Айтыстың бас жүлдесі – Айнұрда!

Айтыстың бас жүлдесі – Айнұрда!

Айтыстың бас жүлдесі – Айнұрда!
ашық дереккөзі

6 қазан күні Астанада «Нұр Отан» халықтық
демократиялық партиясының қолдауымен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты аламан
айтыс өтті.

 Айтыстың шымылдығын ашқан «Нұр Отан»
партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз сөзінде: «Бабамыздан
қалған айтыс егемендіктің, тұрақтылықтың арқасында дамып келеді. Осындай
ұлттық өнерді партия әрдайым қолдауға дайын. Айтыспен партияның табиғаты бір.
«Нұр Отан» партиясы да, айтыскерлер де халық мұң-мұқтажын билікке жеткізуші
дәнекер», – деді. 

«Нұр
Отан» партиясының тікелей қолдауымен, «Жәдігер» қоғамдық бірлестігі мен
«Қазайтыс» сайты бірлесіп ұйымдастырған «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деп аталатын
айтулы додаға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған айтыскерлеріміз қатысып, бақ
сынады. 

«kazaitys.kz»
сайты алты алашқа сауын айтып, аламан айтысқа қатысатын айтыскерлерді сайт
оқырмандары арқылы іріктеген болатын. Ауыздарын айға білеген кіл дүлдүлдің
арасынан сегіз ақынды іріктеп, аламанға қосқан да оқырманның өздері. Айтыс
тізгінін белгілі әнші, ҚР Еңбек сіңірген артисі Нұрлан Өнербаев мырза қолына
алды. 

Аламанның
алғашқы шымылдығын бастаған Мұхтар Ниязов пен Біржан Байтуовтың жұбы, өкінішке
қарай, екінші айналымға өте алмады. Додаға екінші жұп болып шыққан Айнұр
Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов айтыстың көрігін қыздырды. Көрерменнің
алдында әдемі әзілдерімен, қалжыңдарымен әдемі сөз жарысын жүргізген екі ақын
да елдің ыстық ықыласына ие болды. Айтыстың үшінші жұбын құраған Қытайдан
келген қандасымыз Қанатбек Зәйтоллаұлы мен Айбек Қалиев айтысында, Қанатбектің
асығы алшы түссе, Балғынбек Имашев пен Сара Тоқтамысованың айтысында Балғынбек
басым болды. 

Аламанның
ең үлкен сыйы финалда болды. Ақындарымыз бас жүлдеге қол жеткізу үшін экран
бетінен ұяшықтар таңдап алып, сол ұяшықта көрсеткен суретке қарап, өздерінің
ақындық шеберлігін көрсетуі тиіс болатын. Бұл жолғы сыннан сүрінбей өткен
Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақовтың әзілге толы әдемі айтысы көрерменді
риза етті. Сахнаға екінші болып шыққан Айнұр Тұрсынбаева мен Қанатбек
Зәйтолланың да айтысы ерекше сөз етуге тұрарлық. Жері бөлек болғанымен, жүрегі
бір екі елдегі қазақтардың тағдыр-талайы сөз болды айтыста. 

Айтысқа
Алдан Смайыл, Мұ­хаметжан Тазабеков,  Серікзат Дүй­сенғазин,  Серік
Ақсұңқарұлы әділ­қазылық етті. Бұл жолы аламанның тағы бір ерекшелігі – айтыс
өнерінде алдаспандай жарқылдап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған шынайы
талант, жыр жампозы – Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан Оразалыұлының шығуы
еді. Тектінің тұяғы сахнаға шығып, өлең шумақтарын оқыды. Сәби тілімен өрілген
шумақтарды көрермен тебіреніп тыңдады. «Нұр Отан» партиясының бірінші
орынбасары Бауыржан Байбек сахнаға шығып, айтыстан түскен 1 миллион ақшаны
марқұм Оразалы ақынның ұлы Нұрсұлтан мен қызы Нұрғайшаға табыс етті.

Әділқазылардың
шешімімен аламанның бас жүлдесі, дүлдүл ақын Айнұр Тұрсынбаеваға табыс етілді.
Айнұр ақын 2000000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. 1 500 000
теңгемен  Жандарбек Бұлғақов 1 орынды еншілесе, 2 орынды Балғынбек Имашев
қанағат тұтты. Балғынбек Имашевке де 1 млн. теңге көлемінде сыйақы берілді.
Үшінші орынға табан тіреген Қанатбек Зәйтоллаұлы 750 000 теңгемен марапатталды.
Қалған төрт ақынға 500 мың теңге көлемінде жүлде берілді. Бас мүфти Ержан
Маемеров Сара Тоқтамысова мен күйеуіне Ұмра қажылыққа жолдама бердi. Ал
Kazaitys.kz  сайты әзірлеген арнайы жүлде Балғынбек Имашевке табыс
етілді. 

Гүлзина БЕКТАС