ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН
ашық дереккөзі

Астанада өткен кезектен тыс құрылтайға елдің түкпір-түкпірінен 1200-дей делегат жиналыпты. Олардан бөлек, бұл жиынға үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдерінен, мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтер басшыларынан, шығармашылық сала мамандарынан құралған мыңнан аса қонақ қатысты. 

Бұған дейін жазғанымыздай, «Нұр Отан» партиясы екі ай бұрын саяси доктринаның жобасын әзірлеген болатын. Жер-жердегі партия мүшелері талқылаған құжаттың соңғы нұсқасы партияның кезектен тыс құрылтайында қабылданды. Осылайша, «Нұр Отан» партиясы өзінің даму жолында жаңа белесті межеледі.

Президент қазіргі Қазақстанның жетістіктері – бүгінгі буынның ерен еңбегі екенін атап өтті. Бірақ алда қол бұлғаған мұрат – бұдан да биік, ал мақсат – орасан. 

«Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс. Бүгінгі съезде қабылданатын «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн», – деді Елбасы.

Партияның жаңа саяси доктринасы алдағы онжылдықтағы ұйымның даму бағытын айқындап, оның құндылықтарын айшықтап береді. 

«Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» деп аталатын құжаттың мәйегін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашып көрсетті: «Соның аясында Саяси кеңес, Бюро, Үкімет мүшелері, біздің фракция депутаттары алыс аймақтарға барып, партияның бастауыш ұйымдарында партияластарымен кездесулер өткізді. Бүгінгі съезде доктринаға қатысты соңғы пікірілер айтылып, партияның басты құжаты қабылданатын болады. Демек, бүгін «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы миссиясы мен «Қазақстан-2050» стратегиясын нәтижелі жүзеге асырудағы ролі айқындалады», – деді ол.

Жаңа құжатта ұлт саясатына деген қадау-қадау мәселелер ашық айтылған. Ең бастысы, мемлекеттік тіл – ел бірлігінің факторы ретінде аталды. Өз сөзінде Елбасы да бұл мәселені айналып өте алмады. «Бұл мәселеге баса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс. Биыл тәуелсіздігіміздің 22 жылдығын атап өтейін деп отырмыз. Ол – ата-бабамыздың аңсаған арманы. Соның баршасында осы отырған көпшіліктеріңіз, бірге келе жатқан менің серіктестерім, қызметтес достарым, жолдастарым, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл халықты ұйымдастырып, оны жеңіске жеткіздік. Сол үшін баршаларыңызға зор ризашылығымды білдіремін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасының мемлекеттік тілге құрмет туралы сөздерін естіген залдағы қауым сол заматта бір кісідей қол шапалақтап, қызу қолдау білдірді. 

Бұдан соң да «Нұр Отан» партиясының төрағасы мемлекеттік тіл мәселесін қайта-қайта пысықтаумен болды. Елбасының «Бірте-бірте барлық жағдай түзеледі, барлық мәселе шешіледі, барлығымыз қолымызға қонған алтын құс – бақытымызды сақтай білейік. Бұл – ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің жаңғыру дәуірі. «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрлі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы тиіс» деген сөздері әрбір делегаттың азаматтық ұстанымының беки түсуіне әсер етері сөзсіз.

Елбасының алқалы жиындардағы әрбір сөзінде жас буынға ерекше екпін бере сөйлейтіні белгілі. Бұл жолы да Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қарата жауапты міндет-меже арта сөйледі: «Бүкіл Қазақстанның үміті – сіздерсіздер! Осы шаруаның бәрі жастар үшін, еліміздің тәуелсіздігі ұзағынан болу үшін және көк туымыз мәңгілік желбіреуі үшін жасалып жатыр. Мәңгілік ел болу үшін жасалуда. Келесі ұрпақ жер үшін, өзім үшін деп еңбек етуі керек», – деді төраға.

Келесі жылы «Нұр Отан» партиясының құрылғанына он бес жыл толады. Одан бері партия түрлі деңгейдегі сайлау науқандарына қатысып, әрдайым мерейі үстем болып келеді. Бүгінде партия қатарында 900 000-дай адам мүше екен. Партия мүшелерінің 60 пайызы – әйел азаматтар болса, 6 пайызы – мемлекеттік қызметкерлер. «Нұротандықтар» фракциясы Қазақстан Парламентінің төменгі палатасында басымдыққа ие. 

«Нұр Отан» партиясының алғашқы құрылтайы осыдан он төрт жыл бұрын өткен. Сол жылы жалпы саны 400 делегат қатысқан. Қазіргі таңда, «Нұр Отан» – республиканың барлық аймақтарын есепке алғанда 250 филиалы, 6300 бас­тауыш ұйымы бар іргелі партия. Оның құрамында түрлі мамандық иелері, қоғам қайраткерлері, ғылым мен мәдениет саласының танымал өкілдері бар. 

Кезектен тыс съездің жаңалығы – партияның жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ұйымның атауы мен эмблемасы жаңартылды. Жаңа меже белгілеген партия өзінің атауындағы «халықтық-демократиялық» деген анықтауышты алып тастады. 

Бұдан бөлек, съезде Партияның Саяси кеңесі бюросының құрамы жаңартылып, оған Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов, премьер-министрдің бірінші орынбасары – өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сайланды. 

Енді партия ХХІ ғасырда көшбасшылық тізгінін мықтап ұстау үшін елдегі басты патриоттық күшке айналуды көздейді. 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында айтылған қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолындағы жалпыұлттық орталыққа айналуды мақсат етеді. Осылайша, «Нұр Отан» партиясы ұлттық бірлік пен ынтымақ үшін үлкен жауапкершілікті мойнына алып отыр.


Гүлбиғаш Омар