ҚАЙРАН, АЛТЫН БЕСІГІМ…

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына бұл жолғы сапарым алабөтен мақсаттан туындаған еді. Әкем, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, саналы ғұмырының 50 жылын білім беруге арнаған, ардақты ұстаз Кәп Құмарұлының туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған шығармашылық кешіне қатысу үшін жолға шықтым. 

Алматыдан тура 800 шақырым қа­шықтықтағы, шалғайдағы бұл ауданға негізгі қатынас тек авто жол арқылы жасалады. Алматы мен Өскеменнен субсидия арқылы қатынайтын ұшақтар да қарапайым жұрттың қалтасына біраз салмақ. Сол себепті де Үржар мен Мақаншы өңіріне Алматыдан күніне оннан астам автобус қатынайды. 

Еліміздің шығыс қақпасы саналатын бұл өңір Қытаймен шекараласады. Бақты кеден бекетінен басталған күре жол құрылысының жүре бастағанына 7-8 жылдың жүзі. Әзірге аудан орталығы Үржар мен Таскескен арасындағы күре жолдың жұмысына нүкте қойылар емес. Соған қарамастан автокөлік ағыны да күн өткен сайын көбеюде. 

6f5cb6c03eed541d67a67d9cd005160f.JPG

Үржар  –  Шығыстағы бақуатты аудандардың бірі. Халқының әлеуметтік жағдайы өзге өңірмен салыстырғанда анағұрлым артық. Оның себебі, іргеде тұрған – шекара дейді жергілікті жұрт. Іргедегі «Бақты» кеден бекеті арқылы жергілікті жұрт көршілес Қытай елінде бір күн визасыз барып-келуге мүмкіндігі бар. Шекараның жақындығы алыс-беріс, сауда-саттыққа жол ашқанымен, көзін ашқалы мал шаруашылығымен күнелтіп келе жатқан қазақ ауылдарына тағы бір зобалаңды тудырып отыр екен. Ол – ірі қараға келген аусыл мен жылқыға келген сақау. Былтырдан бері осы зобалаңнан көз аша алмай, сиырын тірідей өртеуге мәжбүр болған ел – оның Қытайдан келіп жатқан дерт екендігіне нақты көз жеткізіп отырғандай. 

68673dfa0431f52421f549b0d6cd2287.JPG

– «Машина дөңгелегімен келді ме?» деген күдікпен кеден бекетінен өтер өткелдің жолын әктеп те көрді. Бұл дерт бізге Шығыстан соққан жел мен жауған жаңбыр, ауа арқылы жетіп отыр. Өткенде бір құйын соғып өтіп еді, аман-сау тұрған малдарымыз бір аптаның ішінде ауруға шалдықты, – дейді жергілікті жұрт. Үржар ауданынан отыз шақырымдай қашықтықта орналасқан Көкөзек халқы қазір қара шайға қақталып отыр екен. Өйткені аусылдың жеңіл түрі саналған бұл жолғы дерттен сақтанған жергілікті әкімшілік сиырды саууға рұхсат бермеуде. Қауіпті дерттің адамға жұғуынан қорқады. 

САРТЕРЕК ЖАЙЛЫ АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ


64cbc4d744a052fefc941dce068211dd.jpg

Үржар ауданының Көкөзек ауылына қарасты Сартерек егінді алқабына соя егіле бастағалы біраз жылдың жүзі болды. Бұл туралы ауыл тұрғындарының алып-қашпа әңгімесі болмаса, нақты ақпарат жоқ дерлік. Бұл жайында «Түркістан» газетінің № санында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Инвестицияны дүниежүзінің дамыған барлық мемлекеті пайдаланып отыр» атты мақаласында аздаған мағлұмат береді. Облыс әкімі Сартеректегі «Бәтуа» ЖШС-і қытай инвестициясын тартып отырған шаруашылық екенін жазған еді. Бұған дейін Көкөзектегі жұрттың көбі – Сартеректе жұмыс істегендерін, алайда ақыларын дұрыс ала алмай жүргендігін, ондағы шаруашылықтың иесі қытайлар екендігін айтатын. Сартерекке барар жолды сұрастырып, Үржар ауданының орталығына кіреберісте әңгіме-дүкен құрып тұрған бес-алты жігіттің жанына тоқтай қалдық. Өйткені бұлар сол шаруашылықтың жұмысшылары екен. Өзін аудармашымын деп таныстырған Жолтайдан сөздің ашығын сұрағанбыз: «Аталмыш шаруа қожалығында қытайлар бар ма?». 

d2be00f008133f25ccfce0cdc227bba4.jpg

– Жоқ, – деді ол бірден, – Біздегі техниканың көбі – Қытайдан әкелінген, инвесторлар қытайлар. Ол техниканың тілін білу үшін қытай мамандарын шақырғаны да, олардың біраз жыл Сартерек те жұмыс істегені де рас. Қазір олардан ешкім қалмады. Тек Лю деген бар, – деді ол. 

Сонымен Көкөзектен 70 шақырым қашықтықтағы Сартерекке жол тарттық. «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген тәмсілді біз дәл осы жолда бірнеше рет еске алған болармыз. Өйткені Сартерекке барар жол екеу екен. Біреуі, Үржарды айналып, Егінсу арқылы түсетін жол. Бұл – 150 шақырымға созылады, алайда жолы жатық. Екіншісі – Елтай ауылы арқылы баратын жол. Бұл – 70 шақырым қашықтықта жатқанмен, жолсызбен жүретін болғандықтан, «жақын да болса алыстың» нағыз өзі. Оның үстіне, Үржар өзенін кесіп өту үшін салынған аспалы көпірден өту қияметтің қыл көпірінен кем емес. Ұзындығы – 30 метрдей болатын бұл көпірден өту үшін біршама тер төгуге тура келді. 

Елтай ауылынан шыға жүйткітіп келе жатқанымызда, ұзыннан-ұзақ созылған егістік даласында теңкиіп-теңкиіп жатқан көкала қарбыздардан көзіміз тұнды. Бір емес бірнеше гектар жерге егілген қарбыздың күздің қара суығы түскенше жиналмай жатқаны таңқалдырды бізді. Білетіндердің айтуынша, бұл өңірде қарбыз жақсы өнім береді екен. Былтыр қарбыздан керемет пайда тапқандар, биыл да пайдаға кенелуді ойлап, тағы 500 гектар жерге қарбыз салады. Алайда осы қарбыздардың өтуіне ықпал ететіндер мен диқандар арасында келіспеушілік туындайды. Біріншісі қарбыздың келісін – 20 теңгеге алғысы келеді, соңғысы – 25 теңгеден түспейді дейді. Аяғы керіспен аяқталған соң, ықпалдылар қасақана Ресейден келетін КАМАЗ-дарды дәл осы ауылға жолатпай қояды. Сөйтіп есіл еңбек өтеусіз, қарбыздар жиналмай қапты. Қызық үшін, бір-екеуін үзіп жемек болдық, бірақ, үсіп кетіпті, далада қалды. 

Күн дүйсенбі, жұрттың бәрі Құрбан айтқа берілген ресми демалысқа кеткен екен. Алайда «Бәтуа» ЖШС-нің директоры Асқар Ізімғалиев орнынан табылды. Көкейдегі көп сауалға да жауап алғандай болдық.

– Сіздер туралы әңгімені көп естідік. Кейі аңыз, кейі ақиқат. Жалпы, өздеріңізді таныстыра кетсеңіз.

– «Бәтуа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс істей бастағанына 3 жылдай уақыт болды. 2011 жылы Үржар ауданынан біраз суғармалы жерлер алғанбыз. Негізгі мақсат, сояны егу, өндіру, өңдеу және сату. 2011 жылдан бері әзірше Үржар ауданының аумағында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанда ауыл шаруашылығында жұмыс істеудің оңай емес екенін бәрі біледі. Кеңес үкіметі кезінде ауыл шаруашылығын жүргізетін кәдімгі жүйе болды. Қазір ондай ірі көлемдегі жүйенің бәрі құрыды. Екіншіден, суғармалы егістікке суды жеткізу, тарату, жинау қондырғыларының бәрі сол кездің өзінде-ақ істен шыққан. Сол кездегі суғармалы жерлердің 35-40 пайызы ғана бүгінде іске жарамды. Үржардың өзінде суғармалы егістік жерлер өте көп болған, бірақ көбі істен шыққан екен. Себебі, кейбір жерлердің өзен сулары тартылып қалған, кейбір жерлерде су арналары бұзылған, оны жөндеуді ешкім қолға алмаған. Оның бәрін іске қосу үшін қыруар қаржы керек. Мемлекеттің шамасы да жоқ, оны жөндеуге, жөнделгенін қолға алып, білек сыбана іске кірісіп кететін дайын фермер де тұрған жоқ. Сондықтан, біз аздан бастағанбыз, жыл өткен сайын шаруашылық көлемін ірілендіруді жоспарлап отырмыз. Біраз тәжірибе жинап та қалдық. Былтыр индустрияландыру картасына өтініш жасағанбыз. Аудан және облыс деңгейінен өттік, енді республикалық деңгейде біздің өтінішімізді қарастырып жатыр. Егер біз индустрияландыру картасына енетін болсақ, мемлекет тарапынан үлкен көмек болар еді. Әсіресе, инфрақұрылымдық көмек. 

Бір күннің өзінде тек генераторларға 4-5 тонна солярка жағамыз. Былтыр бір маусымда 32 миллион теңгені соляркаға жұмсадық. Егер, бізге электр желісін тартуға көмектессе, өнімдеріміздің өзіндік құны да, шығындарымыз да азаяр еді. Сол себепті де индустрияландыру картасына енетін болсақ, бәлкім бізге Елтай ауылынан тікелей электр желісін тартып бере ме деген үмітіміз бар. Елтай ауылымен арамыз – 23 шақырым. 

– Сіздер егістікті қандай тәсілмен суғарасыздар?

8e2a39a524957aaa47c748327a654053.JPG

– Біз қолмен суғаруды пайдаланып көрдік. Алайда, ол егістікті бүлдіреді екен, әрі әурешілігі мол. Сол себепті де, қымбат болса да, жаңа технологияларды қолдану арқылы, тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдісін қолдануды жөн деп таптық. Соның арқасында суды үнемдеп отырмыз. Осы Сартеректе 7000 гектар жеріміз бар. Соның 2000 гектарына суғармалы қондырғылар орнатылған. Оның 300 гектары тамшылатып суғару, қалғаны – жаңбырлатып суғару әдісімен суарылады. Қондырғылар – Американдық «Walley» фирмасының Қытайда жасалған өнімдері. Бізге өте арзан бағамен сатылды. Өзі 500 метр радиусты айналып, жаңбырлатып суғарады. Су жер астынан пластикалық құбырлар арқылы барады. Осы пластикалық құбырларды арзанға жасау мақсатында өзіміз Мақаншы ауылында пластикалық құбырлар зауытын аштық. 

– Жалпы, қанша адам жұмыс істейді?

– Биыл 2000 гектарға егін салдық, адам саны 150-ден асқан жоқ. Былтыр егін де салдық, құрылыс жұмыстарын да қолға алдық. Соның бәрін қосқанда бізде еңбек еткендердің саны – 500-ден асып кетті. Бізде жұмыс науқандық болғандықтан, жұмысшылар ерте көктемнен, күздің соңғы айының аяғына дейін жұмыс істейді. Қалған уақыттарында бос. 

2106c6e3c7db890274223add3c5584b1.JPG

– Жұмысшыларға төленетін айлық еңбекақы жайында не айтасыз?

– Ең аз жалақы – 50-60 мың теңге. Тракторшылардың жалақысы істеген жұмысына байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, күндік норма орындалатын болса, күніне 1500-2000 теңге алады. Ал күндік нормадан асырып жіберсе, әрбір асырылған шаршы метр үшін төленетін ақы – үш есеге артады. Егін орағы кезінде жақсы жұмыс істеген таркторшылар 100 мыңнан асырып алуы мүмкін. 

–  Соядан өзге де, дәнді-дақылдар егіле ме? 

– Үржар ауданының табиғаты бидай мен жүгері егуге қолайлы. Сол себепті біз соямен бірге бидай мен жүгеріні де ектік. Бидайдан жақсы өнім алдық. Бидайды экспорттау мәселесі жолға қойылмаған. Сол себепті де баға жыл сайын екі-үш есеге секіріп тұрады. Былтыр бидайды осы Үржардың өзінде комбайннан тоннасын 45 мың теңгеден алып кетіп жатты, биыл баға 18-19 теңге. Былтырғымен салыстырғанда, 2,5 есеге дейін түсіп кетті. Осы жағдай жалпы Қазақстандағы фермерлердің көбіне егістік жерлерін көбейтуге кедергі жасап тұр. Болашаққа деген сенім жоқ. Кезінде 2011 жылға дейін бидайды экспорттауға тыйым салынды. Солай нан қымбаттаудың алдын алмақ болды. Алайда біздің бидайдан нан өте аз жасалады. Егер нанның қымбаттауын болдырмайын десе, нан жасайтын наубайханаларға дотация берсін. Бидайды тежеуге болмайды. Себебі, бидай біздің мұнай, газ, темірден кейінгі, төртінші экспорттық позициямыз. Қазір экспорттауға рұқсат етілгенімен, бидайлар бұрынғысынша қамбаларда шіріп жатыр. Неге? Бидайды шетке тасымалдайтын вагондардың саны небәрі – 2000-ның үстінде ғана. Ал бізге керегі – 25 000 вагон. Үкімет осыны ертерек ойластыруы керек еді. Қазақстан территориясы аса үлкен, бидайды бір түкпірден екінші түкпірге тасымалдау үшін де бірталай шығын керек. Сөйтіп, бидай бағасының құны қашан өседі деп күтіп отырмыз. 

– Кейбір әңгімелерге қарағанда, соя егілген алқаптың құнарлылығы азаятын көрінеді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Жоқ, керісінше, соя егілген алқап қайта түлейді. Мен біраз ғылыми еңбектерді қарап шықтым, агрономдармен де сөйлестім. Соя мен бидай екеуі бірін бірі жақсы алмастырады. Сояның бір қасиеті – жер қанша азотқа кедей болса да, жапырағы арқылы ауадағы азотты өз бойына сіңіріп, тамырына жинайды екен. Егер биыл соя еккен жерге келесі жылы бидай ексек, оның өнімі бірнеше есеге ұлғаяды. Күнбағыс керісінше, азотты өз бойына сіңіргенімен, тамырына жібермейді. 

– Енді жұртты толғантып жүрген маңызды мәселенің бірі – Қытайдың қатысы. Олардың қаншалықты үлесі бар, бұл компанияда?

– Қытайда бізге қаржы беріп отырған әріптестеріміз бар. Ауыл шаруашылығында қаржының қайдан шыққаны және оның құны өте маңызды. Мен бұған дейін ауылшаруашылығының өңдеу мекемелерінде жұмыс жасадым. Пайыздық үстеме басқа бизнестермен салыстырғанда, ауылшаруашылығы бизнесіне өте қатты әсерін тигізеді. Сауда-саттық бір-екі айналымнан кейін, өз орнына келеді. Ал ауылшаруашылығында пайданы кемінде бір жыл күтесің. Ал өсімін бірден төлеуің қажет. 

– Ауылшаруашылығы үшін жеңілдетілген несие жоқ па? 

– Биылдан бастап, «Агробизнес – 2020» бағдарламаны қарастырып жатыр. Онда ауыл шаруашылығына тиесілі техникаларды сатып алу барысында үкімет тарапынан үстеме пайыздарды субсидиялау туралы бағдарлама бар. Біз осы бағдарламаға құжаттар жинап, өткізбекпіз. Ал Қытайдың біздің компаниядағы қатысы жайына келетін болсақ, біз қытайлық бір қорға шықтық. Олар Қазақстандағы ауыл шаруашылығымен айналысатын компанияларға техниканы лизингке беруге дайын екен. Алайда қаржы мекемесі болғаннан кейін, ақшасының қайтқанын қалайды ғой. Олар біздің нені кепілге қоя алатындығымызды білгісі келді. Өйткені Үкімет ешкім үшін кепіл бола алмайды. Соның жолдарын таптық та, сол қорға шықтық. Олар өз аттарына техника сатып алды да, оны бізге лизингке берді. Олар қытайлық компания болған соң, бізге барынша Қытай техникасын беруге тырысады. Бірақ, біз тек олардың ғана техникасын алуға келіспедік. Біз әртүрлі техниканы сынап көріп, сапалысын және ыңғайлысы мен тиімдісін алуға келістік. Қытайда Чаолиң провинциясында ІТО деген ірі зауыт бар. Соның қызыл тракторлары мен Беларусьтың МТЗ зауытының «Беларусь – 1221» тракторларын алып, салыстырып көрдік. Екеуінің де қуаты бірдей, дегенмен Беларусь тракторының үнемділігі артық болып шықты.

Былтыр да, алдыңғы жылы да Қытайдан техниканы көп алдық. Ал олардың тілін білетін маман бізде жоқ боп шықты. Сол үшін әр уақытта біздің компанияда 6-7 қытайдың болатыны заңды. 

– Басшылық құрамында қытайлар бар ма? 

– Жоқ!

– Лю деген кім?

– Ол бізде агроном болып жұмыс істейді. Біз оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы лицензия алдық. Мына техниканың көбі Қытайда сояны қалай өсіреді, соған реттеліп жасалған. Кеңес одағы кезінде соя егу жолға қойылмаған. Сол себепті де біздің Лю агрономнан үйренеріміз көп. Қазір одан керегін үйреніп алсақ, кейін өзіміздің мамандарға жүгінетін боламыз. 

«ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – 2020» БАҒДАРЛАМАСЫ – БІР КҮНДІК ШАРА ЕМЕС

d1872e2d5f2f32c748822451f44f4e7f.JPG

Асқар Ізімғалиев Үржар ауданында ірі кәсіпкерлердің немесе фермерлердің саны небәрі 5-6-ау екендігін айтты. Ал шағын қожалықтардың санын ешкім нақты дөп басып айтып бере алмады. Дегенмен біз тұрақ тапқан Көкөзек ауылында мал бағумен айналысатын бір ғана шағын қожалықтың бар екенін естіп білдік. Рашитал отағасы осыдан 20 жыл бұрын Моңғолиядан қоныс аударған. Бес баланың әкесі. Қазір екі баласымен бірге мал бағумен айналысады. 

– Көкөзекке қоныс аударған 1994 жылдан бері осындағы «БақТұр» ЖШС-сінде мал бақтым. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын бұл шаруашылық бірыңғай егін егумен айналысып кетті де, малдарын таратып жіберіп, мен жұмыссыз қалдым. Әуелі жылы орнымды суытып, қалаға жақындап алуды да жөн санаған едім. Бірақ, қалаға барып, түк таппай сенделіп қайтып келгендерді де, барып алып баспана таппай, үй жалдап, арба сүйрегендерді де көріп, жүрегім шайлығып қалған. Сосын «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жайында естіп білдім. Бұл ретте маған жергілікті әкімшілік қол ұшын созды. Сөйтіп осы бағдарлама бойынша 3 миллион теңгені несиеге алдым. Өсімақысы – 5,5 пайыз. Алғашқы 18 айда аталған соманың өсімақысын төлеуіміз керек. Содан кейін ғана, негізгі соманы төлейміз. Мен бұл қаржыға былтыр 150 қой сатып алдым. Бір жылдан бері бір миллион теңгесін өтедім, ендігі өсім үш миллионға емес, екі миллионға есептеледі. Биыл осы несиені әйелім Риза да алды. Мақсатымыз сиыр сатып алу болған еді. Алайда тұтқиылдан келген аусылдан тартынып қалдық. Енді жылқы сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деген ол кіші ұлы Азаматты Таскескен ауылындағы кәсіптік білім беру колледжінде трактор мамандығы бойынша оқытып жатқандығын айтады. Қазір бұл отбасы біреулердің атында субсидияға берілетін он гектар жерге мал азығы мен өздеріне қажетті бидайды егеді екен. 

– Егер, әйелімнің жұмысы ілгері жүріп кететін болса, бізі ірі көлемді шаруашылықтар қатарына енеміз де, келесі жылдан бастап әкімшілік бізге де субсидиямен жер бөлуге мәжбүр болады. Әзірге жерді жалға алып отырмыз. Бір гектар жерге егілген дәнді-дақылды жинап алу үшін кемінде он мың теңгенің шығыны кетеді, – дейді ол. 

Жалпы Рашитал отағасы да, оның ұлдары Амантай мен Азамат та «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жеңілдетілген па­йызбен беріп отырған несиесі шаруаларын дөңгелетуге әжептәуір септігін тигізгенін айтады. 

e499d9215a5c2147bf3384ea8c2d76d4.JPG

– Былтырғы 150 тоқтыдан 80 қозы алдым. Егер әр тоқсан сайын 230 мың, жыл сайын миллион теңгені төлеу қажет болса, мен малымның өсімінің тең жарымын ғана жұмсайды екенмін. Бұл бес баламның тамағы, оқуы, киімінің ақшасын қоспағанда жасап отырған еңбегім, – дегенді айтты ол. 

Қазір оның қорасында 600-ге тарта қой, 50-ге тарта жылқы бар екен. Өз малымен қоса, ауылдағы жеке меншіктің малын бағуды да жөн көреді олар. 

P.S. Қысы қатты, жазу шуақты Барқытбел өңірін мекен ететін ауылдардың саны жыл сайын азайып барады. Жастар жағы оқуға кеткеннен кейін, қайтып оралуға құлықсыз. Жыл өткен сайын мектеп оқушыларының саны азайып келеді. Бір жылдары осы аймақ Қытайдан келген оралмандарды көптеп қабылдаған еді. Қазір көші-қон да тоқтап тұр. Алайда осы өңірдегі жайлы климатты, егін мен мал шаруашылығына ыңғайлы табиғатты кәдесіне жаратып, ауыл шаруашылығын дамытуды мақсат етушілердің саны да баршылық. Бірақ ауыл инфрақұрылымын дамытпай, онда халықты күшпен ұстап тұрудың мүмкін емес екендігін естен шығармаған жөн. Бұл ретте үржарлықтар жол азабы мен ауыз су әлегін тартудай-ақ тартып келеді. Қазір күре жолдар жөнделуде. 7 жыл бойы салынып жатқан жолдардың әйтеуір бір бітетіні аян, ал ауыл арасы жолдарының түте-түтесі шыққанына да он неше жылдың жүзі. Оған Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің аяғы жете қояр ма екен. Әзірге ол жағы белгісіз. Бізге маңыздысы шекара аймақтың құлазып бос қалмауы. Сол үшін үкімет белгілі бір шараларды қолдану қажет. 

Есенгүл Кәпқызы 

Алматы-Үржар-Көкөзек-Сартерек-Алматы

Back to top button