ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

Байқасаңыз, Сырдың елі соңғы кезде өзге өңірлермен қарым-қатынастың жаңа көкжиегіне Түрен салып отыр. Бір ғана өнер мен мәдениет аясындағы байланыс байыпты іскерлік әрекеттерге иек артып, екі жақты мүмкіндіктерді мейлінше ширатуға батыл қадам жасалуда.Оның бір парасын жуырда екі облыстың жалпақ жұрты айқын сезінгендей еді. Бұл – Қарағанды облысының Қызылорда облысында өткен мәдениет және өнер күндері аясындағы алымды да қарымды игі мақсаттағы ымыраластық шаралары. 

Іргелес жатқан екі өңірдің өзегінен өріп алсаңыз, өнер мен мәдениет ғана емес, өндіріс, байланыс, үлкен экономикалық сілкініс жасауға тұратын тамырлас тірлік көп. Тек оның көзін тауып, еңсесін көтеріп әкету керек. Сәтін салса, бұл мақсат облыстардың даму болашағына жаңа қырынан дем бермек. 

Сонымен Қызылордадағы өнердің қарашаңырағы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында қарағандылық өнер шеберлерінің Сырға сәлемі «Сарыарқа – сайран елім» атты мерекелік концертпен бастау алды. Оның беташарында «Қазынасы қазағымның – Қарағанды» деректі фильмі көрсетіліп, Сарыарқаның сауырында орын тепкен тарихы бай, қазыналы аймақтың кеше мен бүгіні електен өтті.

Осы көріністен кейін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев іргелес өңірден келген меймандарға сәттілік сөзін арнады.Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев кенді өлкенің мәдениет және өнер күндеріне көрсеткен қолдауы үшін Сыр еліне ризашылық сезімін жеткізді. 

Қарағанды елі өнер мен мәдениетте өзіндік қолтаңбасы бар, шежірелі жер. Белгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтайдың арнауымен ашылған кеш Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Мәдениет қайраткері Дәуренбек Аркенов, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Сержан Мұсайын және Сырым Хордин секілді кемел дауысты өнер иелерінің төгілте салған әнімен әрленді. Жүректерді баураған ән өзегі шертпе күйдің атасы Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің өнеріне жалғасып, көрермендер ерекше қошемет білдірді. 

Әрине, жырдың селіндей Сырдың еліне келгенде Арқа өнерпаздары аянып қалған жоқ. Сахнаға тән сұлулық пен ән құдіретін барынша толғаған қарағандылық өнерпаздар қызылордалықтардың көңілін бір серпілтіп тастады. Мәдени шара орталық алаңда жалғасып, «Сәлем саған, Сыр елі!» атты шоу-концерт мерекелік отшашуға ұласты.

***

Сыр еліндегі Қарағанды облысының күндері аясында еліміздегі ең бір қабырғалы білім ордасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл рәсімге Қызылорда және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары Ақмарал Әлназарова мен Бейсембай Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен профессорлары, ғалымдар қатысты. Шын мәнінде, бұл жасалған ымыраластық екі университет үшін жаңа мүмкіндіктерге негіз қаламақ. Маман даярлауда бүгінгі талап бұрынғыдан өзгерек. Өйткені уақыттың сарыны мен қарымына ілесу үшін бүгін жасалған шешім ертеңгі күні, далаға кетпеуі тиіс. Бұл тұрғыда екі оқу орнының ректорлары біршама саралау жасап берді. 

Айталық Қорқыт ата университеті – тек қана облыс аумағына емес республикаға танымал білім мен өнердің қарашаңырағы. 75 жылдық тарихы бар оқу орны инновациялық идеялардың ұстаханасына айналды. Университет 2005 жылы Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқылардың қатарында Болон декларациясына, университеттердің ұлы Хартиясына қол қойған. Еуразия-Тынық Мұхиты университеттер желісінің, жалпыеуропалық және еуразиялық университеттер ассоциациясының толыққанды мүшесі. Бүгінде мұнда 10 мыңнан астам студент оқиды. Оларға ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, магистрлар дәріс береді. Сыр еліндегі білім мен ғылымның, өнердің қарашаңырағы өз түлектері – Кеңес Одағының Батыры Иван Журбаны, Халық қаһарманы Роза Бағланованы, академик ғалымдар Досмұхамед Кішібековті, Әбдімәлік Нысанбаевты, Рахманқұл Бердібаевты, Нәдір Нәдіровті, олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильинді мақтан етеді. Әлі де осындай тұлғаларды түлетуге күш салып отырған білім шаңырағы Канада, Америка, Франция және Ұлыбританияның ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыста жұмыс істейді.

Міне, осындай Сыр елі мақтан тұтатын білім ордасымен әріптестікті нығайтып отырған ҚарМТУ-дың да өз тарихы бар. Биыл 60 жылдық мерейтойын атап өткен университет еңбек нарығына қажетті жоғары білімді техникалық мамандарды дайындауда жақсы жетістіктерге ие. Мұнда еліміздегі бай қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Мамандар даярлауда жоғары сапаға қол жеткізгені үшін бірнеше халықаралық марапаттарға ие болған. Білім беруде халықаралық сапа стандартының талаптарына сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, белгілі екі оқу орнының бір-бірінен алар тәжірибесі, бөлісер бастамасы, ең бастысы, маман дайындауда уақыттың талабына төтеп беретін мүмкіндігі бар. Ал осы мүмкіндік меморандуммен бекемделе түсті деуге болады. 

Айту кетейік, Елбасы техникалық кадрлар дайындау, оларды еңбек нарығындағы бос орындарға жұмысқа орналастыру туралы тапсырма берген болатын. Кездесуде осы тапсырманың жай-жапсары тағы бір пысықталды. Бұрындары түлектердің экономист, заңгер мамандықтарын таңдауға деген құлшынысы соңғы жылдары техникалық мамандықтарға ауып отырғаны байқалады. Дегенмен, қажеттілікті қамтамасыз ету үшін әлі бірлесіп атқаратын жұмыс жеткілікті. 

Екі жақты басқосуда Қорқыт ата университетінің «Тәуелсіз Қазақстан және Мемлекет басшысы” атты көрме залы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми-әдістемелік көрмесі назарға ұсынылды.

***

Сыр мен Арқа арасындағы байланысты нығайтқан тағы бір шара екі облыс әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық және аймақтар байланысын дамыту жөнінде меморандумға қол қойылуы.

– Бұл келісім екі аймақтың даму шеңберін кеңейте түседі. Қарағанды облысы еліміздегі индустриалды және өндірістік даму бағытындағы ірі аймақтың бірі саналады. Сондықтан, екі облыс арасында бірге жұмыс істеудің тетіктері көп. Соның ішінде, «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының құрылысы жүргізілуде. Біздің облыс алдағы уақытта металлургия саласын дамытуға бет бұрып отыр. Бұл кезекте Қарағанды облысымен іскерлік байланысты нығайта түсуіміз қажет. Сыр өңірі қазба байлыққа кенде емес. Біз сондай-ақ, Байқоңыр ғарыштық кешенін дамытуды қолға алып отырмыз. Мұның бәрі біздің өзара жасалған ынтымақтастығымыз арқылы жүзеге асады. Сондықтан байланысымызды нығайтуға жасалған қадамдар маңызды деп санаймын, – деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев. 

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев екі облыстың ықпалдастық жағдайда жұмыс істейтінін айтып өтті. Қарағанды Қазақстандағы көмір бассейні саналады. Мұнда өндіріспен қатар өнердің дамуы да жақсы жолға қойылған. Мұнан бөлек, облыс аумағында жерасты байлығын игеруде көптеген мүмкіндіктер, соның ішінде көмір, мыс, марганец секілді өндірістер бар.

Қысқасы, екі облыс арасын­дағы бұл қарым-қатынас жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, әлеуметтік-экономикалық дамуға өзіндік серпін бергелі отыр. Екі тараптан жасалған ымыраластық осыны көздейді. 

Қуат Шарабидинов

Back to top button