Кентау жоғары санатты қалаға қашан кіреді?

Кентау жоғары санатты қалаға қашан кіреді?

Кентау  жоғары санатты қалаға  қашан кіреді?
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз моноқала – Кентау. Халқының саны 80 мыңға жеткен шаһар бүгінде қарқынды дами бастаған. Кентау ең алдымен өндірісшілердің қаласы ретінде елге танымал. Атына заты сай – жерасты байлығы мол, қазыналы өңір. Сол себептен ол республикадағы 27 моно­қаланың қатарына қосылды. Қала басшылығы бұдан әрі өн­дірістің тасын өрге домалатып, өр­кен­деген өңірге айналуды мақсат етіп отыр. Елбасы Н.Назарбаев моноқа­лаларды дамыту бағдарламасын тікелей бақылауын­да ұстап отырғаны белгілі. Бағдарлама екі кезеңге бөлінген. 2013-2015 және 2015-2020 жылдарға дейін. Пилоттық жоба ретінде былтыр Кентауға 241 000 000 теңге қаржы қарас­тырылыпты. Оған қаланың жауапты шенеуніктері абаттандыру жұмыс­тары, алаңшаларды талапқа сай жасау сияқты көзге көрінетін істер атқарған. Кентау – орта деңгейдегі қала. 2020 жылға дейін бағдарлама бойынша жо­ғары санатқа кіруге талпынып отырмыз дейді қала әкімі. Ол үшін кешенді бағдарлама да түзіліп қойған. Осыдан біраз бұрын Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев елі­міздегі 27 моноқала басшыларын Курчатов қаласына жинап, тапсырма берген кезде бір бағдарламамен шектеліп қалмай, әр қаланың өз ерекшеліктеріне қарай жұмыс жасауды жүктегені мәлім. Қандай әлеуметтік мәселе күр­деленіп тұр, соны кезек күттірмей шешу де басшылыққа алынған. Кентауда қазір осы бағытта жұмыстар жасалынуда. Үш жылға 4 млрд. теңге қаржы бөлініпті. Оның 3 миллиарды инфрақұ­рылымға, ал 900 млн. теңгесі даму бағдарламасына жұмсалмақ. Кентау – өндірісшілердің қаласы. Сон­дықтан өндірісті өркендету керек. Оған қаланың инфрақұрылым мүм­кіндігі де жеткілікті. Қала әкімі Бақытбек Байсалов Трансформатор зауытының жанынан 814 млн. теңгеге бағаланған жоба да­йындағандарын айтады. Болашақта ол жерде 100 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылмақшы. Бұдан басқа 41 гектар жер бөліп, индустриялды аймақ ашылған. Оған индустриялды ай­мақтың инфрақұрылымын, логис­тикасын дайындап, тың жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік жасалады екен. Қаланың инфрақұрылымын жақсар­туға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, оның 2 млрд. 332 млн. теңгесі 2014 жылы газдандыруға бағытталмақ. Жобалық сметалық құжаттары дайын көрінеді. Сараптамадан өтіп келгеннен кейін алғашқы сатыларын дайындай береді. Тұрғын үй мәселесі бойынша «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы қолға алынған. Биыл 60 пәтерлі тұрғын үй салынады екен. Жос­пар бойынша алдағы бес жылдың ішінде 10 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға бермек ойлары бар. Әкімнің айтқандарына сенсек, алдағы 4-5 жылдың ішінде Кентау қаласында тұрғын үй мәселесі толық шешіледі. Кентаудың жылыту қазанды­ғындағы апатты бүкіл республика біледі. Тығырықтан әупірімдеп шыққан шаһар басшылығы келесі маусымға да­йын­дықты бастап кеткен. Расын айту керек, ол жерде 1958 жылы салынған қазандықтар тұр. Әбден тоз­ған. Шығыны көп. Қаржыны көп қажет ететін көрінеді. Әкімдіктегілердің алдағы уа­қытта газбен жылытатын жаңа технологиялы қондырғы орнатсақ деген ойы бар. Бақытбек Байсалов, Кентау қаласының әкімі: – Қазір құны 6 млрд. теңгеден асатын 7 жоба бар. Оған 356 адам тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Талпынып отырған жеке шағын кәсіпкер­лердің саны да артқан. Бұл бағытта арнайы жеңілдікпен құны 1 миллиард теңгеден асатын 22 жоба дайын тұр. Облыстық кәсіпкер­лерге қызмет көрсету орталығының қаламызда бөлімшесі бар. Солар арқылы 22 жоба мақұлданды. Мұны бір деп қойсақ болады. Екіншіден, Кентаудың айналасында жерасты байлығы жетеді. Сонымен қоса түрлі 136 млн. тонна қалдықтар бар. Сол қалдықтарды да кә­деге жарату керек. Бұл алдымен эколо­гиялық жағдайды жақсартуға, екіншіден, экономикалық тұрғыдан пайда көруге және жаңа технологияны тартуға мүмкіндік ту­ғызады. Бұл үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет. Егер Үкімет бізге сол қалдықтарды зерттеп, анықтап берсе, ертең біз инвестор­ларға мынадай өнім алуға болады деген ұсыныс айтар едік. Жасыратыны жоқ, бұл жұмыс баяу жүріп жатыр қазір. Содан кейін теміржол мәселесін шешуіміз керек. Өндіріс қарқынды тасымалдаудан қиындық болмауы тиіс. Кеңес дәуірінен қалған, жылына 4 млн. тонна жүк таситын теміржолымыз бар. Бірақ ол жекенің қолында. Қазір олармен келіссөз жүргізудеміз. Қалай аяқталары белгісіз…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы