ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Жемқорлық – кез келген қоғамды іштен ірітетін дерт. Халықтың әл-ауқатының жақсаруына, демократиялық құндылықтардың өркендеуіне кедергі келтіретін де – жемқорлық. Демек, аурудың алдын алу әлемдік деңгейде жүргізілетін шаралар қатарында. Бұл тұрғыдан Қызылорда облысында да елді елең еткізерлік іс-шаралар жүргізілуде. Әсіресе, облысқа жаңа басшы Қырымбек Көшербаев әкім болып тағайындалғалы бері өңірде жемқорлармен күрес айтарлықтай күшейді.

Transparency International ұйымы құрастырған жыл сайынғы дүниежүзілік жемқорлық рейтингісі бойынша жасаған тізімде Қазақстан былтырғымен салыстырғанда, 13 сатыға төмендеп, 133-орынға тоқтаған. Зерттеуде дүние жүзінің 176 мемлекеті қамтылыпты. Бір қызығы, биыл 133-орынды Қазақстанмен бірге Ресей, Иран, Гайана, Гондурас пен Комор аралдары елдері өзара бөлісіп отырған көрінеді. 

Әлбетте, 176-дан 133-ға сылқ ету – абыройлы іс емес. Оның үстіне, үкімет тарапынан қаншама шара қолға алынып, бюджеттен қыруар қаржы бөлініп отыр жемқорлықтың желкесін қиюға. Өкініштісі, былтырғы көрсеткіш жақсарудың орнына, кері кеткен. Бірақ қоғамды іштен ірітетін сыбайлас жемқорлықпен күрестің тоқтамағаны абзал. Бұл туралы ҚР Президенті Н.Назарбаев та халыққа Жолдауында «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс», – деп ашық айтып, дертпен күресті күшейту керектігіне тоқталған: «Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек».

Елбасының осы пәрмені бүгінде Сыр бойында да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, ресми деректерге жүгінсек, Қызылорда облыстық прокуратура органдары 2013 жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 13 млн. теңге қаржыны қайтарыпты. Облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры Нұрболат Дүйсенбаевтың мәлімдеуінше, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында жүргізілген 76 тексерудің нәтижесімен енгізілген прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде 39 лауазымды тұлғалар тәртіптік, 3 тұлға әкімшілік жауапкершіліктерге тартылды. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық сипатында құқық бұзушылыққа жол бергендері үшін аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімінің аппарат жетекшісі, білім беру ұйымдарының басшылары, қала, аудан әкімдіктеріне қарасты бөлім бастықтары және облыстық департаменттің бөлім бастықтары және лауазым иелері тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды».

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтар негізінен мемлекеттік сатып алу конкурстарын жүзеге асыруда болады екен. Мысалы, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу барысында заңды тұлғаға артықшылық көрсетіп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметінен босатылған.

Осылайша, қызылордалық про­ку­рор­лардың арқасында мемлекеттік бюджетке 13 млн. теңгеден астам қаржы өндірілген. Арнайы жүргізілген тексерулер нәтижесінде, сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлердің үстінен 5 қылмыстық іс қозғалып, бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл кісі ақысын жейтін жемқорларға сабақ болса, игі.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың заң бұзушылықтарға қарсы күресі мұнымен шектелмейді. Жуырда ғана 2013 жылғы ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты қорытынды жиын өткізген кезде облыстың көрсеткіштеріне көңілі толмағанын жасырмаған. Мысалы, «Алтын белгіге» үміткерлер сынақ кезінде өз білімдерінің күштілігін дәлелдемек тұрмақ, ЖОО-ға түсуге қажетті ең төменгі 60 балды әупіріммен жинапты. Тағы бір сорақылық, аудандарда педагогикалық білімі жоқ 30 маман жұмыс жасаса, 864 мұғалімнің мамандығына сәйкес емес пәндерден сабақ берген көрінеді. Осындай олқылықтың бәрін тізбелеген облыс басшысы 27 мектептің директорынан өз еркімен жұмыстан кетуді талап етті: «20,30 жыл отырады. Отыра берсін егер нағыз педагог болса, нәтиже жоқ. Креслоға жабысып қалған сияқты туғанынан. Егер салмақтасақ баланың тағдыры мен мектеп директорының тағдырын өлшеуге болмайды деп ойлаймын. Бізге бір директордың тағдырынан гөрі балалардың тағдыры маңыздырақ. 27 мектептің басшысына облыс әкімі ретінде сенімсіздік білдіремін жұмыстан босатылсын». Бұл табандылық пен кәсіби білікті талап ететін басшының ғана қолынан келетін іс болса керек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button