АЛЫП АЛАҢДАғЫ АЖАРЛЫ ІС
АЛЫП АЛАҢДАғЫ АЖАРЛЫ ІС
Өткен ғасырдың 50- жылдарынан бастап қара алтын – мұнайымен және төскейді тұтас жайлаған төрт түлік малымен даңқы жайылған Маңғыстау бүгін индустриялық-инновациялық дамуды мақсат еткен тәуелсіз Қазақстандағы алып өндіріс, құрылыс алаңдарының біріне айналды. Түбекте ұлутас өндіретін карьерлер саны артып, цемент, өндірістік және тұрмыстық мақсатта қолдануға жарамды пластик құбырлар, бетон жабындылар, өзге де алуан түрлі бұйымдар өндіру және бұзылған құрылғыларды жөндеумен айналысатын арнайы орындар ашу жұмыстары қолға алынуда. Бұрын көк теңіз үстінде жүйткіген бір кемеден сәлдей ақау табылса, шетел асып қыруар қаражатты шығындап, жамап-жасқап келетін. Енді мұндай тірліктердің бәрі өз елімізде, кемелер мекені – Маңғыстаудың өзінде жүзеге асатын болады. Мұнайы мол өңірдегі айтуға тұрарлық жақсы істердің бірі – Шетпедегі цемент зауытының құрылысы.
Маңғыстау облысындағы ең көне аудан – Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе шәрі шағын да болса, шырайына шырай қосып, заман талабына сай түрленуге ұмтылған мекен. Бір қызығы, маңайына Қаламқас, Қаражанбас, Қарақұдық секілді белгілі кен орындары топтасқан аудан орталығының өзінде ірі кәсіпорын жоқ болатын. Өңірдің индустриялық-инновациялық жобалар санатына кіретін зауыт құрылысы Шетпедегі алғашқы ең ірі кәсіпорын болғалы тұр. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші «Каспий Цемент» ЖШС цемент өндіруге қолайлы жер деп таңдауын осы Шетпенің шеткі тұсына түсірген болатын. Өйткені зауытқа цемент өндіруге қажетті шикізаттарды оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарынан тасымалдау тиімді. Қазір құрылыс жұмыстары бірыңғайланып, халық игілігіне тапсыру межесіне таяп қалған құрылыста кен орындарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Бұл үшін тау-тас пен кедергілерді бұзып-жарып өтетін 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмысқа кіріскен.
Алдын ала қай істе ненің ұтымды екенін ескеріп, тиімділігіне мән берген, сол арқылы алдыңғы кезекте жасалуы тиіс жұмыстарды жүзеге асырып алғандар көп кедергіге кезікпейді, уақыттан ұтылмайды. «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы кейінгі қыруар жұмыстарға өз әсерін тигізбеуі үшін алдымен зауыт маңының инфрақұрылымын жүзеге асырды. Ұзындығы 6 шақырымдық темір жол төселіп, станса беттегі темір жол желісі жөндеуден өтті, электрмен жабдықтау орталығының құрылысы қолға алынды. Су мәселесі өте өзекті болып табылатын Маңғыстауда қандай жұмыс үшін де алдымен жеткілікті су көзін табу немесе ыңғайлы тасымалды ұйымдастыру аса маңызды. Сондықтан артық су қоры шамаланып, жер асты су көздерін пайдалану үшін 7 ұңғыма қазылды, сондай-ақ су дайындау нысанының құрылысы қолға алынған.
Цемент зауытында еңбек ететін жұмысшылар үшін 150 орындық вахталық кент салынды. Құны 100 млн. еуро құраған алып зауыттың құрылыс жұмыстарына 800 адам тартылған, ал өз қуатына енген сәтте 300 жанды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Зауыт цемент өндіруге қуат көзінің аз жұмсалуына мүмкіндік беретін заманауи технологиямен жабдықталуда. Цемент дайындауда германиялық технологияны, нақтырақ айтсақ құрылыс жұмысына қатысушы «HeidelbergCement» компаниясының іс-тәжірибесін басшылыққа алатын зауыттың өнімі алуан түрлі құрылыс жұмыстарына лайықты болмақ. Негізгі ұстанымы Қазақстанның батыс аймағын сапалы цементпен қамтамасыз ету болғанмен, «Каспий Цемент» ЖШС басшылығының жобалауынша, жылына өндірілген 1 млн. тонна цементтің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы Әзірбайжан, Ресей нарығына шығарылатын болады. Қазір жер-жерде құрылыс көп, демек цемент ауадай қажет. Сол себепті цемент өндірушілер де жоқ емес. Сондықтан Шетпеден шыққан цементтің отандық тұтынушылармен бірге іргелес шетелдер нарығына шығуы өндірушіге көп жауапкершілік жүктейді. Өзге цементтермен салыстырғанда сапасы, яғни бәсекеге қабілетті болуы ғана кез келген өнімнің өміршеңдігінің, жұмыстың қарқындылығы мен табыстылығының кепілі. Шет жұрттың құрал-жабдықтарымен, өзгелердің әдісімен талапқа сай, тұтынуға төзімді сапалы цемент өндіру үшін мамандар дайындау – барынша маңызды жұмыс. «Каспий Цемент» ЖШС бас директоры Абдурахман Зурабовтың айтуынша, олар маман дайындау ісін құрылыс жұмыстарымен бірге қолға алған. Маңғыстау ауданы әкімдігі мен Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп Шетпе кентіндегі техникалық колледж базасында болашақта зауытта еңбек ететін мамандарды германиялық мамандардың оқытуына арнайы бағдарлама жасады. Болашақ мамандар өткен жылдан бастап Ресейдің Белгород, Тула, Стерлитамак, Брянск қалаларындағы зауыттарда, техникалық жоғары оқу орындарында, Қазақстанның Өскемен қаласындағы цемент компаниясы базасында түрлі тақырыптарда тәжірибе жинақтап, білім алуды дәстүрге айналдырған. Ауылдан бір жұмыс орыны ашылса, алдымен жергілікті тұрғындар қуанады. Оның жөні де бар. Отбасының бір мүшесіне жұмыс табылса деген ой, үміт. Ресей асып, Өскемен барып білім жетілдіріп жүргендер арасында шетпеліктер де жоқ емес. Бұлардан басқа келешекте маманға тарығып қалмау үшін «Каспий Цемент» ЖШС Маңғыстау облыстық білім басқармасымен және Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжімен кәсіби маман дайындау бағытында келісім-шартқа отырып қоюды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Цемент зауыты қолданысқа беріледі деп жоспарланған 2013 жылдың желтоқсан айы да қыр астында тұр. Көпшілік көкейінде Шетпеден шыққан цемент ел экономикасын көтеруге, өңірдің өркендеуіне және ауыл-аймақ тұрғындарының тұрмыс ахуалының жақсара түсуіне жағдай жасайды деген үміт көп.
Асыл МҰРАТТАС