ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП
ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП
Қазақстанда халықаралық туризмді дамытудың келешегі зор. Ең әуелі бұл салада қызмет көрсету, жолаушылар тасымалдау, түрлі жеңілдіктер ұсыну қажет екені түсінікті. Осы орайда, «Эйр Астана» ұлттық компаниясы Астана мен Алматы қалаларына шетелдік туристерді көптеп тарту үшін жаңа бағдарламаны қолға алды.
Кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында әуе компаниясының өкілдері «Астана мен Алматы Стоповер Холидей» жобасын таныстырды.
Ресми деректерге жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстанға шетелден келетін әрбір алтыншы турист транзиттік жолаушы екен. Жаңа бағдарлама Қазақстанға келетін арнайы қонақтарға да, біздің жерімізді басып өтетін транзиттік жолаушыларға да қолайлы жағдай жасауды ұсынады.
Бұл бағдарлама халықаралық туристерді төрт немесе бес жұлдызды қонақ үйге орналастыру, әуежайдан күтіп алу, екі қаланың көрнекті жерлерін аралату сияқты қызмет түрлері кіреді. Астанада үш қонақ үй, Алматыдағы бес қонақ үйде алғашқы тәулікте орналасу, таңғы ас шамамен 125 АҚШ доллары тұрса, одан кейінгі тәуліктерде бағасы 75 АҚШ долларына дейін төмендетілмек. Алматы мен Астанадағы бір күндік экскурсия үшін ересектерге 85 АҚШ доллары, ал балаларға 45 АҚШ долларын төлеу керек.
Осы бағдарлама аясындағы туристік пакеттерді «Эйр Астана» компаниясының баслық кеңселерінде, сондай-ақ шетелдік билет кассаларынан сатып алуға болады.
«Эйр Астана» АҚ Қазақстандағы және шетелдегі сату жөніндегі директоры Ричард Леджер жаңа бағдарламаның Қазақстандағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал ететінін айтады. «Біз Қазақстанды халықаралық әуе қатынастары желісінде туристік бағыт ретінде насихаттау мүмкіндігіне ие болғанымызға қуанамыз. Басқа әуе желілерінің тәжірибесіне жүгінсек, мұндай бағдарламалар шетелдік туристер қатарының артуына және сол елдегі туризмнің дамуына әсер етеді. Біз Лондоннан Гонконгқа немесе Делиден Мәскеуге саяхаттаған жолаушыларда Қазақстан арқылы сапарлатып, біздегі туристік қызмет түрлерін сатып алады деп үміттенеміз, елдің экономикасы үшін бұл тиімді болар еді», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Аталмыш бағдарлама бойынша келесі жылдың соңына дейін қызмет көрсетіледі. Оған дейін туристерге ұсынылатын қызмет түрлерінің аясы кеңейтіле бермек.
«Түркістан-ақпарат»