Қызу еңбек құшағындағы Қызылорда

Қызу еңбек құшағындағы Қызылорда

Қызу еңбек  құшағындағы  Қызылорда
ашық дереккөзі

Қазақтың алғашқы астанасы атанған қалаға облыстың әрбір ауданы лайықты тарту жасап, белгіленген орындарда мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Шын мәнінде, Қызылорда қаласы соңғы уақытта жаңаша сипатпен даму жолына түсті. Күн санап көркіне көрік қосып, айналасы абаттанып, безендіруге бағытталған берекелі тірлік пен тазалыққа жасалған табандылықтың арқасында бойын жинаған шаһардың осынау мерейтой қарсаңындағы шырайы көңіл сүйсінтеді. Жалпы қала күні мерекесі үлкен маңызды іс-шаралармен айшықталып отыр. Мұнда той-тойлап, табақ босату емес, елдікке, бірлікке, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық дүйім шаралар өзіндік тартуымен ерекшеленіп отыр. Міне, осы мерейтойдың басын байқоңырлықтар бастаса, алдағы уақытта Байқоңырдың өңір дамуына қосар үлесі орасан болғалы тұр.

Нақты кезеңде Байқоңыр ғарыш айлағы – төрткүл әлемдегі ең үлкен айлақтың бірі. Ұшырылымдардың саны жөнінен де ол ешкімді алдына салмайды. Сондықтан Байқоңыр облыстың бетке ұстар танымдық белгісі ретінде мақтаныш саналады. Аталған айлақтың туристік әлеуеті жоғары болуы себепті де ол «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде ше­телдік және отандық турис­терге көрсетілетін нысандардың қатарына кіруде. 

Бүгінгі Байқоңыр – әлемдік ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерінің тоғысы, ғарыш кеңістігіне батыл шабуыл жасауға жол ашқан адамзат ақылының шоғырланған жері. Бұған қоса, түркі тілдес халықтардың  бабасы, рухани ортақ абызы – Қорқыт атаның өмір сүрген, мәңгілік байыз тапқан қасиетті орны. Байқоңырмен бірге  Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата кешенінің» де осы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі санатына енуі біз үшін қуаныш.

Ғарыш кемесінің көк төсіне самғаған сәті – миллиондаған адамдар қызықтағысы келетін керемет көрініс. Мамандардың пікірінше, «Жер кіндігі – Бай­қоңыр» деген жалғыз брендтің  өзі-ақ әлемдегі туристер ағымының оннан бірін осы Байқоңырға тартатын көрінеді.

Мұны санға айналдыратын болсақ, Сыр еліндегі ғарыш айлағына жылына 700 мыңға жуық турист келеді. Айта кетейік, бұл арман осы қалада салынғалы отырған «Плане­тарий» сынды мегакешеннің құрылысы аяқталып, тиісті инфрақұрылым жасақталған кезде жүзеге асады. 

Бұл жобаны нақты іске асыру үшін аса қомақты инвестиция қажет. Жобаны жасаушылар оның нақты мөлшерін анықтап та қойыпты. 

Елбасының тапсырмасы бойынша бүгінде бұл жұ­мыстар басталып кетті. Қазір көршілес Ресей жағымен бірігіп консорциум құру және «Жол картасы» бағдарламасын  бірігіп жүзеге асыру мүмкіндігі ойластырылуда жатыр. Жеке мен мемлекеттік әріптестігі арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағында  инфрақұрылымды бірлесіп жаңғырту мәселесі шешімін таппақ. Сонымен қатар, осы жұлдызды қалашықта ту­ризмді дамыту үшін транс­порттық-логистикалық орталық салынады. Бұған қоса, туристік саланы дамытуға арналған тұжырымдама бойынша Төретам бекетінде жаңа темір жол вокзалы салынып, инновациялық және туристік орталықтар бой көтеруі тиіс. Ал, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында осы жерде «Баламалы энергия көздерінің алаңы», Сырдария өзені жағалауында аквапарк салу және Байқоңыр қала­сындағы 2 әуежай қайта жаңғыртудан өткізілуі тиіс. Міне, мүмкіндіктері зор Халық­аралық ғарыш станциясы орын тепкен жұлдызды қалашықта осындай ауқымды жұмыстар атқарылады деп жоспарланып отыр. 

Осындай жарқын жаңалықтарға жол салған Байқоңыр қаласы көркемөнерпаздарының мерекелік шашуы Қызылорда қаласының 195 жылдығына лайықты тарту болды. 

Биыл Сыр елінде 74004 гектар алқапқа күріш егілді. Ала жаздай дала қосын дүбірге бөлеген диқандар енді міне, күзгі ырзықты жинаудың шешуші сәтіне келді. Мамандардың айтуынша, орта өнім гектарына 45,9 центнерден айналып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары. Бүгінге дейін қамбаға 306119 тоннадан астам астық жиналған. 

Аймақтың күрішті өңірінің бірі – Сырдария ау­данына қарасты шаруашылықтар 17920 гектар жерге Сыр маржанын отырғызған болатын. Күзгі егін жинау нау­қанына жұмыла кіріскен еңбекшілер өнім жинауды ұтымды ұйым­дастырып, мезгілінде аяқтамақ. Өйткені ауданда егілген күріш толықтай дестеге салынып, 92,8 пайызы бастырылған. Аудан бойынша гектарына 49 центнерден өнім келуде.

Аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеровтың айтуынша, «Шаған жер» ЖШС күріш егісін аяқтап, астық тауларын тұрғызды. Биыл 2700 гектар жерге күріш егіп, бүгінде осыншама жердің астығын дестеге салып та, бастырып та болған серіктестік еңбеккерлері әр гектардан 50 центнерден өнім жинаған. Елжанды шаруалардың ішінде Серік Әуезов 544 гектар жердің күрішін дестеге салса, комбайнер Серік Шалабаев 13800 центнер астық бастырған. Ал астық тасымалдаушылардың көш ба­сында тракторшы Ермек Балықбаев тұр.

Осындай іргелі ұжымның бірі «Мағжан и К» ЖШС-нің де егін­ші-механизаторларының ерен еңбектерін айта кету керек. Айталық, күрішші Болат Темірбеков өзі еккен 35 гектар жердің әр гектарынан 79 центнерден өнім алып, ел несібесін молайтуға қомақты үлесін қосты. Осылайша, сырдариялық диқандар “Алтын күз” мерекесіне үлкен тарту-жоралғымен келгелі отыр. 

Дайындаған Қуат Шарабидинов

Қызылорда облысы