АБЫЛАЙДЫҢ АСЫ ӨТТІ КӨКШЕДЕ…

Жас ұрпақ қазақ мемлекеттігінің тарихын зерделеп оқығанда, оның керегесін кеңейткен, халқын біріктірген, іргесін нығайтқан, ішкі және сыртқы саясат ұстындарының негізін салған хан Абылайдың бейнесін жете білуі, мақтан тұтуы, үлгі санауы тиіс.

ТОРҚАЛЫ ТОЙ ҒАНА ЕМЕС, ТҰЖЫРЫМДЫ  ОЙ КЕРЕК

Қазанның 5 мен 6-ы аралығында Көкшетау қаласында Абылайханның 300 жылдық мерейтойына арналған шаралар өтті. Шындығында, Абылайханның 300 жылдығын биыл тойлау жергілікті әкімшіліктің ұйғарымы болған сияқты. Әу бас­та аймақтық деңгейде айтылған жақсы бастамаға республикалық салалық министрліктердің атсалысып, қазақтың айтулы тұлғасының тойына шама-шарқынша үлес қосуы әр нәрседен хабар береді.

Шындығында, Абылай хан – барша қазаққа ортақ тұлға. Оның өмір жолына, қалдырған мұрасына, өнегелі саясат сорабына қатысты әрбір деректі жіті зерттеп, әрбір оқиғаны ғибрат үшін бүгінгімен байланыстырып, той өткізіп, ой қорыту – біртұтас ұлттық сананы бекіте түсер фактор болмақ. Осыдан екі жыл бұрын хан Абылайдың 300 жылдығына арналған шаралар республиканың көптеген облыстарында өткен еді. Аймақтық деңгейде өткізілген сол тойлар жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, жергілікті азаматтардың бастамасымен ұйымдастырылған. Осының өзі Абылай ханның қазақ рухын көтерер тұлға екенінің нышаны.

Осыдан жиырма жыл бұрын Көкшенің баурайында Абылай ханның 280 жылдығы өткізілген екен. Барлық аудандардың халқы тайлы-таяғы қалмай қатысып, ұйымшылдықпен өткен берекелі той болғанын көзі көргендер әлі айтып жүр. 

Ұйымдастыру деңгейі қандай болса да, айбарлы ханның атақ-даңқ дәрежесі одан аласармақ емес. Шындығында, хан Абылайдың тойы елордамыз Астанада өтуі керек деген ойдың қатысушылар санасында қылаң бергені рас. Бәлкім, өзі хан көтерілген рухани астанамыз Түркістанда өткені жөн бе еді. Осындай ойды филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев халықаралық конференцияның пленарлық отырысында ашық айтты. Ол «Абылайдың тойы Астанада өтуі керек еді. Бір жыл бойы Абылайдың жылы деп атап, үлкен биікке көтеріп сөйлейтін болсақ, өзінің ұлттығын ұмытып бара жатқан ұрпағымызға түсінікті болар еді. Әрине, оларға орысша да, ағылшынша да, шүршітше де түсіндіріп айта беруіміз керек, бірақ қалай болғанда да осындай халықтық мәні бар, ұлттық мәні бар үлкен тойларды мемлекеттік деңгейде, жарқыратып көрсету керек еді»,– деп көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Ақсақалдың сөзіне қайта-қайта қол соғып, қолдау білдірген жұрт ол сөзін аяқтаған соң да бір минут бойы қол шапалақтап, ризашылық білдірді. Дәл осы халықаралық конференцияда, дәл осы той шаралары барысында ешкімнің сөзі дәл осындай ел ықыласына бөленген емес.

Алаштың атақты ханының тойын қандай деңгейде өткізсек те, айбарлы тұлғаның тарихи бейнесіне түсер нұқсан жоқ. Бүгінгі тірлігіміз үшін абырой табатын да, сағымыз сынатын да – өзіміз ғана. Алдағы уақытта Абылайдың тойын қалай өткізу ұлттық мақтанымызға сын екенін бағамдасақ болғаны.


Тәуелсіздік жолы тәуекелге толы

300-жылдыққа арналған ме­рекелік шаралар Көкшетау қа­ла­сындағы Абылайханның ескерт­кі­шіне гүл шоқтарын қоюмен бас­талды. Ал Моңғолиядан келген, өзін Шыңғысханның 29-шы ұрпағымын деп таныстырған, Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының пре­зи­денті Пурэв-Ойдовын Даваанян осы тойдың айрықша сәні болды деуге лайық. Моңғолдың ұлттық киімін киген, бойын тік ұстап, маңғаздана қозғалатын қонақ той аяқталғанша, осы өзгеше қалпынан бір айныған жоқ.

Дегенмен, тойдың өзегі – айтулы тұлғаның бейнесін ашуды көздеген «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» деп аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция еді. Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған конференция жұмысына жергілікті тарихшы ғалымдардан бөлек Түркиядан, Ресейден, Моңғолиядан, Қырғыз­станнан келген қонақтар қатысты. 

Конференция жұмысын бастап бер­ген мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тықтау сөзін оқыды. Елбасы: «Мың­жылдықтар тоғысында Абылай арманын жүзеге асырып, азат мемлекет құрған, тәуелсіз елдің ордасын ел ортасына, айбынды ханымыз ат ойнатқан Арқа төсіне орнатқан мына біз жас тәуелсіздігімізді қалай шыңдаймыз, дүбірлі дүниеде алдымыздан тосылатын сын-қатерлерге қалай шыдаймыз деген мәселелер өте маңызды. Азаттықтың жолы азапты, тәуелсіздіктің жолы тәуекелге толы болатынын ұмытпауға тиіспіз. Бой таластыратын емес, ой таластыратын заманға, білектіден білімді басым түсетін кезеңге келіп отырғанда, мұның бәрі көп болып кеңесер күрделі жайлар»,– деп, конференция жұмысына қатысушыларды ұлттық тұрғыдан ой қорытуға үндеген. 

Түстен кейін төрт секцияға бөлініп жұмыс істеген тарихшылар қазақ тарихына қатысты зерттеу еңбектерімен, тың тұжырымдарымен бөлісті. Назарбаев университетінің доценті Даниель Росс Абылайхан туралы ағылшын тілінде, Стамбұл университетінің профессоры Мехмет Сарай түрік тілінде, ал Ресей мен Қырғызстаннан келген ғалымдар орыс тілінде баяндама жасады.

«Қазақ тарихын зерттеудегі кейбір мәселелер» атты тақырып бойынша сөйлеген Мехмет Сарай қазақ халқының басынан өткен зобалаңдары туралы айта келіп, «Біз мұндай шындықтарды ашық айтуымыз керек», – деді. «Мен Қазақстан тарихын 1967 жылдан бері зерттеп келемін. Осы жылдар аралығында Еуропа, Азия, басқа да түрлі халықтардың мұрағаттарын зерттедім. Бірақ орыс халқы мұрағаттарынан мәліметтер алуға мүмкіндігім болған жоқ. Жалпы, өзге шетел тарихшыларының Қазақстан тарихына қатысты жұмыстарына менің көңілім толған жоқ. Осы отырыста жасалған баяндамалар, табылған мұрағат құжаттарын халыққа жеткізуге мүмкіндік болса деген тілегім бар. Мен Қазақстан тарихына арнаған еңбектерімнің бәрін конференцияны ұйымдастырушыларға беремін және онда қазақ халқының, қазақ мемлекетінің дамуына кедергі жасайтындарды ашық түрде айтуға тырыстым. Менің қазақ тарихына қатысты алғашқы кітабым 1994 шыққан болатын, ол қазір Түркия мемлекетінде кейбір оқу орындарында оқытылып жатыр», – дейді ғалым. 

Ал Ресей ғылым академиясы Дағыстан ғылыми орталығының Тарих, археология және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Кидирниязов Даниал «XV-XVI ғасырлардағы Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынас» атты баяндамасында Ноғай Ордасының жойылу тарихына қысқаша шолу жасап, бүгінгі таңда дүниежүзіне тарыдай шашылған ноғайлардың қасіретті тағдырын сипаттап берді.

Шындығында, бір кездегі Ноғай Ордасының әлеуеті Қазақ хандығынан еш кем емес еді. Тарихшы мамандар XVIII-XIX ғасырларда қазақ мемлекетінің де басына қалың бұлт үйірілгенін, егер Абылай ханның ерен еңбегі, көреген саясаты болмағанда, Қазақ хандығының тарих бедерінен жойылып кетуі мүмкін екендігін айтады. Ендеше, Абылай ханның қазақ мемлекеттігін сақтап қалудағы ерен еңбегі әлі егжей-тегжейлі жазылып, жас ұрпаққа жан-жақты насихатталуы тиіс.

Абылай ханның тарихи ролі мен оның өмір жолы, саяси қызметіне қатысты әлі талай тарихи еңбек жазылуы тиіс. Мысалы, көрші мемлекеттердің тарих оқулықтарында қазақтың ханы Абылайды қалай сипаттайтынына мемлекеттік тұрғыда мән берілген емес. Конференцияда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Айткүл Махаева осы тұрғыдан ой қозғады. Ол қырғыз оқулықтарында Абылай ханның бейнесі жаулап алушы сипатында ғана суреттелетінін, қазақ ханы туралы жағымсыз бейнесін өзгерту қажеттігін айтты. 

Оның үстіне, Абылай ханның көрші елдермен саяси-дипломатиялық қарым-қатынас шежіресі әлі толық зерттелмеген. Мысалы, қазақ ханының Иранға елші жібергені енді ғана айтыла бастады. Ал оның Ресей, Қытай, Қырғыз, Қоқан елдерімен сыртқы саясат ұстаудағы шеберлігі жайында біртұтас толыққанды ғылыми еңбек әлі жазылған жоқ.

Ұлттық тарихты зерделеу мемле­кет­тік бағдарламасы аясында Қытай Халық Республикасына барған сапарында қазақ ғалымдары Тұңғыш тарихи мұрағаттан Абылай ханның қытай билеушілерімен жазысқан хаттарының түпнұсқаларын тауып, олардың көшірмелерін елге алып келген болатын. Бұл хаттарға қоса, сол кездегі қазақ мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, ел билеу тәсілі, қазақ билеушілерінің абырой-дәрежесі жайлы құнды деректер табылды. 

Халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияда осындай мәселелердің шетін қалғаны қын­жыл­тады. Дегенмен, Абылайхан тұлғасына халықаралық ғылыми ортада мән беріле бастағаны, ұлттық тарихты зерделеудің мемлекеттік бағдарламасы аясында тың деректер табылып, ғылыми айналымға түсе бастағаны көңілге демеу. 

«ЩУЧИНСК» «АБЫЛАЙХАНҒА» АЙНАЛСА…

Сол күні кешке «Көкшетау» мәдениет үйінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен концерттік бағдарлама қойылды.

Осы кеште есте қалар есті сөз – белгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев «Арнау» өлеңінде «Щучинск» қаласын Абылайдың атымен атау туралы ұсыныс айтқанда, көрермендер ду қол шапалақтап, қызу қолдау көрсетті.

Концерттік бағдарламада хан Абылайдың ел билеушісі ғана емес, жеті өнердің иесі, көп қырлы күрделі тұлға болғанын ашуға күш салынғаны байқалды. Мысалы, зерттеуші мамандар Абылайханның жиырма шақты күйі бар екенін айтады. Мерекелік концертте Абылайдың төрт бірдей күйі ойналды. «Қара жорға», «Қайран елім», «Шаңды жорық» атты күйлерін Астана қаласы мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрі, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров ханның «Садақ қақпай» күйін нәшіне келтіре орындап шықты. 

Қазақстанның халық әртісі Тұң­­ғышбай Жаманқұловтың орын­дау­ын­дағы Әбіш Кекілбайдың «Абы­лайхан» пьесасынан Абылай­хан­ның монологы тарихи тұлғаның бейнесін көз алдымызға алып келсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов Шәді Жәңгірұлының «Абылайхан» поэмасынан Әбілмансұр мен Шарыш батырдың жекпе-жекке шыққан тұсын сипаттайтын үзіндісін оқып, көпшіліктің рухын бір серпілтіп тастады. 

«Қазақстан» телеарнасы Алаш­тың айбарлы ханы Абылай туралы­ арнайы фильм түсірген екен. Той үстінде көрерменге көзайым болған бұл туынды Абылайханның 300 жылдығына арналған туынды ұлттық мақтанышқа айналған тұлғаның тарихи бейнесін толықтырар тағы бір штрих болмақ.


ЖАУАР БҰЛТТАЙ ТҮНЕРІП…


Жексенбі күнге жоспарланған театрландырылған көрініске жалпы саны 2000 адам қатысты. Жас балаларын ертіп келген халықтың ұлттық нышандағы ойын-сауыққа, қазақы болмыстағы көріністерге сусап қалғаны байқалады. Күзгі аспанның түнеріп, қара суықтың қалтыратқанына қарамастан, ұлттық спорт ойындарын тамашалауға ынтыққан халық Көкшетау қала­сының атшабарына ағылды. 

Сағат 11-ге белгіленген театрлан­ды­рылған көрініс басталысымен, суық нөсер құйды да кетті. «Азат рухтың Абылай ханы» деп аталған театрландырылған көрініске өнер шеберлерінің әбден дайындалғаны көрініп тұр. Қазақ батыры мен қалмақ батырының жекпе-жегін бейнелейтін көріністе сценарий бойынша жеңіліс тапқан жігіт аттан ұшып түсті. Үстіндегі сауыт-сайманы малмандай су болған, басындағы дулығасынан айрылған «қалмақ батыры» қара балшықтың үстінде аунап жатыр. 

Себелей құйған жауынға да, бой­ды қалтыратқан қара суыққа да, өңменіңнен өтер өкпек желге де қарамастан ат үстінде ойнақтап, қаны қызып, қиқулап жүрген жауынгер жігіттер сырттан қандай жау келсе де, аударып тастауға тастүйін дайын көшпенді рухтың көрінісіндей еді…

Астана – Көкшетау – Астана

Back to top button