Ақиқат іздеген «ақиқатшылар»
Ақиқат іздеген «ақиқатшылар»
Өткен аптаның аяғында Қырғызстанның жаңа Ақиқатшысы (Омбудсмен) сайланды. Бұл конституциялық лауазым. Негізгі Заңның 108 бабына сәйкес: «Қырғыз Республикасында адамның және азаматтың құқығы мен еркіндігінің сақталуына парламенттік бақылауды Ақиқатшы жүргізеді». Осыған орай Ақиқатшыны республиканың Жоғарғы Кеңешінің депутаттары сайлады.
Ақиқатшы институты елде алғаш рет 2002 жылы мемлекет басшысының жарлығымен кіргізіліп, жұмыс істеуде. Мекемені алғашында Тұрсынбай Бәкірұлы деген белгілі саяси қайраткер басқарған. 2008 жылы Тұрсынбек Ақун деген құқық қорғаушы сайланған. Оның бес жылдық мерзімі бітіп, биыл ол қайтадан парламент тарабынан бес жылға сайланған болатын. Бірақ, парламент 27 маусымда оны жұмысынан босатқан. Ақиқатшының ісі бойынша құрылған арнайы комиссия Тұрсынбек Ақунды түрмеде жатқан «заңдағы ұры» Әзіз Батуқаевты абақтыдан шығаруға қатысқан, қызмет бабында басқа да кемшіліктерге жол берді деген тұжырым жасап, қызметінен алуды ұсынған еді. Кемшіліктері – ол бұдан екі жыл бұрын Жапонияда өткен ақиқатшылардың халықаралық жиынында «Қырғызстанда сот жүйесі жақсы жұмыс істемейді, саяси жағдай дәйім тұрақсыз» деп, өлкенің қадір-парқына күйе жағып, сондай-ақ журналистерге берген сұхбаттарында қашан болсын оңды-солды сөйлеп, билік адамдарына – Президентке, Премьер-министрге және Жоғарғы Кеңешке қоқан-лоққы жасайды екен.
Ақиқатшыны жұмыстан алу ережесі бойынша Тұрсынбек Ақун Жоғарғы Кеңештің шешімінен кейін бір айдың ішінде қызмет орнын босатуға тиіс болатын. Ол өзінің қызметтен алынуы әділетке жатпайды, өзін «халық ақиқатшысымын» деп есептеп, жұмыс орнын босатпай отыр. Жаңа Ақиқатшыға талапкерлер ұсынылып, сайлау жүріп жатқан кезде аштық жариялап, қарсылығын да көрсетіп бақты, сотқа арызданды. Әрекеттерінен нәтиже шықпай, жаңа сайланған Ақиқатшы қызметіне кіріскенде де кеңседен шыққан жоқ. Жаңа Ақиқатшы мен бұрынғы Ақиқатшы өзара сөйлесіп, Тұрсынбек Ақун кеңсенің екінші қабатындағы бастықтың іс бөлмесін босатып, бірінші қабаттан жеке бөлме алатын болды. Жоғарғы билік органдары үш айдан бері қызмет бөлмесінен кетіре алмай отырған экс-ақиқатшыны жаңа Ақиқатшы бірінші қабатқа түсіретініне риза сияқты.
Әзіз Батуқаевтың босатылуы парламентте қаралған кезде Жоғарғы Кеңеш «Бұл іске қатысты шенеуніктердің бәрін қызметінен кетіру керек» деген бітімге келген. Тұрсынбек Ақун: «Неге жалғыз мен кетуім керек, ол іске тиістілердің бәрі кетпей, мен Ақиқатшының кеңсесінен шықпаймын»,– деп табандап отыр. Рас, сол кезде аты аталған атқамінерлердің біреуі ғана – вице-премьер-министр Шәміл Атаханов комиссия жұмыс істеп жатқан кезде өз арызымен жұмысынан уақытша кетіп, кейін қайта келген. Дегенмен, көп өтпей Ыстықкөл облысында «Құмтөрге» байланысты ел жаппай наразылық акциясына шыққанда, әлеуетті органдардың әрекетін үйлестіре алмағандығына байланысты ( ресми түрде бұлай айтылған емес) ол қызметімен біржола қоштасты.
Сонымен жаңа Ақиқатшы болып, 45 жастағы Бақтыбек Аманбаев сайланды. Негізгі кәсібі – журналист. Кейінгі алған мамандығы бойынша – саясаттанушы. Ол «Азаттық» радиосының қырғыз бөлімінде жұмыс істеген жылдары шындықты айтқан журналист ретінде аты шыққан. 2003-2005 жылдары жалғыз оның ғана емес, «Азаттықта» істеген журналистердің бәрінің атағы тас жарып тұрды. Қырғызстандағы 2005 жылдың 24 наурызындағы мемлекеттік төңкеріс Америка тарабынан ұйымдастырылғаны қазір құпия емес. Төңкерістен кейін «Азаттықтың» бір топ журналистері мемлекеттік қызметтерге тағайындалған, сыйлықтармен марапатталған болатын.
Осы жолы Ақиқатшы болуға 53 адам талапкер ретінде тіркеліп, соңғы сәтте төртеуі жарыстан шығып қалды. Талапкерлердің осынша көп болуы елді таңдандырмай қойған жоқ. Ішінде Жоғарғы Кеңештен төрт депутат бар еді, біреуі қазіргі депутат – алғашқы Ақиқатшы Тұрсынбай Бәкірұлы. Сонда «Ақиқатшы болу – Жоғарғы Кеңешке депутат болудан да қадірлі болғаны ма?» деген сұрау тумай қоймайды. Әрине, Ақиқатшы да депутат сияқты ерекше құқыққа ие. Әлде, Ақиқатшының табысы қызықтыра ма? Оның айлығы Жоғарғы Кеңештің төрағасының айлығымен бірдей – 30 мың сом (100 мың теңгеге жақын) екен.
Сайлау екі турда өтіп, екіншісінде Бақтыбек Аманбаев пен депутат Әсия Сасықбаева бәсекелес болған еді. Жеңіліп қалған Әсия Сасықбаева: «Мен ақиқатшылықтан депутаттығымды артық санаймын, өзім мүше болған парламенттегі фракция талапкерлігімді көрсеткен соң сайлауға қатыстым» деп отыр. Саяси сарапшылар талапкерлердің көп болғанының себебін «Ақиқатшы институтының үкіметтік емес ұйымдар арқылы шетелдерден грант алып тұратынын елдің бәрі біліп қалды. Бұл қызметке отырғандар байлыққа белшесінен батады деген стереотип бар», – деп түсіндіруде.
Қырғыз Республикасының Ақиқатшысы лауазымы үшін Жоғарғы Кеңеште өткен сайлау әділ өтті деп ешкім кесіп-пішіп айта алмайды. Біріншіден, талапкерлердің арасында Бақыт Аманбаевтан да белгілі тұлғалар бар болатын. Екіншіден, Бақыт Аманбаевтың туған әпкесі Ұрмат Аманбаева Жоғарғы Кеңештің депутаты. Інісі үшін ол әріптестерін үгіттегенін ешкім жоққа шығармайды. Қазір ең болмаса, екінші қабаттан бірінші қабатқа түсіру үшін, жаңа Ақиқатшы Бақтыбек Аманбаев ескі Ақиқатшы Тұрсынбек Ақунның «Батуқаевтың босануына себепкер адамдардың қызметінен кетсін» деген талабын қолдап отырған сыңайда. Оқиға бұдан әрі қалай өрбитінін алдын ала айту қиын.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі