Салықтың салмағы қандай ?

Ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейтін шаруа қанша салық төлейді? Шаруаның жайын алаңдатқан салықтың салмағы қандай? Бұл мәселелер Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сөз болды. 
Еліміздегі ішкі рыноктағы азық-түлік өнімдерінің кем дегенде сексен пайызын отандық өнімдер құрауы керек. Бұл Мемлекет басшысының Үкіметке тапсырған негізгі тапсырмаларының бірі. Сол үшін де агроөнеркәсіп саласын жандандырып, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу жұмыстарын жетілдіру қажет. Ал Премьер-министр осы орайда, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелердің жай-күйін білу үшін негізгі сөзді Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырзаға берді. Министр өз баяндамасында қайта өңдеу саласын дамытуға ықпал ететін негізгі факторларды атап-атап айтып өтті. Министрдің дерегіне сүйенсек, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу республикалық өнеркәсіп өндірісінің 5 пайызын және қайта өңдеу өндірісінің 16 пайызын құрайды екен. 

Бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 1 370 болса, оның 60-қа жуығын ірі кәсіпорындар құрап отыр. Сонымен бірге, тамақ өнімдеріне кіретін негізгі кәсіп астық өңдеу, сүт, нан және нан өнімдері, жеміс-жидек, май өнімдері, етті қайта өңдеу салалары болып табылады. 

Министрдің айтуынша, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 2012 жылы 830 млрд. теңгені немесе 5,5 млрд. долларды құраған. Сондай-ақ, 2013 жылы Кеден одағы шеңберіндегі тауар айналымында оң бетбұрыс бар екендігін де тілге тиек етті министр. «Соңғы 7 айда экспорт 72 пайызға, импорт 2 пайызға артты», – деді министр. Асылжан Мамытбеков бұдан әрі отандық ауылшаруашылық өнімдерін өткізуге кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелерге де арнайы тоқталды.

Министр сөз еткен мәселелердің бірі – шикізат тапсырушылар қосымша құн салығын төлемейді, есесіне бұл қайта өңдеушілер үшін тиімсіз. Мұның салдарынан қосымша құнға есептелуі тиіс салық қайта өңдеушілер үшін барша айналымнан қамтылған салық болып келеді. Сол себепті де, шикізатты сатып алушы делдалдарды қосымша құн салығын төлеуден босату керектігін немесе сала бойынша жалпы қосымша құн салығы мөлшерлемесін төмендету керектігін айта кетті. Министрдің айтуынша, өнімді қажетті ыдыспен немесе қаптамамен қамтамасыз етуде де проблемалар кездеседі. 

Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан Сүт одағының тең төрағасы А.Кузлякин, «Маслодел» компаниясы» ЖШС директоры П.Селиванов, Алматы облысындағы Есік жеміс-жидек зауытының директоры Е.Айдарбаев, «Семей ет комбинаты» ЖШС директоры Б.Жаманғаринов, сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов өз есептерін берді. 

Үкімет басшысы жиын кезінде қайта өңдеу саласын дамытудың негізгі бағыттары «Агробизнес-2020» бағдарламасында анықталғанын атап көрсетті. Оның шеңберінде 2020 жылға дейін қайта өңдеу саласын қолдау мен дамытуға 130 миллиардтан астам теңге қарастырылғандығын айта кетті. Өз сөзінде Үкімет басшысы: «Нақты мемлекеттік қолдау шаралары және жыл сайынғы қажетті қаржы көлемі салалық бағдарламаларды жүзеге асырудың шеберлік-жоспарында жіті жазылып көрсетілген», – деді. 

Сонымен бірге, Серік Ахметов Ауылшаруашылығы министрі өңірлер әкімдерімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бүгінгі ескертулер мен ұсыныстарды есепке ала отырып тиісті жоспарларды толықтырып, оны өңірлердің кешенді жоспарларымен үйлестіріп және қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиістігін де атап кетті. Үкімет басшысы, министр атап өткен мәселе, яғни шикізатты қайта өңдеушілерге салық салу мәселелерін қайта қарауды тапсырды. Осы орайда, Қаржы министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеушілерге салық салу мәселесін шешуді тапсырды.

«Бұл – маңызды фактор, өйткені, ынталандыру да, қызығушылық та жоқ. Жүйелі өндірістік негізге қою қажет келесі кезең осы салыққа тәуелді болады. Ол мұнымен айналысуға қызығушылық танытпайды, себебі, оның мойнына бұл салық ілулі. Соңғы кешенді жоспарды және шеберлік жоспарларын қабылдағанда осы мәселе шешілуі тиіс», – деді Үкімет басшысы. 

 Премьер-министрдің айтуынша, отандық өнімдерді өткізуге кедергі келтіретін салық салу мәселелері шешілмейінше, агроөнеркәсіп кешені әрекеттегі бағдарламалар тиімді болмайтынын жеткізді. Үкімет басшысы салық салу мәселелерін шешпесек, осы талқыланып, әзірленіп жатқан орасан зор бағдарлама, шеберлік жоспарлары, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша кешендік жоспарлар шешілмейтінін айтады. Сондай-ақ, жиын соңында Серік Ахметов аталған құжатты тағы бір мәрте толықтыру үшін Ауылшаруашылығы министрлігіне қайтарды.

Гүлзина БЕКТАС

Back to top button