Жаңалықтар

ЗИЯЛЫ ҚАЗАҚ ТРАГЕДИЯСЫ

ашық дереккөзі

ЗИЯЛЫ ҚАЗАҚ ТРАГЕДИЯСЫ

«Баяғыны көксей берген елде бүгінгі өмірге үйлесе алмаушылық болады. Баяғының құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ та жоқ. Көксеу мен құрмет екі текті түсінік»

 Ғабит Мүсірепов

 «Өртте жүріп сабырлы болу – мақтауға сыймайды»

  Әлихан Бөкейханов

 

Қазақтың кең даласындай дархан көңілді, дана-жүрек Жүсіпбек Аймауытовтың абақтыда түсірілген суреті бар. Оның шыңырау түбіндей жылтылдаған қара көзіне тіке қарауға дәтің шыдамай, қаймығып қаласың. Сондай қорқынышты, сондай аянышты . Бұл көз – қыран-шабытынан айрылып, қасірет уын ішіп қайғырған көз. Бұл көз – шала бықсыған шоқты емес, қып-қызыл отты аңсатқан көз. Бұл көз – жан осалдығын сездіргісі келмей, мөлдір моншақтарын әзер іркіп тұнжыраған көз. Бұл көз – киелі көз. Бұл көз – айбынды Алаш арыстарының баршасына ортақ сұраулы көз…

Ол кез қандай еді?.. Алматы, Ресей түрмелері… Сұраусыз аққан қан… Құнсыз шыққан жан…Белгісіз оба… Аңыраған ана мен бала… Қапалы мылқау халық… Жарты ғасырға созылған қара тастай үнсіздіктен соң, ақ күн туып, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел, Жаһаншах Досмұхамедовтар, Мағжан Жұмабаев, Жақып Ақбаев сияқты т.б тұлғалар ақталды, олардың артында қалған мол мұрасы кейінгі ұрпақпен қауышты. Алаш арыстары ұлтын шексіз сүйген, ұлты үшін жаны күйген асқар таудай тұлғалар еді. 

Қара сөздің қаймағын қалқыған қарымды қаламгер Жүсіпбек Аймауытов «Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі» екендігін айтқан. Ұлтты сүюдің ең төменгі дәрежесі қандай деген сұраққа, Жүсіпбек тереңнен толғап, толғамды ой айтады: «Қазақтың аты орыстан озса, балуаны балуанын жықса, шешені шешенін сөзден тоқтатса, мардымсып бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай. Бұл – әр жұрттың қанына біткен өзімшілдік. Тұрған жерін, өскен елін, өз тұқымын басқадан артық болса екен деген құрғақ тілек, құрғақ сезім ең төменгі дәрежедегі надан адамда да бар. Бұл қасиетті сезім емес: жерін, үйірін сағыну, туған жеріне тарту хайуанда да бар. Ұлтты сүюдің ең төменгі дәрежесі осы». Жүсіпбектің «Қара қазақтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын» дегені Шығыстың ұлы ақыны Фирдоусидің мына бір өлеңін еске түсіреді:

Дүние жалған арбайды,

Арбайды да алдайды.

Адамшылықтан өзге еш нәрсе,

Артыңда бірақ қалмайды. 

Адамшылықтың, мәдениеттіліктің ең үлкені – өз ұлтыңды қадірлеу, тегіңді тану, тіліңді, әдет-ғұрпыңды сақтау. Ұлтын сүйген ұлы жүрек Жүсіпбек Аймауытовтың кемел ойлары бүгінгі, болашақтағы көңілінде сәулесі бар қазақтың ойына ой салар, қажетіне жарар рухани дүние.

Биағаң атанған Бейімбет Майлин – қазақтың ардақтысы. Оның қаламынан туған шығармалардың қай-қайсысы болмасын өмірдің өзіндей қарапайым. Қарапайымдылықтан күрделі ой тудырар, ойландырар қалам қуатының күші – оның юморында жатыр. Қазан төңкерісінен кейін қазақ еліне де жеткен бір жаңалық әр аймақта Лениннің суреттері басылған плакаттар ілініп, ескерткіштер бой көтере бастауы еді. Мұсылман ырымында қолды шошайту жақсы ырым саналмайды. Бейімбеттің әжуасы Ленинге бір соққы беріп кететіндей.

« – Күлән-ау, Мынау кім?

– Ленин ғой.

– Шошайғаны несі?

– Қолы ғой.

– Не деп тұр?

– Шақырып тұр!» 

Алғашында қарабайырлау көрін­ген­мен, үңіле қарасақ, қарапайым қазақ ұғымына лайықталып жазылса да, Бейімбеттің сатирасы Лениндік саясатты білдіртпей шымшып-шымшып алады. 

Туған халқының бұратана ел атанғанына намыстанған Мағжан Жұмабаевтың ақындық кредосы оның шығармаларынан айқын көрініс тапты. Қазақстанның бар байлығын тартып алған Мәскеу саясатына қарсылық білдіріп, «Иванов қалқам, Мә, саған арқам!» деп ызалана жырға қосты. Қазақтың арқасы не көрмеген арқа дейсің?! «Азабын да, мазағын да көтеріп әбден көнтері боп кеткен арқа ғой, сен оған қиналма» дегендей, «Арақ ішсең асыңа, Май керек пе? Берейік!»деп қазақтың дархан пейілін танытқандай болғанмен, тілі сарказмның сары бояуына малынып тұр. «Арақ» туралы Мағжанның жыры сол кездегі бірсыпыра қазақ зиялысының шеккен азабы еді. 

Бір кезде іштік арақты,

Асқардан асқар аспаққа.

Ішеміз енді арақты

Қайғы мен қасырет баспаққа, – деп мұңданады ақын. Бейімбеттің «Мырқымбайы» болса, Мағжанның «Сәрсенбайы» бар. Мағжан – бір Сәрсенбайдың ғана емес, Сәрсенбай арқылы Алаштың мұңын суреттейді. Бұл өлеңде Үкіметтің кемшілігі атап көрсетілмейді, алғашқы қолдан жасалған ашаршылық туралы ашып айтылмайды, халықтың қиын халі «ұры» мен «қара түнге» баланады. 

Ай, Албар-ды, Албар-ды,

Сәрсенбайда мал бар-ды.

Зардан басқа не болсын,

Шықпаған құр жан қалды.

Ай мүйізді ақ қошқар,

Ақтылы қойды бөрі алды.

Шұрқыраған жануар

Жылқыларымды ұры алды.

Түн алмады, жын алды,

Домбырам менің зарлайды,

Зарламайды, қарғайды.

Менде бірге зарлаймын.

Көзімнен жас парлайды.

Домбырам басы бал қурай,

Қалампырлы насыбай.

Насыбайды атқан соң

Жазылар менің басым-ай!

Жазылса да бас, шіркін

Тыйылмады жасым-ай!»

Ертеде қазақтар қайғы-мұңын ұмытып, екі шекесін қысқан бас сақинасынан құтылу үшін қызылшаның күліне қалампырды араластырып, насыбай атқан. Насыбай бас ауруын мүлде алып кетпесе де, жанын қинаған азаптан бойы босап, көңіл күйі көтеріліп қалатын болған. Мағжан өлеңінде өзінің жан күйзелісін сол насыбайшының кейпімен салыстырады. Халықтың жоғын жоқтамаса, мұңын мұңдамаса,  ақынның көңіл-күйі келіспейді. Шеке-тамыры тырысып, бойы құрысып жүреді. Халық күйзелсе, ақын үнсіз шыдап тұра алмайды. 

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, 

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі

Сондықтан жаным күйіп, жанады да, – деп зарлы ақын «Ұлтымнан мен садақа, Бекіндім басты байладым» деп басын бәйгеге тігеді. Өлеңнің халықтық мүдде тұрғысынан, идеялық құралы қызметі тұрғысынан қызмет атқарғаны Махамбет поэзиясында мол көрініс тапқан. Мағжан да ұлт жолында жанын аямаған, Махамбет мінездес, бөріжалды ақын.

Орыс үкіметінің әміршіл билік жүйесі «қазақ» сөзін орыс ішіндегі «атты казактармен» шатастырмау үшін, қазақ ұлтын «қырғыз» деп, ал, қырғызды «қара қырғыз» деп жаздырып келгені тарихи деректерден белгілі. «Біз киргиз деген атты жоғалтып, өзімізді қазақ деп атасақ, басқалар да бізді «қазақ» деп, осы атты қолданып кетпек. Біздің бір үлкен кемшілігіміз – осы күнгі басқа жұрттан бұрын өзімізді «киргиз» дейміз. Әуелі біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Красный Киргизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетемін десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді. Қазақстанның Орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік»деп биік мінберден саңқылдап үн қатқан Сәкен Сейфуллин қалың жұртшылықты ойландыратын, толғандыратын әлеуметтік мәселелерді батыл көтере білген қайраткер ақын. 

…Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жөнін.

Кешегі қара күнде болмап па еді

Бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі – Айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын, – деп Алаштың айбарлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жыр­лағандай, қазақтың өркениетті ел болуы жолында саналы ғұмырын арнаған Алаш зиялыларына қандай құрмет көрсетсек те артық емес. 

1919 жылы Ресей үкіметі қаулысымен Челябі губерниясына еніп кеткен Қостанай уезін Ахмет Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Сералин Торғай облысының құрамына қайтару жолында жан қиярлықпен күресіп, Қостанайды қайтарып алды. Бұл күресте білім де, шешендік те, көсемдік, күш-қайрат, табандылық та сынға түскен еді.

«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбек­те­ген жасына түгелімен ой түсіріп, етек-жеңін жинатқан «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, «Маса» болып ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын»,– деген еді М.Әуезов. Қазақ сахарасында ұлт өміріне ұлы серпіліс әкелген «Қазақ» газетінің ғұмыры бес-ақ жыл болғанмен, таралымы жағынан Ресейдің – Петерборына, Қытайдың – Шәуешегіне, Түркиядағы қандастардың да қолына жеткен. С.Сәдуақасовтың: «А. Байтұрсынов бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, бүкіл халқымызға ұстаз болған» деген сөздеріне Қадыр Мырза Әлидің мына бір шумағы қосылғанда, ойлыға ой салмай ма?!

…Сырлар жатыр молада,

Жырлар жатыр обада.

Тарихыңа жасаған

Бере алмадым мен баға?! 

Шындығын айтсақ, Ахметті тануымыз әлі жеткілікті дәрежеде емес. Өзімізден бұрын өзгелер танып қойғандай. Олай дейтініміз, 1967 жылы Нью-Йоркте, Колумбия университетінің бір топ профессорлары «Орталық Азия орыс билеген ғасырда» атты ғылыми-зерттеу еңбектерінде Ахмет Байтұрсыновтың әдебиет, мәдениет, саясаттағы қайраткерлік қызметі туралы қызыға жазған.

Ештеңе емес абақтыға жапқаны,

Қинамайды дарға асқаны, шап­қа­ны.

Бәрінен де маған қатты батады

Өз ауылымның иттерінің үріп қапқаны, – деген Ахмет сөзінде шын­дық бар. Бөрісі бар елдің есіктен төр­ге ұмтылған иті, балақтан бас­қа өрмелейтін биті де болады. Бұл қорлық – зор қорлық. А.Байтұрсыновтың « Қырық мысалымен» қатар шыққан « Оян, қазақ» өлеңі ел ішіне тез таралғанмен, ақыр аяғы қос тұлғаның да түрмеге тоғытылуымен жалғасады. Осылайша «бірде – тұман, бірде – боран» күн кешкен Әлихан, Ахмет, Міржақыптың басын бір жерге қоспау мақсатымен ел билеушілері оларды кезек-кезек уақытша түрмеге жабуды тоқтатпайды. Бірде азаттыққа шыққан Міржақыпқа ауылының атқамінерлері мен бай-бағыландары «қазақтың сөзін сөйлеп, қазақтың болашағына қызмет етіп жүрсің» деп, астына ат, алдына мал салып, мол қаражат жинап береді. Аяқ астынан байып шыға келген Міржақып бұл байлығын өзіне емес, «Қазақ» газетін шығаруға жұмсайды. Бұл да – Міржақып сияқты Алаш арыстарының ғана қолынан келер ерлік, мәрттік еді.

1930 жылы Ф.И.Голощекиннің «тазалауының» екінші толқыны өз иірімінің тереңіне жеті тілді меңгерген полиглот, медицина тақырыбы ғана емес, табиғаттану, анатомия, физиология, зоология, ботаника, тіл-әдебиет, тарих ғылымдары бойынша қазақ тіліндегі тұңғыш төл оқулықтың авторы Халел Досмұхамедовты да батырып әкетті. Бірінші толқынға Әлихан, Ахмет, Міржақып, Смағұл, Мағжан, Жүсіпбек бастаған арыстар іліккен еді. 1932 жылы Воронеж облысына жер аударылған Халел Досмұхамедов 1938 жылы Алматы абақтысында қорғасын оқтың құрбаны болды. Алаш зиялыларының өмірі қиындық пен азапқа, бейнетке толы болса да, олар өз идеяларына өте адал болды. 

Смағұл Сәдуақасов 1926 жылы жазған бір мақаласында: «Қазақтың ағар­тушы ғалымдары Шоқан Уәли­ха­нов пен Ыбырай Алтынсарин тағ­дыры – оқыған қазақтың трагедиясы» деп атап көрсетіп, оған мынадай мысал келтірген: «Ы.Алтынсарин өлерінің алдында өзіне бірде-бір орысты, тіпті ең жақын достарын келтірмеуге жарлық берген.Тірі кезінде діннен безген осы кісі жаназасына 99 молда шақырылсын деп өсиет қалдырыпты. Ал, Ш.Уәлиханов өмірден өтер алдында өзінің орыс достарының бәрінен бас тартқан. Орыс армиясының сырбаз офицері болған Шоқан Шыңғысұлы әскери киімін тастап, қазақтың кең қолтық шекпенін, саптама етігін киіп, алыстағы қазақ ауылында дүниеден өтті». С.Сәдуақасов сөзінің салмағы ауыр. Шоқан, Ыбырай кешкен заман да, уысына қысса, уатып жіберетін заман еді.

«Бұл дүниеде түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер,батырлар, ақындар өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақтың арасында да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу –елдіктің белгісі» деген екен Халел Досмұхамедов. Елге сіңген еңбек – құмға сіңген су емес білгенге. Елге еңбек сіңіру, қызмет қылу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін зор міндет, абыройлы іс. Бір кезде: 

Алды-артым бірдей тайғақ мұз,

Тайғызбайтын тағам жоқ.

Тұлпар болып тусам да

Тулақ құрлы бағам жоқ, – деп қымыз емес, қайғы жұтқан Міржақып мұңына: 

Қазығына қазанат,

Қайта айналмай сорласа.

Тулақ болар азамат

Туған елі болмаса, – деп жауап­ айтқың-ақ келеді. Ер мен Ел егіз ұғым. Елдің еңсесін көтерер есіл ерлер емес пе?! Туған ел тұлпар сынды тұлғаларын ешқашан ұмытпас. Ұмытса, елдігіне сын…

 Маржан ЕРШУ