ҚАРЖЫНЫ ҚАРПЫП, АЙЫЛЫН ЖИМАЙТЫНДАР

ҚАРЖЫНЫ ҚАРПЫП, АЙЫЛЫН ЖИМАЙТЫНДАР

ҚАРЖЫНЫ ҚАРПЫП,  АЙЫЛЫН ЖИМАЙТЫНДАР
ашық дереккөзі
Жуырда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалық етуімен Республика Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болды. Отырысты ашқан М.Тәжин: «Жемқорлық  – қоғамның дамуына, экономиканың өркендеуіне орасан зор кедергі келтіретін қауіпті дерт. Ал біздің мақсатымыз мемлекеттік басқару органдарында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу және оған қарсы белсенді күрес жүргізу болып табылады», – деп алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Мемлекеттік хатшы сот органдары саласындағы, сондай-ақ  Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жұмыстары бойынша мәселе қаралатынын жеткізе отырып, сыбайлас жемқорлықпен күрес «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізінде мемлекеттің жаңа саяси бағытын жүзеге асырудың маңызды шарты болып табылатынын қадап айтты. Сол секілді осы отырыста ол республикадағы сот қызметінің әділеттілігін, судьялардың кәсіби жоғары талап деңгейі мен жауапкершілігін қамтамасыз ету қай кезде де аса маңызды екеніне назар аударды. Комиссия мүшелері Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары әкімдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларының өңірлік жос­парларын жүзеге асыру барысындағы жұмыстарын қарап, талқыға салды. Облыстардағы жергілікті атқарушы органдардың бар назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті барынша күшейтуге, бюджет қаражатының тиімді әрі тиісті жерлерге түгел жұмсалуына бақылауды арттыруға, басқарушылық шешімдерді қабылдауда айқындылықты қамтамасыз етуде, азаматтық қоғамдармен өзара іс-шараларды бұрынғыдан да жақсарта түсуге көңіл қойды. Осы отырыс кезінде Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков, Бас прокурор Асхат Дауылбаев, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Асылан Мусиннің есептері тыңдалды. Комиссия мемлекеттік органдарға, облыс басшыларына Елбасының қойған тапсырмалары мен міндеттерді орындауы бойынша нақты ұсыныстар жасады. Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша құзырлы орында осылай тағы бір жиын өтті. Мұндағы қаралған ауқымды мәселелер тек Шығыс Қазақстан ғана емес, еліміздің барлық облыстарына қатысты. Ал осы отырыстың нәтижесі қалай болады? Оны алдағы уақыт көрсете жатар. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлықпен күрес қаншама күшейтілсе де, мемлекет бюджетіне қол салушылар айылын жимай отыр. Құзырлы органдардың күрес тәсілдеріне қарсы өздерінің айла-әрекеттерін де құбылта өзгертіп, адастырып кету жағын қарастырумен келеді. Қолына билік тиген кейбір пиғылы бұзық жандар қалайда қарманып қалуды көксеуде. Әуелі дәнігіп, содан соң құнығып кеткендерін өздері де білмей қалады. Тіптен қалтасы көк қағазға толғандар, кеудесіне нан пісіп, қарамағындағыларға бір шекесімен шікірейе қарап, билігін асыра сілтеп, тізесін батырып та жатқандар аз кездеспейді. Ондайларда отансүйгіштік қасиет деген мүлдем жоқ. Миллиондарды жымқырып, шетел асып жатқандар қаншама. Олардың түпкі ойларында «Уақыт өтер, жұрт ұмытар, заман өзгерер, содан соң қайтып оралармыз», – деген арам есеп жатқандай. «Мешкей» деген жақсы атақ емес. Бұл індеттің қорғаныс саласына да дендеп кіргенін жұрт жақсы біледі. Сыбайлас жемқорлықты зерттеумен айналысатын халықаралық «Тransparency International» ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, қорғаныс саласындағы әлемдік жемқорлықтың көлемі жылына 20 миллиард доллар шамасында екен. Қазақстан қорғаныс саласында Ресей, Сербия, Грузия, Грекиямен қатар, жемқорлық ықтималдығы жоғары деңгейлі елдер қатарындағы төртінші топтан орын алыпты.  Қазір әлемде не қымбат? Қару-жарақ. Бұл ең өтімді тауарға айналды. Соңғы он жылда осы саладағы кейбір айлакер жылпостар қару сатумен заңсыз айналысып, қолға түссе де басқа құныққандарға сабақ болар емес. Қазір де қылмыс үстінде ұсталып, жазаға тартылып жатқандары бар. Бұған бір генералдың сотталып, екіншісінің ісі сотта қаралайын деп жатқаны дәлел. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаев: «Меніңше, мұндай фактілердің орын алуы – қару-жарақтың әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болып тұруы салдарынан. Қымбат тұратын бұл дүниелер қолында құзыры бар біраз азаматқа «Алтын көрсе періште жолдан таядының» кебін кигізді. Алдағы уақытта бұған жол бермеу, түбірінен жою керек. Өйткені қару-жарақты табыс көзіне айналдыру – тұтас мемлекеттің қауіпсіздігін қатерге тігетін әрекет. Сондықтан, қорғаныс саласындағы жемқорлыққа жол бермеу керек. Мұның тиімді тетіктері, әрине, оған келетін кадрларды дұрыс іріктеу шараларын қамтиды. Олар қызметке кіріскен сәттен бастап, талапты қатал қойып, қандай да бір жемқорлыққа қатысты іс-қимылы байқалса дер кезінде тойтарыс беру, егер оған тоқтамаса, лауазымнан шеттету қажет», – дейді. Нарықтық қатынасқа кірген алғашқы жылдары, жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар саны уақыт ағымына қарай өсіп отырды. Бірақ олар өнім шығарумен емес, көршіміз Қытайдан дайын тауар сатып алып, осында әкеп үстеме бағамен сатты. Кәдуілгі күн көрістің қамы. Бертін келе, яғни 2000 жылдан бастап, мемлекеттік бюджеттің қоржыны қаржыға тола бастаған кезде елде оңай табыс табу жолына түскен шенеуніктер қатары көбейіп, «көлеңкелі бизнес» көктемде шыққан саңырауқұлақтай қаптап көрініс бере бастады. Олар тауар шығарумен емес, ақшаны ақшаға қолма-қол ауыстырумен немесе есепшоттан есепшотқа аударуға машықтанған.  Көлеңкелі бизнес­пен айналысатындар заңды айналып өтудің небір қитұрқы тәсілдерін ойлап тапты. Құқық қорғау орындарын алдап кеткендері де аз болған жоқ. Ал кейбірі солармен жең ұшынан жалғасқаны да жасырын емес. Айлакерлер заңның жеңілдіктерін пайдалану үшін мүгедектер мен зейнеткерлерді алдап-арбап, солардың атынан кәсіп ашып, салық төлемей жүрген фактілер де болған. Өмірден өтіп кеткен адамдардың да құжаттарын ебін тауып кәделеріне асырғанын қалың қауым талай рет ақпарат құралдарынан білді. Күні кешеге дейін бір күндік жалған кәсіпкерлікпен айналысып жүргендермен құқық қорғау орындары күресіп келген жоқ па?! Жыл басында ғана Парламент депутаттарының осы мәселені көтеріп, қаржы полициясынан қатаң талап еткенімен, қылмыс жасаушылар саны кемімей отыр. Жуырда республика Қаржы полициясының жалған кәсіпкерлікке, заңсыз банкроттық  және қосымша құн салығын қайтаруға қарсы күрес бойынша алты айлық жұмысының нәтижелері жария­ланды. Көңіл қуантарлық көрсеткіш жоқ. Жалған кәсіпкерлік пен жалған келісім жасаушылар фактілері биыл бұрынғы жылдармен салыстырғанда бес есеге артқан. Қаржы полициясы жалған келісім жасаушыларды қылмыс үстінде қолға түсіргендерінің саны биыл былтырғаға қарағанда үш есеге артқанын алға тартады. Соның нәтижесінде екінші деңгейдегі банктерде қолма-қол ақшаға алмастырылған қаражаттың сомасы 605 млрд. теңгеден 511 млрд. теңгеге дейін төмендеген екен.  Күрестің нәтижесі бар, алайда жалған кәсіппен айналысушылар саны да өскен. Ресми деректер елімізде 1 миллион 300 мың кәсіпкер ресми тіркелгендігін, оның 747 мыңы ғана заң талаптарына сай жұмыс істеп жатқанын көрсетуде. Ал қалған 600 мыңға жуығы ше? Бұл сауалға құзырлы органдардың өзі де нақты жауап бере алмайды. Айта кететін бір жәйт, күні бүгінге дейін жалған кәсіпкерлік туралы жеке заң жоқ. Тек ҚР Қылмыстық кодексі мен Салық кодекстерінде жекелеген баптар бар. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша агенттік өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың 78 па-йызы мемлекеттік сатып алуда әкімдер мен оның жең ұшынан жалғасқан жандайшаптарына тиесілі екенін мәлімдеген еді. Ашып айтар болсақ,  2012 жылы солардың 288-і жемқорлықпен айналысса, оның 78 пайызы мемлекеттік сатып алуда көзсіз қылмысқа барған. Яғни 26 әкім мен орынбасарлары оңай табысқа кенелгенімен, көп ұзамай құрықталған. Негізінен мемлекеттік сатып алу портал арқылы жүргізіледі. Алғашқыда портал қолданысқа енген кезде енді сыбайлас жемқорлардың жолы кесіледі деп ойлағанбыз. Бірақ  нәтиже олай болмай шықты. Агенттіктің мәліметтеріне ден қойсақ, мемлекеттік сатып алуда қолдары таза емес кейбір шенеуніктер қыруар ақшаны қымқырып қалған. Мұндайдан құрылыс саласын да жемқорлықтан ада деп айта алмаймыз. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары өзінің сыбайластарымен әлеуметтік нысандар салу үшін мемлекеттік сатып алу бойынша бірнеше жыл бойына  өзара тиімді келісім-шарт жасасып келген екен. Сыбайластарына жағдай жасағаны үшін сыйлық түрінде құны 64 миллион теңге тұратын коттедж алған. Мұндай келеңсіз жайлар басқа облыстардан да кездесуде. Мысалы, Қарағандыда былтыр бес қабатты жаңа тұрғын үйдің құлап қалғаны бәрімізге мәлім. Орны толмас кемшіліктерге бармақ бас­ты, көз қыстымен жол берген мемлекеттік облыстық құрылыс бақылау   басқармасының сол кездегі бастығы Александр Воробьев қызметіне адал қарамағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айрылған еді. Бұл басқаларға сабақ болса етті. Өкінішке қарай, әлі де өз ісіне салғырт қарайтын, пара алуға ыңғай беріп тұратын жандар баршылық. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құзырлы органдардың ғана шаруасы емес. Жемқорлар халық бюджетіне қол салып жатқан соң олармен халық болып күресу қажет екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осы күресті жандандыру үшін Үкімет те оны заңды түрде қолдау білдіруде. Өткен жылдың тамыз айындағы қаулысымен сыбайлас жемқорлыққа жол бергендердің қылмыстары туралы хабарлаған жандарға  ынталандыру ережесін бекіткен еді. Сол қаулы күшіне енгеннен бері Шығыс Қазақстан облысы бо-йынша қаржы полициясы департаментіне түскен шағымдар бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтар болсақ,  Көкпекті ауданындағы жер қатынастары бөлімінің бастығы Қ.Зарықбаев Бұқтырма су қоймасы жағалауында демалыс базасын салу үшін жер телімін беруде тиісті құжаттарды кезектен тыс дайындап бергені үшін 150 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұсталған. Өскемен соты айыпты деп та-уып, мүлкін тәркілеумен бірге 3,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ал қаржы полициясы хабар берген азаматты қомақты сыйақымен марапаттады. Мұндай мысалдарды қазір республиканың әр облыстарынан кездестіруге болады. Алайда бұл тәсіл әзірге жаппай өріс алмай келеді. Сондай-ақ, Үкіметтің жемқорлық қылмыспен түрмеде мерзімді жазасын өтеген жандар үш жылға дейін мемлекеттік қызметке алынбасын деген шешімі бар. Кейінгі кезде осы шешімді де қайта қарау жөнінде ақпарат құралдарында қоғамдық пікірлер жарияланып жүр. Алматы қаласындағы Алатау ауданы бойынша ҚСжАС басқармасының прокуроры К.Көбегенов ақпарат құралдарындағы мақаласында: «…жемқорлыққа қатысты болған адамдардың мемлекеттік қызметтің маңынан жүруге хақысы жоқ. Өйткені кеше ғана қылмысқа тартылып, жазадан құтылған азаматтың ертең қателігін қайталамасына ешкім кепілдік бермейді. Осыған қарай, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті қылмысты дер кезінде тіркеп, есебін жүйелі түрде жүргізуге күш салып келеді. Мұндай ақпараттардың қолжетімді болуы талай кемшіліктердің алдын алуға ықпал етері сөзсіз», – дейді. «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңында «Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының коммерциялық ұйымды құру немесе осындай ұйымды өзі немесе сенімді тұлға арқылы басқару, егер бұл әрекеттер жеңілдіктер, артықшылықтар беру, қамқоршылық көрсетумен байланысты болса, бұл сыбайлас жемқорлық қылмыс болып табылады және ол үшін қылмыс деңгейіне қарай қатаң жаза қарастырылады», – деп жазылған. Заңда мін жоқ. Ал мемлекеттік қызметтегі қолында билігі бар жандар осы заң талаптарын қаперлеріне алып жүр ме? Гәп сонда. Бәрі болмаса да кейбірінің заң талаптарын бұзып жүргендерін жұрт телеарналардан көріп, газеттерден оқуда. Экс-депутат Амангелді Момышов: «Меніңше, бұл ел сеніп тапсырған жұмысқа жауапсыздықтың салдары. Жауапсыздық деп отырғаным, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңда мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бизнеспен айналысуға тыйым салады, ондай істерге араласуға болмайтыны анық көрсетілген. Лауазымды орынға адам осы талапты біліп, түйсініп келді. Бірақ, немқұрайды қарайды. Сондықтан, өзім бұларды дүниенің соңына түскен, иманы әлсіз, елді сеніп тапсыруға болмайтын жандар деп бағалаймын. Осы себепті, қазіргі заңдағы жазаны бұдан да қатайту қажет. Заңдағыдай 4 жылға емес, одан да ұзақ жылға бас бостандықтарынан айырған артық болмайды. Сонда лауазымды орынға дүние қуғандықтан бармас еді. Менің ойымша, заң бұзушылыққа жауапты қызметте отырса да, жұмыстан шығып кетуден қорықпайтындар жол береді. Өздерін мұндай әрекеттері үшін атып жібермейтіндерін біледі. Келесі бір қызметке отыратынына сенеді. Тағы бір айтарлығы, мемлекеттік қызметкерлердің айлықтары жоғары емес. Заң бұзуға бұл да әсер етуі мүмкін. Сондықтан, заң бұзушылық, әсіресе, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің арасында тоқтамайтын құбылыс. Өйткені заңды сыйлап, оны қатаң сақтауға әлі де болса біздің психологиямыз, ұятымыз жетпей жатыр. Бұл дерттің алдын алатын бір-ақ жол бар. Ол – заңды мейлінше қатайту», – деп отыр. Экс-депутаттың бұл айтқандарымен келісуге болады. Өйткені қоғамдағы бұл әлеуметтік ауру тым асқынып кетті. Көптеген лауазымды тұлғалар биік мінберден: «жемқорлармен күресу керек», – дейді де сырт айнала бере өздері сонымен айналысып жатқаны. Сыбайлас жемқорлық Қытай мен Қазақстан шекарасындағы кедендерде әлі тыйылмай отыр. Кеден құрылғалы бері қаншама басшы өзгертілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қаншама заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қаншама лауазым иелері жазаланып, түрмелерде жатыр. Бірақ дәніккендер құнығып алғандары соншама, қымқырып-жымқыруларын тияр түрі жоқ. Білім және ғылым министрлігінің экс-вице-министрі Саят Шаяхметовке қатысты іс әлі тергеліп жатқан көрінеді. Соңғы жылдары елімізден шетелге заңсыз жолдармен кеткен қаржы көлемі қисапсыз. Бұл жөнінде ақпарат құралдарында жазылып жатыр. Дегенмен мемлекеттік органдар оларды қадағалауға асығар емес. Жуырда осы мәселеге қатысты бір топ белсенді азаматтар Үкімет басшысына, Ұлттық банкі төрағасына, Бас прокурорға арнайы хат жолдап, Франция, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Испания, Люксембург, Лихтенштейн, Нидерланды, Сингапур, Гонконг, Америка, Бельгия, Біріккен Араб Әмірлігі елдеріндегі банк­терде Қазақстан Үкіметі мүшелерінің және мемлекеттік мекеме басшыларының есепшотын анықтау жөнінде сұрау салды.   Сұрауды ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев көтеріп, «Еуропа банктеріне жеке тұлғалардан құйылған қаржыны қадағалауды құзырлы орындар жүргізуі шарт» деп, мәселені төтесінен қойды. Хаттағы дерекке сүйенсек, елімізден сыртқа жөн-жосықсыз, заңсыз шыққан қаржы көлемі 2013 жылдың басында 138 млрд. долларды құраған. Бұл Қазақстанның сыртқы қарызымен бара-бар қаржы.  Ол Үкімет басшысына, Бас прокурорға, Ұлттық банк төрағасына осы мәселе бойынша шенеуніктердің атына тіркелген жоғарыда аталмыш елдердегі есепшоттарды тексеріп шығу жөнінде ұсыныс түріндегі алаңдаушылығын білдірді. Құзырлы орындардың бейқамдығы салдарынан талай алаяқ шет елдерден есеп-шот ашып, қаншама қыруар қаржыны жымқырып, қашып кетті десеңізші. Мұнда оларға не жетпеп еді? Қазақшалап айтқанда ішкені алдында, ішпегені артында еді ғой. Олар өз елінің дамуына жанашырлықпен қарамай, жылдар бойы көзбояушылықпен айналысып, шетелдердегі өздерінің ақшалай қаражатын еселеп отырған. Қылмыстық топты қаржыландырумен айналысып, өзінің қомақты үлесін алып отырған Татьяна Параскевич ұзақ уақыт бойына шетелде құқық қорғаушылардан бой тасалап келді. Былтыр Интерпол оны Чехиядан ұстап, еліміздің құқық қорғау органына табыс етті. Ішкі істер министрлігінің деректеріне қарағанда, ол бұрын мекен еткен Мәскеудегі және Алтай өлкесіндегі үйлерін тінту кезінде салық органдары мен коммерциялық ұйымдардың жалған мөрлері және қылмыстық істерге айғақ болатындай бірқатар құжаттар тәркіленген. Соған қоса  730 миллион Америка долларын қитұрқы әрекеттерімен жемсауларына салып алған Александр Волков, Денис Воротынцев, Артем Бондаренко, Алексей Белов құқық қорғаушылардың құрығына ілігіп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Параскевич пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық тергеу амалдары әлі жүріп жатыр. Чехияға бірнеше қызметкерлер жіберіліп, банктердегі есеп-шоттары қаралуда. Азат  Перуашев: «…жоғары лауазымды шенеуніктердің жартысына жуығы долларлық миллиардерлер» деген ақпаратты ғаламтордан оқып, заң алдында барлығы бірдей болғандықтан, ешкім салықтан жалтармауы тиіс деп санайды. Ол: «…Тапқан табыстың 10 пайызы мемлекетке тиесілі. Бүгінде қап-қап ақша  қымқырғандарды құзырлы орындардың іздеуі әлгілер Қазақстаннан кеткен соң бір-ақ басталады. Жұрт осыны түсінбейді. «Шекара асқан жемқорларды неге түстен кейін іздеп жүрміз?» деген сауал қоғамды жиі-жиі мазалайды. Мысалы, Иманбаев, Әблязов, Храпунов секілді т.б. экс-шенеуніктер қазір шетелде шалқып жүр. Осыған орай 2012 жылы «Атамекен» одағында кәсіпкерлер «БТА қаржысы тоналып жатқанда, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қайда қарап отырды?» деген сауал қойғанмен, әлі күнге бақылаушы орындар оның жауабын беруге асығар емес», – деді. Сонымен бірге Перуашев салыққа байланысты да өз ойын ашып айтты. Ол бірінші кезекте Қазақстанда қалталарын қалыңдатқандарға салықты көтеру керек деп санайды. БАҚ-та жарияланған ақпарат бойынша, Үкімет мүшелерінің көбісінің миллиардтаған қаржысына 10 пайыздық мөлшерде салық салу ұсыныс айтқан. Ағымдағы айдың басында Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековті қабылдады. Агенттік төрағасы Елбасыға сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет ету жөніндегі қаржы полиция­сы органдары қызметінің биылғы жылдың 9 айындағы нәтижелері туралы есеп берді. Ол осы есепті кезеңде сыбайлас құқық бұзушылықтың ашылуы 7 пайызға артқаны туралы айта келіп, 2013 жылдың тоғыз айында мұндай қылмыстың 8059 фактісі, соның ішінде пара алудың 248 жәйті тіркелгенін жеткізді. Республикалық және облыстық деңгейде жүзден астам лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Р.Түсіпбеков 4619 факті тіркелген экономикалық саладағы қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмыстар, сонымен бірге қаржы полициясы қызметкерлерінің кәсіпкерлік қызметке араласпауын және бизнеске әкімшілік қысым көрсетуін азайту үшін қабылдаған шаралар туралы мәлімет бере отырып, агенттіктің басты ұстанымдарының бірі – көлеңкелі экономикаға және жалған кәсіпкерлікке қарсы күреске баса назар аударып келе жатқанын баяндады. Р.Түсіпбеков баяндаған тоғыз айдың қорытынды көрсеткіштеріне назар салсақ құқық бұзушылар саны аз емес екені анық көрініп тұр. Ал айласын асырып, тасада қалып қойғандар қаншама. Құқық қорғау органдары сыбайласқан қылмыстың алдын алу үшін күрес жүргізіп жатса да, олар айылын жияр емес. Бәлкім экс-депутат Амангелді Момышов айтқандай, оларға жазаны барынша қатайту керек шығар.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ