Екі елді жақындастырған жәрмеңке

Екі елді жақындастырған жәрмеңке

Екі елді жақындастырған жәрмеңке
ашық дереккөзі

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында қоян-қолтық экономикалық байланыс орнаған. Бұл қарым-қатынас «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы салынғалы бері жандана түскені анық. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі ортадағы келісімді жүзеге асыру аясында Алматы облысының Панфилов ауданындағы Қазақстан-Қытай шекарасынан сауда кешенін салып, екі елді жақындастыра түсті. 

Осы аптада «Қорғас» ШЫХО аумағында «Қорғас арқылы Жібек жолымен» атты алғашқы қазақ-қытай сауда жәрмеңкесі басталды. 22-27 қазан күндеріне жоспарланған жәрмеңкеге елімізден бір күнде 2 мыңға жуық халық барып, өзіне қажетті тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. «Су Синь», «Цзян Юань» және «Чжун Кэ» сауда орталығы халыққа қызмет көрсетіп, 500-ден астам қытай компаниясының 3 мыңға жуық тауарын төменгі бағада саудалады. Жыл соңына қарай оның қатары тағы 6 нысанмен толықпақ. Мұнда адам жанына қажеттінің бәрі бар. Атап айтқанда, электроника, тұрмыстық техника, киім-кешек, автокөлік саймандары, ойыншықтар, спорт тауарлары, перделер, аспашамдар, тондар және т.б заттардың алуан түрі қарапайым халықтың көңілінен шыққан. Бұрын еліміздің саудагерлері тауар алу үшін Бейжіңге немесе Үрімшіге қатынаса, бұдан былай «Қорғас» ШЫХО-ға барып, жақын жерден олжалайтын болады. Бұл сауда жасайтын кәсіп өкілдеріне ғана емес, қарапайым тұрғындар үшін де тиімді. Бүгінде 1-Алматы темір жол вокзалынан «Алтынкөл» стансасына пойыз немесе «Сайран» автобекетінен автобус күн сайын қолжетімді бағамен жүйткіп тұр. Әзірге мұнда келушілерге 30 күндік визасыз тәртіп те енгізілген. 

«Қорғас» ШЫХО алғашқы сау­да жәрмеңкесінің ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Екі елдің сауда-саттық саласы мамандары сөз алып, байланыстың берік болуын қамтамасыз ететіндігін жеткізді. Қазақ елі тарапынан сөз алған «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ-ның президенті Асхат Хамитов: «Бұл жәрмеңкені сәтті өткізу үшін тараптар барлық күш-жігерін жұмсады. Мәселен, Қазақстанда барлық бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама беріліп, Қазақстан тұрғындары үшін кеңес беретін «тікелей желі» іске қосылды. Сондай-ақ орталықтың келушілері мен қонақтары үшін қос тараптан мәдени бағдарлама әзірленіп, сахнада қазақ және қытай әртістері бірге өнер көрсететін болады. Қытай елі аумағындағы келесі жәрмеңке енді наурыз айында өтпек», – деді жәрмеңкенің ашылу рәсімінде. Бұл шара болашақта маусым сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ал Қазақстандық аумақтағы алғашқы 2 сауда орталығының құрылысы 2014 жылы аяқталса, сол кезде сауда жәрмеңкесі «Қорғас» ШЫХО-ның Қазақстан аумағында да өтетін болады. Еліміздің де саудагерлері орталықтан орын алып, кәсібін өрге домалата алады. Айта кету керек, жалпы орталықтың қазақстандық бөлігі жәрмеңкеге күніне 10 400 адам мен 500 автокөлікті еркін өткізуге қауқарлы көрінеді. 

 Демек, болашақта «Қорғас» ШЫХО тауарлар мен ресурстардың ғана емес туристер ағынының да үлкен орталығына айналмақ. Жәрмеңкенің ресми ашылуында сөйлеген Қытайдағы «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы әкімшілік комитетінің төрағасы Хуан Цзи Юе: «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жүргізілген әлемдегі бірден-бір жобасы. Мемлекет инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызу үшін көпбағытты жеңілдетілген саясат жасады. Биыл онда 6 нысанның құрылысы аяқталады. Ондағы жалпы инвестиция 1,2 млрд. юаньды құрайды. Ал салынатын барлық 29 нысанның инфрақұрылымына 23 млрд. 450 млн.юань инвестицияның құйылды», – деді. Оның айтуынша, құрылыс қарқынының жеделдеуі, онда аймақтық валюта ретінде юаньның қолданылуы «Қорғас» ШЫХО-ның экономикалық маңызын арттыра түсуде. Сондай-ақ, ол сауда жәрмеңкесінің Қорғас аймағының ғана емес, күллі Орталық Азияның сауда-экономикалық жағынан дамуына түрткі болатындығын айта келе, болашақта мұнда туристердің көптеп келетіндігін және түрлі тауар мен ресурстың ағыны құйылатындығын атап өтті. «Сауда орталығы Ұлы Жібек жолының жалғасы іспеттес. Екі мемлекет те бұл шараның ойдағыдай өтуіне күш салды. Бұл жәрмеңке екі елдің өзара мәдени байланысының орнағанына он жыл толуына орай ұйымдастырылып, жаңа Ұлы Жібек жолының мәдени-экономикалық көшін дамытуға өз үлесін қосады», – деді ағынан жарылған қытай тарапының мамандары. 

Жәрмеңке 27 қазанға дейін жалғасады. Әзірге орталықта жүріп жатқан қызу сауда-саттықпен Алматы облысының халқы ғана құлағдар. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта сауда кешеніне еліміздің кәсіпкерлерін де тартып, отандық тауарды саудалауға тиімді жағдай жасайтындығын жеткізді. Сәтін салса, «Қорғас» ШЫХО-дан Қазақстанда өндірілген тауарларды да көретін күн алыс емес сияқты.

Динара Мыңжасарқызы