Азаматтық бағасын қоғам берген...

Азаматтық бағасын қоғам берген...

Азаматтық бағасын  қоғам берген...
ашық дереккөзі

Желмаядай желіп жыл да өтіпті-ау. Ойда жоқта көңілімізді опындырып, ортамызды ойсыратып, бақилыққа аттанып кете барған Мұса жайлы жазу тым ауыр-ақ. Қайтыс болардан екі күн бұрын ұза-а-ақ отырып, сыр шертіскен едік. Халқымыздың қара шаңырағы Түркістан – қай қазақтың болмасын қастерлі мекені. Әсілі, шыр етіп осында дүниеге келген, топырағын шаңдатып, асыр сап өскен, осында азамат боп, ат жалын тартып мінген, туған жерге кіндігінен байланған аяулы ұлдың бірі – Мұса Әшенұлы Пәттеев үшін де көне шаһар ерекше ыстық еді.Сондықтан болар мәслихат депутаттығына түспекке білек сыбана кіріскен тұста өз тұғырнамасының өзекті түйінін «Түркістан – түркістандықтар үшін» деп атағаны. Біреулер мақұлдады, қарсылас үміткерлер жерден желкек тапқандай күстаналауға кірісті. 

Ол болса өзіне тән сабырлылықпен:

– Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегеніндей, анық Түркістанды рухани астана, имандылықтың туы еткіміз келсе, алдымен түркістандықтар өздерінен бастасын. Арақ-шарапсыз той өткерсін, қылмыс, бұзақылық атаулыдан іргені аулақ салсын, имандылықты дәріптесін, қаланы ғылым мен білімнің, өнердің ордасына айналдырсын. 

Өзің қадіріне жетпей тұрып, өзгеден не күтесің?! Мен осыны айтам. Сосын «атамның атын ауылға қойсам, көкемнің атын көшеге қойсам» деген пендешіліктің түбіріне балта шаппай болмайды. Әсіресе түркі әлемінің астанасы – Түркістанда бұл мәселеге ерекше көңіл аударуға тұрарлық.

Ақыры исі түркінің рухани астанасы болса, неге сол түркі әлемінің абыздары мен нағыздарының атын паш етпеске. 30-дан астам түркіден тараған ұрпақтың қай бір өкілі келмесін, «бұл менің де астанам» деп көкірегін кермес пе еді сонда. Әйтпесе бес жыл мектеп директоры қызметін атқарғанға да, баласы депутат болғанға да, кешегі Қоқан хандығының езгісі тұсында өз еліне қырғидай тиген, бүгінгі ұрпақтары батыр атандырғанға да көше, ауыл атын беру – тарихқа жасалған қиянат қой. – Қыза-қыза бауыры жазылып, көсіле түсер арғымақша сілтейтін.

– Мен «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық қағидатына «Атаңнан мал да қалсын, тал да қалсын» деп үстер ем! Алдымен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының екі жағына тал-теректі жайқалдырып тастар едім, әйтпесе Майдантал, Сауран жақты қарашы, қу медиен дала, тіс шұқитын шырпыны емге таппайсың. Көбісі малдың қамын күйттеген қазақы ауылдар. Бұл да ойланатын іс. Нағыз елжандылық тәрбиесі осыдан басталса шын ғанибет осы. 

Әншейінде сөзге сараң ол:

– Жапырақтың сыбдырымен, судың сылдырымен жан дүниең қалай тазарғанын аңғармай да қаласың. Сезім сергектігі, сұлулыққа іңкәрлік бала жанына осылай ұялайды, – деп терең толғаныспен сөзін аяқтайды.

Иә, ол ойындығысын бүкпесіз айта алатын да, соңынан халықты ерте алатын да азаматтың бірі еді. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Түркістан филиалын басқарғанда оның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Құрамында Түркістан, Кентау, Отырар бөлімшелерін қамтитын филиалда ақжолдықтар саны 12 мыңға жуықтады. Филиалдың арнайы төл газеті болсын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, «Түркіойстан» республикалық апталық газетінің жарық көруіне ықпал етті. Демеушісін де өзі тапты.

Басылымы 10 мыңға жетіп жығылған газет бетінде небір көкейкесті мәселелер көтерілді. Филиал жұмысы жанданып сала берді. Сол кезде ғой, аймақтық «Жігерлі әйелдер» байқауы, «Қалдырған ізің мәңгілік» сынды іс-шаралар, сан тақырыпқа дөңгелек үстелдер, пікірталастар ұйымдастырылғаны. Тіпті тоғызқұмалақтан республикалық жарыс та өткізілді. Филиал жұмысына халық та сенді, билік те санасуға мәжбүр болды. Отырар бөлімшесінің тегеурінді жұмысының нәтижесінде «Табақбұлақ» уран өндірісі тоқтатылды, кентаулықтар сайын даланы улы тозаңымен улап жатқан кен қалдықтарын залалсыздандырып, көмдіруге қол жеткізді, Түркістандағы аукцион арқылы заңсыз жер бөліске нүкте қойылды. Тура айтып туғаныңа жақпайтын заман емес пе, Мұса да сол күйді бастан кешірді. 

Қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлікке түскенде сайлауалды штабын басқардым. Тамақтарына балықтың қылқаны тұрып қалғандай тыжырынған, ақжолдықтардың адымын аштырмауды көздеген кейбір «дөкейлер» мен «көкейлерден» көресіні көрудей-ақ көрді. 

Айтқан сөзі жұлмаланды, алған даусы бұрмаланды, қойшы, әйтеуір не керек, өткізбеді. Жүніміз жығылып, ортақұрсақ көңілде отырған бізді өзі қайрай:

– Жә, істің соңы бұл емес қой, бастарыңды төмен салардай не көрінді сонша, қолдан келгенін жасадыңдар, жүріңдер, Замираның шайын ішелік, – деп, тығырықтан өзі шығарып жіберді.

Кейде мен ойлаймын, атпал азамат осындай келеңсіздіктерге ұшыраған сәттерінде сыртқа сыр алдырмағанымен іштен тынып, бар ауыртпалықты жүрекке артқан-ау деп. Қайтыс боларынан біраз бұрын «Әзірет Сұлтанға» келді. Сөйтсем жүрегі құрғыр сыр беріп жүр екен ғой. Ақыры операция жасатты. Қайта жұмысына кірісті. Мүгедектік жөнінде әңгіме қозғаудың өзін әбес санады. Шеті мен шегі жоқ қым-қуыт тірлікке араласты да кетті. 

Өз халқының тарихын терең зерделеп, талқы таразысына салмайынша адам бойында ұлттық сана қалыптаса алар ма? Ол шын мәнінде ұлтжанды еді. Қазір бажайлап отырсам 1930 жылғы Созақ көтерілісінің, 1937-38 жылғы жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, солақай саясаттың құрбанына айналған қандастарымыздың ұрпақтары айдың, күннің аманында «өзбек» болып жазылып кеткенін БАҚ-та алғаш дабылдатқан да Мұса еді-ау. Өз жерінде өгейқұрсақтың күйін кешіп, Серт елді мекенінде ана тілінде білім ала-алмай жүрген бауырлардың жанайқайына алғашқы құлақ түрген де сол болатын.

Бір өкініштісі, көп нәрсені жүрекке тым жақын қабылдайтын. Саясаттың ұңғыл-шұңғылынан барынша хабардар ол мемлекетаралық шекараны белгілегенде, ала топылы ағайынмен арадағы басы бәске тігілген 40 нысанның 39-ы солардың пайдасына шешілгенін естігенде күйінгенін көрсеңіз. Тура бір сол түйінді тірліктің шешілу тұтқасы тап бір екеуміздің қолымызда тұрғандай шырылдап еді-ау.

Ол кейде маған үнемі бір жаққа асығып тұрғандай көрінуші еді. Сөйтсем «ердің жасы – елуін» дүрілдетіп өткізген қайран дос ғұмыры қысқа боларын сезгендей екен. Бір көрген жанға мінезі томаға-тұйықтау, түрі сұстылау көрінетін оның жүрек дархандығы әсіресе отбасына ерекше-тін.

Үйіне қонаққа барғанда, ішке шамалы ел қонғасын кенжетайы – Алтынайды шақыртады.

– Көкесі, менің қызымның қобыз тартқанын қараңызшы, түбі осы Алтынайым қазақтың атын әлемге жаятын болады, – дейді қауқылдай, жанары мейірімге меймілдеп. Өзінің бойымен бірдей қобызды зорға көтеріп, ортаға Алтынай шығады. Құдды бір үлкен әртістің өнерін тамашалайтындай біз мәре-сәреміз. Кіп-кішкентай саусақтар қобыздың ішегін бойлай жорғалайды. Қырық жыл өнерімен ажалды қасына жақындатпаған Қорқыт көз алдымызға келеді. Әдемі жымия аппақ Алтынай қыз орындығынан көтеріліп, көрерменге сәлемін салады. Елден бұрын Мұса қос қолын шапалақтап мәз болады, қоштаушысы – біз. Енді сол бір сәттердің бәрі өткен күн еншісінде кеткеніне еш сенгің келмейді-ақ. «Ұлды ұяға, қызды қияға» қондырып, немере сүйді дегенмен, Мақсаты мен Алтынайының құдалығында төрде маңдайы қасқайып отырса, жараспас па еді дейсің, өкініш өзекті өртей. Пенделік ғой баяғы. Мұса қай істі бастамасын сәтті аяқталатынына бек сенімді болушы еді. Сүйікті әке қазасынан соң көп ұзамай Алтынай халықаралық байқауда лауреат атанды. Әттең…

Басыңнан өткенінше бес күн жалған, 

Додаға сан түстің-ау, кештің де арман.

Аңыратып кете бардың туыс-досты,

Емес қой бұл пәниде ешкім қалған.

                          Елім деп езілуші ед, емешегің.

                          Көп еді бергеніңнен берешегің.

                          Алаштың армандаған келешегін,

                          Ғұмырың қысқа болды неге сенің?

Азамат ең сөзге берік, іске мығым.

Шындық десе шығушы ед үстем үнің.

Түркістанның сен едің тарланбозы,

Бір жүрген күн кіреді түске бүгін.

                          Бәсі артық ед сөзіңнің, парқы дәйім.

                          Шуақ шашып тұрушы ед жан шырайың.

                          Жұрттың бәрі көндіккенмен жазмышыңа,

                          Елеңдеп жүр сені іздеп Алтынайың.

Пәни жалған – алдамшы сонар дерсің,

Азаматтық бағаңды қоғам берсін.

Асыл жарың, ұл-қызың, немерелер,

Сен көрмеген қызықты солар көрсін.

Сен мәңгі жүрегіміздесің, аяулы Мұсеке!

Әбдікерім Манапұлы