КӨБЕСІНЕН ҚАН ШЫҚҚАНША АЛЫСҚАН
КӨБЕСІНЕН ҚАН ШЫҚҚАНША АЛЫСҚАН
Қазіргі таңда аты әлемге әйгілі ғұлама ғалымдар, қоғам мен өнер қайраткерлерін берген түркі жұртының өзіндік тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен болмыс-бітімінің ерекшелігіне қызығушылық артып отыр.
Бір кездері әртүрлі тарихи себептермен өздерінің түпкі Отаны, қарашаңырағы ежелгі Тұран өңірінен, қазіргі қазақ жерінен ауа көшіп, Еуразия құрлығына тарыдай шашылып кеткен түркілер 200 миллионнан асты.
Алып Еуразия құрлығы секiлдi ұлан-байтақ өлкеде шашырай қоныстанған түркi халықтарының тағдыры әрқалай қалыптасқандықтан, сан жағынан олар бiр-бiрiнен қатты алшақтанады. Заманында iргелi ел болып келген қайсыбiр түркi ұлыстарының құрып кетуге шақ қалып, бүгiнгi күнге өте аз санмен жеткенi де ақиқат шындық. Талай ауыр кезеңдi, қиын-қыстау заманды бастан кешiрiп, тағдыр тауқыметiмен тоз-тоз болып, иелiк еткен жерiнен айрылып қалған түрiк тайпаларының рухани болмысы мен халықтық сана-сезiмiнiң жұқара бастаған кезi, игi дәстүрiнен көз жазып қала жаздаған тұсы, бiр халық ретiнде қалыптасудың аз-ақ алдында тұрған жұрттардың бөлек ұлыс болып, ажырап кеткен кезi аз болған жоқ. Ежелгі түркі көшпенділері Орталық Азияда қазіргі европалықтар мен орыстардың арғы ата-бабаларының түсіне кірмей тұрғанда-ақ, алғашқы мемлекетті құрғанын тарихшылар дәлелдеп қойған. Атап айтқанда, жыл санауымыздан бұрынғы 209 жылы шаңырақ көтерген Ғұн мемлекетінен бастасақ, көшпенді түркілердің ел билеп, өкімет құруының 2200 жылдан астам тарихы бар ежелгі халықтардың бірі екенін айғақтайды. Тамыры терең жатқан түркі халықтарының төл тарихында дүниені дүбірлеткен қыпшақтардың алатын орны ерекше. Көне тарихымызда небір жарқын беттер қалдырған ерлігі ерен, өнері өрісті, мәдениеті мәуелі Қыпшақтар талай ауыр кезеңді бастап өткеріп, Дешті қыпшақ даласынан біртіндеп жылыстап, Жерорта теңізіне дейін жетті. Түркі халқының коғамдық, әлеуметтік жағынан дамып, өркендеуіне көшпелі моңғол тайпаларының шапқыншылығы орасан зиянын тигізді. Әсіресе Шыңғыс хан әскерлерінің шапқыншылығы жаулап алынған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат болды; ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын ұзақ уақытқа тоқыратты. Сібір хандығының соңғы билеушісі Көшімнің орыс басқыншыларымен соғысы он жеті жылға созылды. Көшімнің әсіресе ешуақытта ұмытуға болмайтын үлкен еңбегі – орыс отаршыларының қазақ еліне кіруін бір ғасырға тежеді. Бұрындары түркі халықтары көшпелі өмір сүріп, дамымай қалған деген біржақты пікір айтылып келсе, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, арасынан Әл-Фарабидей ұлылар шыққан, есте жоқ ерте кезден-ақ білімі, ғылымы, мәдениеті дамыған, бір кездерде қоғамдық дамудың көшін бастап, адамзат қоғамының жетіле түсуіне айтарлықтай үлес қосқандығы мойындала бастады. Өкінішке қарай, шығыстан басталған толассыз шапқыншылық салдарынан көшпенді тұрмыс кешуге мәжбүр болған түркілердің пешенесіне әу бастан-ақ артта қалушылықты жазып қойғандай. Көшпелі өмір – ауыр өмір. Малдан басқа дәулеті жоқ халық кедей болды. Әр алуан өндірісі, білім ордасы, мәдени мекемесі болмағандықтан, халық даму, өркендеу мүмкіндігінен ада болып, ғасырлар бойы тоқыраумен болады. Азиядағы керемет монументтерді түркілер еншісіндегі дүниелер деп атауға болады. Олар Исфахандағы үлкен Жұма мешіті, Түркістандағы Ахмет Иассауи кесенесі, Аградағы Тәж-Махал, Самарқандтағы Регистан және Стамбулдағы Сүлеймен мешіті т.б. Үндістанның қоғам қайраткері Джавахарлал Неру түркілердің қала салу өнерін атап өткен. Түркі мінезі мен болмысындағы басты ерекшелікті батыс ориенталистерінің атап өткеніндей, алдында жолбарыс тұрса да ығыспай ұстаса кететінін ер халықтың бір нәрсені жақсы көрсе, тұла бойымен омырала құлайтын, өзінікінен бұрын өзгенікі үшін кеудесіне жан, көбесінен қан шыққанша алысатын жампоздығын тарихтан мысал алып жазып кеткен. Өзіндік болмыс бітімімен тұлғаланып тұратын түркі халқы өзгелерге қарағанда, өте қарапайым, қайырымды келеді. Қонақжай, достыққа берік, тумысынан әдепті болып тәрбиеленеді. Сұраған мұқтажына риясыз жауап беріп, қолұшын беруге әзір тұрады деген пікір қалыптасқан. Отарлаудың зардабын шегiп, тарыдай шашылған түркi халықтарының сан ғасыр бойы басы қосылмай келдi. Сыртқы жаулардың үздiксiз жүргiзген шапқыншылығы мен жымысқы саясатынан қайсыбiр түркi халықтары өз атамекенiнде азшылыққа айналып отыр. Өткеннiң тағлымынан сабақ алмай, оның өзектi өртер өкiнiштерiн көңiл таразысына салып сараламай, келешектi бағдарлай алмаймыз. «Бiрлiктен асқан береке жоқ» дейдi халқымыз. Бәрiнен де соған ақау түсiрмеген абзал. Дәтке қуат болар нәрсе – кiндiк Азиядағы бес түркi халқы ежелгi арманына жетiп, бодандықтан құтылып, азат ел ретiнде тәуелсiздiктiң туын тiгiп, дүниежүзiлiк қауымдастықтың терезесi тең мүшесiне айналды. Осылайша төрт ғасыр бойы жалғызсырап келген Түркияға бес егемен түркi елi қосылды. Дана бабаларымыз бірліктен қалған жұрттың тірліктен де үміті үзілетінін қадап айтқан. Барымызды ұқсатып, жоғалтқанымызды iндету үшiн, дәстүр жалғастығының тиiстi деңгейде болуы қажет, бауырластық пен ынтымақ керек. «Бiрлiгi бар елдiң тiрлiгi де түзелмек», – дейдi халқымыз. Қолдың саласындай боп, қатар, тығыз тұрғанды жат та болса сыйлайды. Ал сол бiрлiктiң жолы қандай? Жер, ел, тiл, дiнiмiз бен дiлiмiз, көне тарихымыз бен салт дәстүрiмiз – ең киелi, қасиеттi ұғым, әр халықтың қастер тұтар мұраты, ұлттық идеологиямыздың аса маңызды тармағы, туыс халықтарды байланыстыратын күре тамыры. Рухы биік елді ешкім де, еш қиындықта жеңе алмайды. Туыс халықтарды рухани жақындастыру баршамыздың міндетіміз деп жүрміз. Түбі бір түркі әлемі жеке-жеке бөлініп кетпей, біріккенде ғана жаһандану кесапатынан аман қалмақ. Ұлттық рух – тарихи санамен бірге дамып, өсіп жетілген ұлы құндылық. Сөз жоқ, рухы кем ұлтта бірлік, тұтастық болмайды. Алауыз ел қашанда кері кетуге бейім. Сатқындық, қорқақтық, жемқорлық, дүниеқоңыздықтың бәрі – рухани азғындық. Демек туыс халықтарды рухани жағынан жақындастыру – баршамыздың міндетіміз. Өйтпесек, шықсақ – шығар тауымыз бір, жығылсақ – жатар шұңқырымыз бір, бір ауызды, бір тілекті, біртұтас ел бола алмаймыз. Ұлы Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп болашаққа көбірек үміт артып айтқан секілді. Бар өмiрiн туған елiнiң жарқын болашағы үшiн күресуге арнаған Ата Түрiктiң, қазақтың ержүрек ұлы Тұрар Рысқұловтың «Түрiктiң түрiктен басқа досы жоқ», «Түркi тiлдес түгел бол» деген аталы сөздерi түркi халықтарының шын мәнiндегi тәуелсiздiкке, егемендiкке ұмтылған бүгiнгi тарихи кезеңiнде туысқа туыстың қол созуына үндеген ұранындай естiледi. Туыс халықтарды тонның iшкi бауындай жақындастырып, мақсаты ортақ, мүдделес жұрт етудiң басқа бiр елге қарсы бағытталмайтыны түсiнiктi. Сондықтан түркi мемлекеттерiнiң жақындасуын әлдебiреулердiң байбалам салып, этникалық бөлектену деуiнде еш негiз жоқ. Керiсiнше, бұл – экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың жандануы, аймақтағы бейбiтшiлiк iсiне қызмет ету, әлемдiк өркениет көшiне қосатын күш. «Еркіндік қайда болса – елдік сонда». «Егемен болмай ел болмас» дейді халық даналығы. Түркітілдес елдердің ынтымағы мен ауызбіршілігін арттыру арқылы олардың этногенезін, әдебиеті мен мәдениетінінің тұтастығын зерттеп, мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтудың маңызы айтылып жүр. Соған орай 1993 жылы Алматы қаласында алты егеменді түркі республикасы арасында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымын құру жөніндегі келісімге қол қойылды. Бүкіл түркі жұрты бірлігінің балама атауына айналып отырған аталған ұйым туыс халықтардың тілін, дінін, ділін қазіргі ұрпақтың санасына сіңіріп, бірлесе дамытып, сақтау секілді игі мақсатқа баршамызды жұмылдырмақ. Қазіргі ұрпаққа түркі халқының күллі әлемге із қалдырған көне тарихына тереңірек үңіліп, шыққан тегін, ғибратты кәсібі мен салт-дәстүрін таныстыру арқылы оларды рухшыл, отаншыл, ұлтжанды етіп тәрбиелей аламыз. Бұл ұйым татулық пен тұрақтылық негізінде бүкіл түркі дүниесінің мүддесіне орайлас әлемдік өркениеттегі оның орнының берік болуын қамтамасыз етпек. Түркі халықтарының мәдени-рухани тұтастығын тереңдетуде ортақ әдет-ғұрыпты жандандырудың атқарар қызметі айрықша. Халықтық қалпымызды айғақтайтын салт-дәстүріміздің байыбына барып, оны адамзаттық игіліктің озық үлгілеріне сәйкестендіріп жетілдіре түсу – қазіргі ұрпақтың перзенттік парызы. Салт-дәстүр дегеніміз – халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі. «Халқым қандай десең – салтымнан сынап біл!» дегендейін, салт-дәстүрлерден этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, сондай-ақ жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды-жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары байқалып тұрады. Атақты Пифагордың «жақсы қабылданған заңнан жақсы салт-дәстүр артық» деп айтқанындай, салтынан айрылған жұрт халықтық қалпынан да айрылады екен. Өмiрдегi бар сүреңсiздiк, адам бойына көлеңке түсiретiн бүкiл жаманшылық атаулы ата салтына, елдiк дәстүрiне салқындықтан екенi белгiлi болып отыр. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, өз жұртының қадiр-қасиетiнен мәлiмет беретiн ғұрпын қасиеттеп, оған мейлiнше құрметпен қарау – ұлтымызға, елдiгiмiзге сын. Тыңдар құлаққа, көрер көзге, сезiнер жүрекке танымал, басқа елдерде жоқ дәстүр өрнектерi, ортақ мұралары, тұрмыс-тiршiлiгiндегi керемет салт-ғұрпы мақтаныш сезiмiн тудырып, жұртшылықты жалпы түрiктiк отаншылдық пен елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды мiндет атқармақ. Түркі тектес елдердің түпкі тарихы ортақ болғандықтан, олардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де бір-біріне жақын, ұқсас. Туыс халықтарға ортақ мұндай салт-дәстүр – сарқылмайтын қазына. Түркі халқының ұлттық мінез-құлқы мен тәлім-тәрбиесінің, салт дәстүрінің шетелдіктерді сүйсіндірген түріне олардың қонақжайлығы, үлкенді сыйлағыштығы, достыққа беріктігі, балажандығы, туыстық қарым-қатынасының ойдағыдай болуы, бар ықыласымен сәлемдесуі т.б. жатады. Ерте заманнан түркі ұлыстары ұлдарын ер мінезді, өжет, намысшыл етіп, қыздарын нәзік жанды, қылықты етіп өсіруді мақсат тұтқан. Үлкенді құрмет тұту – түркі халықтарының ең қымбат дәстүрі. Біз ақсақал мен кейуана ананы сыйлап өскен халықпыз. Ақсақал абыройы дегеніміз қылаусыз аппақ қармен тең. «Үлкеннің тілін алмаған – үйдей бәлеге жолығады», «Жас албырттығын істейді, кәрі ойланып қимыл жасайды». «Жастары милы елдің қарттары сыйлы». «Қарттарын сыйлайтын елдің адамдары көп жасайды» дегенді бабаларымыз қадап айтып кеткен. Ата-бабамыздың уақытында салт-дәстүрімізді айрандай ұйытып ұстаған тұста түркі ауылының бірде-біреуінде жесірін жылатып, аруын оң жақта ұстап, ер-азаматын аяқтандырып отау етпеген қасірет болмаған. Түркі халықтары жетімін де, жесірін де қолдап-қорғап, қамқорлығына алған. Бүтінді бөліп жеп, жартыны жарып жеп, бірін бірі жеткізген. Сондай-ақ ұлт пен дін тұтастығын сақтау түркі елдерінің іргесін бекітіп, нығайта түспек. Дінсіздік – үлкен қасірет. Өйткені дінсіз ортада рухани-адами құндылықтар өз маңыздылығын жояды. Түркі халқы үшін «діннен безген», «құдайсыз», «ант атқан», «кәпір» дегеннен ауыр сөз жоқ. Ислам діні – туыс халықтардың біртұтас мәдениеті мен өркениетіне тегеурінді ықпал еткен аса маңызды тетіктің бірі болғандықтан, бұл дінді қабылдау олардың рухани өміріндегі ең айтулы кезеңіне жатады. Қазіргі таңда болашаққа нық сеніммен қарау үшін түркі жұртына діни бірлік қажет-ақ. Ер мен әйел – отбасының іргетасы. Бұл іргетас үйленумен құрылады. Алланың осы дүниедегі нығметінің ең қайырлысы – жақсы жар. Халқымыз бұрын қыздары секілді ер балаларын да «он үште отау иесі» деп ерте есеюге бейімдеп, алған жарын сыйлауды жас кезінен үйреткен. Балаларын уақыт оздырмай ертерек аяқтандырудың маңызын күнделікті тіршілікте, медицина да айғақтап отыр. Жарды туыс, жақын емес, алыстан, басқа елден, өзге рудан таңдау қажет. Бұл баланың денсаулығының мықты әрі сымбатты болып туылуына себеп болады. Мұхаммед пайғамбарымыз жақындар мен туыстық байланысы барлардың қосылуларынан сақтаған: «Туыстарды некелестірмеңдер, шындығында олардан туылған бала әлсіз, қабілеті нашар болып туылады». «Алыстан алыңдар, ұрпақтарыңды әлсіретпеңдер». Жыныстық тәрбиеде қыз баланың өз арын сақтай білуінің маңызы зор. Біз ибалы да инабатты, тәлім-тәрбиелі де парасатты, өнерлі де өнегелі қыз өсіру арқылы халықтың ұрпағын тәрбиелейміз. Әр отбасының бірлігі – ел бақыты. Отбасы бақыты татулықта. Отан отбасынан басталатындықтан, жанұяға қатысты келеңсіз жағдайға кейінгі кездегі қыры кеткен тәрбиенің және салт-дәстүрдің шырқын бұзған ғаламдық үрдіс пен жаһандық өзгеріс себепкер деушілер бар. Халқымыздың өткеніне көз жүгіртсек, рухы мықты түркі ұлыстары жетімін далаға тастамаған, жесірін жылатпаған, оларды жат қолына бермеген. «Жетімді жебеп жүру – әр азаматтың борышы», «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген сөз бар қазақта. Түркі халқы ертеден-ақ ұлын тәрбиелі жерден үйлендіріп, отбасы, ошақтың мықты болуына мән берген. Баяғыда ата-аналар бір аттаған босағадан қайтып шықпа дейтін. Ұлттық тәрбие мен ұлттық сананың әлсіреуі кесірінен салт-дәстүр мен ата-бабаның абзал ұстанымынан көз жазып қалу қайсыбір елде ажырасудың басты себепкеріне айналып отыр. Соңғы кездегі исі түркінің бірлігіне кедергі болатын қиындықтардың ең бастысы тіл мәселесі екені жиірек еске алынып жүр. Түп негізі бір, тілегі ортақ түркі жұртын көбіне-көп бір-бірімен қиналмай ұғысатын тіл ғана жақындастырмақ. Сөз өнерін қастер тұтқан түркі халқы тілінің нәрі мен қасиетін бойына сіңірген ортақ әдеби тіл – туыс халықтарды ынтымақтастыратын алтын көпір. Жiк-жiкке ажырамай, қиын-қыстау заманда өзiндiк этникалық тұтастығын сақтап қалған түркi халықтары сан жағынан да өз мәнiнде өсе алды. Шыққан тегi, түбi бiр туыс тайпаларды өз төңiрегiне ұйыстырып, бiр этнос ретiнде тануда түрiк, өзбек, әзірбайжан халықтарынан үйренетiн нәрсе баршылық. Түркияда бiз бiр атаның ұрпағымыз, бiр тамырдан тарағанбыз деп, туыс халықтарды бөле-жармай, бiр ғана түрiк атауына сыйғызады екен. Жақсыны сақтайық, кемшіліктен арылайық. Өзгенi сыйлай бiлiп, өзiн-өзi сынай бiлген – жарты құдай дейдi халық даналығы. Осымен байланысты түркi жұртының бiртұтас мәдениетiне, азаматтық арына, ұлттық салтына, халықтығы мен отансүйгiштiк рухына сын келтірер кейбiр жәйттер де жоқ емес. Халықтың рухани тiршiлiгiнде, оның музыкасында би өнерiнiң атқарар қызметi мен алатын орны айрықша зор. Әр халықтың үш тiлi бар. Олар – сөйлеу тiлi мен музыка тiлi, сондай-ақ би өнерi» дейдi шығыс нақылы. Демек әр ұлт пен ұлыс өзiнiң жан дүниесiн, ой-сезiмiн ән-жыр арқылы ғана емес, әсем ырғақпен, жарасымды темпераментпен орындалатын би өнерi арқылы да бейнелеп жеткiзедi. Ән – көңiлдiң ажары болса, би өнерi де көрермендi бей-жай қалдырмай, өзiнiң құпиялы кереметiмен жан сезiмiн баурап алатын тұтас бiр сиқырлы әлем. Мұны айтып отырған себебiмiз, қиын-қыстау жағдайдан көз ашпаған қайсыбiр түркi халықтары көнеден жеткен ата-баба өнерiнен көз жазып қалуға шақ қалған. Би өнерiн өз мәнiнде дамытпайынша ешбiр халықтың рухани мәдениетi, музыка мәдениетi жан-жақты дамығанын айғақтай алмаса керек. Тағы бiр айтарымыз, мұсылмандықтан алыстататын жымысқы жау – iшiмдiк. Түркi халықтары үшiн ислам дiнiнiң ықпалды тұсында «харам» деп татып алмаған, ақ тiлектi ақ дастарханға жолатпаған арақтан, бүкiл спирттiк iшiмдiк атаулыдан өсер ұрпақты сақтандырудың өмiрлiк маңызы бар. Ұлттық жаратылысымызға, елдiгiмiзге, отансүйгiштiк рухымызға сын, түрiктiк әрi мұсылмандық болмысымызды аяқ асты ететiн арақ-шараптың бiздiң халыққа қол емесi, атамыздың асы емесi анық. Өкiнiшке қарай, қайсыбiр түркi халықтарында iшкiлiкке әуестенушiлiк орын алып отыр. Арақты қолына шам алып жүрiп iздесең де таппайтын елдердің дiншiлдiгi, жастарының тәлiм-тәрбиесi дәл баяғысынша түзу де сыпайы. Неке бұзу, бала шектеу, қарттар үйi, тастанды бала дегендi олар бiлмейдi. «Ақсақалдар алқасы», «Мұсылман әйелдер қауымы» секiлдi ұйымдар ұлтымызға дерт боп жабысқан iшiмдiкпен пәрмендi күрес жүргiзе алады деп сенемiз. Намысшылдығымен, ержүректiлiгiмен әлемге әйгiлi түркi жұртын бағындыру, тiптi түп-тұяғымен жойып жiберудiң жат елдiк отаршылар үшiн ең бiр таптырмас амалы олардың арасына iрiткi салу едi. Туыс халықтарды бiр-бiрiне айдап салып, қара судан қаймақ айырып келген сырт жауларымыздың тiмiскi әрекетiнен дiнiн жойып, дiлiн алдырған, ақыр соңында тарих сахнасынан жоғалып кетуге шақ қалып, басынан бағы, астынан тағы тайған халықтардың аянышты халi – өсер ұрпақ үшiн сабақ. «Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдептен», – дегендей, бұл мақаладағы бiздiң айтпағымыз – жақсыны сақтайық, жамандықтан арылайық деу. Ата жолын қуып, ата-баба аманатын есте тұтып, ұлттық мүдденi дұрыс түсiнiп, игi әдет-ғұрпын қастерлеп, абзал ақыл, келелi кеңеске құлақ асып, берiк достықта тұрғай. Алла нәсiп қып, ХХI ғасыр – түркi мемлекетi мен халықтары үшiн аса iрi тарихи өзгерiстер, шарықтап даму ғасыры болғай!
Сейдін Бизақов,
этнограф, филология ғылымының докторы