Әр бала отбасында тәрбиеленуі тиіс
Әр бала отбасында тәрбиеленуі тиіс
Қоғамда жетім балалардың мәселесі кеңінен талқыға салына бастады. Бұрын-соңды кейбір түйткілдері ашып айтыла бермейтін бұл тақырыптың биік мінберлерде көтерілуі кездейсоқ емес. Бұған еліміздегі және шетел асқан көгенкөздерге қатысты жағымсыз деректердің көбейіп кеткені себеп болуда.
Жасыратыны жоқ, ата-ананың ыстық алақанына зәру жәутеңкөздерге үкіметтен қомақты қаржы қарастырылса да, әлі күнге оларды әлеуметтік қамсыздандыру жағы кемшін. Дәлірегінде, қаражат тиімді жұмсалмайды. Бір жетім балаға жылына 2 миллионнан астам теңге бөлінеді екен. Егер сол қаражат ата-анасыз қалған балалардың біліміне, спортпен шұғылдануына жұмсалса, жетімдер үйінде тәрбиеленген ұл-қыздардың 70 пайызы заң бұзушылықтарға бармас еді. Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде бас қосқан мамандардың пікірі осыған саяды. Халық қалаулылары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, заңдағы олқылықтарды ортаға салды. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева «Әрбір бала отбасында өмір сүруге тиіс!» деп ұран тастаған мамандардың пікіріне қолдау білдіріп, бұл бастаманы жүзеге асыруға тартылған қоғамдық ұйымдар және мемлекеттік органдар өкілдерімен кеңесу отырысын өткізді.
Бүгінде еліміз жетім балаларды отбасыға асырауға беру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, жетімдер үйін азайтуға күш салуда. Бірақ жыл сайын жекеменшік балалар үйінің көбейіп жатқандығы ойлантады. Мәселен, «Отбасы Академиясы» отбасын кешенді қолдау орталығының» директоры Шолпан Байболова Алматы облысына қарасты Талғар қаласының өзінде ғана 5 жекеменшік балалар үйінің жұмыс істейтіндігін мәлім етті. «Мұнда балалар саны өте көп. Бір Софроний әкейдің приютында ғана 150 бала бар. Бұл – нағыз нонсенс. Ал, «Нұр» балалар үйінде шамамен 100, «Ковчегте» 60 бала тәрбиеленуде. Міне, мұның бәрі – жекеменшік балалар үйі» деген қоғамдық қор жетекшісі бұл мекемелерге жаңа тәрбиеленушілердің келуіне тосқауыл қою керектігін жеткізді. Ол сондай-ақ, қиындыққа ұшыраған отбасыға дер кезінде, яғни, дағдарыстың ерте кезеңінде көмек көрсетілсе, онда балалардың интернаттық мекемелерге түсу қатері азаятынын айта келе, «әлеуметтік жетімдіктің» алдын алуға болатынын тілге тиек етті.
«Еркін мейірімдік қоғамы» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин: «Мына қарама-қайшылықты қараңыз. Мыңдаған бала «мені кім асырап алар екен» деп күтсе, қаншама азамат керісінше балалы бола алмай әлек. Себебі ашықтық жоқ. Арада делдалдар бар. Демек, жемқорлыққа жол беріліп жатыр. Мемлекет 1 балаға ай сайын 150 мың теңге бөледі. Егер баланы отбасы асырап алса, онда қаржы да тоқтатылады. Сондықтан пысықай басшылар жетімдер туралы ақпараттың ашық болып, кез келген азаматқа қолжетімді болуына талпынбайды», – деп кесіп айтса, Астанадағы «Дара» жеке қоры филиалының директоры Мәдина Бәкиева: «Біз Қазақстандағы жетімдерді ұстап, күту жүйесін толық және кешенді реформалауды жақтаймыз. Баланы тәрбиелеудің және асырап-күтудің отбасылық немесе отбасылыққа жақындастырылған формасы сол баланың қауіпсіздігі мен дамуына үлкен дәрежеде ықпал етеді деген сенімдеміз! Интернаттық типтегі мекемелерден толық бас тарту үшін әрине, уақыт қажет, бұл бір күннің жұмысы емес. Бірақ уақыт өтіп жатыр, ал балалар үйлері мен интернаттағылар тек ата-ана мейірімін көрмегінімен қоса, психологиялық және физиологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырауда. Бұл – ендігі дәлелденген өмір шындығы!», – деді.
Айта кету керек, «Әйелдердің шығармашылық бастамасы лигасы» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы жүргізген зерттеудің нәтижесінде Қазақстанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жұмыссыз отбасылардағы 300 мың бала, ішкілікке, нашақорлыққа және басқа да кесір әдеттерге салынса, Ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған ата-аналардың 19 мың 530 баласы, сондай-ақ 149 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалардың кіретіндігі анықталған көрінеді. Бұл топқа әкелерінен алимент алмайтын 100 мыңнан астам тастанды баланы да қосып қойыңыз.
Ал, Бас прокуратураның балалар үйін кешенді тексеру жұмысына тоқталсақ, елімізде жетімдердің құқығы бұзылып жатқандығына күмән жоқ. Атап айтқанда, балалар өмір сүруі үшін қажетті ең қарапайым жағдайлармен қамтамасыз етілмейді, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алмайды, білікті медициналық көмек көрсетілмейді, қатыгездік пен зорлық-зомбылық көреді, тағысын тағы. Кейбір мәліметке сенсек, бұл мекемелердің көпшілігінде жантүршігерлік оқиғалар жиі орын алып, кәдімгі «шағын түрмелерге» айналып кеткен. «Дара» жеке қорының жетекшісі Мәдина Бәкиева: «Бұл тек алып айсберг-мұзтаудың теңіз бетіндегі бөлігі ғана, тек жекелеген оқиғалар ғана жұртшылыққа мәлім болады. Жетімдерге қатысты жасалатын заңсыз іс-әрекеттер, әсіресе, сырт қарағанда көзге түспейтін психологиялық зорлық-зомбылықтар осы режимдік мекемелердің ауыр қабырғаларының ар жағында жасырын қалады! Жетім балалар арасында мезгіл-мезгіл тестілеу жүргізетін қоғамдық психологтардың мәліметтері бойынша, тәрбиеленушілердің 90-95 пайызы терең психологиялық жарақаттары бар және психотерапевтердің ұзақ уақыт бойғы көмегін қажет етеді. Сондықтан да жетімдер интернат қабырғасынан шыға сала, бірден заңды құрметтеуші азаматқа және бақытты отағасына айналады деп күту аңғалдық. Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің 70 пайызы қылмыстық құрылымдарға кетеді және түрмелер контингентін толықтырады», – дегенді ашына айтты.
Жетім балаларды және ата-ана қамқорлығынан айрылған көгенкөздер жайында жан-жақты мәліметке қанық болған Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Адамдар үлкен ерлікке барып, өзгенің баласын өзінің бауырына басып жатыр. Демек, оларға қаржылай сыйақыны көбейту керек. Жетімдер үйіне де миллиардтаған қаражат бөлініп жатқан жоқ па? Бірақ пайдасы шамалы болып тұр. Сондықтан баланы қамқорлығына алған отбасыға барынша көмектесуге тиіспіз. Жетімдер үйіндегі тәрбиеленушіге айына 170 мың төленсе, кейін оған патронат отбасына барған соң 17 мың-ақ теңге беріледі. 17 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады? Жәудіркөздерге біз көмектеспесек кім көмектеседі?», – деп тоқетерін жеткізді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, былтыр балалар үйіне бюджеттен 8 миллиард теңге бөлініпті. Баланың тамағына, киіміне шамамен жылына 1 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады екен.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша 35 мыңға жуық бала ата-анасының аялы алақанына зәру. Ал 2 мыңға жуық отбасы асырап алуға ниет білдіріп, кезекте тұр. Жиын соңында министрлік өкілдеріне жетімдер мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құру тапсырылды. Алдағы уақытта бұл бойынша мемлекеттік бағдарлама жасалып, тиісті Заңға өзгертулер енгізілуі де мүмкін.
Динара Мыңжасарқызы