Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі: ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТСЕК ДЕЙМІЗ

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі: ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТСЕК ДЕЙМІЗ

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі: ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТСЕК ДЕЙМІЗ
ашық дереккөзі
Түркістанды білмейтін қазақ жоқ. Кешегі мен бүгінгінің алтын көпіріндей болған көне шаһардың орны әрбіріміз үшін ерекше. Елбасы осында келген бір сапарында: «Қасиетті Түркістан жеріне келген сайын ерекше тебіренемін. Мұнда исі қазақтың елдігі мен ертеңін ойлап, тебінгісінен тер төгіп жүріп өмір кешкен хан да, би де, батыр мен бағлан да мәңгіге тыныстап жатыр. Олардың өшпес рухы, халық үшін атқарған қайрат-жігерге толы қызметінің қасиеті әрбірімізді желеп-жебегей»,–деп еді. Түркістанның бүгіні еселі еңбектермен толы. Тәуелсіздік алғалы халықтың екінші тынысы ашылған. Кәсіпкерлік пен туризм, ауыл шаруашылығы мен өндіріс қарқынды дамып, еселеп өнім беріп келеді. Бір айта кетерлігі әу бастан отырықшы өмірге бейімделген түркістандықтардың басты кәсібі негізінен ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Мұнда мақта да, бидай да егіледі. Мал бордақылау мен сүт өндірісі де шаруалардың маңдай терін молынан ақтап отыр. Таяуда осы ауданға жолымыз түсіп, қала әкімі Бақытжан Әшірбековпен әңгімелескен едік. Әкім мырза өңірдің тыныс-тіршілігі жайлы толымды мағлұмат берді. Түркістанның қазіргі ахуалын, айтты, киелі шаһардың жаңалықтарымен бөлісті. – Түркістан Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкенттен кейінгі халқы ең көп шаһар. Халқы көп шаһардың қиындықтары да көп болары сөзсіз. Жаңадан әкім болып келгелі қандай қиындықтар алдыңыздан шықты? – Аты шартарапқа тараған Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, рухани түлеуі мен мәдени келбетін көпшілік жұрт өзге аймақтарға қарағанда өзгеше бағалайтыны белгілі. Себебі, шаһарымыздың атын асқақтатып тұрған Қ.А.Яссауи бабамыздан бастап қазақ даласындағы хан, батырларымыз, билеріміз бен абыздарымыздың рухы кімнің де болса киелі топыраққа деген құштарлығын арттыра түсетіні анық. Ал, мұндай жағдайда кездесетін ауыртпалықтардың негізгісі – көптің көңілінен орын таба білу. Осы мақсатта, қазір біраз жоспар, жобаларымызды бағдарлап, іске кірісіп жатырмыз. Әрине, халық көп болған соң оның да өзіне лайықты мәселелері болады. Осы орайда, мен Түркістан халқының еңбекқорлығын айта кетуді жөн санаймын. Соның арқасында қаламызда бүгінгі күндері жаңа бастамалар, жаңа жобалар жасалып, елмен бірге еңбекке кірісіп кеттік. Ендеше алдымыздан кездесетін ауыртпалықтар да осындағы халықтың ауызбіршілігі мен жұмыла жұмыс жасауының нәтижесінде шешіледі деп сеніммен айта аламын. – Индустриялды инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше нысан Түркістаннан да ашылғанынан хабардармыз. Олардың жұмыс қарқыны қалай? Кейбір нысандар секілді ашылмай жатып жабылып қалу қаупі жоқ па? – Мен бірінші кезекте өңіріміздің ерекшелігіне тоқталғым келіп отыр. Негізінен жергілікті тұрғындардың ата кәсібі ауылшаруашылығы саласы. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес те түркістандықтарға таңсық кәсіп емес. Міне, осы салалардың қосындысынан өңірде өнеркәсіпті дамыту соңғы жылдары жүйелі жолға қойылған. Ал, индустриялды инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорындар толық жұмыс істеп тұр. Бағдарлама бойынша өткен жылдан бері 8 жоба іске қосылды. Атап айтсам, полиэтилен құбырларын шығаратын «Баянды құрылыс» ЖШС, темір-бетон бұйымдарын, көпір балкілерін дайындайтын «Ақ жол» ЖШС, сүт өнімдерінен балмұздақ шығаратын «Мұзды тау» ЖШС, жеке кәсіпкер Н.Имажановтың тігін-тоқыма цехі, «Түркістан» сервистік дайындау орталығы, тамшылатып суаруға полиэтилен құбырлары мен өсімдік ма-йын шығаратын «Тұран» ШҚ-ы, түрлі жиһаздар шығаратын жеке кәсіпкер Ф.Құдайбергеновтердің жұмыстары бүгінгі күнде тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Бұл кәсіпорындарда 403 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, жобалардың жалпы табысы осы 9 ай көлемінде шамамен 172 млн. теңгеден асып отыр. Сіздің жаңа жобалардың жабылып қалу қауіпі туралы сауалыңызға жауап ретінде, аталған орындар керісінше өз шаруа­ларын жетілдіру жолында жұмыс жүргізіп жатыр деп айта аламын. Бұл сөзімнің дәлелі ретінде қа­ла­­­­мызда жақында индустриялды­ ай­мақтың іске қосылатынын наза­ры­ңызға сала кетейін. Өңірімізде өн­діріс орындарының санын арттыру мақсатында, шаһардың батыс айма­ғынан, яғни «Бекзат» мөлтек ауданынан индустриалды аймағын ашу үшін 103 гектар жер телімі пайдалануға беріліп, қазір аймақтың инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жақында облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Құрақбайұлы арнайы сапарында индустриялды аймақтың жұмысымен танысып, оң бағасын беріп кеткен болатын. Айта кетерлігі, аймақ ыңғайлы жерде орналасқан. Мұнда мемлекет есебінен темір жол тұйығы, автожол, электр қуаты, су құбыры секілді өндіріске қажетті барлық жағдайлар қарастырылған. Енді бұл орында тек өндіріс орындарын қалыптастыру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Қазірдің өзінде аймаққа жалпы құны 3 млрд. теңгеден асатын төрт жоба орналастыру жоспарлануда. Сонымен бірге, таяу арада облыс әкімінің бастамасымен осында кәсіпкерлерді тарту үшін арнайы бизнес форум ұйымдастырылатын болады. – Күнгейдегі халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақтың бірі – Түркістан. Соңғы кездері бұл салада қандай жетістіктер бар? – Ауылшаруашылығы өңіріміздегі негізгі салалардың бірі. Табыс көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, қаламызда 2012 жылы жалпы өңiрлiк өнiм 64 млрд. 549,4 млн. теңгенi құраса, соның 32,7 пайызы ауылшаруашылығы саласына тиесілі болды. Бұл дегеніңіз өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін құрайды. Ал, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңірлік өнім көлемінің 27,3 пайызын осы сала құрап отыр. Бұл көрсеткіш күзгі жиын-терімнен соң тағы да арта түспек. Қазіргі күнге дейін ауылшаруа­шы­лығы саласында 9 млрд. 706 млн. теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда 104,4%-ға артық. Соның ішінде үстіміздегі жылы 38917 гектарға егін егіліп, жоспар 101%-ға орындалды. Сонымен бірге, егін шаруашылығында суды үнемді пайдалану мақсатында 860 гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылды. Бұл межеленген жоспардан 22,8%-ға артығымен орындалды. Айта кетерлігі, Түркістан қаласы аумағында суармалы жер көлемін ұлғайту негізгі мәселелердің бірі. Өңірімізге Бөген су қоймасынан келетін Арыс-Түркістан каналын қоса есептегенде 1305 шақырымды құрайтын 105 канал-арық бар. Бұдан бөлек, тау бөктерінде қысқы қар еріндісі мен жауын суын жинайтын 7 су қоймаларымен бірге 427 тік дренажды құдықтар бар. 2 су қоймасын салу үшін тиісті құжаттар рәсімделіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Және де 2014 жылға 34 тік дренажды құдықтарды қалпына келтіру үшін құжаттары рәсімделді. Дегенмен бұл су нысандарынан тұрақты түрде егістік алқапқа су алып отырамыз деген сөз емес. Бұл жерде табиғаттың қолайлылығына қарай су қоры белгілі болады. Біз соңғы уақыттарда осы жағдайды мүмкіндігіне қарай шешу мақсатында біраз жобаларды қолға алдық. Мәселен, биыл жүйелі жұмыстың арқасында 3058 гектар суармалы жер қосымша айналымға қосылды. Енді біз бұрынғыдай еккен егісіміз­ді өнім берген кезде базарға апарып сатудан бұрын, оны өңдеу жолын да қарастыруымыз керек. Себебі, ала жаздай төккен тердің ақысын нарықтағы арзан бағаға телігенше, бірігіп аталған өнімді өңдеу арқылы мол пайдаға кенелуді ойлауымыз керек. Бүгінгі күннің талабы сол. Осы бағытта қаламызда да өндіріс орындары болғанымен, ол біздің өнімдерді толықтай қайта өңдеуге қауқарсыз. Мәселен, қала көлемінде өткен жылы 6,52 мың тонна ет өндірілсе, 54,6 мың тонна сүт өндірілген. Ал, осы өнімдерді қайта өңдеуге келгенде бірді-екілі өндіріс орындарымыздың жұмысын ғана айтамыз. Осы орайда қаламыздағы кәсіпкер­лерді және іріленген шаруа қожалық басшыларын сүт өңдейтін, көкөніс консервілерін дайындайтын цехтар ашуға шақырып жатырмыз. Мұндай істі қолға аламын деушілерге мемлекет деңгейінде жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен бірге, мал шаруа­шы­лығын дамыту күн тәртібіндегі мәсе­лелердің бірі. Елбасымыздың наза­­рындағы бұл сала бойынша басын ашып алатын бір мәселе бар. Ол — әлемдік рынокта азық-түлік өнімдерінің өтімділігі мен тиімділігіне байланысты. Сондықтан егер біз мал шаруашылығын қазіргі заманғы талапқа сай жауап беретіндей ұйымдастыра алатын болсақ, әлемдік нарықта өз орынымызды оңай таба аламыз. Қоғамның бүкіл дамуына көз жіберсек – адам тұтынатын азық-түлік және оның сапасы өмірлік мәселе болып келді. Дана халқымыз мұны: «Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ іздейді» дейді. Біздің қазақ даласында, адамның қолымен жасалған аштықтар болмаса, еш заманда халық тамақтан кенде болып көрмеген. Демек бұл саланы дамыту біздер үшін таңсық дүние емес. Мәселен, өткен жылы мал басы көбейді. Ірі қара мал 103 пайызға, жылқы 102,3 пайызға, шошқа 113,7 пайызға, құс 100,3 пайызға өсті. Ал, қой – ешкі 100,7 пайызды, түйе 100,3 пайызды құрады. Аталған көрсеткіштерге сүйене отырып, жыл сайын мал басының артып келе жатқанын айта кету керек. Алайда, мұндай өсу динамикасы өңіріміздегі мал шаруашылығын дамытуда үлкен серпін бермейді. Біз негізгі күшті саннан сапаға жұмсап жатырмыз. Яғни ет, сүт өңдейтін кәсіпорындарды көптеп қалыптастыруымыз керек. Осы бағытта алдағы жылдары 2 ет өңдеу, 1 сүт, 1 көкөніс өңдеу цехтарын салу жоспарланып отыр. – Қала елдегі туризмнің бас­ты ошақтарының бірі екенін айтып жатудың өзі артық. Дегенмен қызмет көрсету сапасы аса жоғары емес деген сөздерді жиі естиміз. Қонақтарға жағдай жасай алмасақ Түркістанның атына сын болары сөзсіз ғой.  – Елбасымыз Түркістанды ұлты­мыз­­дың рухани орталығына балауы тегіннен тегін айтылған сөз емес. Бұл ұлағатты сөздің астарында барша жұрт қасиет тұтқан киелі қаланы жан-жақты кемелдендіру жүктеліп отыр. Осыған орай, қалада соңғы жылдары туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда біз осы бағытты одан әрі жетілдіру мақсатында арнайы бағдарлама жасап жатырмыз. Айта кетерлігі, Қ.А. Яссауи кесене­сінің ерекшелігімен бірге, өңірімізде турис­терді қызықтыратын өзге де тарихи орындар, табиғаты көз тартарлық Қаратау бөктері мен сұлу Сырдың бойы табиғи туризм саласын қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы уақытта осы саланың сан қырларын аша отырып, жүйелі жоба дайындауды көздеп отырмыз. Енді атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталсам, келген туристерге және қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қаламыздың кө­шелері, сол көшелердегі көлік кептелістерін ретке келтіру үшін жолдар­ды кеңейтіп, қосалқы жолдар салуды, сонымен жарықтандыру мен көгалдандыру мәселелеріне көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда орталық көшелерді кеңейту, жаңа бағдаршамдар орнату, аялдамаларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, туристердің сұранысына сай өңіріміздегі Ежелгі Сауран қалашығына баратын жол құрылысы мен инфрақұрылымы, Үкаша ата кесенесіне баратын 12 шақырым жол, Гаухар ана кесенесіне баратын жол қалпына келтірілді. Осы орайда айта кетерлігі, қала­мызда туристерге қызмет көрсететін 16 қонақүй, 3 емдеу-сауықтыру орындары жұмыс атқарады. Бұл орындар 1 жылда шамамен 22 мың адамды қабылдайды. Ал, қаламызға келетін туристер саны жобамен 1 жылда 600 мыңнан астам адам. Осы жағдайды ескере отырып, облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен Қ.А. Яссауи кесенесіне жақын маңнан жер бөлініп, туристер орталығын салу мәселесі қолға алынып, бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 200 адамға арналған орталықта арнайы жатын бөлмелер, намазхана, мәжіліс залы, құрбандық шалатын орын секілді келушілерге қажетті жағдайлар қарастырылған. Оның үстіне аталған орында қызмет көрсету ақысы төмен болады. Сонымен бірге, кесененің қарсы алдындағы «Алматы» алаңының бойында қаз-қатар орналасқан дүңгіршектердің орнына халық қолөнер шеберлері орталығының құрылысы жүргізілуде. Осыған орай мен жақында жергілікті қолөнер шеберлерінің үйлерінде болып, жұмыстарымен таныстым. Нағыз отандық естелік бұйымдар осы шеберлердің қолында. Әрбір бұйым ұлттық нақышқа негізделген. Бұл өз кезегінде қаламызға келген туристердің сұранысына сай заттар деуге болады. Ендеше біз жергілікті шеберлердің басын қосып, аталған ғимараттан арнайы орын беретін боламыз. Олар сол жердегі шеберханаларда жұмыс жасап, әрі шәкірт тәрбиелесе, жасалған бұйымдарды саудалап, саяхатшыларға өнімдерін ұсынатын болады. Сондықтан біз алдағы уақытта шетелдік арзанқол естелік заттардың орнын отандық тауарлармен толықтыру бағытында жұмыс жасайтын боламыз. – Түркістан облыстағы кри­ми­но­генді аудандардың қата­рына жатқызылады. Әсіресе жас­өс­­пірімдер арасында болатын қыл­мыстың саны арта түскен. Түркіс­тан­­дықтардың сөзіне сенсек, қалада түн­гі уақыттары жүріп-тұру қорқынышты көрінеді. Атыс-шабыс, төбелесті күнде көреміз дейді. Қылмыстың азаймай тұрғаны рас болса қалалық ішкі істер бөлімі өз жұмысын тиянақты істемей отыр деген сөз емес пе? – Мен қалада түнгі уақытта жүріп-тұру қорқынышты дегенге келіспеймін. Осы қызметке келген күннен бастап мен де тиісті салалардың басшылығынан қаланың тыныштығын сақтауды талап етіп отырмын. Оның үстіне соңғы бір жылда­ қа­лалық ішкі істер басқармасына айтар­лық­тай қолдау көрсетілді. Соның ішінде тәртіп сақшыларына 40-қа жуық компьютерлер алынып, 10-ға тарта учаскелік полиция тіректері ашылып отыр. Облыстық ішкі істер департаменті тарапынан 14 арнайы жабдықталған қызметтік көліктер берілген. Қосымша полиция бекеттерін, орталық бақылау бекетін салу жоспарда бар. Оған қоса, үстіміздегі жылдың шілде айында қала орталығындағы тұрғындар көп шоғырланатын екі аймақта арнайы бейнекамералармен жабдықталған 2 полиция бекеті пайдалануға берілді. Бекеттердің ерекшелігі, мұның әрқайсысының айналасында түсіру мүмкіндігі жоғары дәрежедегі 7 бейнекамера (бейнекамера кем дегенде 300 метр қашықтыққа дейін түсіру мүмкіндігі бар) орнатылған. Соның нәтижесі болса керек, биыл жалпы қылмыс саны артқанымен ауыр дене жарақатын салу, адам өлімі, тонау фактілері едәуір төмендеген. Бұл қаладағы қылмыстық ахуалдың біршама реттеліп келе жатқандығын байқатады. Ал, жасөспірімдердің арасында орын алып отырған жағдай баршамызды ойландыратын мәселе. Осы жағдайды түбегейлі анықтау мақсатында жауапты салалар тарапынан тұрақты түрде талдау жұмыстары жүргізіліп отырады. Осы талдаудың нәтижесінде 2013 жылдың жартыжылдығында қала аумағында жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 2012 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30-дан 46-ға өскен. Енді жасалған 46 қылмысты кімдер жасады деген сауалға келсек, талдау нәтижесі 19 қылмыс көршілес аудандардан келген жасөспірімдердің қолымен жасалғанын көрсетеді. 3 қылмысты қаламыздағы колледж студенттері еншілесе, 23 қылмысты мектепті бітіріп, жұмыссыз жүрген жасөспірімдер жасаған. Бұл қаламызда орын алған қылмыстардан жалтару емес, шынайы талдау нәтижесі осылай. Дегенмен біз бұл мәліметтерге сүйеніп, әрекетсіз отырғанымыз жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, шаралармен бірге, қосымша алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. – Түркістандағы көппәтерлі үйлер­ге жылу жүргізу мәселесі аяқ­тал­­ғанын білеміз. Дегенмен сол үй­лердің шатырын ауыстырып, кіре­бе­рісін әрлеу, балалар алаңын салу, бір сөзбен айтқанда, модернизация­лау жұмыстары қалай жүруде? 70-тен астам көппәтерлі тұрғын үйлер қашан жап-жаңа кейіпке енер екен? – Әрине, қала болған соң оның көркін ашатын орталықтағы тұрғын үйлердің әсемдігі ғой. Алайда, осы мәселеге кейбір тұрғындар түсіністікпен қарауына әлі де болса насихат жұмыстары кемшін болып тұрғандай. Негізгі жұмысқа келетін болсам, біз бірінші кезекте қала аумағындағы жағдайы сын көтермейтін үйлерді жөндеуге күш салып жатырмыз. Соның нәтижесінде Түркістан қаласы бойынша ҚР «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 2012 жылы 6 көпқабатты үй қайта жаңғыртылды. Ал, биылғы жылы 11 көпқабатты үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы аталған жұмыстарға жалпы саны 175 млн. 857 мың теңге жұмсалды. Бұл қаржының қайтарымы тұрғындардың есебінен жүргізілетін болады. Айта кетерлігі, негізінен жөндеу жұмыстары үйдің шатырына, сыртқы келбетіне және кіреберіс дәліздерге (подъезд) жүргізілген. Ендеше аталған бағдарлама аясында 2020 жылға дейін біз осы қарқыннан танбайтын боламыз. Сонымен бірге, 20 жылға жуық жылусыз отырған қаламыздағы көпқабатты үй тұрғындары бүгінде орталық жылу қазандығының қызметін тұтынуда. Қазіргі таңда, орталық қазандық қысқы жылу беру маусымына толықтай дайын. Айта кетерлігі, жаңа құрылғылармен жабдықталған жылу қазандығының қысқы маусымда істен шығу жағдайы орын алмаған. Алдағы уақытта да келеңсіз жағдайларға жол бермес үшін, дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Дегенмен жаңа құрылғының алғашқы іске қосылған кезеңінде тұрғындар тарапынан жылу ақысын төлеу баяу болып, 5 миллион теңгеден аса қарыз жамалды. Осы күні түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аталған қарыздарды өтеу жолдары қарастырылуда. – Шаһарға газ келді дегелі біраз жыл болды. Әйткенмен елдің көгілдір отынға қарық болғанын көрмей отырмыз. Бұл іс қашан аяқталады өзі?  – Шаһарымызға газ келгені бел­гілі. Бірақ тұрғындарға газ жете қойған жоқ. Біз осы мәселенің басын ажыратып айтуымыз керек. Қазіргі күнде қала шетінен «Бейнеу-Шымкент» газ магистралі өтті. Енді осы құбырдан қала мен оған қарасты елді мекендердің барлығы газбен қамтылуы керек. Біз осы мақсатта жергілікті бюджеттен 9,8 млн. теңгеге техника-экономикалық негіздемесі дайындалып, ағымдағы жылға «Бейнеу-Шымкент» магистралінен салынатын АГТС құрылысы және АГТС құрылысынан елді мекендерге дейінгі құрылысының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үшін сараптама жасауға 75,4 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен тұрғындарды газбен қамтамасыз ету құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға 60 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта қала мен ауылдарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан  

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы