazaitys.kz» сайты арқылы жүргізілді. Айтыстың шарты бойынша, сегіз ақын ғана қатысады екен. Сол сегіз ақынды іріктеген көрерменнің өздері. Сегіз ақыннан басқа айтыскерлеріміз жүйрік емес деп айта алмаймын. Қазақта мықты ақындар өте көп. Олардың қай-қайсысын алсақ та, өзінің бабы келіскен ақындар. Мүмкін, ұйымдастырушылар аз ақынмен айтыс өткізу қызық болады деп шешкен шығар, кім білсін?! 

Гүлзина БЕКТАС