80 ЖЫЛ ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

80 ЖЫЛ ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

80 ЖЫЛ ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ
ашық дереккөзі
Еліміздің бокс спорт тарихында мұндай айтулы жетістік болмаған да шығар. Әсіресе, ол еліміздің төрінде, асқақ Алатаудың бауырында өтсе… Алматыда айқасқан әлемнің азулы былғары қолғап шеберлерінің арасынан оза шауып, дара шығу оңай емес. Жауға шапса қайтпайтын, білекті де, жүректі дала батырларының ұрпағы бүгін рингте айқасып, азулы деген спорт саңлақтарын сүріндіріп жатса, ақ түйенің қарны жарылмағанда қайтсін! Алаш жұрты батыр ұлдарының табысына қуанды! Бөркін аспанға атып, жеңіске жеткен ұлдарының ерлігіне мақтанып жатты. Ұлттық құраманың  әлем чемпионатынан 4 бірдей алтын жүлдені жеңіп алуы – қазақтың мерейін тасытты! Төбемізді көкке жеткізген бұл айтулы күн есімізде ұзақ сақталары хақ! Мерейлен,  Алаш! Қуан, қазақ жұрты! Финалға шыққан алтылықтың алғашқы жұбын 49 келідегі Біржан Жақыпов бастады. Біржан алжирлік Мұхаммед Флиссиді айқын басымдықпен жеңіп, еліміздің қоржынына алғашқы алтынды салды. Алғашқы алтын! Алғашқы жеңіс! Алатаудың баурайында қазақ әнұранын алғаш шырқатқан да Біржан! Яғни, осы жолғы әлем біріншілігіндегі алғашқы әнұранның орындалуы да Біржанға тиесілі болды. Бұдан кейін, бірінен соң, бірі шыққан оғландарымыз Біржанның жеңісті жолын жалғап жіберді. 64 келі салмақта рингке шыққан Мерей Ақшаловтың мерейі үстем болды. Мерей финалда кубалық былғары қолғап шебері Ясниер Лопеспен қолғап түйістірді. Өте тәжірибелі, мықты бокс­шыны тізе бүктіру – Мерейге оңай болмаған сияқты. Алайда Мерейдің  майталман шеберлігінің  арқасында алтын біздің қоржынымызға түсті. Мерей өзінің мықтылығын рингте мойындата білді. «Бір Алланың қолдауымен жеңіске жеттім. Бапкерлерімнің де барлық нұсқауын есімде ұстай білдім. Жанкүйерлердің де жебеуі дем берді», – дейді чемпион Мерей ағынан жарылып. Әлем біріншілігінде көпшілік Данияр Елеусіновтен алтын күткен. Оның да себебі бар. Өйткені Данияр әлем біріншілігінде Қазақстанның көк байрағын желбіретіп шыққан ұлттық құраманың капитаны. Әрі, 69 келі салмақтың орны бөлек. Құтты салмақ десек те болады. Бұл салмақта Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев және Серік Сәпиев сынды қазақ ұландары өнер көрсетіп, Әлемнің және Олимпиаданың чемпиондары атанды. Сол себепті де, Даниярға екі есе міндет жүктелгені анық. Жауапкершілікті көкейіне түйген Данияр ақтық сында  Куба боксшысы Ариснойдис Деспаньені айқын басымдықпен ұтты. Капитанның жеңісіне Президент  Нұрсұлтан Назарбаев та куә болды. Өйткені Данияр рингке шығар   сәтте мемлекет басшысы Балуан Шолақ сарайына келген болатын. Даниярдың жеңісін бүкіл қазақ жұрты тамашалады. Оғландарымыз өз жеңістерін Елбасына арнап жатты. Ақтық айқастан соң, микрофон тосқан тілшілердің сауалына Данияр: «Финалдық жекпе-жек болған соң оңай болған жоқ, екі жақтан да мықты боксшылар шықты», – дейді. Төрт құрлықтың азулы былғары қолғап шеберлері бас қосқан айтулы додада ерекше аты шыққан оғланымыздың бірі – Жәнібек Әлімханұлы. Жәнібектің шеберлігі алғашқы сындарынан-ақ анық байқалған. 20 жасар бозбаланың  рингтегі ерекше қимыл-қозғалысының өзі шебер боксшыға тән дүниелер еді. Жәнібек өзінің осал еместігін танытып,  жанкүйерлерінің үмітін ақтады. Қоржынымызға түскен төртінші алтынның да иесі Жәнібек болды. Жәнібектің жұлдызы жанды. Құдайым, тіл-көзден сақтаса, Жәнібектің бағындырар биігі, алар асуы әлі  алда. Жәнібек осы қарқынынан таймаса, Риода өтетін Олимпиадада Олимп шыңын бағындырады деп сенеміз. Ол үшін Жәнібекке босаңсуға болмайды. Көпшілік алтын күткен білекті жігіттеріміздің бірі – Әділбек Ниязымбетов еді. «Әділбектің маңдайына күміс жазылып қойған ба?» деген сауалды қойып үлгергендер де болды. 2011 жылы Бакуде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек бұл жолы да Алматыда күмісті қанағат тұтты. Кубалық Хулио Пераса біздің жігітіміздің жолын осымен екінші рет кесіп отыр. Бакудегі әлемдік сынның финалында да Хулио Әділбектің жолын байлаған еді. Бұл жолы да Әділбектің қарсыласы мықтылығын көрсетті. Әттеген-ай дестік, Әділбек күмістен алқа тағып жатқанда. Алтын болса-шы…  Әрине, әлемдік додадағы күміс алқа аз олжа емес. 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ақтық сында өнер көрсеткен Иван Дычко әзірбайжандық Мохамедрасул Меджидовпен жұдырықтасты. Әзірбайжандық бокс­шы Бакудегі чемпионатта да бас жүлдені жеңіп алған. Осы жолғы сында Дычко чемпион болады деп үміттенгендер көп болды. Иван да алғашқы екі раундта ұпай санымен алда келе жатқан еді. Соңғы раунд жарыстың  тағдырын шешіп кетті. Қарсыласының екі ауыр соққысы жерлесімізді есеңгіретіп тастады. Кездесу соңына жетпей тоқтады. Меджидов тағы чемпион атанды. Ұлттық құрамаға қола медаль алып келген екі бірдей өреніміз Қайрат Ералиев пен Берік Әбдірахманов та өздерінің осал еместігін танытты. Елімізде тұңғыш рет өткен бұл сайысқа әлемнің 111 елінен 457 спортшы қатысып, бақ сынады. Елімізден он спортшы қатысып, оның сегізі жүлделі орынға қол жеткізді. Бұл қазақ халқы үшін толағай табыс еді. Оғландарымыз қазағымыздың көк туын сегіз рет желбіретсе, әнұранымыз төрт рет шырқалды. Қазақ әнұранын Балуан Шолақ сарайына жиналған қауым бірге шырқады. Теледидар алдына телмірген қаншама жанкүйер қазақтың жеңісіне шаттанды. Көздеріне жас алып, құдайы садақа үлестірген абзал аналарымыз да жоқ емес. Өйткені бұл барша қазақстандықтардың жеңісі еді. Өйткені бұл барша алаштың жеңісі болатын.  80 жылдық тарихы бар Қазақ боксының ең ірі жетістігіне қалай қуанбассың, қалай шаттанбассың?! «Бұл жетістікке жету оңай болған жоқ.  Қазақ боксына биыл 80 жыл болса, осы жетістікке жету үшін сол 80 жыл бойы тер төгілді. Бұл көптеген бапкерлердің жемісі», – дейді құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Боксшыларымыздың айтулы жеңіске қол жеткізуіне ұлттық құраманың бас бапкерінің тигізген үлесі зор. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, жігіттерімізді тәрбиелеп жүрген де Мырзағали Айтжанов. Жігіттеріміздің бас бапкерге айтар алғысы да шексіз. Сексен жылда қазақ боксында елімізде алтыннан алқа таққан саңлақтарымыз аз болмады. Есімдері алтын әріппен жазылып қойған спорт майталмандарының көпшілігі дерлік, Балуан Шолақ сарайынан табылды. Қазақ  жігіттеріне ынта-шынтыларымен тілекші болды. Өздерінің жеңісті жолын қазақтың қара домалақтарының жалғағанын тілеген шығар іштей. Оғландарымыз алтын алқа тағып, қазақ әнұранын шырқатқанда, олар да  орындарынан тік тұрып, қосыла шырқады. Рас, қазақ боксшылары бұл жолы үлкен ерлік көрсетті. Төрт алтын, екі күміс, екі қола… Қазақ аспанында алтын жауған күн десіп жатты көпшілік. Лайым, бұл жеңісті күндер жалғаса берсін. Алда екі жылдан соң, Катарда өтетін әлем чемпионаты бар. Ол жерде олимпиадаға лицензия берілетін болады. Біздің боксшыларымыз осынау қарқынмен алға ұмтылар болса, қазақ боксының даңқы аспандай бермек. Бұл жолы қазақстандықтар командалық есепте бірінші орынға шықты. Халықаралық бокс федерациясы есімдерін алтын әріппен жазатын болды. 80 жылдыққа тамаша тарту сыйлаған жігіттеріміздің даңқы шарықтай  берсін! Жарайсыңдар, қазақ оғландары! Жасасын, қазақ боксы!

­­ Гүлзина БЕКТАС