«ӘСЕМ БЕСІК» ӘР ҮЙДЕ БОЛСА...

«ӘСЕМ БЕСІК» ӘР ҮЙДЕ БОЛСА...

«ӘСЕМ БЕСІК» ӘР ҮЙДЕ БОЛСА...
ашық дереккөзі

Жалпы, шеберлер бесік жасау ісіне айрықша жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Тұтас бір ұрпақтың ұлттық ділін, болмыс-табиғатын қалыптастырып, дін-аман өсіріп-өрбітетін бесіктің киелілігінен де болар, бәлкім. Қазекеңнің бұрын да, бүгін де оған деген құрметі ерекше. Кезінде М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқан сөзінің тікелей де, жанама да мағынасы, астары бар ма деп те ойланамыз, кейде. Қалай десек те, бүгінде әрбір отбасында бесік болуы, қарадомалақтарымыз бен тұлымдыларымыздың бесік тәрбиесімен жетілуі қажеттігі қашанғыдағыдай маңызын жойған жоқ. 

Рас, соңғы кездері бесік жасауды кейбіреулер кәсіпке, «бизнеске» айналдырып та үлгерді. Содан да, бесіктің түр-түрі көп-ақ. Дегенмен, әрі-бері алып жүрудің қиындығына, үйде де әжептәуір жерді алатынына, ерепейсіз үлкендігіне бола бесіктен бас тартушылар қатары көбейіп тұр. Ал, тараздық шебер Пернебек Ахметовтің «Әсем бесігі» осы сұраныс талабынан дөп шығарлықтай дүние екен. Ол кездесуге де  «бесігін» қолтығына қыстыра алып келді. Өзі бір жиналмалы, ықшам дүние екен. Бір минутқа жетер-жетпес уақыт ішінде жазып жібергенінде, ұзындығы сексен сантиметр боларлық бесік әзір болды. Жиналуы да тез, сөмкеге салып алып жүре беруге де ыңғайлы. 

– Бұл кәдімгі бесіктің жетілдірілген нұсқасы. Оны ойлап табуыма былтырғы жылы бір келіншектің бесікті пайдаланайық дейміз, бірақ әрі-бері көтеріп жүре алмаймыз дегені, бәрінен де бұрын памперс дегеніңнің өсер ұрпағымыздың денсаулығына өте-мөте зиян екендігі бірден-бір себепші болды, – деді шебер бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, баланың шатының аралығында 34 градустық тұрақты температура сақталуы қажеттігі ғылыми тұрғыда дәлелденген, ал, памперспен тұмшалап, буып тастау ұрық эмбрионының дамымай қалуына, тіпті мұның соңы бедеулікке, белсіздікке де апарып соқтырмақ. Әрі памперске зәр сіңуі кезіндегі түрлі химиялық реакциялар алмасуының да сәби денсаулығына кереғар әсері көп. Шебер «Әсем бесіктің» әзірге үш-төрт нұсқасын жасапты. Ұлттық ою-өрнектермен, ақық тастармен безендірілуі де бесіктің сәби дүниетанымын ұлттық ділімізде қалыптастыруға септеспек. Бұл өнер Пернебекке қанмен келген, кезінде етік тігу, ер-тұрман, ат әбзелдерін жасау шебері болған әкесі Қыдырбектен жұғысты болған секілді. Талас ауданының Ойық ауылында балалық, жастық шағын өткерген П. Ахметовтің бойында бұдан басқа емшілік, күйшілік қабілеттері бары да таңдандырмай қоймайды. Оның «Бір сәт» аталатын күйін мамандар жақсы бағалауда.   Күй демекші… оның шанағы ішіне арнайы дыбыскүшейткіш құралын орнатып, ешкінің шегін пайдаланып, қазақтың кәдуелгі қара домбырасын электро-домбыраға айналдырғанын да осы жолы өз аузынан естідік. «Күмбірлеген дауысы тіпті көш жерден анық естіледі», – дейді бұл жаңалығына оның өзі қуанып. 

Тараздық кәсіпкер өз бойындағы қабілет-қарымын осылай ұлттың, ұрпақтың игілігіне арнауы үлгі-өнеге де боларлықтай. Шынында да, ел болуымыз үшін алдымен бесігімізді түзеп алуымыз керек қой. 

Баймаханбет АХМЕТ 

Тараз қаласы