Мысқылшыл банкир хабарсыз кетті

Мысқылшыл банкир хабарсыз кетті

Мысқылшыл банкир хабарсыз кетті
ашық дереккөзі

Билікке қыр көрсеткен Марченко қызметінен кетіп тынды. Оның қайда баратыны әзір белгісіз. Алайда, зейнеткерлікке 55 жаста шығатынын бірнеше рет ескерткенін ескерсек, бұдан әрі бел бүкпей, тер төге қояры күмәнді. Ал жаңа басшы Келімбетов Ұлттық банктің саясатын өзгерте ме? Теңгенің құнсыздануынан қорқып отырған талай алаң көңілге қалай дем бермек?


Қыр көрсетудің соңы – отставка 


Талай уақыттан бері көпшіліктің арасында қызу пікірталас тудырған «Марченко қызметінен кетеді-міс» деген сыбыс расқа айналды. Өткен аптада Елбасының жарлығымен ол орнынан босап, Ұлттық банктің тізгіні Қайрат Келімбетовке тиді. Жуырда ғана Ұлттық банктің Үкіметпен бірігіп дайындаған әлеуметтік реформаға қатысты заң жобасын Назарбаев қатаң сынға алғанда, Г.Марченко аяқ астынан демалысқа кеткен болатын. Бұл кетіске саяси реңк берген сарапшылар оның жай кетпегенін, қазақ билігіне қыр көрсетіп кеткенін айтқан. «Кетеді-міс» деген сыбыс та желдей ескен сол кезде. Арада сәл уақыт өткенде Ақорда жақтан хабар жетті: Ұлттық банк жетекшілігіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов тағайындалыпты. Қолда бар деректерге сүйенсек, экс-бас банкирдің қайда кететіні белгісіз. Белгілісі, оның соңында әлеуметтік салаға қатысты жасаған шикі бастамалары қалды. Әсіресе, әйелдердің зейнеткерлік жасын 58-ден 63-ке дейін көтеру туралы «тың ойы» қоғамда қызу пікірталас тудырып, наразылыққа тап болған. 

Марченко бас банкирлік қызметте жүргенде үкіметте бірыңғай жинақтаушы зейнеткерлік қоры туралы бастама көтерілгені мәлім. Жалпы бұл бастаманы Марченко қолдаған жоқ, бірақ саясаттанушы Айдос Сарым осы мәселе аяқсыз қалмау үшін Марченконы кем дегенде 2-3 жылға дейін аталған қордың жетекшілігіне тағайындау керек дейді: «Қайтарусыз қарыздар жағынан алғанда, Қазақстан әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл жүйелеушінің немқұрайдылығының кесірінен болды. Барлық жауапкершілік соның мойнында болуы тиіс. Зейнетақыға қатысты істі тым болмаса аяғына жеткізсін». 

Ресми тұрғыдан алғанда, «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі туралы» заңына сәйкес, Ұлттық банктің төрағасын ҚР Президенті ҚР Парламенті Сенатының келісімімен, 6 жылдық мерзімге бекітеді. 6 жылға дейінгі мерзімде банк төрағасы өз еркімен жұмыстан кетуге құқылы. Ол үшін Президент 2 ай бұрын жазбаша түрде ескертсе болды. Өткенде Марченко аяқ астынан демалысқа кеткенде интернетте «Марченконың Президентке жазған ашық хаты» деген ақпарат пайда болғанымен, оны ашып оқи алмадық. Негізі Марченконың отставкаға кететіні жайлы ақпарат бірнеше рет қылаң берген. Бірақ оның бәрін жоққа шығарумен болған ол: «Менің Президент пен Ұлттық банк ұжымы, халық алдындағы міндетім бар. Сондықтан ісіме жауапкершілікпен қараймын. Егер олай болмаса, бұл жерде отырмас едім. Бұған дейін бірнеше рет айтқанмын, жекеменшік салада айлығым бірнеше есе жоғары болатын. Сондықтан ісімді аяғына дейін жеткізуім керек», – деп өзеурегені де есте. Есесіне, соңғы кездері Елбасына сөзі өтетін Марченконың ықпалы әлсірей бастағаны жасырын емес. Қаржы-экономикалық мәселелерде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған оның айтқандары кейінгі кездері көбінесе жерде қалатын. Сонымен қатар күні кеше ғана Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд. доллардың орнын сипап қалған ҚР Үкіметіне қатты шүйліккен Н.Назарбаевтың наразылығы Ұлттық банкке тікелей болмаса да, жанама түрде байланысты болғаны мәлім. 2008 жылдары әлемдік қаржылық дағдарыстан шатқаяқтаған банктерді аман алып қалу үшін Ұлттық қордан ақша бөлу керектігін айтқан Марченконы қолдап, қолпаштаған билік 10 млрд. доллардың ізін таба алмай, дағдарғанда «шыбықтың» бір ұшы экс-бас банкирге тиіп кетті. Оның үстіне, Президенттің халықаралық сарапшылардың айтқанына құлақ асып, біртұтас зейнетақы жүйесін құруға пәрмен беруі, уәждер мен қарсы пікірлерді тыңдаудан үзілді-кесілді бас тартуы біртұтас зейнеткерлік жүйені жақтамайтын Марченкоға ауыр соққы боп тиген көрінеді. 

Өкінішке қарай, өзіне артылған міндетті мүлтіксіз атқара алмаса да, өзгені кінәлауға дайын тұратын Марченко – «шыбық тимес шыңқ етпе». Кезінде көпшілік құптамаған әлеуметтік реформаны сынға алған отандық журналистерді жек көретінін жасыра алмаған Марченко: «Зейнеткерлік жасты бірегейлендіру – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Бірақ оны маған жабыстырып қойды. Өйткені қазақстандық журналистика әдептілік ұғымынан жұрдай. Меніңше, бұл – бірқатар журналистің тарапынан жасалған оңбағандық», – деп жата кеп тулады. 

Тағы бір түсініксіз жайт, Марченконың кезінде әйелдердің жасын 63 жасқа дейін ұлғайтуды құлшына қостап, артынша «мен өзім 55 жасымда зейнеткерлікке шығуды көздеп отырмын» деп көлгірсуі халықты, әсіресе, ақ жаулықты аналарды мазақтағандай көрінген еді. Айтпақшы, «Ұлттық банкте еркектерге емес, әйелдерге арналған әжетхана көп, демек, әйелдер қауымы қартайса да жұмыс істегенді құптайды»,– деп мысқылдағаны тағы бар. Білдей бір бас банкирге билік тарапынан: «Қазақстандағы әйелдер Ұлттық банкпен шектелмейді ғой, зауыттар мен фабрикаларда ауыр жұмыс істейтін Аналарымыз жеткілікті»,– деп қарсы уәж айтқан тірі жан болмады. Әрі келешек ұрпақ алдындағы еңбегі өлшеусіз ұстаздардың ауыр жұмысын қайда қоямыз? БАҚ өкілдерімен кездесуге құштар Марченко парламенттегі талқылауларға баруға құлықсыз болды. Сол үшін талай рет депутаттар оны сынға алған да. Қыңқ еткен Марченко жоқ. Есесіне, қыжыртпалары мен кекесіндері есте қалды. Қазақстанның мемлекеттік тілін менсінбейтіні тағы бар. Журналистермен өткізілген баспасөз мәслихаттарының бірінде қазақ тіліне қатысты қойылған сұраққа кәдімгідей шамданып, мемлекеттік тілді білмейтінін, үйренбегенін, оған ниеті де жоқ екенін ашық білдірген. Сірә, экс-бас банкир қазақ тілінсіз-ақ нан тауып жейтініне сенімді болғандықтан шығар. Өкінішке қарай, бұл Қазақстандағы қазақша білмейтін шенеуніктердің көпшілігіне қатысты. Маңыздысы, дәл сол кезде «Мемлекеттік құндылықтардың алғышарты саналатын мемлекеттік тілге неге құрмет көрсетпейсің?» деп Марченконы жағадан алған құзырлы органдардың өкілдерін көрмедік. Тек қазақ тіліндегі БАҚ өкілдері ғана бір шуылдасып барып басылды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деген тұжырымын Марченко қаперіне алған емес. Ұлттық банкті басқарып тұрған тұста Марченко бірде гендерлік саясатты қорғаштаған болса, енді бірде «әйелдерге берілетін зейнетақының 45 пайызы еркектердің есебінен берілетін субсидия», «Бұл ешқандай да әділетсіздік емес, мұны (заң жобасын – Н.Ж.) еркектерге қатысты әділеттіліктің салтанат құруы деп қарастыру қажет» деп бұлтақтады. Анығы, өз сөзін өзі жоққа шығарады. Зейнеткерлік жасқа қатысты құжатты қорғаштаған Марченко тіпті, адамдарды ұзақ өмір сүргені үшін де жазғырды: «Адамдардың өмірі ұзарғанына ешкім кінәлі емес. Қазір зейнеткерлікке «бэбибумерс» кезінде дүниеге келген ұрпақтар шығып жатқанына ешкім кінәлі емес. Осы жерде отырғандардың басым бөлігі – 45-59-жылдары туғандар. Демек, жуық арада зейнетке шығатындар саны көбейе түседі». 

Өткен аптада экс-бас банкирдің отставкасынан кейін оның қайда және қай салаға қызметке баратыны туралы болжам жасаған сарапшылар қауымының пікірі екіге жарылды. Бірі «Марченко енді қайтып мемлекеттік қызметтің есігін ашпайды» деп үзілді-кесілді пікір айтса, енді бірі «әлі үміт бар» дейді. «Марченконың қызметтен кетуіне зейнетақы реформасы кінәлі» деген пікірдегі Мәжіліс депутаты Владислав Косарев «жел тұрмаса шөптің қимылдамайтынын» айтады: «Меніңше, зейнетақы реформасының өте үлкен ықпалы бар. Себепсізден себепсіз адамдарды жұмыстан шығармайды ғой. Негізі Марченко – аса ақымақ адам емес. Президент бірнеше жыл бойы оған сенім артты. Елдегі банк өндіріс пен халыққа үстемдік етпеуі тиіс. Керісінше, өндіріс пен халықтың қызметшісіне айналуы керек. Банк өндіріс пен халықтың құрметіне, сеніміне кіруге міндетті. Бізде мұндай сенім жоқ. Мен Құдайдан осы сенім болса деп тілеймін». Осылайша ағынан жарылған мәжілісменді оның әріптесі – «ақжолдық» Азат Перуашев құптамай отыр. Өйткені «Марченконың отставкасына зейнетақы реформасының еш қатысы жоқ. Егер реформа кінәлі болса, ҚР Президенті аталған заң жобасын Парламент қарауына қайта жібергеннен кейін-ақ бірден қызметінен кетер еді». Марченконың лауазымынан айрылуын іштей қолдайтынын ашық айтқан Перуашев: «Ол өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмады. Тіпті, жауаптан жалтарды», – дейді. 

 

Теңге құнсыздана ма?


Г.Марченконың орнына келген Қ.Келімбетов Ұлттық банктің саясаты өзгеріссіз жалғастырыла беретінін айтты. Алайда, теңгенің құнсызданатыны туралы ел ішінде желдей ескен әңгіме бәсеңдер емес. Мәселен, кейбір экономист «Марченко елге уәдесін қанша рет берсе де, ұлттық валютаны бір-ақ күнде 25 пайызға сылқ еткізіп құлдыратты. Келімбетов те дәл солай құнсыздандырады. 1 доллардың бағамы 170 теңгеге дейін өседі», – десе, Ораз Жандосов бастаған топ: «Теңгенің девальвациясы әлемдік нарықтағы мұнай бағасына тәуелді. Көмірсутегілердің әзір арзандамайтынын ескерсек, теңгенің құнсыздануы жайлы сөз қозғау артық», – дейді. Алайда америкалық бірқатар банктің дефолтқа дайындалып жатқандығы туралы хабар көпшіліктің көңілін алаңдатып-ақ отыр. 

Жаңа басшы Келімбетовтің банк, жалпы қаржы саласын қалай алып жүретіні жайлы уәж бен болжам да әртүрлі. Мәселен, Айдос Сарым: «Соңғы екі-үш жылда қаржылық салада қабылданған шешімдердің жауапкершілігін арқалату үшін Келімбетовке бас банкирлік қызметті жүктеуі – әділдіктің ұшқыны. Өйткені қаржы саласындағы түйткілдер Марченкомен бірге Келімбетовке де қатысты. Келімбетовтің кезінде қабылданған болатын. Егер осы лауазымды атқару барысында кезінде жіберген кемшіліктерін жоюға күш салса жақсы», – дейді. 

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, Келімбетов алдымен қаржылық-несиелік саясат пен кәсіпкерлікке арналған ұзақмерзімдік несиелік ресурстар тапшылығын жоюға күш салуы тиіс: «Әрине, бұл іске аса ма, жоқ па, ол – бөлек әңгіме. Келімбетов бұған дейін көбінесе экономикалық интеграция мәселесімен айналысқаны белгілі. Банк саласында тәжірибесі аз. Бірақ жалпы алғанда, Ұлттық банкке жетекшілік етуге кәсіби біліктілігі жетеді деген ойдамын». 

Тағайындаудан кейін гу-гу болжамға кіріскен сарапшылар қауымы бос қалған Келімбетовтің орнына кім келетіні жайлы да топшылау жасауда. Басты үміткерлер қатарында – Президент әкімшілігі аппаратының жетекшісі Бақыт Сұлтанов, т.б. Әлбетте, қарапайым халыққа кім келсе де, бәрібір. Тек осы саланы жетік білетін, зиянын емес, пайдасын тигізетін кәсіби маман болса, жетеді. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ