"Балаусаның" мақсаты айқын

"Балаусаның" мақсаты айқын

"Балаусаның" мақсаты айқын
ашық дереккөзі

«Балауса» бәйгесі биыл екінші жыл өткізілмек. Былтырғы жылы «Қазақмыс» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып, «Балауса» атты бәйге жариялаған.
Ол бәйге 2 cәуірде Халықаралық балалар кітабы күнінде мәреге жетіп, жеңімпаздар жүлделі орындарға ие болған еді. Биыл да аталмыш бәйге өзінің жалғасын табуда. Бұл бәйгеге кәсіби және әуесқой авторларымыз да қатыса алады. Бәйгенің бірнеше шарты бар: шығарма бүгінгі заман талабына сай тақырыптарды қамтуы тиіс. Әрі оның көлемі үш беттен аспайды. Шығарманың бүгінгі қазақ әліпбиімен, яғни кириллицамен жазылуы міндетті. 

Өткен жылы бәйге қорытындысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің вице-президенті Асқар Маткенов: «Қазақмыс – Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі және де ол еліміздің мәдени мұрасы мен қазақ тілін қолдап, ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. «Балауса» бәйгесі арқылы көпшіліктің балалар әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дамытуға, келешек ұрпақты тәрбиелеуге және қазақ тілін одан әрі өркендетуге қомақты үлес қосады деп сенеміз», – деген еді. Биылғы байқаудың ұйымдастырылуы да балалар әдебиетін дамыту мақсатында қолға алынып отыр.

 Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Балауса» байқауының әділқазылар алқасының төрағасы, ақын Ғалым Жайлыбай бұл бәйгенің балалар әдебиетін көтеру үшін маңызы зор екенін айтады. «Бұл бәйгенің ерекшелігі – екі жас пен сегіз жас аралығындағы балаларға арналған шығармаларға арналып отыр. Бәйгенің шартында сәл-пәл өзгерістер бар. Оның шарттары таяу уақыттары біраз басылымдарда жарық көретін болады. Бәйгеге қатысу үшін авторлар 2014 жылдың 15 ақпанына дейін шығармаларын жіберуі тиіс. Биыл байқаудың интернет-парақшасы ашылмақ. Бәйгеге қатысуға ниет білдіргендер көп дүниені сол жерден оқып біле алады. Алғашқы байқау жеңімпаздарының шығармалары да сол жерден табылады. Былтырғы жылы бәйге жарияланғанда, қандай шығармалар жазылар екен деген күдік болып еді. Құдайға шүкір, сапалы дүниелер жазылды. Жеңімпаз шыққан шығармалардың әрқайсысының сапасы жоғары. Оқырманның ерекше ықыласын аударатын дүниелер», – дейді.

«Балауса» бәйгесі екі жас пен сегіз жас аралығын­дағы балаларға арналып жазылған прозалық және поэзиялық шығармалардың бәйгесі. Ғалым Жайлыбай биылғы жылы да жаңа есімдердің қатары толыға түсетініне сенімді. «Балауса» бәйгесі балалар әдебиетін дамытып ғана қоймай, бүлдіршіндеріміздің патриот болып өсуіне де өз септігін тигізетін болады. Түрлі ертегілер, балалардың ұғымына лайықты өлең жырлар, көркем шығармалар жазылуы тиіс. Әрі ол шығармалар балалардың таным-түсінігіне лайықты бала тілімен жазылса игі. Еліміздің көк туын, әнұранын, елтаңбасын насихаттайтын бала тіліне лайықталып жазылған шығармалардың аз екені белгілі. Бұл бәйге осы орайда, отаншыл, намысшыл ұрпақтың тәрбиеленіп өсуіне де өз ықпалын тигізетін болады. 

Бәйгеге қатысу үшін автор өз шығармасын «Балауса» байқауына жолдауы үшін автордың аты-жөні, мекен-жайы, телефоны жабық конвертке салынып, сыртына бүркеншік ат жазылуы керек. Жалпы көлемі үш беттен аспайтын шығарма 1,5 интервалмен, 14 кегльмен теріліп, үш дана етіп жолданады. Бәйгеге қатысу үшін авторлар шығармаларын 2014 жылдың 15 ақпанына дейін жіберуі тиіс.

Гүлзина Бектас