ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ
ашық дереккөзі

Отандық кәсіпкерлердің негізгі мәселелері мен оларды шешу жолдары, бизнесті елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру мүмкіндіктері және «кәсіпкерлік мәдениетін» қалыптастыру туралы біз «Атамекен» одағы» Қазақстанның Ұлттық Экономикалық Палатасы (ҚҰЭП) басқарма төрағасының бірінші орынбасары Рақым Ошақбаевпен сұхбаттасқан едік. 

– Рақым Сәкенұлы, Сіз­дің ойыңызша, қазіргі кезде Қазақстанда бұқаралық кәсіпкерлік тап қалыптасты ма?

– Иә, әлбетте. Егер де сіз кәсіпкерлік субъектілері санының ұлғаю деңгейіне қарасаңыз, сөзсіз өсім барын көресіз. Бұл – бір. Екіншіден, күллі дүние жүзінде қолданылатын маңызды көрсеткіштердің бірі – еліміздің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнесінің (ШОБ) үлесі. Бізде бұл көрсеткіш те тұрақты өсуде. Мысалы, өткен жылы ол шамамен 17,5 пайызды құрады. Мемлекет басшысы алдымызға өте биік мақсат қойды, яғни, 2030 жылға қарай ЖІӨ-дегі ШОБ-тің үлесін 30 пайызға дейін жеткізу, іс жүзінде екі есеге дейін ұлғайтуымыз керек. Менің ойымша, бұл біздің Үкімет үшін экономикалық саясаттың түпкі мақсаты болуға тиіс. Өйткені ШОБ дегеніміз – жұмыс орындары, нәтижелі еңбек. Қазақстан транзиттік экономикасы бар, халқының 45 пайызы ауылдық жерлерде тұратын (халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 32 пайызы ауыл шаруашылығында еңбек етеді) мемлекет ретінде жұмыссыздықтан сырт қалмайтыны белгілі. Міне, осы бағытта ШОБ-ті барынша дамыту жаһандық дағдарыстан төнетін қауіп-қатерлерге қайтарған сенімді де нақты жауабымыз болмақ. 

 – Әлемде іскерлік тап бұқаралық сипат алып, қуатты күшке айналғанда, сыбайлас жемқорлық та азая береді. Сіздің пікіріңізше, отандық бизнесті елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдырудың мүмкіндіктері бар ма?

– Егерде өзімізді ТМД-дағы басқа мемлекеттермен салыстырып қарасақ, бізде сыбайлас жемқорлықпен күресте қос қусырып отырған жоқпыз. Біріншіден, біздің нормативтік-құқықтың базамыз ең үздік болып саналады. Екіншіден, қоғамдағы жегі құрт – жемқорлықпен күресетін арнайы құзырлы органымыз бар. Егер жаңылмасам ТМД көлемінде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңды да бірінші болып біз қабылдадық. Мінеки, осы іс-әрекеттеріміздің барлығы өзінің жемісін беруде. Әрине, Қазақстан «Transparency International» ұйымының жемқорлықтың жолын кесу жөніндегі рейтингінде әзірше алдыңғы шептен көріне алмай отыр. Негізінен, жемқорлықты туғызатын нәрсенің бірі – жекелеген адамдардың ірі-ірі ақша ағындарын бөлуге, соларға иелік етуге мүмкіндігінің бары. Ең алдымен, бұған соңғы 10 жылда мемлекеттік сектор қуатының артқаны да себеп болып отыр. Мысалға, «Самұрық-Қазынаны» алайық. Қазіргі кезде оның активтері еліміздің ЖІӨ-нің шамамен 60 пайызға жуығын құрайды. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік тапсырыстарды бөлетін мемлекеттік мекемелерде ғана емес, сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда, банк секторында да кездеседі. Яғни, жасыратыны жоқ, ірі-ірі мұнайгаз, кен өндіретін компанияларда орта деңгейдегі басқарушылар да өздерінің тапсырыстарын жемқорлық негізде бөледі. Көптеген желілік дүкендерде тауарыңыз супермаркеттердің сөрелеріне жетсін десеңіз, үстінен жемқорлық түсім төлейсіз. Сондықтан, жемқорлықты түпкілікті жоюдың құпиясын ешкім білмейді. Десек те, жемқорлықпен күресте айтарлықтай нәтижелерге жеткен елдер бар. Мысалы, Грузияның тәжірибесі. Гүржілер өте қысқа уақытта жемқорлыққа жол бермеуі жөнінен Еуропадағы алдыңғы орындардың бірін иеленді. Бұған олар қалай қол жеткізді? Олар нақты, қатаң реформалар жүргізді. Айталық, құқық қорғау органдарының құрамы 88 пайызға жаңарды. Яғни, билікке аса білімді, білікті жаңа адамдар келді. Олардың еңбекақысы бірден өсті. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін тағайындалатын жаза қатайтылды. Әрине, бұл жерде нормативтік-құқықтық базаның маңызы зор. Салыстыру үшін айтайын, бізде жемқорлыққа қарсы сараптама жасайтын ғылыми инс­титут бар. Ол көп жылдан бері жұмыс істейді. Бірақ, сонда да біздің қоғамда жемқорлық азаймай отыр. Яғни, аталған институтты дұрыстап жетілдіруіміз керек. Сонымен бірге, біздің нормативтік-құқықтық базамыз да ұлғайып келеді. Бізде қазір 300 базалық заңдар және 10 мыңнан астам заңнан туындаған актілер бар. Ереже көбейген сайын, жемқорлыққа жол ашатын мүмкіндіктердің де көбейетіні белгілі. Сондықтан, заңымызды ықшамдап, қысқартып, нақтылаған абзал. 

– Қазақстандық кәсіпкерлердің «аяғын тұсап» отырған қандай түйткілдер бар? Шағын және орта бизнестің аймақтарда қа­на­ғаттанарлық деп санауға бола ма?

– Шын мәнісінде түйткіл деген көп. Солардың ішінен үшеуіне тоқталайын. Бірінші түйткіл – адам капиталы сапасының төмендігі. Бұл – біріншіден, кәсіпкерлердің өздерінің және оларға жалданатын жұмысшылардың біліктілігінің жетіспеушілігі. Бұл – объективті процесс. Себебі, біздің нарықтық экономикаға өткенімізге көп уақыт болған жоқ. Біздің қоғамда нақты бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер мен жалдамалы қызметкерлердің табы енді-енді қалыптасып келеді. Сондықтан, көптеген қателіктер, дефолттар, құлдыраулар орын алуда. Объективті факторлармен қатар, кәсіпкерлердің өздерінің басқарушылық қателіктері де орын алады. Алайда, бұл бағытта алға басушылық бары рас. Шынында да ахуал жақсарып келеді. Аталған мәселенің екінші бір құрамдас бөлігі – еңбек ресурстарының сапасының төмендігі. Осы мәселені шешу мақсатында қазір білім берудің қосарланған жүйесі енгізілуде. «Атамекен» одағы» ҚҰЭП мемлекеттің әріптесі есебінде осы жүйені белсенді түрде қолдануда. Үздік мысалдарымыз жетерлік. Мысалы, Шығыс Қазақстанда, Алматы қаласында кәсіпкерлер оқу бағдарламасын жасауға және оқу сыныптарын дайындауға қатысады. Қосарланған жүйенің тұжырымдамасына сәйкес, колледж оқушылары оқу кезеңінің жартысын кәсіпорындарда өткізеді. Тіпті, сол жерде жалақы алып, тәжірибе жинақтайды. Сондай-ақ, 2013 жылдың 22 маусымында «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы» заң күшіне енді. Осы заңда кәсіби-техникалық білім беруді дамытудың тұтас бөліктері кеңінен қарастырылған. Ұлттық палата аттестациялауға және жас мамандардың біліктілігін растайтын кәсіпорындарды анықтауға жауапты. Егер де жоғары білім туралы айтатын болсақ, бұл жерде «Болашақтың» атқаратын рөлі зор. Өйткені осы бағдарламаның нәтижесінде көптеген жастарымыз шетелдердегі беделді жоғары оқу орындарын бітіруде. Көптеген салаларда қазіргі заманғы ғылыми мектептерді, білім ошақтарын бітірген жаңашыл, білікті жастар жұмыс істеуде. 

Кәсіпкерлерді тығырыққа тірейтін мәселенің бірі – ақшаға қол жеткізу. Өйткені олар несиені өте жоғары мөлшерлемемен алады. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» деген бағдарламаларымыз бар. Екеуіне де үлкен үміт артып отырмыз. Екеуінің де негізгі мақсаты – мемлекеттің жәрдемімен кәсіпкерлерді қолдау. Алайда, банк­тер де, кәсіпкерлер де ұзақмерзімдік және арзан несиенің жоқтығын айтып, шағымданады. Біздің пайымдауымызша, монетарлық саясаттың түпкі негізін қайта қараған жөн. Анығырақ айтсақ, екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) ұзақ мерзімдік өтімділікті қамтамасыз еткен жөн. Үшінші түйткіл – бұл мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуы. Қазіргі кезде мемлекет ұлттық компаниялар, олардың «еншілестері», әртүрлі РМК, ӘКК арқылы осы секторға еніп, кадрларды өзіне тартып алуда. Мысалы, «Болашақтың» білікті мамандары жеке меншік секторда емес, жоғары жалақы төлейтін «Самұрық-Қазынада» немесе ұлттық компанияларда жұмыс істегісі келеді. Өйткені жеке меншік сектордың ондай көлемде жалақы төлеуге шамасы жоқ. Тағы бір айта кететін нәрсе, сатып алу деген бар. Мемлекеттің ұлттық компаниялардағы жиынтық сатып алуларының көлемі біздің бағалауымыз бойынша жылына шамамен 70 млрд. АҚШ долларын құрайды. Яғни, мемлекет осындай қуаты арқылы кәсіпкерлік белсенділікті магнитше өзіне тартып отыр. Өнімді еңбек етіп, тауар өндіріп, жақсы қызмет түрлерін ұсынатын, сөйтіп нарықта бәсекеге түсе алатындар өзінің күш-жігерін тендер алуға жұмсауда. Менің ойымша, осы жерде де түйіні тарқатылмаған мәселе бар. Бұған қоса, әкімшілік кедергілерге, жеке меншік құқықтарды қорғауға, рейдерлікке қатысты да мәселелер бар. Оларды шешуге «Атамекен» одағы» ҚҰЭП белсенді түрде ат салысып келеді. 

– Біздің кәсіпкерлік саласындағы саясатымыздың басты міндеті: әрбір қазақстандыққа жеке кәсіппен айналысып көруіне мүмкіндік беру. Мұны іс жүзіне асыруға қаншалықты мүмкіндіктер бар?

– Иә, бұл міндеттің дәл қойыл­ғанына дау жоқ. Осыған орай, қазір біздің Үкімет әрекет етіп, халықты ынталандырып, әрбір қазақстандық жеке кәсіп ашуда өзінің қабілет-қарымын байқап көруіне мүмкіндік туғызуы керек. Менің ойымша, жалпы алғанда еліміздегі бизнес-ахуал жаңадан кәсіп ашуға өте қолайлы. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған жөн. Сіз білесіз бе, бизнес дегеннің өзі – үлкен жауапкершілік. Қарапайым сөзбен айтсақ, қазір екінің бірі өз мойнына жауапкершілік артып, адамдарға жалақы төлеуге, несие алуға тәуекелге бел буа бермейді. Десек те, қоғамдағы белгілі бір адамдардың бойында кәсіппен айналысуға болатын «тамыр» бар. Сондықтан, мемлекет барлық кедергілер мен тәуекелдерді төмендетіп, әр адамның өз кәсібін ашуына жағдай туғызуы тиіс. Ол үшін Start Up деген түсінік бар. Ағылшын тілінен аударғанда «кәсіп ашу» дегенді білдіреді. Қазір ТМД көлемінде стартаптарды насихаттаудың үлкен толқыны пайда болды. Ресейде мұндай қозғалыстар өте көп. Солардың бірі жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға үгіттейтін «Бизнес жастық» деген ұйым. Оған қоса, ағымдағы жылдың қараша айында Ресейде «Стартап» атты толық метражды фильм экранға шығады. Сол фильмде өзінің таланты мен қажыр-қайратының арқасында табысты, бай болған адамның бейнесі суреттеледі. Біз де осыған көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Өткен жылы мамыр айында «Атамекен» одағы» ҚҰЭП-ның жанынан «Атамекен Стартап» қоғамдық қоры» еншілес компаниясын аштық. Ондағы мақсатымыз – жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау. Бүгінге дейін 14 байқау өткіздік. Онда мамандар жастардың қандай да бір бизнес-идеясын үш күннің ішінде іске асыруға жәрдем береді. Үшінші күні, ақтық сында сол жастардың 25 бизнес-идеясы назарға ұсынылып, қазылар алқасы жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болады. Осыдан кейін, олар мәліметтер базасына енеді. Яғни, сол базадағы бизнес-жобаларды бизнес-періштелер клубындағы инвесторлар көреді. Негізінен біз облыс орталықтарын, шағын қалаларды қамтуды ойлаймыз. Биылғы жылдан бастап 7 шағын қаланы қамтымақпыз. Жуырда Үкімет отырысында елімізде шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген ақшаның игерілмей жатқаны айтылды. Әкімдердің айтуынша, үздік идеялар жоқ көрінеді. Сондықтан, мемлекет бұл бағытты қолдамай отыр деуге болмайды. Керісінше, мемлекет әр адамға өзінің кәсібін ашуға грант бөлуде, бірақ оны игергендер саны аз. Менің ойымша, бұл жерде білім, мәдениет және машық жетіспейді. Сондықтан, мемлекет әуелі жастарды кәсіп ашуға оқытып, соңынан іс бастауға мүмкіндік беруі керек. 

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында елдегі іскерлік белсенділіктің жаңа толқынын қалыптастыру үшін «кәсіпкерлік мәдениетін» құру аса маңызды екенін атап айтты. Осыны таратып айтып берсеңіз…

– Өкінішке қарай, менің қолымда шынайы социологиялық деректер жоқ. Кейбір социологтар 90-шы жылдары Қазақстанда кәсіпкерлердің зор беделге ие болғанын айтады. Ол кездегі кәсіпкердің бейнесі мынадай еді: өз мойнына жауапкершілік алатын, тәуекелге баратын және соның арқасында баюға қол жеткізетін адам. Ал қазір жастар арасында жүргізілген сауалнамаға қарап, тек жастардың аз ғана бөлігі кәсіпкер болғысы келетінін көреміз. Шынын айтсақ, жастардың көбісі жоғары жалақы төлейтін мемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда және т.б. жерлерде жұмыс істегісі келеді. Яғни, менің пайымдауымша, кәсіпкердің беделі бұрынғыдай емес. Керісінше, бүгінгі таңда кәсіпкер дегенді қарызы көп, әркім келіп тексере алатын, банкротқа ұшырауға дайын адамдар деп елестетеді. Оған қоса, қазір кәсіп ашып, ауқатты атануың үшін мемлекеттік органдарда сүйеушің болуы керек деген де сыңаржақ көзқарас бар. Енді салыстыралық. Дамыған елдерде кәсіпкерлер дегеніміз – қоғамдық пікірдің көшбасшылары, беделді тұлғалар. Алысқа бармай-ақ, Стиб Джобсты, Билл Гейтсты алайық. Шынын айтсақ, америкалықтар оларға табынады. Сондықтан, кәсіпкерліктің жасампаздық күшін сөзсіз мойындауға тиіспіз. «Кәсіпкерлік мәдениетін насихаттауымыз керек» деген Елбасының сөзіне қосыламын. Кәсіпкерлік қанатын кеңге жаюы үшін, ең алдымен кәсіпкерлік культін, яғни, мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Соның ішінде, «Атамекен Стартап» сияқты қарапайым бастамаларды да қолдағанымыз дұрыс. 

– Қалай ойлайсыз, қазақ­стандықтар болашақта табыс­ты кәсіпкерлердің ұлтына айнала ала ма?

– Әлбетте. Біздің басқа таңдауымыз жоқ. Жер бетіндегі әр ұлттың өзінің ұлттық ерекшеліктері, мінез-құлықтары бар. Оның ішінде жағымдысы да, жағымсызы да бар. Біздің жағымсыз мінезімізді өзімізден артық ешкім білмейді. Ол туралы өз заманында ұлы Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Алайда, уақыт өткен сайын, бәрі өзгереді. Өз басым бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып, зауыттар ашып, елдің игілігіне жұмыс істеп жүрген көптеген жас, білімді, қажырлы қазақстандықтарды білемін. Мысалға, бірде Алматыда екі зауытқа жолым түсті. Біріншісі – жаңадан салынған. Өзінің бар күш-қуатымен жұмыс істегеніне 5 жыл толыпты. Ол зауытта шыны шығаратын қазіргі заманғы ең жаңа құрал-жабдықтар қойылған. Шынымды айтсам, мұндай жабдықтар ТМД шеңберінде тек 2-3 зауытта ғана бар. Оған қоса, өндірілетін өнімге жапондық сапа жүйесі енгізілген. Бұл өндірісте артық шығын жоқ. Барлығын ұқыптап пайдаланады. Техника қауіпсіздігі толығымен сақталған. Яғни, барлық жерде темірдей тәртіп пен қатаң тазалық. Содан кейін біз бір ескі кеңестік зауытқа бардық. Ол да қалыпты жұмыс істеп тұр. Бірақ, онда мүлдем басқа мәдениетті көрдік. Өйткені ол зауытты «қызыл» директорлар басқарады екен. Міне, нақты көрсеткіш. Жалынды жастар өздерінің мақсат-мұраттарын жүзеге асыру үшін, істі нөлден бастаған. Міне, осыған қарап-ақ біз «табысты кәсіпкерлердің ұлтына айналамыз» деп нық сеніммен айтуға болады. 

Одан бөлек, Қазақстан, Ресей және Беларусь бірігіп құрған Кедендік Одақтың шеңберінде 170 миллион адамды қамтитын алып нарық пайда болды. Осы нарық та біздің өндірісімізді ынталандыра түсуде. Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанда жеңіл автокөлік құрастыратын 7 өндіріс ошағы болады деп кім ойлаған?.. Айтпақшы, қазір өзіміздің автокөлік өнеркәсібімізді құруға керемет мүмкіндік туып тұр. Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді экспортқа шығару жос­парлануда. Келесі жылы экспорттау жоспары 10 есеге дейін өсуі мүмкін. Бұлардың барлығы – жаңа нарықтың мүмкіндіктері. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 

Таңатар Табынұлы