Зияжан ҮНАЛАН: ҚАЗАҚ – ДІНІ МЕН ДІЛІ МЫҚТЫ ХАЛЫҚ

Зияжан ҮНАЛАН: ҚАЗАҚ – ДІНІ МЕН ДІЛІ МЫҚТЫ ХАЛЫҚ

Зияжан ҮНАЛАН: ҚАЗАҚ – ДІНІ МЕН ДІЛІ МЫҚТЫ ХАЛЫҚ
ашық дереккөзі

Елбасы халлыққа Жолдауында сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары ретінде аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту, мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыруды баса айтты. Осы мақсаттардың іске асуына сырттағы қандастардың да үлесі зор. Стамбұлдағы сапарымыздың барысында түркиялық қандастар арасындағы аузы дуалы ақсақалдардың бірі – Үналан Зияжан Байсұлтанұлымен өткізілген сұхбатта қазақ халқының сыртқы және ішкі саясаттағы ықпалы, Атажұрттан жырақ жүрген қандастардың өткені мен бүгіні, имандылық пен ауызбіршілік т.б. жайлы қазақы құндылықтарға қатысты мәселелер сөз болған еді.


«Қайыр сұрауға мәжбүр болдық»


– Зияжан ата, әңгімемізді Стамбұлға қазақтардың қалай келгенінен бастасақ…

– Қытайдың Баркөл деген уәлаятында дүниеге келгенмін. 1936 жылы ел арасында әбігер басталды. Өйткені, коммунистік режим орнады, басымызға бәле келді. Дүние-мүлкімізді тәркілеп, өзімді, әкем мен ағаларымды қамауға алу қаупі төнді. Елісхан Әліпұлы деген азамат бізге: «Өздеріңіз басшылық жасап, коммунистерден теперіш көрген елді Пәкстан жаққа қарай бастасаңыздар?» деген өтініш айтты. Содан қар жамылып, мұз жастанып, арып-ашып, көпшілігіміз қырылып… Үндістан, Пәкстанға 1941 жылы әрең дегенде иек арттық. Ол кезде жапондардың соғысы жүріп жатқан. Пәкстан билігі бізден қайда бара жатқанымызды сұрады. «Қытайдан келеміз, басымызға түскен зорлық-зомбылықтан қашып келеміз. Қолымызда кәрі-құртаң, әйелдер мен бұғанасы қатпаған бала-шағамыз бар, бізге пана бол», –  дедік. Біз табан тіреген тау-тастың ішінде шекара күзеткен қарулы әскер көп болатын. «Қазақтар, орындарыңнан қозғалмаңдар, ішкері кірмеңдер, рұхсат жоқ» деген бұйрық келді. Егер бұйрыққа бағынбасақ, мылтықпен, танкімен жалаңдап отырған әскерилер бізді бауша сұлатып салатыны анық. Амал жоқ, олар бұйырған жерге – шекарадан үш күндік қашықтықтағы аумаққа орналастық. Көшпелілердің ұрпағымыз, киіз үйлерді дөңгелетіп тігіп-тігіп алдық та, қоңырқай тіршілігімізге көштік. Ол кезде түбі бір үнділерді Пәкстан мен Үндістан деп екіге жарып, орталарына от қойып, бірін бірі аяусыз қырып жатқанда Қытайдан ауған қазақтар сол жерде едік. Абырой болғанда ұлтшыл бағыттағы қытайлар бізге қамқор болып, түр-түсіміз үнділерден бөлек болғандықтан, олар бізге тиіспеді. Есесіне, бірін бірі аяусыз қырды. Содан кейін ағылшындардың басында отырған Черчилл деген кісіге хабар жіберіп, «қазақтарға пана болайық па, жоқ па?» деп рұқсат сұрайды. Черчилл «қолдарындағы барлық қару-жарақты жинап алып, өздеріне тиіспеңдер» деп бұйырады. Осыдан кейін қару атаулыны үкіметке өткіздік, ауру-сырқауымызды үнділер емдеу үшін ішкері алып кетті. Алдымен ат-түйемізді көшірді, малдың артынан бала-шағамызбен өзіміз жеттік. Бір-екі жылдай Қытайдың қамқорлығында болып, бізді тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Арада екі жыл өткенде қазақтардың бір бөлігін Үндістанның Бопа деген жеріне әкетті. Жартысы Пәкстанда қалды. Біз солардың ұрпағымыз. Небір ауыртпалық пен қиыншылықты бастан өткердік.  

– Қайтіп күн көрдіңіздер?

– Қайтіп күн көреміз? Қолыңда түгің жоқ, сіңірі шыққан кедейсің. Қалтаңда көк тиын ақшаң жоқ, азын-аулақ малыңды жаятын жерің жоқ. Мұңыңды мұңдап, жоғыңды жоқтайтын мемлекетің мен билігің тағы жоқ… Қол жайып, қайыр-садақа сұрау ғана қалды. Бір жылға жуық әр есікті бір қағып, «бір жапырақ нан бер, бір жұтым су бер» деп қайыршылықпен күн кештік. Садақа сұрау үшін ауыл-ауылды шарладық. Аштықтан қарауытқан көзіміз бен тұмантқан есімізді сәл жинап алғаннан кейін еңбек етуге көштік. Үнділердің басына киетін тақиясын тоқыдық. Біртіндеп сауда-саттыққа көштік.

– Не саттыңыздар?

– Ой, балам-ай, біз не сатпадық! Мемлекетте не жоқ болса, соны саттық. Түймесінен инесіне дейін. Үндістан мен Пәкстанның үлкен қалаларынан арзан бағаға сатып аламыз да, оны бірнеше есе бағасына қайта сатамыз. Ол кезде екіге жарылған үнділердің мұсылман жағы садақа сұрап күнелткен қазақтардан да асқан кедей боп қалды. Осы себепті, біз жаппай саудаға көштік. Ол кезде мен қылшылдаған жаспын. Әке-шешем қолымда, соларды бағу үшін сауда-саттыққа мен де ден қойдым. Тірлігіміз дұрысталып келе жатқанда жұрт «көрала» деген дерттен жаппай қырыла бастады. Іш өтеді, қызу көтеріледі. Адамның бір-ақ сәтте демі үзіледі. Мәселен, әлгі ауруды жұқтырған біреу көпшіліктің ортасында әңгіме салып, емен-жарқын отырған қалпы сылқ ете түседі де, жантәсілім етеді. Алдын ала білінетін белгісі де жоқ. Осы обадан қырыла-қырыла, Түркияға 1953 жылы небары мың бес жүздей адам жетті. 

– Түркияда қалай күн көрдіңіздер?

– Теңізден су, тас, топырақ пен құм тасыдық. Қара жұмысқа жегілдік. Түріктер еліне келгенде 25 жаста едім. Отау құрмағам. Сан кесапаттан бұғанасы қатпаған жас қыздар қынадай қырылған. Жапонның атом бомбасынан халықтың демографиялық ахуалы ақсап қалған еді. Үйленуге қыз жоқ, ақша мен жағдай тағы жоқ. Оның үстіне, тіл білмейміз. Пәкстандықтар қыз бермек түгілі, «жапонсыңдар, қытайсыңдар» деп бізді маңайларына жуытпайтын. Содан Түркияға келіп, есімізді жинағаннан кейін сауда-саттық жасауға көштік. Сәлден кейін теріні өңдеп, түрлі өнімдер, киім-кешек тігуді бастадық. Түріктер қаракөлдің терісінен әйелдерге тон тігетін. Содан қалған қиқымдарды қоқысқа тастайды. Біз сол қиындыларды жинап алып, құрастырып, құрақ тон тіктік. Кейін бірігіп пластик зауытын аштық. 

– Түркияға келген мың жарым қазақ бірігіп ашты ма?

– Жоғә! Қазақ бірігуші ме еді?! Тек бірнешеуіміз ғана біріктік. Жастар жағы жұмыссыз сенделіп жүруден жалығып, көпшілігі Еуропаға кетіп қалды. Франция, Алмания, Швеция, Швейцария, Норвегия т.б. елдерге барып орнықты. Ол кезде соғыстың салқыны қайтпаған, жұмыс күші тапшы. Осыны пайдаланған көп қазақтың тұрмысы жақсарды. Мен Түркиядағы алпыс кісі қызмет ететін «Баркөл Пластик» деген мекемені 5 жыл басқардым. Пластиктен жасалған құбырлар, қазан, шайнектерге құлақшалар т.б. заттар жасайтынбыз. Бұрыннан айналысып жүрген түріктерді шайға шақырып, қонақ қыламыз, әңгімелесіп отырып, пластик заттарды олардың қалай жасайтынын сұрап аламыз. Сосын оны өзіміз жасауға көшеміз. Сосын әлгі ақыл айтқыштарға қайта сатамыз. 


«Қайырымдылық – иманнан»


– Демографиялық ахуалдың өте нашар болғанын айттыңыз. Түркияға келгеннен кейін қазақтардың бала туу қарқыны артты ма?

– Біз түріктер еліне келгесін Қытайдан бірсыпыра қазақ келді. Солардың арасындағы бір қазақтың қызына мен де үйлендім. Бұған дейін шаңырақ көтере алмай жүрген қанша қазақ жігітінің бағы ашылды сол кезде. Жер алдық, үй салдық, тұрмысымыз түзелді. 80-жылдары Қытайдан заттар көп келе бергесін, бәсекеге шыдамай, пластик зауытымызды сатуға мәжбүр болдық. 1992 жылы Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатыстым. Қалдарбек Найманбаевтың шақыруымен. Қазақстан бос қалған. Орыс кеткен Ресейге, алман кеткен өз еліне. Біз балаларымызға жер алып, кәсіп қылайық деген ұсыныс айтсам, олар азар да безер. «Қазақстанда кәсіпкерлік қылу тиімсіз. Байи бастасаң, басыңа бәле болады» деп. Соған қарамастан, жер алдым, пластик заттарын жасайтын зауыт аштым. Алматы қаласы мен Талғар ауданында күні бүгінге дейін жұмыс істеп жатыр. Қазір бес ұлым, екі қызым бар. Сонау сүргін жылдары қазақтар ауа көшкенде қатын-баласын, әке-шешесін ала жөңкіді. Басқалар бала-шағада жұмысы жоқ, өздері қашты ғой. Бас сауғалаған жағына барғасын сол жерден біреуге үйлене салады. Тағы басқа жаққа қарай қашса, отбасын тағы тәрк етеді. Сосын өлгенде мұраға қалған дүние-мүлік бөлісуге ойдан, қырдан отыз баласы жиналады. Әлгінің әр әйелінен туған. Ал қазақтар ондай емес. Жатжұртта туғандарын тастамаған. 

– Білуімізше, сіз қайырымдылық шарасымен де айналысады екенсіз? 

– Енді қайырымдылық жасау сауапты істерден ғой. Алла Тағала ертең о дүниеге барғанда бізден сұрайды ғой: «Саған мал бердім, ақша мен атақ-абырой бердім. Қандай жақсылық істедің? Ақшаны қайда жұмсадың?» деп. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Анкарадағы кездесулердің бірінде консулға Атажұртқа қандай көмек көрсете аламыз?» дегенде, ол кісі: «Қазақстанда жылқы көп. Сол жылқыға таға соғып апарсаңыздар да үлкен көмек», – деп жауап берді. Осы сөздің ықпалы болар, арада сәл уақыт өткенде Алмаьыдағы «Ақши» ер балалар пансионатында әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 40 шақты қазақ баласын қамқорлыққа алғам. Мақсатым – қазақтың қарадомалақтарын имандылыққа үндеу, қазақы тәрбие беру, адамгершілігі мол азамат етіп өсіруге үлес қосу.  

– Жасыңыз сексен алтыда екен. Қазір немен айналысасыз?

– Алып бара жатқан шаруа жоқ. Зейнеткерлікке шыққам. Кәсіпкерлікті балаларға тапсырдым. Тек Стамбұлдағы тұрмыстары төмен қазақ отбасылары той жасайтын мейрамхана аштым. Жаз шыға стамбұлдық қазақтар тойға қарық боламыз. Әсіресе, үйлену тойы көп. Сол тойлаған қандастардың ортасында шалқып жүріп жатқан жайымыз бар. Аллаға шүкір, өміріме ризамын. Алла маған бала берді, шаңырағымның ұйытқысы болар әйел берді, тұрмысымды түзеуге мал берді. Шаршағанда жүзімді жадырататын немерелерім бар. «Әттең» дейтін өкінішім жоқ. Мақсатымды түгел іске асырдым. Шүкір.

– Атажұртқа ат басын жиі бұрасыз ба?

– Жылда баратынмын. Биыл сәті түспеді. Ол жақта балаларым мен немерелерім бар ғой. Айтпақшы, Қазақстанда жүз шақты қойым да бар. Көбейтейін десем, бағатын жан болмай, жүзбен шектеп отырмын. Сол жақта бауырыма басқан бір ұлым бар. Үйленгелі жеті жыл өтсе де, келіншегінің аяғы ауырламапты. Үйінде қонақ боп отырғанда маған: «Бір перзентке зармын» деп мұңын айтты. Мен бір стақан суға дем салып бердім. Сол суды ішкен әйелі көп ұзамай бір ұл, бір қыз тапты.


«Түбі бір түркі біріксін»


– Қазақстандағы қандастар туралы пікіріңіз қандай? 

– Қазақ – текті халық. Алла Тағала табиғи байлыққа кенде етпеген қазақты. Бабаларымыздың найзаның ұшы, білектің күшімен қасықтай қаны қалғанша қорғаған ұлан-ғайыр жері тағы бар. АҚШ пен Батыс, Қытай мен Ресей, басқа елдер сол көз алартып отыр сол аумаққа. Мұның бәрін қазақ билігі біліп, іштей көкейге түйіп отыр ғой. Бірақ қазақтың ниеті жақсы. Алға ұмтылысы, құлшынысы жақсы. «Ақши» медресесін ашқанда салтанатты кеште мен: «Алла Тағала тәуелсіздігін енді алған қазаққа бұл ұлан-ғайыр жерді қантөгіссіз, ұрыс-керіссіз берді. Ирак, Мысыр т.б. елдердегі қынадай қырылған жазықсыз жандардың қаны судай ағып жатыр ғой. Алла оның бетін ары қылсын. Енді осы кең даланы ауызбіршілікпен басқару керек. Өсек-аяң, бос әңгіме алысқа апармайды. Президент Н.Назарбаев Қазақстандағы «екі қолға бір күрек» іздегендерге жұмыс тауып беріп, асырап отыр. Бұл елдің, азаматтардың әлеуметтік ахуалының жақсаруына өте үлкен ықпал етеді. Сыртта жүргенде небір қитұрқылықты көрдік қой. Тағы бір айтарым, адамның ішкі және сыртқы тазалығы. Жетпіс жылдан астам коммунистік режимнің ықпалында болған бүгінгі қазақ өзгеріске қатты ұшыраған. Ата-бабадан қалған салт-дәстүрден алшақтау. 1992 жылы Қазақстанға алғаш барғанда Астанадағы бір қонақүйде мамандығы мұғалім бір қарындасым келіп, «бізге айтарыңыз не бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрады. Мен не айта аламын? «Адамға тазалық керек. Ол иманнан келеді. Сіздердің тырнақтарыңыз бір қарыс екен әрі оны бояп алыпсыздар. Мұсылманшылыққа салсаңыз, бұл харам нәрсе. Бір қарыс тырнақпен қайтіп тамақ жейді, өзі әйел адам, қамырды қалай илейді? Әуелі тырнақтарыңызды алыңыздар», – деп едім. Ол да, жанындағы қыздар да қызарақтап, тырнақтарын алақанға қарай бүгіп алды.  

– Бірақ қазір Қазақстанда иманға ұйыған, намазға жығылған қазақтар, әсіресе, жастар көбейді…

– Мұсылманшылық салтын ұстанғандар өте көп, білемін оны. Былтыр барғанда көрдім, бұрын қыздар мешітке ашық-шашық киініп, қалай болса, солай кіретін. Бүгінде ондайлар жоқ. Мешіттердің сыртына жазу ілді ғой «етегі ұзын көйлек киіп, бастарыңа орамал салып келіңдер» деп. Қаншама жыл діні мен ділі жат орыстардың езгісінде болған қандастардың қазіргі беталысы қуантады. Мұның барлығы діни тұрғыда жүргізіліп жатқан еңбек пен насихаттың арқасы. Қазір дүние жүзін алсақ, таяқ жеп жүрген мұсылмандар бар. Неге? Өйткені исламның заңын, ережесін жөнді білмейді. Олардың соққыға жығылып, таяқ жейтіні сондықтан. Қазақтар ондай болмаса екен деп тілеймін. Тәуелсіздік алғанға дейін шетте жүрген қазақтарды біресе «жапон», біресе «қытай» деп қорлайтын. Мемлекетіміз жоқ, көкте желбіреген егемен елдің байрағы жоқ. Жұрттың бетіне тік қарай алмай бүгежектейтінбіз. Көңіліміз пәс еді. Қазір, Құдайға шүкір, Қазақстан өзге елдермен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет. Әлемдік саяси сахнада үні бар, өзіндік орны бар. Біз де басымызды тік ұстап, өзгелерге бодандық қамытынан босаған Атажұрттың егемен ел болғанын мақтанышпен айтамыз. «Қай елденсің?» деп сұрағандарға, «Мен Қазақстаннанмын, тәуелсіз қазақ еліненмін!» деп кеуде соғамыз. Лайым, Алла қазаққа бірлік бергей. Тыныштық пен береке бергей. Сыртта жүрсек те тілекшіміз. Қазақстан президенті Стамбұлға келгенде дастарқан жайылған үйдің сыртында тұрған күзетшілерге: «Мына қонақтардың арасында біздің патшамыз отыр. Сол кісімен амандассам бола ма?» деп едім, рұхсат берді. Ішке кіріп барып, Назарбаевпен таныстым. 

– Соңғы кездері Қазақстан мен Түркия, басқа да түбі бір ағайын түркі бірлігін күшейту туралы жиі мәселе көтеріп жүр. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Ол өте дұрыс. Тіпті, күллі мұсылман баласы бірігуі тиіс. Ал атасы бір ағайынды алты кісі біріксе, едәуір күш. Ешкімнен таяқ жемейді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтылмаған ғой. Әлбетте, Батыс пен АҚШ, Қытай мен Ресей, басқа да мүдделі мемелкеттер түркі бірлігіне қарсы тұрады, біріккенін қаламайды. Алайда, «шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, тәуекелге бел буып, белсенді әрекетке көшу қажет. Бүгін Реджеп Тайип Ердоған телеарналардан жақсы сөз айтты. «Біздің көз алдымызда бір елдің білдей бір премьерін дарға асып өлтірді. Мендерес апатқа ұшыраған ұшақтан орманға құлағанда, оны ұстап әкеліп дүйім жұрттың көзінше дарға асты. Мен премьерлік таққа отырарда үстіме кебінімді киіп шықтым. Алға қойған мақсатымнан әсте таймаймын. Дегенімді істеймін, қолдарыңнан келсе, маған білгендеріңді істеңдер», – деді. Меніңше, түбі бір түркімен бірге исі мұсылман бірігуге ұмтылғаны абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Нәзия Жоямергенқызы