Талаптыға таптырмас орталық

Талаптыға таптырмас орталық

Талаптыға таптырмас орталық
ашық дереккөзі

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бастамасымен екі бірдей «Коворкинг»
орталығы ашылды. Іс-шара облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының,
Жастар орталығы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық әкімдіктің
қолдауымен ұйымдастырылған. 

«Коворкинг» немесе «co­wor­king»
ағылшын тілінен аударғанда – бірігіп жұмыс істеу деген ұғым­ды білдіріп, тура
мағынасында кәсіп­кер­лердің бір ғимаратта отырып өз­ істерін сәтті жүргізуін
білдіреді екен. 

Әдетте, ортақ кеңсенің
көлемі жа­ғынан үлкен болып келіп, ішін­де асханасы, сондай-ақ бір неме­се
бірнеше мәжіліс өткізетін бөл­мелері мен барлық құрал-жабдық­та­ры, принтер,
факс, компютерлер, интернеті қарастырылған болып келеді. «Елбасы Н.Назарбаев ха­лыққа
жолдауында «2030 жылға дейін кіші және орта бизнестің ел экономикасына қосар
үлесі ең кем де­генде екі есеге дейін артуы қажет деп нақтылаған болатын», –
дейді об­лыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. 

«Бүгінгі күні
облысымызда 14­ пен 29 жас арасындағы 770 мың жастар бар. Бұл – болашақ кә­сіп­керлер,
бизнесмендер мен «жаңа жобалардың» іске асуына түрткі болатын көшбасшылар. Сол
жас мамандар мен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында біз коворкинг орталықтарын
ашып жатырмыз. 

Коворкинг-кеңселері
фрилан­сер­­лер­­ге, мамандары әр түрлі қа­ла­лар мен елдерде таралған кәсіп­орын­дарға
өте ыңғайлы болып келеді. Сондай-ақ ісін жаңадан бас­тап жатқан кәсіпкерлерге
үлкен кеңселерді жалға алуға шамасы жетпеген жағдайда, осындай бірлескен
кеңселерді жалдауға өте ыңғайлы,» – деді С.Тұяқбаев орталықтың ашылу салтанатында. 

«Коворкинг орталығы» –
бұл әрбір қа­тысушы тәуелсіз бола отырып, өз ісі­не қажетті ортақ алаңды
пайдала­на­тын жұмыс моделі. Ол сондай-ақ жастардың арасында кәсіпкерлік
мәдениетін кеңінен насихаттауға серпін беріп, аға буын кәсіпкерлер мен жас кәсіпкерлер
арасындағы сабақтастық пен ақпарат алмасуды қарастырады – дейді облыстық
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Нұржан Әлтаев. Ол аталмыш
орталықты құру барысында бірқатар тежеулерге тап болдық дейді. Алайда коворкинг
орталықтары бар және оң жұмыс нәтижелерін көрсетіп жатқан елдердің тәжірибесін
ескере отырып, оңтүстік өңірде дәл сондай бизнес-инкубаторларды құру керек деп
шешіпті. 

Аталмыш
бизнес-инкубаторды құру кезінде жастардың бизнес-жобаларын ары қарай жүзеге
асыру мен дамытуға өзінің бизнес-жобасы мен инновациялық жобалары бар жас­тар
тартылған. Осы орталықтағы барлық жобаларға, жаңадан бастап жатқан жоба немесе
жүзеге асырылып жатқан жоба болсын бәріне КҚКО толыққанды қолдау көрсетпек
ниетте. Мысалы, егер жас маман өз бизнесін бастаймын деп ниет білдірсе, оған
идеяны қалай жүзеге асыруға, нақты тақырыптарда бизнес оқыту жүргізіп,
құқықтық, салық, қаржы, бухгалтерлік есеп т.б. сұрақтарына салалық ақпараттар
ұсынылады. 

Жаңадан бастап жатқан
кәсіп­кер­лерге үлкен кеңселерді жалға алу бірқатар қиындықтар туғызатыны бел­гілі.
Ол жалға алу құнымен қатар, ком­пьютер, принтер, факс, телефон орнату, интернет
т.б. шығындарды ес­керуге тура келеді. Ал бүгінгі ашылып жатқан орталықтарда
кәсіпкерлердің ыңғайы үшін барлық жағдайлар жасалған. Бүгінде жас­тар арасында
«біреуге» жұмыс істемей, өз ісін бастап, оны өрге домалату белсенділік алып
келеді. Бұл заман талабына сай таңдау екені айтпаса да түсінікті. Коворкинг
орталықтары да осы мақсатпен ашылған. Болашақта дәл осындай орталықтар облыстың
басқа да аудандарында ашылмақшы. 

«Белсенді жұмыс
жасайтын, табыс­ты ірі кәсіпкерлер, инвесторлар алдында өз жобасын ұсыну мақ­са­тында,
айына бір рет бизнес жобалар жәрмеңкесін өткізіп тұру жоспар­лануда», – дейді
Кәсіп­керлерге қол­дау көрсету орталығының директоры Н.Әлтаев. 

Орталықтың ашылу
салтана­ты­нан кейін жастар арасында­ кәсіпкерлікті дамытуға, еңбек ада­мы­ның
абыройын көтеру, жастарды еңбекке баулуға бағытталған «Жал­пыға ортақ еңбек –
бәрін жеңбек!» жастар форумы өткізілгенін де айта кетейік. Форумның мақсаты –
жас мамандардың еңбегін бағалап, жастарды еңбекке тарту, жас­тар тәрбиесіне
басты назар аудару, қалың жұртшылықты жастардың жасап жатқан еңбегімен хабардар
ету, жас мамандардың жетістіктерін жариялап, марапаттап отыру болатын.

Дәурен Әбдіраманов