Әлемдік дағдарыс әркез есте

Әлемдік дағдарыс әркез есте

Әлемдік дағдарыс әркез есте
ашық дереккөзі

Елбасы  еліміздің Премьер-министрі Серік Ахметовті қабылдады. Күз мезгілі жиын-теріннің уақыты. Шаруаның жаз бойы төккен тері мен еткен еңбегінің жемісін де көретін мезгілі.Бұл маусымда шаруалы алқаптардағы өнімдерді шашпай-төкпей жинап алу – шаруаның негізгі міндеті. Мемлекет басшысымен кездесуінде Премьер-министр өңірлердегі жиын-терін науқанының барысы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Үкімет басшысы  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы тоғыз  айдағы қорытындыларын да тілге тиек етті. 

Елбасы өз сөзінде бұл баяндалған мәселелердің таяу күндері өткізілетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында  талқыланатынын да атап өтті. Мемлекет басшысы: «Биылғы міндет – жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтау. Бұл, әсіресе, әлемде орын алып отырған дағдарыстық құбылыстарды ескергенде өте маңызды. Қысқы маусымға лайықты дайындықты қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы жылын табысты аяқтап, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қарастыру қажет», – деді.

Серік Ахметов соңғы тоғыз ай ішінде еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі 5,7 пайызды құрап отырғанын жеткізді. Өз сөзінде Премьер-министр: «Инфляция биылғы жылы болжамды күйінде тұр. Ішкі жалпы өнімнің өсімі 2013 жылдың қорытындысы бойынша 6 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Астық жинау науқанының аяқталуына қатысты айтсақ, жауын-шашынға байланысты Ақмола облысында ғана жиын-терін жұмысы аздап тоқтап қалды. Жалпы, бүгінде бункерлік салмағы 18,5 миллион тонна астық жинап алынды. Аптаның соңына дейін өңірлер жиын-терінді аяқтайды. Нәтижесінде биыл бункерлік салмағы 20 миллион тонна шамасында астық жиналып алынатын болады», – деп мәлімдеді.

Кездесу соңында Елбасы аталған мәселелер бойынша Үкіметке бірқатар тапсырма берді. 


Гүлзина БЕКТАС