АРУ АЛТАЙДЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ КҮНДЕРІ

АРУ АЛТАЙДЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ КҮНДЕРІ

АРУ АЛТАЙДЫҢ  АЛМАТЫДАҒЫ КҮНДЕРІ
ашық дереккөзі

Шығыс Қазақстан облысының Алматыдағы күндері өтті. Бұл мәдени шара аясында ауылшаруашылық өнімдерінің де жәрмеңкесі болды. Жәрмеңкеге Өскемен, Зыряновск, Қатон Қарағай, Ұлан сияқты бірқатар аудандардың кәсіпкерлері қатысты. Алматы тұрғындарына жалпы көлемі 70 тоннадай ауылшаруашылық өнімдерін нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынды. 

Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласы кәсіпкерлерінің бизнес-форумында экономикалық ынтымақтастықты арттыру мәселесі жан-жақты сөз болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: «Біздің ойымызша, өңірлер неғұрлым бір-бірімен бірігіп жұмыс істейтін болса, Мемлекет басшысының берген тапсырмалары орындалып, сол өңірлерде тұратын халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсарады», – дейді. 

Бизнес-форум аясында 12 миллиардқа жуық теңгенің келісіміне қол қойылды. Жалпы, сапар барысында Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы 10 кәсіпорын жалпы сомасы 15 млрд. теңгенің келісімін жасасты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуына қарағанда, 8 айдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 1761,1 млрд. теңгені құрап отыр. Ал ауыл шаруашылығы бойынша, жалпы өнім көлемі 112, 7 млрд. теңгені құраған немесе 118,6 пайыз болып отыр. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикадағы көлемінің 14 пайызы өндіріледі. Шығыс Қазақстан республикада сүт өндіруден – 1, ет өндіруден 2-орын алады. Сондай-ақ, экономикаға инвестиция тарту 20,7 пайызға өсіп, 161,3 млрд. теңгені құрады. Құрылыс қарқыны да 20,4 пайызға артып, 105 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев: «Алматы – Қазақстанның мәдени және қаржы орталығы. Әрбір өңір үшін Алматыға келген үлкен бір мерей. Аймақтар арасындағы қарым-қатынас олардың дамуына өзінің әсерін тигізеді. Біздің мақсатымыз – облыстың мүм­кіндігін көрсету. Бұрыннан басталған әріптестігімізді ары қарай жалғастыру, соған жаңа жолдар бастау», – деді. Өңір басшысының айтуынша, Алматы қаласындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлер үшін өндірістік-аграрлық облыстың мүмкіндігі өте зор. Құрылыс, ағаш өңдеу, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге шығысқазақстандықтар дайын. Мәселен, өңірде еттің 40 пайызы, сүттің, 30 пайызы ғана өңделеді. Сол сияқты құрылыс саласында да мамандар тапшы. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастауымен «Алтай-Ертіс кітапханасы» атты маңызды әдеби жобаның жүзеге асқаны белгілі. Оның идеясы – Шығыс өңірінен түлеп ұшып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлеріміздің таңдаулы шығармаларын жарыққа шығару. 

Гүлзина БЕКТАС