ЖАС ТОЛҚЫН ЖЫРЛАРДЫҢ ЖАҢБЫРЫ

ЖАС ТОЛҚЫН ЖЫРЛАРДЫҢ ЖАҢБЫРЫ

ЖАС ТОЛҚЫН ЖЫРЛАРДЫҢ  ЖАҢБЫРЫ
ашық дереккөзі
Поэзия – мөлдір әлем. Осы әлемде қанат қағамын деп талпынған жас ақындар тобы Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» бас қосты. «Қазіргі заманғы жастар әдебиеті» деген тақырыпта өткен шеберлік сыныбының соңы жас таланттардың жыр кешіне ұласты. Поэзия кешіне жас өрендеріміз еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Кештің шымылдығын  Жанарбек Әшімжан ашты. Белгілі қаламгерлер жас әдебиетшілермен дәстүрлі түрде жүздесіп отырады. Бұл кеш осындай  дәстүрлі жиындардың бірі деп атап өтті. Одан кейінгі сөз кезегін алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы жас әдебиетшілерге сәттілік тілеп, өлеңнен шашу шашты.  Белгілі ақын Бақыт Беделхан да жастарға ақ тілегін арнап, баспадан жаңа шыққан жыр жинағын сыйға тартты. Өз кезегінде  Мақпал Жұмабай, Салтанат Смағұлова, Құндыз Жұбай, Сәуле Нысанбек, Бекзат Смадияр, Хамит Есаман, Алаш Тұрсынәлі, Саян Есжан, Нұржан Қыдырәлі, Табиғат Абаилдаев сынды жас ақындар көпшілікті өз шығармашылығымен таныстырды. Жастардың шеберлігіне Исраил Сапарбай, Бауыржан Жақып секілді белгілі әдебиет тұлғалары баға берді. Қазақ баспасөзіндегі жастар әдебиеті турасында «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Бағашар Тұрсынбайұлы сөз қозғады. «Газет бетіне әр аймақтағы жас ақындардың туындыларын үзбей жариялауға тырысамыз. Алдағы уақытта үш жас ақынның өлеңі мен сол автордың шығармасына берілген белгілі қаламгердің бағасын қатар жариялауды қолға алмақпыз»,– деді ол. Бүгінде «Жас толқын» сериясы бойынша кітап шығарып жүрген жастардың кезігетін кедергілері жайында да сөз болды. Баспа үйлері он баспа табақтан кем жазбаларды қабылдамайды, ал поэзия әлеміне енді ғана аяқ басқан жас қаламгерлер үшін бұл қиындық туғызатыны жасырын емес. Қазір жас ақындар жыр жинақтарын шығара алмай қиналып жүргендігі де әңгіме болды. Жастар прозасы жайында жоғарыда аталған басылымның тілшісі, жас жазушы Алмас Нүсіп баяндады. Ғаламтор қол жетімді болған бұл күнде жастар әңгімелерін түрлі сайттарда жариялап жүр. Олардың арасынан оқуға жарамдысын табу да қиын. Сүреңсіз оқиғаларға құрылған әңгімелер жиі кездеседі. Сол әңгімелерді жоғары бағалайтын оқырмандар да жоқ емес. Біздің әдебиетке сондай оқырмандардың көзін ашатын, жоғары дәрежелі шығармалар жазатын жастар керек екенін айта келе біршама жас жазушыларды да таныстырып өтті. Алмаз Мырзахметтің жазбаларында жастыққа тән аңғалдық пен серіге тән еркелік жарасым тапса,  Жеңісбек Көкеновтің әңгімелері де елеуге тұрарлық деп бағалады. Жас қаламгерлердің бірі Арман Әлменбет көптің батылы жете бермейтін ірі жанр – роман жазғанын да жария етті. Өздерін «жаңа толқынбыз» деп таныстырған жас ақындар әдебиетке өздерінің жаңалығымен, төңкерісімен келгендерін айтып, жыр кешінде шығармашылықтарындағы тың туындыларымен бөлісті.

Әсел ӘНУАРБЕК