МАНАП АУЫЛЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

МАНАП АУЫЛЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

МАНАП АУЫЛЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ
ашық дереккөзі
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Манап ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды. Бұл белгілі халық ақыны Манап Көкенов туып-өскен ауыл. Қазірде 174 шаңырақ түтін түтетіп отырған ата қоныста 1096 адам бар.Еліміз тәуелсіздік алғалы еңсе тіктеп, іргесі бекіген ауылдың шын мәнінде, жарқын шағы енді туа бастады. Әуелі мектеп-интернат пайдалануға берілсе, көп ұзамай екі қабатты жаңа типтегі мектеп салынды. Ауылішілік жол жөнделіп, ауыз су құбыры тартылды. Демеушілер көмегімен мешіт үйі де салынды. Сол сияқты ауыл әкімшілігінің кеңсесі жаңарса, енді мәдениет үйі бой көтерді. Бюджет қоржынынан жүз миллион теңгедей қаржы жұмсалған бұл отауда түрлі үйірмелер, кітапхана, көркемөнерпаздар жұмыс істейді. Сонымен қатар Манап ақынның мұралары қойылды. Енді ауыл адамдарының рухани демалып, әдебиеттің кәусарынан сусындауға мүмкіндіктері жоғары. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, өңірдің өнер мен мәдениетте шоқтығы биік тұлғаларға бай екенін сүбелі сөзге арқау етті. – Сыр өңірі – өнердің кәусар бұлағы десек, жаңылыспаймыз, – деді аймақ басшысы. – Манап, Нартай, Нұртуған, Тұрмағанбет, та­ғы басқ да оның ізбасарлары адамның көкірегіне нұр құйып, сәулелі шуағына шомылдырған ардақтыларымыз. Олардың асыл арманы қазақ елінің тұтастығы, ынтымағы, өскелең талаптарға сай дамуы еді. Міне, сол қасиетті күндерге куә болып келе жатырмыз. Үкілі үміттеріміз іске асып жатыр. Осы жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы ат басын бұрып, елдің қуанышына ортақтасты. – Сыр бойында берекелі іс­тер­дің молдығы мәртебемізді өсіре тү­седі. Адамның ниетіне, тілегіне орай шаруалар да оңтайлы жүзеге аса береді. Қуаныштарыңыз құтты бол­сын! – деді ол өз сөзінде. Салтанатты шарада осы ауыл­дың тұрғындары атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­таты Құттықожа Ыдырысов, ауыл ардагерлер кеңесінің тө­ра­ғасы Қуанышбек Мейірбеков риза­шы­лығын жеткізді.

Қуат Шарабидинов