Қазіргі қоғам марғаулықты көтермейді
Қазіргі қоғам марғаулықты көтермейді
Қазақ кино өнерінің көшін сүйреген талантты режиссер Талғат Теменов тағы бір туындыны түсіруді қолға алыпты. «Судағы із..» атты жаңа жоба басы тәтті басталғанымен, соңы әзірге «ащылау» болып тұрған секілді. Кез келген тың жобаны қолға алу үшін де қыруар қаржы керек. Режиссердің де қолын байлайтыны осы. Әзірге, сериалдың алғашқы бөлімдері түсірілді. Жалғасы қалай болатынын режиссердің өзінен сұраған едік.
– Талғат аға, үш дос пен бір қыздың махаббаты туралы «Судағы із…» атты сериал түсіруді бастағаныңызды естідік. Бұл фильмнің негізгі айтар ойы не?
– Бірде «Хабар» арнасынан Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламасына орай түсірілген бір хабарды көрдім. Сол хабарда «осы жиырма екі жылда біз не атқардық? Кеше кім едік, бүгін кім болдық?» деген мәселелер айтылды. Сонда, «осының бәрін көркем дүниеде, әдебиетте кім айта алады екен?» дегендей ойға қалдым. Сол бағдарламаны көріп отырып, ұзақ ойландым. Сол түні таң алдында үш жігіт пен бір қыздың тарихы арқылы Қазақстанның даму, өркендеу жолын көрсетсем деген ой келді. Үш дос деген кім? Дюманың «Три мушкетері» немесе «Неуловимые мстители» деген кинолар болатын. Тіпті, Гайдайдың «Кавказская пленницасы» да осы сияқты үш ноянның көңілді хикаяты емес пе? Оларда да үш жігіт, бір қыз. Әдебиеттегі, кино экрандағы таныс кейіпкерлер. Сондай ой менде де туды. Тәуелсіздік алған 1991 жылы оныншы класта оқитын үш жігіт. Сол күннен бүгінгі уақытқа дейінгі кезең. Өсу, өркендеу жолы. Әрине, үш жігіттің үш түрлі тағдыры бар. Үшеуі де бір қызды жақсы көреді. Басты кейіпкер Мұқанның әке-шешесі жол апатынан қайтыс болады. Ал қарындасы Сәнияның да тағдыры ауыр болады. Сегізінші сыныпта оқып жүрген қарындасы өзінің досынан аяғы ауыр болып қалады. Сол аяғы ауыр болған сәттен бастап, басты кейіпкердің басына қара бұлт үйіріледі. Қарындасы бала үстінде кетеді.
– Сіздің кейіпкеріңіздің өмірі ә дегеннен трагедиямен басталады екен. Не себепті?
– Өйткені басты кейіпкерді алғашқы кезеңдегі қиындықтардың бәрінен алып шығуымыз керек. Кейіпкерді неғұрлым құдықтың түбіне тереңірек тастаса, оны соғұрлым ашу әсерлі болады. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Анасындағы» Толғанайын алайықшы. Үш баласы, келіні, күйеуінен айрылады емес пе?..
– Ол сұрапыл соғыстың уақыты ғой десек ше…
– Осыншама трагедияны көрген Толғанай – Ана-Жер-Анаға айналады. Толғанай сияқты кейіпкер неғұрлым қиындық көрсе, соғұрлым шымырлана түседі. Дүниежүзілік олимпиададан «Алтын медаль» алып келген дарынды бала Мұқан достарының бәрі оқуға кеткен уақытта кішкентай қарындасымен, қолындағы сәбимен үйінде жалғыз қалады. Амалсыздан трактордың құлағына отырады. Алғашқы еңбек жолын тракторист болып бастаған бала жиырма екі жылда халықаралық деңгейдегі академикке айналды. Нобель сыйлығына ұсынылып, биік дәрежеге жетеді. Ол өзінің махаббаты – сүйген қызынан досы үшін бас тартады. Ол егер Нәркеске үйленер болса, онда, Нәркес ауылда қалып, ана кішкентай екі баланы баққан болар еді.
– Жалпы, сіздің үш кейіпкеріңіз – махаббатта, өмірде, достықта адал ма?
– Олардың арасында алдау, арбау, алаяқтық жасау деген атымен жоқ. Қарындасының жігіті болған досы Ролан Мұқанның қолында өледі. Өйткені қарындасының да соңғы тілегі сол болатын. Сәния ағасы мен досының арасына сызат түскенін қалаған жоқ. Және біздегі әрбір серияның басында жиырма екі жыл ішіндегі мемлекеттің өсіп-өркендеу жолы туралы хроникалық деректер беріліп отырады. Онда Елбасының документальды кадрлары болады. Үш кейіпкердің тағдыр-тарихы арқылы мемлекеттің өсу-өркендеу жолы көрінеді. Қиындығы да бар. Жеңісі де бар, жеңілісі де бар. Біз оны көрсетіп отырамыз.
– Бұл серияны «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен қолға алыпсыз. Сериалды «Қазақфильмге» ұсынып көрмедіңіз бе?
– Жоқ. «Қазақфильмде» менің төрт сценарийім жатыр. «Томирис», «Зарина патшайым туралы аңыз», «Ажал алқабы», «Кішкентай принцтің үлкен қаладағы хикаяты». Ал, «Судағы із…» бүгінгі күнге арналып жазылған дүние. Сол себепті де бұл сценарийімді «Қазақфильмге» апарғым келген жоқ.
– Сценарийіңізді телеарналар қалай қабылдады?
– Сценарийімді жаздым. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы өте сұңғыла жігіт. Бірден қолдады. Бірақ бізде қазір әрбір серияға 35 мың доллар береді. Ресейде 350-400 мың доллар. Кореяда 1 миллионға дейін бөлінеді. Оларға қарағанда, 35 мың доллар деген айтуға ыңғайсыз. «Қазақфильмде» бір сериялы толықметражды фильм 2 миллионның ар жақ-бер жағы. Ал мен бұл фильмге Орта Азиядағы ең мықты деген мамандарды жинадым. Олардың арасында Оскарға үміткер болған монтаж-режиссері, Голливудтан келген Кристофер Бэлль де бар. Бұл фильмнің идеясына сай, жұмысының да лайықты болғанын қаладым. «Қазақстан» ұлттық арнасының төрайымына: «35 мың деген жетпейді» деп айтқам. «Ол үшін «Еуразия» арнасын қосып алайық. Олар да осындай ақша берсе, орысша-қазақшасын бірдей жасаймыз» деп айтып едім. Өкінішке қарай, «Еуразия» арнасы дәл соңғы сәтте ақша бермейтін болды.
– Әрбір серияға отыз бес мың доллар «Қазақстан» телеарнасының бюджетінен бөлініп отыр ма?
– Әрине. Осының алдында «Қасым» атты фильм түсірілді. Оны «Қазақстан» ұлттық арнасы, «КТК», «Еуразия», Мәскеу мен Белоруссия қосылып түсірді. Оның бір сериясына 350 мың доллардан берді. Төрт-ақ серия түсірілді. Өте жақсы кино болып шықты. Осындай ақшаны бізге берсе – елге, халыққа керек деген дүниені тарту етем деген ойым бар еді. Ол ойым іске аспай отыр. Жанға бататыны осы. Қазір неше түрлі бағдарламалар түсіріліп жатыр. Бір бағдарламаларда қазақтарды топас, жынды, ақымақ етіп көрсетеді. Орыс тіліндегі хабарларда да осылай. Ыржықай-тыржықай дүниелер көп телеарналарда. Соған да қыруар қаржы бөлініп отыр. Ал бізге қазір елге, халыққа қажетті дүниелер керек. Жастарға күш-қайрат, адалдық, ақтық, достық, тазалықты үлгі ететін, елдің санасын серпитін дүниелер керек. Осы сценарийді алты ай бойы таңертең бесте тұрып жаздым. Көз майымды тамызып жаздым десем болады. Өкінішке қарай, бұл фильмім өзінің жалғасын таппай отыр. Соған қынжылам.
– Қанша сериясы түсірілді?
– Әзірге бесеу.
– Қалғанына ақша бөлінбей отыр ма?
– Иә. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап бақтық. Таңғы сағат бес-алтыда жатып жүрдік. Әзірге жағдайымыз қиындау болып отыр.
– Қазақ киносына ұлттық компанияларымыз неге демеушілік танытпайды?
– Біраз жігіттерге хабарластым. Әзірге, ешқайсысынан жауап жоқ. Бәрі қазақ киносына қаржы бөлуге қорқады.
– Неден қорқады?
– Салған ақшамыз қайтпайды деп қорқады. Сосын, ұлттық арнада мынадай заң бар екен. Егер сен демеуші тауып, біреуден жүз мың доллар алатын болсаң, соның елу пайызын телеарнаға беруің керек. Одан кімге пайда бар? Осы тұрғыдан келгенде көп қайшылықтар туып тұр.
– Сериалдың тоқтап қалғанына ұлттық арна басшыларының жауабы қандай?
– Олар қолдағы барымен «24 серия жасап бер» дейді. Оның сюжеттері өсіп-өркендемесе, ар жағы не болады? Менің білетінім бір-ақ нәрсе, ертең таңның ататыны, кештің бататыны қандай хақ болса, мына кино шығатын болса, бүткіл елімізге де, халқымызға да, жиырма екі жыл ішіндегі мемлекеттік өсіп-өркендеуіміздің жолындағы кез келген кейіпкердің басынан өткен жағдайларды көз алдына келтірер еді.
«Менің баққан малым, еккен егінім – тек қана өнер»
– Жуырда «Хабар» арнасында Олег Борецкийдің бағдарламасында «Менің күнәлі періштем» фильмі талқыланды. Бұған сіздің ойыңыз қалай? – Мен сьемкада жүргенімде «Менің күнәлі періштем» фильмімді «Хабар» арнасында Олег Борецкий «Смотрим и обсуждаем» бағдарламасында талқыға салыпты. Қаладан пәлен шақырым жердемін. Мені шақырмай, менсіз өздері сыртымнан ғайбаттап, талдау жасапты. Иә, осы фильмнің премьерасына министрдің өзі қатысты. Дариға Назарбаева, Мақсұт Нәрікбаев, Асанәлі Әшімов, Иран-Ғайып, Қуаныш Сұлтанов, т.б. келіп, фильмге өз ризашылықтарын білдірді. Бұл фильмді осыдан біраз күн бұрын Жерьар Депардье көріп, қатты риза болды. Қуанышы қойнына сыймай, фильм туралы маған ұзақ айтты. Ал, мен Жерарға: «Осы фильмді біреу жамандады», – деп ем, ол: «Олар оттай береді», – деді. Бұл Жерардың сөзі, Борецкий оттай берсін, ол – самопал сыншы. Әлгі Олег Борецкийдің менің фильміме ғайбат айтқан кезінде, залдағы түсіру павильонынан қазақ үш үлкен кісі шығып кетіпті. Қазақ өнерінің, қазақ киносының сыртынан тон пішіп, оған сын айтатындай, Олег Борецкий кім? Оның мамандығы кино танушы да емес. Оның тіпті кәсіби білімі жоқ. Ұлттық, мемлекеттік телеарнадан қазақ киносын сынайды. Қазақ тілін білетін бір журналист жоқ. Не бір ақын-жазушы жоқ? Не бір кино сыншы жоқ? Көшеден көлденең біреулерді шақырып алып, фильмді шала көрсетіп, киноға, шығармаға сын айтады. Бұл көргенсіздік! Әдепсіздік. Осындай хабарларды қазақ жігіттері неге жүргізбеске? Осы хабарды Ташкентте немесе Грузияда жүргізетін болса, осындай бассыздық үшін хабарды жауып тастайтын еді. Біле білсеңіз, Борецкийлер қазақ киносына, қазақтың өнеріне, қазақтың руханиятына тас атып жатыр. Осы жерде немістің үлкен ақыны Генрих Гейненің сөзімен айтсақ: «Когда отсутсвует герой на арену выходят клоуны» дегені, болмаса, А. Чеховтың: «Все знают и все понимают только дураки и шарлатаны» дегендері еске түседі. Екінші бір нәрсе, сол «Хабарда» отырғандар жақсы менеджер болғандығын көрсете алмады. Бұл менің жеке басыма айтылған сыннан емес. Бұл әрекет қазақ руханиятына атылған тас. Ол «Хабар» арнасынан айтылғаннан кейін, көрерменнің көбі «оңбаған кино» екен деп ойлайды. Көрмесе де, білмесе де. «Олег Борецкий нашар деп айтып отыр ғой. Одан да түрік сериалын көрейік» деп ойлайды. Ауылдағы, аудандағы, шалғайдағы адамдар қалай қабылдайды? Біз қайтып ел боламыз? Теменовты жерден алып, жерге салып жатыр. Теменов ғайыптан пайда болған жоқ. Менің баққан малым, еккен егінім – тек қана өнер. Ештеңемен айналыспайтын адаммын. Мен сияқты адамдарға тас лақтыратын болса, желкілдеп шығып келе жатқан жастарымыздың күні не болмақ? Міне, «Хабардың» қателігі. Ертеңін, бүрсүгінін ойлауы керек еді. Қазақта «үш күнін ойламаған еркектен без, үш жылын ойламаған әйелден без» деген сөз бар. Әркім үш жылын емес, отыз үш жылын ойлауы керек. – Сол бағдарламадан кейін Олег Борецкиймен сөйлесіп, осы ойыңызды айттыңыз ба? – Жоқ. Мен сьемкада жүрген кезімде ассистенттері маған «кел» дейді. Айналамда жүздей адамым бар, қайдан келем? Мұның барлығы бүгінгі руханиятымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қысастық деп білем. Қазақ өнерінің, қазақ киносының орыс киносынан айырмашылығы бар. Біздің менталитетіміз бөлек. Дініміз басқа, діліміз басқа. Менің фильміме, Асанәлі ағамыз түскен «Қайдасың, Ка мырза?!» фильміне де сын айтты. Ал, содан кейін бізде не қадір-қасиет қалды?.. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, болмас елдің баласы бірін-бірі қатын» дейді. Бұл біздің сыртымыздан айтылып жатқан сөз емес. Қазақ өнеріне айтылып жатқан сөз. Мен мұны қазақтың руханиятына атылған тас деп түсінем. – «Менің күнәлі періштеме» байланысты сын мақала «Время» газетінде де жазылды. Оқыдыңыз ба? – «Времяда» жақсы мақала шықты деп есептеймін. – «Менің күнәлі періштем» дейсіз. «Періште күнәлі бола ма?» дейтіндер көп. Бұған қалай қарайсыз? – «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген мақалды шығарған мен емес. – Олег Борецкий кәсіби маман емес екенін айттыңыз. Жалпы, қазақ киносының деңгейін қазақтар, өзіміз қалай бағалап жүрміз? – Қазақ киносы жалпы, өсу үстіндеміз. Бірақ бүгінде көбісі «жастар, жастар» деп, әлі философиясы қалыптаспаған, өзінің ой-өрісі тоқтамаған балаларға жолды беріп отыр. Бұл дұрыс емес. Біздер Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов, Дәрежен Өмірбаев, Серік Апрымов, Ардақ Әмірқұлов, Әмір Қарақұлов және мен, біздер Сергей Соловьевтен дәріс алған адамдармыз. Мен алғашқы киномды «Мосфильм» киностудиясында түсірдім. Совет Одағынан қаншама бала оқу бітіріп шықты. Солардың арасынан Ролан Быков мені ғана таңдап алды. Ролан Антонович өте талантты, ғұлама адам болды. – Кеңестік үкіметтің қатал цензурасы болды. Біздің кешегі шедевр фильмдеріміздің бәрі Мәскеу арқылы бекітілді. Цензураға қарамастан, ғажайып туындылар дүниеге келді. Бізде қазір еркіндік бар. Туынды жоқ. Оның себебі неде? – Біріншіден, ол кездегі фильмдердің бағасының қанша екенін ешкім білген жоқ. Ол кезде «Қыз Жібек» екі жылға жуық түсірілді. Сол фильм біткеннен кейін, Сұлтан Қожықовқа да сын айтқандар өте көп. Тіпті «Төлегеннің шашы ұзын екен» деп талай сынады. Сол сындардан кейін, Сұлтан ағамыз ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Әбден теперіш көрді. Ең үлкен сыншы – ол уақыт. Ол уақыт «Қыз Жібектің» қандай ғажайып фильм болғанын дәлелдеп шықты. Сол кездің өзінде бізден қаншама үлкен-үлкен дүниелер түсірді. «Жамбыл», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште», «Трансібір экспресі», «Алпамыс мектепке барады», «Артымызда Москва», «Қараш-Қараш», «Көксерек», «Бандыны қуған Хамит», «Сұлтан Бейбарыс», «Шоқан», т.б. қаншама дүниелеріміз жарыққа шықты. Соңғы он жылда ұлттық кинодан не түсірдік? Жалғыз ғана «Біржан сал». Онда да Досханның жүгірісімен бітті. Біресе жауып, біресе түсіріп, әзер аяқтады. Біздің ұлттық дүниеміз болмаса, ұлттық киномыз болмаса, құр бекерге «Қайрат девственник», «Сказка о розовым зайце» сияқты фильмдер қазақ киносының деңгейі бола алмайды. Олар қазақ өнерінің шыңы бола алмайды. Олардың барлығы бір күндік кассалық дүниелер. Тіпті, кешегі Қайрат Нұртастың «Өкініші» көп ақша жинады дейміз. Бірақ оның өнерге қатысы қанша? Ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан, біздің руханиятымызға не керек, не керек емес екенін білуіміз керек. Жалғыз «Мың баламен» қайда барамыз? – Өзіңіз «Қазақфильмде» басшы қызметінде отырғанда, ұлттық фильмдер түсіруге сізде мүмкіндік болмады ма? – «Абылайханның» сценарийі сызылып кетіп бара жатқанынан тауып алып, бұл шығарма бекер кетпесін деп, атын «Көшпенділер» деп өзгерткен адам менмін. Және қазақтың дарынды ұлы Иманғали Тасмағамбетов болмаса, ол фильм болмас еді… – Бірақ, сіз «Көшпенділерді» менің қателігім болды» дейсіз. – «Көшпенділер» – менің қателігім емес, сол кездегі киноның басы-қасында жүрген адамдардың барлығының қателігі. Өйткені, бізге Рустам Ибрагимбеков келгеннен кейін, «Қазақфильмнің» директорынан бастап, бәріміз соның аузына қарадық. Біз шын мәніндегі өзімізге керек нәрсені, өзімізге қажет дүниені бағалай алмай қалдық. Егер сол кезде мен болмай қалсам, бүгінгі «Көшпенділерге» зар болып қалар едік.«Бізде ұлттық стратегия жоқ»
– Қазақ киносының ұлттық деңгейде түсірілуі үшін режиссерге қажетті басты нәрсе не деп ойлайсыз? – Біріншіден, жалпы, бізде ұлттық стратегия жоқ. Марат Тәжин аз уақыттың ішінде ұлттық тарихты қайта қарау деген үлкен бастама көтерді. Бұл да Елбасының тарихты қайта қарау керек деген ниеті. Бұл өте дұрыс. Өйткені осы уақытқа дейінгі, яғни 1917 жылға дейінгі біздің тарихымыз, біздің шежіреміз болмаған. Ауыз екі тілде айтылады. Шын мәнінде тарихты біз жаза алмадық. Біздің тарихымыз Қытайдың архивінде, Ресейдің архивінде. Иранның, Қазанның архивінде қалды. Сол кездегі тарихшыларымыз, жылнамашыларымыз қазақ тарихын жазған жоқ. Біздің тарихымызды Мәскеудің большевиктері өздеріне ыңғайлап, қайта жазды. Жұмысшы табын көтеру үшін солай жасаған шығар. Абылайханның ерлігінің өзін халыққа жасаған қастандығы деп керісінше көрсетті. Тарихқа басқаша көзқарас пайда болды. Реңін өзгертті. Өз тарихымызды өзімізге қисық айнаның бетінен көрсетті. Тіпті, «Абайды жазды» деп Әуезовтің өзін қудалай салды емес пе?! Ал, біздің тарихымыз ежелден басталады. Қайтіп қазақ мемлекеті болып қалыптастық? Осыншама ұланғайыр жерді қалай аман-сақтап қалдық? Біздің ізіміз қайда? Біз қайдан шықтық? Осындай сұрақтардың барлығына қазіргі жазылатын жаңа тарих жауап береді деп ойлаймын. Білген адамға мұның астарында үлкен дүние жатыр. Мысалы, қырық миллион халқы бар курд халқының мемлекеті жоқ. Әлемде бізден бірнеше есе көп халықтар бар. Не мемлекеті жоқ, не жері жоқ. Не елтаңбасы жоқ, не туы жоқ. Ал, біз шүкір дейік… Әрнәрсеге кейде адам сын көзімен қарау керек. Дүниеде ең биік нәрсе не? Табалдырық. Табалдырықтан асқан биіктік жоқ. Биіктіктің шыңы табалдырық болса, сөздің биігі – шүкіршілік. 22 жыл деген көп уақыт емес. Елтаңбамыз бар. Мемлекетіміз бар. Шекарамыз бар. Дербес, тәуелсіз мемлекетпіз. Әлемдегі алпа-уыт мемлекеттердің бәрі бізбен жұмыс істеп отыр. Біздің бұрын мүмкіндігіміз болмады. Аяқ-қолымыз матаулы болды. Бізде тіпті арнаулы мамандар да болған жоқ. Тәуелсіз мемлекет атанғанымызда ұлттық қордың бюджетінде тиын-тебен ғана болған екен. Бүгінде біздің мемлекетіміз бар. Әскеріміз бар. Абайдың сөзі бар. «Бір-ақ қарғып түсем деп, бір-ақ қарғып шығам деп, мертігеді – жатады», – дейді. Біз бір-ақ күнде Американы қуып жеткіміз келеді. Ол мүмкін емес. Олар үш жүз жыл бойы өз территориясында бір оқ атпай келе жатқан мемлекет. Одан басқа, әлемдегі бүкіл зиялы адамдардың жиналған жері Америка. Мәдениет пен әдебиеттің, теледидардағы қоғамдық пікірдің рөлі үлкен. Ал, бізде аяғымыздан тартқан күшіктер өте көп. Біздің жағамызға жармасатындар көп. Көре алмайды. Қызғаныш. Қасымыздағы көрші мемлекеттерге көз жүгіртіңізші… Бір Мәскеудің өзінде қанша мың өзбек көше сыпырып жүр. Қаншама өзбек үй салып, құрылыста жүр. Біздің елімізде нәпақасын тауып жүрген қырғыздар қаншама? Біздің қазақ Мәскеуге барып, көше сыпырып жүрген жоқ. Құдайға шүкір! Бірақ, енді бізге ұлттық стратегияны қалыптастыру қажет. Қазақ халқы қайда барады? Біз кімге еліктеуіміз керек? Біз кімге қарап, бой түзеуіміз керек? Осының бәріне жауапты ұлттық стратегия арқылы жасауымыз қажет. – Мәдени-идеологиялық майданда жұтылып кетпеуіміз үшін дейсіз ғой… – Осының барлығы ұлттық стратегиядан шығып отыр. Ұлттық стратегиямызды айқындап алатын болсақ, біз ұлт ретінде өзімізді сақтай аламыз. Телеарналарда қазақ тілі елу пайыздан кем болмауы керек дейміз. Кез келген телеарналар тәулігіне елу пайыз қазақша хабар таратуға тырысады. Бұл дұрыс па? Дұрыс! Сосын, зиялы қауымның орны қандай? Зиялы қауым мемлекеттің өсіп-өркендеу жолында аянбай атсалысуы керек. Өйткені дәл қазіргі қоғамда әркім өз қотырын өзі қасып кеткен кез. Әркім өзінің қара басының қамын ойлайды. Ол эгоизмнен көтеріліп, қоғам үшін, мемлекет үшін, тіл үшін, діліміз үшін не істеуіміз керек. Соны ойлайық. Несі жақсы, несі жаман, ажырата білуіміз қажет. Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш қайраткерлері қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын қалыптастырды. Бүгін біз неге олай жасамаймыз? Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «тарихты қайтадан қарайық» дейді. Тарихымызды қайта қарап, мәдениетімізді қайта сараласақ, бұл – ұлт ретінде қалыптасамыз деген сөз. Мысалы, сақтардың кезінде космосқа ұшқаннан да мықты жаңалық – үзеңгіні ойлап табу болды. Үзеңгіге отырып, аттың шаужайын тартқан кезде, оның табанында тіреуіш болды. Тіреніші болды, сүйеніші болды. Сол секілді бүгінгі күнде де қаншама біздің сан салалы дүниелеріміз тарихымызда үңірейіп жатыр. Бүгінде теледидарда, кинода бір күндік дүниелер көбейіп кетті. Олар сабынның көпіршігі сияқты. Көпіреді, сосын жоқ болады.
«Тілді түсінетін, кеудесінде жаны бар қазақ руханиятты қорғауы тиіс»
– Сіз жоғарыда мысалға келтірген фильмдердің көбін жастарымыз түсірді. Олардың бойында ұлттық рух жоқ деп ойлайсыз ба? – Оған кінәлі кім? Оған кінәлі аға буын. Аға буын дер кезінде жақсы әдебиет, жақсы кино, жақсы телебағдарлама түсіріп көрсетіп, солардың санасына сіңіргенде, олар осындай қателік жасамас еді. Біз кеше жасаған қателігіміздің бүгін жемісін жеп отырмыз. Ертең тағы да сондай шалажансар дүниелер болмас үшін, бүгінгі шығармаларымызда адами құндылықтарды арттыратын, адамның жан-дүниесін ашатын дүниелерді көптеп келтіруіміз керек. Яғни, адамға көңіл бөлу керек. – Адамды қанаттандыру да қаржыға келіп тірелмей ме? Жазған дүниеңізге мардымды ақша ала алмасаңыз, қаламақы деген дүние мүлдем болмаса, адам қалай жақсы шығарма жаза алады? – Менің қарнымның ашатыны – осы күні той көбейіп кетті. Той бәсеке айналды. Жұма-сенбі-жексенбі күндері зиялыларымыздың көбі тойда жүреді. Жазушылар одағында 777 жазушы бар деп естимін. Солардың жұма, сенбі-жексенбіде қайсысы театрға барады. Бес пайызы бармайды. Тойда жүреді, одан қалса, үйінде жатады. Сәкен, Ілияс, Бейімбет тірі болса, тойда емес, театрда жүрер еді. Бізде бүгін тойға барып ыңыранып сөз сөйлеу, сөз бермей қалса, өкпелеу – әдетке айналып барады. «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, кім жанады лапылдап?» деген Назым Хикметтің өлеңі бар. Қазақ руханиятын біз қорғамасақ, сен қорғамасаң, кім қорғайды? Немістер келіп қорғап бермейді. Өзбектер келіп қорғамайды. Кеудесінде жаны бар, тілді түсінетін әрбір қазақ қорғауға тиісті. Осы тілді ұғатын, осы тілді ойлайтын әрбір адам қазақ бола білсе, біз ел боламыз, жұрт боламыз. Қайтып ақша тапсақ, қайтып жақсы мәшине мінсек дегеннен арыға бара алмаймыз. Біздің тоғышарлығымыз осы. Бұл жақсылыққа апармайтын дүние. – Олег Борецкий қазақ киносын сынайды. Қазақ журналистері театр туралы сын жазады. Одан өзге, қазақ сынында қалыптасқан мамандар жоқ па? Театрға, киноға кім сын айтады? – Өкінішке қарай, жыл сайын қаншама шәкірттер оқу бітіріп жатыр. Олардың саны бар да, сапасы жоқ. Біздің сыншыларымыз саусақпен санарлықтай ғана. Бүгін сын айтатын адам, сені жөнге салатын адам, саған ақыл-кеңес беретін адам жоқтың қасы. Бүгінгі жастардың есіл-дерті бірнеше жерде жұмыс істеп, ақша табу. Қазақ киносы туралы қазақтың жігіттері сын айтып, қазақты жөнге салса, кім олардың қолын байлапты?.. Стратегия деген осыдан шығады. Ең аз халық бізбіз. Әдебиетіміз бен мәдениетіміз большевизмнен енді ғана арылып отыр. Қардың астынан жарып шыққан гүл сияқтымыз. Сол гүлді үсіріп алмай, өсіруіміз қажет. Рухы төмен ел халық болып қалыптаса алмайды. Рухы мықтылар ғана мықты халық болады. Сонда ғана біз биікке көтеріле аламыз. Соғыс кезінде халықтан шыққан батырларды есептегенде, біз алдыңғы қатарда тұрады екенбіз. Кішкентай ғана қазақ ұлтынан қаншама батырлар шықты?! Соғыс бізде болған жоқ. Соған қарамастан, ұлттың батырлары бізден көп шықты. Неге? Өйткені халықтың рухы мықты еді. Бүгінде ат орнына бір-бір джип мінген халық болып шыға келдік. Дарақылығымыз басым. Күнде апат болатыны содан. Қаншама жастарымыз жол апатынан кетіп жатыр. Осыны ойлаған біреуіміз бар ма? Осы уақытқа дейін бірде бір адам жол апатын зерттеп көрген жоқ. Қаншама адам қырылып кетті. Ешкім есептеген жоқ. Ойлану керек, ойластыру керек. Көлік міну дегеніміз дарақылық емес. «Байқап жүр» деп, сана-сезіміне егуіміз керек. – Осы сіз айтқан қиындықтардан шығудың жолы қайсы? – Бізге сәл-пәл төзім керек. Елдің зиялы қауымына ойлану керек. Алаңдау қажет. Ел ұйықтап жатқанда, ертерек тұрып, соның алды-артын ойлауымыз қажет. Тілімізді ойламасақ, ділімізді ойламасақ болмайды. Зиялы қауым үнсіз қалмауы керек. Үнсіздікті бүгінгі қоғам көтермейді.Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС