Қияға қанат қаққан Қарақия
Қияға қанат қаққан Қарақия
Қарақия ауданы – Маңғыстау облысындағы тұрғындар саны жағынан шағын аудандардың бірі. Әйтсе де мұнайы мол Маңғыстаудың әлеуетін паш еткендей қара маржаны буырқана атқылаған Жетібай кен орны осы ауданның аумағында.
Кешегісі мұнаймен тығыз байланысты дамыған өңір тәуелсіздік жылдарында өндірісі өркендеп, шаруашылығы қалыпты дамып келе жатқан аймаққа айналды.
Биыл Қарақия ауданының құрылғанына 40 жыл толды. Той – жақсылық, жақсылыққа жаны жақын жұртымыз аталмыш мерекені де атаусыз қалдырған жоқ. Қарақия ауданында салтанатты кеш ұйымдастырылып, бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілді.
– Маңғыстауда өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасынан бастап геологиялық іздестіру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Ізгі іске бастамашы, ұйымдастырушы болған Маңғыстау мұнайгаз барлау кешенді экспедициясы түбекте бірнеше кен орындарын ашты. Осы экспедицияның Қарақия ауданы орталығында орналасуы өңірдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына айтарлықтай үлес қосты. Сол себепті бұл аудан тек республикаға ғана емес, бүкіл одаққа танымал аудандардың қатарында болды, – деді құттықтау сөзінде Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев.
Десек те, ауданда жасалмаған жұмыс жасалғаннан көп, алдағы міндет бұрынғыдан асқар. Осы бағытта ауданда әлеуметтік, мәдени нысандар көптеп бой көтеруде, мұнай, газ өндіретін кәсіпорындары бар. «Толайым істерге тетік болады» деп индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларына сүйенсек, өлкенің 2014-2016 жылдарға арналған аталмыш бағдарламасына Құрық селосында кеме жасау және кеме жөндеу зауытының құрылысы енгізілген. Құрылыс жұмыстары кезінде 600-ге жуық бос жұмыс орындары ашылады деп болжануда. Өңірдегі өзге де жобалар 1000-ға жуық тұрақты жұмыс орындарын ашады деп жоспарланған. Ауданның бүгінгі даму ырғағы мен келбетін «даму бағыты айқын, өсу өркениеті өрісті, экономикасы келісті, мәдениеті мәнді, құрылысы түзу елді мекен» деп бағалаған облыс әкімі А.Айдарбаев Қарақия ауданының өркендеп, облыстың ажары келіскен аймағына айналатындығына сенім білдірді.
Той салтанаты жағымды істермен астаса жалғасып жатты. Алдымен Қарақия ауданында «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа ғимараты ашылды. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен пайдалануға берілген жаңа ғимарат пен соның алдында ғана партияның аудандық филиалына облыс әкімшілігінен бөлінген жаңа автокөлік – Астана қаласында өтетін «Нұр Отан» съезіне сый десті «нұротандықтар». Одан соң «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша Құрық селосында 24 пəтерлік екі тұрғын үйдің кілті өз иелеріне табысталды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еңсесін көтере алмай есеңгіреп, шаруасы біраз шатқаяқтап қалған ауыл осы Құрық болатын. Халық арасында әзіл-шыны аралас «Құрық емес, ол енді «құрып» деген атауға ие» деген сөздер таралған кездер де болған. Қазір сол Құрық есін жиып, өңі кіріп қалған екен. Ауданның мерейтойы бұл ауылға қос-қос қуаныш сыйлағанына куә болдық. Баспаналы болып қуанған тұрғындардың асып-тасқан көңілін барша тұрғындар мен жастар жалғастырып әкетті. Ол жаңалық – Құрықта 400 орындық кəсіптік-техникалық колледж бен 200 орындық жатақхананың ашылуы болды. Құрылыс жұмыстарын «Нұржол» құрылыс компаниясы жүргізген ғимарат 3 қабатты, студенттерге арналған шеберханалары, компьютер мен лингафонды оқу бөлмелері, зертханалары бар. Аспаздар, техник-программист пен техник-механиктер əзірлейтін кәсіптік колледжде қазір 173 студент білім алуда. Тағы бір жаңалық, әрі айтуға тұрарлық ерекшелік – мұнда білім алушылар үшін оқу мен жатақхана тегін.
– Мұнайшы мен Жетібай елді мекендерінде 4 қабатты тұрғын үйлер және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша Сенек, Бостан, Құланды селоларында жаңа тұрғын үйлер халық игілігіне берілді. Қазір ауданда тұрғын үй түйткіл қарқынды шешіліп жатыр деп айта аламыз. Баспана бойынша мәселесі бар Құрық ауылы болатын. Кезекте тұрған 470 адамның 48-не пəтер кілттері табысталғандығына куә болдыңыздар. Ауданымызда мектептер, балабақшалар салынуда. Бүгінде аудан бойынша 15 мектеп, сондай-ақ барлық елді мекенде балабақша бар. Балабақшасы жоқ Бостан селосында бұл мəселені шешу үшін 50 орындық балабақшаның құрылысы басталмақ. Сондай-ақ жыл соңына дейін Құрықта 300 орындық интернат, 75 орындық балабақша, Бостан, Сенек жəне Құландыда тұрғын үйлер, «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі түйіскен тұстағы Болашақ елді мекенінде 80 орындық мектеп, 50 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Қарақия ауданының 70 пайызын ауыз сумен қамтыдық. Жақын арада ауданды ауыз сумен қамтамасыз етуді 95-99 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз, – дейді өзі басқарып отырған ауданның қол жеткенін ортаға салып, болашағының жоспарын бөліскен Қарақия ауданының әкімі Əділбек Дауылбаев.
Маңғыстаудың түпкі қиырында орналасқан ауданның бүгінгі беталысы осылай өрбуде. Өңірлердің, әрбір ауыл мен аймақтың дамуы – еліміздің нығаюына қосылған үлес десек, Қарақияның қалыпты тірлігіне, қарышты қадамына көңіл толады.