ЕРТЕҢ – СЪЕЗД

ЕРТЕҢ – СЪЕЗД

ЕРТЕҢ – СЪЕЗД
ашық дереккөзі
Ертең Астанада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының XV съезі өтеді. Құрылтайға ұсынылатын басты құжат – Партияның жаңа саяси доктринасы екенін бұған дейін де жазғанбыз. Бұл құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарпсырмасы бойынша дайындалған болатын. Саяси доктринаның жобасы Қазақ­стан­ның барлық аймақтарындағы партия мүшелері арасында қызу талқыға түсті. Осы құжатты дайындау үшін құрылған жұмысшы тобы бұған дейін Астанада үш жиналыс өткізді. Өткен бейсенбі күні жұмыс тобы қорытынды мәжілісін өткізіп, жобаға қатысты айтылған қоғамдық пікірлерді қорытты. Доктринаны әзірлеуге жауапты жұ­мыс тобының құрамында ҚР Парламент депутаттары, орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдар басшылары, ғалымдар, сарапшылар мен шығармашылық сала өкілдері бар. «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек «Партияның басты үш құжаты бо­лады: тұғырнама, бағдарлама және док­трина. Тұғырнама – партияның бір сайлау мерзіміне арналған қысқа басымдықтары айқындалған негізгі құжат. Бағдарламада партияның жаңа басымдықтары жазылып, партияның он жыл мерзімдік қызметіне бағытталады. Ал, доктринада партияның мақсат-мұраты мен құндылықтары алдағы бірнеше онжылдықтарға арналып жазылады» деп атап көрсетті. Жер-жерден келген түрлі ұсы­ныс­тарды ескерген жұмыс тобы саяси доктрина жобасының соңғы нұсқасын дайындады. Айтылған ұсыныс-ескерт­пелер негізінен бес бағыт бойынша топтастырылған. Олар: жастарды жұмыспен қамту, мемлекеттік тілдің дамуы, Жалпыға ортаға еңбек қоғамын құру, аймақтарды дамыту, қоғамдық бақылау мен азаматтық бастама мәселелері. Бір қуанарлығы, құжатта мем­ле­кеттік тілді дамыту мәселелері айтылуымен қатар, оны қазақша сауатты әрі тартымды жазуға айрықша ден қойылған. Осы мақсатта арнайы Редакциялық топ та құрылды. Оның құрамында Сауытбек Абдрахманов, Жабал Ерғалиев, Алдан Смайыл, Амангелді Мырзабек, Намазалы Омашев т.б. зиялы қауым өкілдері бар.

Көлбай ЖЕҢІС