Сыңар қанатты жалғыз ұшақ та жарамсыз
Сыңар қанатты жалғыз ұшақ та жарамсыз
2011 жылы Қарағандыда отандық «Фермер» ұшағы алғаш әуеге көтерілді. Сонда шағын ұшақты Қазақстандағы ұшақ құрастырудың қарлығашы деп білдік. Көкке қанат қаққан «Фермер» ауылшаруашылық мамандарының көңілінен шығып, алыс-жақын облыстарға сатылуы керек еді. Бірақ атышулы зауыт ашылғалы бір-ақ ұшақ жасалған, ол жалғыз ұшақтың бір қанаты сынған. Жылына 36 ұшақ құрастыруы тиіс «ҚазАвиа Спектр» зауыты кінә серіктестерден дейді.
Бүгінге дейін істің мән-жайы ашық айтылған емес. Жергілікті атқарушы органдар да төзімділік танытып, «ҚазАвиаСпектр» компаниясынан нақты іс күтті. Тауы шағылған компания жұмған аузын ашқан жоқ, ашпас та еді. Егер Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет отырысында еліміздегі өндіріс саласының саны бар, сапалы өнімі жоқтығын атап айтпағанда. Дәп осы зауыттың жұмысына ерекше тоқталған Елбасы: «Мысалы, Қарағандыда кезінде Серік Нығметұлының үлкен мақтанышпен көрсеткен «Фермер» ұшағының өндірісі жалғыз аэроплан жасаумен шектеліпті. Оның өзі ұша алмайды екен. Бір қанаты жарамсыз. Егер нақты жұмыс істелмесе, мұндай көзбояушылық дабыраның қажеті қанша?» – деді.
Кешегі «Ан-2» тәрізді егістік пен шабындық алқаптарын зиянкестерден құтқару үшін тыңайтқыш себетін «кукурузник» ұшақтары өндірістен шыққан соң, ТМД елдері көлемінде мамандандырылған ауылшаруашылық ұшақтарын тұтыну тоқтап қалған болатын. 2013 жылдан бастап АН-2-ні пайдалануға тыйым салу жөніндегі бұйрық шықты. Бұл ұшақтардың болашағының бұлыңғыр екені белгілі еді, өйткені 2010 жылы АН-2-ге қосалқы бөлшек шығаратын Польшадағы жалғыз зауыт жабылып қалды. Осынау жайттардың барлығы елімізде ауылшаруашылық ұшақтарының қажеттілігін арттыруда. Сондықтан 2011 жылы Қарағанды облысында 50-ге жуық өндіріс орындары ашылып, соның ішінде ұшақ жасайтын зауыттың ашылуы облыстың мәртебесі мен ұшақ маңыздылығын асыра түсті. Елбасы аймаққа ат басын бұрып, «Фермердің» ұшырылу рәсіміне қатысты. «Қарағандыда Қазақстан үшін жаңа өндіріс – ұшақ зауыты ашылуда. Келесі жылдан бастап ауылшаруашылық ұшақтары жасала бастайды, одан кейін шағын жолаушы ұшақтары мен реактивті қозғалтқышы бар ұшақтар жасайды» дегені есте. Бірақ Ресейдің МВЕН компаниясы елімізге ұсынған жобасын ұшыруға сертификат та алмаған екен. Оның кейбір техникалық тұстарын бекітіп, жаңа жобаның рұқсатын өздері күтіп отыр. Ал оларға үміт артқан қазақстандық компания оларды сарыла күтіп, келісімшартты да қайтара алмай отырған көрінеді. Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен жария болған жараның жуық арада өз бетінше жазылмасы анық. Өйткені «ҚазАвиаСпектр» қарызға белшесінен батып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында зауыттың құрылысына 700 миллион теңге жұмсалған, қаражат текке кеткен жоқ. Зауыт салынды, барлық жұмыс құралдары сақадай сай. Бірақ «ҚазАвиаСпектрге» тиесілі «Сұңқар» әуе зауыты «ҚазАгроҚаржы» ұлттық холдингінен 846 миллион теңгелік несие жеңілдікпен алған болатын. Бүгінде 125 адам жұмыс істейтін зауытта өндіріс жоқ, тек қарызды қайтарумен ғана айналысып отырған көрінеді.
Ал ресейлік компаниялардың тоңмойындық танытқаны бір бұл емес. Осыдан сабақ алмай жүрген бізге де обал жоқ. Мәселе негізі өзіміздің отандық компанияларда. Әуелде асығыстық танытпай, шетелдіктерден түскен ұсыныстарды сараптап, мән-жайын ұғынып, тек содан кейін ғана келісімшарт бекітуі тиіс еді. Тіпті бекітілмеген жобаның Қазақстанда қабылданып, жүзеге асқаны кімнің асығыстығынан болды? МВЕН компаниясының ұшақ шығаруға рұқсаты да жоқ екен. Өнім шығаруға кепіл беретін сертификатты өздері де күтіп отыр. Екі арадағы келісімшарт күшінде, тек төзімділік танытуға шақыратын көрінеді. Сертификатты 2 жыл күткен болса, қауіпсіздік шараларының әлсіз болғаны да. Келісімшартта жылына бәленше ұшақ жасалады деп көрсетілді, олай болса «Сұңқар» келісімшартты оп-оңай бұзуына болатын еді. Жалпы бұл компанияны кім таңдады? Сертификаты бар, нақты жобасы бар Канада, Франция компанияларының өнімі қымбат деген желеумен сырт айналған. Ресейлік техника шығаратын компаниялардың сыры белгілі. Басқа-басқа, бірақ Қазақстанда жаңа техниканы енгізу үшін инновацияны Ресейден емес, басқа дамыған мемлекеттерден іздеген жөн.
Бірақ Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов мырза біз алданған жоқпыз дейді. «Мен бұл зауытты көзбояушылық үшін ашылды деп ойламаймын. Ол кезде барлығы шынайы көрінген. Ресейліктер осылайша шартты бұзады деп ешкім ойлаған жоқ. Қазір құжатты күтіп отырмыз. Ол болмаса, басқа құрастырушылармен келісімшартқа отырамыз», – деп кесіп айтса да, іле-шала: «Нақты өндіріс 2015 жылға жоспарланып отыр. Әртүрлі проблемалар болды, сол проблемаларды шешіп, жобаны іске асыру үшін бәріміз үлес қосуымыз қажет», – деді. «Сұңқар» зауыты өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Андрей Глушень екі тараптың да ағаттығы бар дейтін көрінеді. Оның айтуынша, қазақстандық құрастырушылар жіберілген бірнеше ұшақ нұсқасын ұзаққа бармайды, деп оны шығарудан бас тартып отыр дейді. Былтыр баспасөз беттерінде «Неге бірде-бір ұшақ құрастырылмады?» деген көкейтесті сауалға кәсіпорын директоры Александр Ващенко екі сылтау айтқаны есте. Біріншісі – маман жетіспегендіктен, жұмысшыларды Қазан қаласына жіберіп, білімін жетілдірген. Екіншісі – құрастыру бюро ғимаратын кеңейтуге қосымша шығындар жұмсалған. Бүгінде қарағандылық зауытқа түскен ұсыныс көп. Қолбайлау болып отырған келісімшарт қана. «Словениялық компаниямен жеңіл ұшақтар жасауға байланысты келісімге келу, тағы бір америкалық компаниямен келісімді қарастыруға болады. Өрт сөндіруге қолдануға болатын ұшақтар шығару жайы қаралмақшы», – дейді Ахметжанов. Жергілікті басшылықтың араласуымен әуе зауыты жаңа жобаны қолға алуы мүмкін.
Ресей бұл зауыттан 1000 дана ұшақ алмақшы болды, ал республикамызға ұшақтың 400-і де жеткілікті еді. Ващенко мырза 2015 жылға қарай 500 данадай ұшақты қолданысқа береміз деп уәдені судай ағызуда. Бүгінде Қаржы полициясы зауытта бюджет қаржысының ұрланғаны жөнінде ақпаратты жария етті. Әзірге қолды болған қаржының нақты сомасы белгісіз. Бірақ зауыттың жұмысына 1 миллиард 450 миллион теңге бюджет қаражаты жұмсалғаны анық. Оның 700 миллионы инфрақұрылымға, жол мен инженерлік коммуникация тартуға кетсе, 750 миллион теңге несие жеңілдіктер негізінде алынған. Облыстың қаржы полициясының шағымымен осы іске қатысты Октябрь ауданының прокурорлары 176-бап, яғни аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иелену немесе жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғады. Зауыт басшылығы 5 немесе 10 жыл көлемінде бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Қарағанды облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаражатын жымқырды деп айыптады. Ол «ҚазАвиаСпектр» ЖШС-нің ауылшаруашылық ұшақтарының өндіріс зауытын салуға бөлінген, – деді Қарағанды облыстық Қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова.
Ахметжанов мырзаның айтуынша, тағы 2 жыл күте тұру керек. Бірақ зауыттан тым құрыса бір ұшақ шығады дегенге жұртшылық енді сенбейтін сияқты. Өйткені елімізде Президенттің қатысуымен ашылса да, аяқсыз қалған жобалар өте көп. Солардың бірі аты дардай – «ҚазСат-1» спутнигі. 2006 жылы 17 маусымда алғашқы қазақтың жасанды жер серігі «ҚазСат» ғарышқа аттанды. Бұл жобаны Ресей елімізге 7 миллиард 800 миллион теңгеге жасап берген. Бұл рәсімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысқан болатын. Бірақ бұл тарихи күні «ҚазСаттың» ғарышқа мәңгілікке аттанғанын ешкім білген жоқ. Телерадиохабарларды тарату арналары, телефондық байланыс, деректерді беру, Интернет желісіне кеңжолақты қол жеткізу және мультимедиялық қызметтер пакетін арзандатуда Қазақстанның мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс еді. Бірақ 2008 жылдың маусымында жер серігі істен шығып, ғарыш кеңістігінде ізім-ғайым жоқ болды.
Осы мәселеге орай Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев:
– Ол уақытта елде кәсіби (ғарыштық) мемлекеттік орган болған жоқ. Соның әсерінен спутник жасаудың қате жолы таңдалған. Техникалық мәселелерді айтпағанның өзінде, «ҚазСат-1» спутнигін жасау шартына Қазақстан тарапынан «Ұлттық инновациялық қор» (ҰИҚ АҚ) қол қойған, яғни ғарыш қызметінің кәсіби мамандары емес, ал Ресей тарапынан Хруничев атындағы зымыран-ғарыштық фирма болғанымен, оның әлгіндей спутниктік жүйе жасау тәжірибесі болмаған, – деген еді. Міне, осы қателікке тағы бой алдырдық. Аузы күйген үріп ішеді деуші еді… Нарықта көш ілгері фирмалардың ұсынысын менсінбей, ұшақ жасауда Ресейге тағы ұрындық.
Ақниет ОСПАНБАЙ