Жаңалықтар

Théâtre des Champs-Élysées-дің 20 минутқа созылған қошеметі

ашық дереккөзі

Théâtre des Champs-Élysées-дің 20 минутқа созылған қошеметі

«Астана Опера» балетінің жетекші солистері Мәдина Баспаева мен Тайыр Гатауов Францияда өткен «XI ғасырдағы әлемдік балеттің жұлдыздары» атты гала-концерттен елге оралды.  

Әртістер Парижде Théâtre des Champs-Élysées-де Гардельдің музыкасына жазылған «Түкке тұрмайтын сақтық» пен Борис Асафьевтің «Париж жалыны» балеттерінен па-де-де орындады. Қазақстандық балет шеберлері өздерінің алғашқы әсем де әсерлі қимылдарынан-ақ француздық көрерменнің жүрегін жаулап алды. 

Мәдина Баспаеваның айтуынша, «XI ғасырдағы әлемдік балеттің жұлдыздары» бағдарламасында қазақстандықтар соңғы 20 жылда бірінші рет қатысқан. «Азиядан барған бірінші өкіл екенімізді өзіміз де білген жоқпыз. Гала-концертте Еуропа әртістері, Америкадан көптеген солистер қатысты. Мұндай шараға соңғы рет Үлкен театрдан Юрий Петров қатысқан екен, алайда бұл ширек ғасыр бұрын болған», – дейді Мәдина.  

«Биыл гала-концертті ұйымдастырушылар әр құрлық өз жұбын шығара алатындай етіп, шараның ауқымын кеңейтуді жөн санапты. Біз бұрынғы кеңес кеңістігінен барған жалғыз әртістер болдық және Қазақстан атынан, «Астана Опера» театрынан бардық. Есімдеріміз Champs-Élysées репертуарына шараға дейін бір жыл бұрын жазылды», – дейді Тайыр Гатауов.

Мәдина Баспаева былай дейді: «Көрермендер бізді сұрақтың астында қалдырды, биімізді бағалады, біздің классикалық балет киімімізге қызықты, себебі мұнда «модерн» стиліндегі балетке көз үйренген, ал балет көйлегін батыс көрерменінің көрмегеніне көп болды». 

Қатысушылардың ішінде классиканы бірінші және екінші бөлімде тек қазақстандық әртістер ғана билегенін атап өткен жөн.  «Фестивальде классикалық репертуардан бір па-де-де-ні Сан-Францискодан келген жұп  – Тарас Домитро мен Мария Кочеткова орындады. Біз Мәдина екеуміз екі па-де-де биледік. Біріншіден, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді, себебі ол үшін үлкен шыдамдылық пен жақсы тәжірибе қажет. Біз әу бастан қиын болатынын білгендіктен, белді бекем будық, дегенмен көрерменнің көңілінен шыға алдық. Біздің көрермен мен еуропалықтардың айырмашылығы – олар бидің толық нұсқасы біткенде бір-ақ қол соғады. Концерт аяқталғанда әр жұп өзінің шеберлік трюгін көрсетеді, біз өзіміздікін көрсетіп едік, көрермендер 20 минут бойы шапалақтап, жібермей қойды», – дейді, ойын ортаға салған Тайыр Гатауов. 

Жоба ұйымдастырушылары Баспаева мен Гатауовқа қызығушылық танытыпты, олар осындай концерттерді біздің жұлдыздарымыздың қатысуымен Қазақстанда, Астанада қоюды жос­парлауда. Мәдина Баспаеваны Еуропа хореографтары өте жоғары бағалады, өнер көрсеткен соң оған Парижде, Бордо театрында Джульетта партиясын билеуді ұсынған. «Мен барамын, және «Астана Опера» театрының атынан билеймін. Ұсыныс белгілі қоюшы хореограф Шарль Жюдтен түсті. Шынымды айтсам, әлі сенер емеспін. Күтпеген жерден жасалған ұсыныс, алайда бұл менің партиям және бәрі ойдағыдай болатынын сезем», – дейді ойын жалғастырған Баспаева. 

Әртістер жақсы нәтиже көрсету үшін оларға қажетті жағдай жасау керек. Францияға бармас бұрын репетициялар туған театрда, сахна кеңістігі балет солистеріне асқақтап, құсша қалықтап, секіруде жеңілдік беретін «Астана Операда» өтті. «Тіпті Théâtre des Champs-Élysées біздікінен кем түседі. Олардың едені қаттырақ», – дейді  Мәдина. «Балет адамы үшін ең бастысы – еден, ал біздікі – ертегі. Ол барлық еуропалық стандарттарға сай еңіс   жасалған. Шетелдік дос­тарым фотомды көргенде бірінші кезекте, қайда түскенсің деп сұрайды. Тек еден мен тұтқаларды көргенде, таңырқайды. Менің арманым, Қазақ балетін, біздің театрды бүкіл әлемге таныту, себебі бұл Қазақстанымыздың қазынасы», –дейді Тайыр.

Ж.Баққондыұлы

Балет солистері: ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, 2 Premio Roma Italy премиясының лауреаты Мәдина Баспаева мен Юрий Григоровичтің «Әлемнің жас балеті» VI халықаралық конкурсының дипломанты Тайыр Гатауов А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін тәмамдаған.