Жаңалықтар

АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСТЫҢ АЗАМАТТЫҚ ФОРУМЫ

ашық дереккөзі

АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСТЫҢ АЗАМАТТЫҚ ФОРУМЫ

Ақтау қаласында Үкіметтік емес ұйымдардың VI облыстық Азаматтық форумының өтуіне «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі мұрындық болды. Маңғыстау облыстық әкімдігінің қолдауымен өткен форумға Маңғыстау облысының әкімі А.С.Айдарбаев, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» вице-президенті С.Рахымбекова, қала, аудан әкімдері, мемлекеттік орган басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, саяси партиялар, кәсіподақтар, діни ұйымдар, республикалық және халықаралық ұйымдардың, отандық және шетел бизнес компанияларының өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы аумағында жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар саны 60-тан астам. Билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы ын­ты­мақ­тастықтың жаңа бағыттарын айқындау, оңды өзгерістерді көрсету мақсатындағы Форумда сөз алған Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев ҮЕҰ-дың мемлекеттік-әлеу­меттік тапсырысты орындау бары­сындағы белсенділігі арту үстінде екендігіне тоқталды.

– Он жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдар қажетті тәжірибе жинақтады, беделді, танымал ұйымдарға айналды. Әрине, мұнда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекетпен байланысын нығайтуға бағытталған заңдардың жетілдірілуі және қаржыландыру мәселесінің оң шешілуінің де әсері бар. Осыдан он жыл бұрын Үкіметтік емес ұйымдарға тапсырыс үшін бөлінген қаржы 2 млн.-нан 162 млн. теңгеге жетті. Оның ішінде 150 млн. теңгені облыстық бюджет бөліп отыр. Өңірдегі өзекті боп саналатын дәрігерлік қызмет көрсету сапасы, кәсіпкерлікті дамыту, мәдени-тұрмыстық ахуал, жұмыспен қамтылу жайының барлығына Үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысып келеді, –деді аймақ басшысы.

Форумда тұрғындардың әлеу­мет­тік мәселелерінің түйінді тұс­тарын тарқату мақсатында жасалған жұ­мыстар ортаға салынды, келе­шекте жасалуы тиіс шаруалар да та­сада қалған жоқ. «Бизнестің кор­поративті жауапкершілігі», «Қоғамдық мониторинг жүйесін дамыту», «Үкіметтік емес ұйым­дар­дың аймақтық дамуға және жер­гілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы» та­қырыптарды көтерген дөңгелек үс­телдер ұйымдастырылып, қа­ты­сушылар бітірген жұмыстарын, түйген тә­жірибесін жиынға қатысушылар назарына ұсынып қана қоймай, өт­кір мәселелерге қатысты ұсыныс-пікір­лерін бөлісті, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі, қоғамдық ұйымдардың аймақтың қоғамдық-саяси өміріне араласуы, мониторинг жүйесін дамыту, бизнес компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестік жобалардың аймақ үшін маңызы, жергілікті билік пен ҮЕҰ-дың өзара ықпалдық және ынтымақтастықты дамыту тәжірибесі тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.

Билік пен халық арасындағы көпір саналатын ҮЕҰ жұмысының ке­ле­шек­тегі қарқыны өткенінен де екпінді болмақ. Форумды ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар сөзінің тоқ етері осыны аңғартты. 

Асыл МҰРАТТАС