«МЕН ОНЫ БАҚЫТТЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН»

«МЕН ОНЫ БАҚЫТТЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН»

«МЕН ОНЫ БАҚЫТТЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН»
ашық дереккөзі

Иә, шын өнерпаз болып тумайды ғой. Бірақ бой жаздырмас ауыртпалық, жан түршігерлік азапты басынан өткерсе де, ана сүтімен бірге біткен асыл қасиеті – өнері болса, бәрібір өз орнын табуы сөзсіз.

Егер өнер адамын есіңе алсаң, сол өнерпаздың кешкен өмірі көз алдыңнан өтіп жатады. Қазақстанның халық артисі Шахан Мусинді алайықшы. Шаханның 18 жыл жастық өмірі айдауда, түрмеде, Сібірде, Колымада өтті. Аш-жалаңаш, сіңірін сүйреткен боздақтарды 50 градус суықта бүрсеңдетіп жұмысқа айдайтын. Кейде аяғыңды баса алмай ауырып жатсаң да, ауырғаныңды білдірмей, сенің де баруың керек. Егер ауырып нашарлағаныңды білсе, атып тастай салады. «Қашуға ыңғайланған соң аттым», – дей салады. Ондай ауыр жазалы жандарға не істесе де сұрау жоқ болатын. Тірідей тозаққа түскен жазалылар тек кеудесінде жаны бар, өлі екені, тірі екені белгісіз, арман, тілек дегенді ойлауға да шама жоқ болады. Жазалау, қорлау, ұрумен өмірлері өтіп жататын. «Шахан мұндай күйге қай жылдары, қандай күнәмен түсті» десек, 31-32 жылдары қазақ еліне келген алапат апатты,  ұрпақтан ұрпаққа кете беретін өшпес таңбадай басылған, қайғылы,  кекті уақиғаның кезі болатын. Топалаң тиген қойдай домалап,  әр жерде аштан қырылып жатқан бауырларын көрген Шахан жүрегі езіліп,  жылап жазған 16 жол өлеңі үшін 18 жыл тозақта жатты. Енді, міне әрбір күні бір жылдық, әрбір жылы жүз жылдық ауыр күндерден босанып, еліне де жетті-ау.

Әрине, соншалық талқыға салынып, езілген, есеңгіреген адам тез арада санатқа қосылу оңайға түспейді.  Бірақ  Шахан  олай емес,  тез арада көтеріліп кетті. М.Әуезов атындағы театрға артис болып кірді. Ш.Айманов сол кезде театрдың көркемдік жағын басқаратын.Бұлар жас бозбала кезінде Семейде бірге оқып, жолдас, дос болған жандар. Енді, міне, қажып келген жолдасын құшақ жая қарсы алды. Туған ортасы, өнер ордасы Шаханды тез көтерді.

Сана сезімі, ән әуені сергек, бойындағы ауыртпашылықтарының бәрін серпіп тастап, сахналық өмірге кірісіп кетті. Мұхаңның (М.Әуезов) «Абай» спектакліндегі  Айдар,  «Қарагөздегі»  Сырым, Ғабеңнің (Ғ.Мүсірепов) «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Ақан сияқты ұлы тұлғаларды жасады. Ақанның асқан әншілігі, сазгерлігі, серілігін бейнелеу кімге де болса  оңайға түспейтін еді. «Қарагөздегі»  Сырым ше? «Жалғаннан ер, жалындаған ақын, жас пері, салтанатты сал Сырым» атанған. Мұхаң бұл сөздерді ұйқас үшін жаза салмаған. Осы сөздер  арқылы Сырымның қандай тұлға екенін ақындық, ерлік, салтанат құрған салдық – бәрі-бәрі бір басынан табылуын жазып отыр. Және де  бір келіншек Сырым жайында: «Мен оның түріне туралап қарамаймын, алмасы бар сияқты», – дейді. Мұхаң бұл сөздерді де жай беріп отырған жоқ. Алмас – деген асыл тас болады, неше жыл былғаныштың арасында жатса да, жарқыраған тазалығын жоғалтпайды. Міне, Сырымның бір басынан осының бәрі табылу керек. Бір адамның басында  осынша ерекшелікті көрсете білу асқан дарындылықты білдіреді. 18 жыл азапты айдауда жүріп, мынадай ірі тұлға жасаушыны Алла тағала жаратқанда тек өнер үшін жаратқан болар. Барлық жүйке жүйелері, жүрек соғысы өнер деп аңсап, өнер биігіне көтерілді. Адам қаншалықты қиындық көрсе де, ойлаған мақсатына жетсе, сол адам бақытты шығар.

«Бақыт деген –  адамның өзіне-өзі риза кезі. Адамның өмір сүруі де – осы», – деген екен  М.Горький.  Қазақтың  Айдар, Ақан, Сырым сияқты біртума  перзенттерін ойдағыдай жасағанда Шахан да өзіне – өзі риза болуы хақ. Ендеше, Шаханда арман жоқ, ол бақытты. 

Хабиба ЕЛЕБЕКОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі