ЖАҢА МИНИСТР ЖОО-НЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРМЕК

ЖАҢА МИНИСТР ЖОО-НЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРМЕК

ЖАҢА МИНИСТР ЖОО-НЫ  ЖЕКЕШЕЛЕНДІРМЕК
ашық дереккөзі

Білім беру саласында тағы реформа басталмақ. Тағайындалғанына екі ай ғана болған министр Аслан Сәрінжіпов Үкіметте өткен отырысқа тың идеяларымен келіпті. Ол әуелгі ұсынысын мемлекеттік жоғары оқу орындарын жекешелендіру мәселесінен бастады.

Бұрынғы экс-министр Жұмағұлов жекеменшік оқу орындарының лицензиясын жаппай тексеріп, сапаға лайықсыздарын жабуды ұсынса, жаңа министр керісінше ЖОО-н  мемлекеттік меншіктен шығаруды қарастырып отыр. Оның айтуынша, бұл қаржылық ресурсты жақсартып, студенттер, профессорлар мен оқытушылар арасында өзара бәсекені ұлғайтады. «Бұл үшін бізге жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық форма, әрбір ЖОО үшін дамытудың жеке бағдарламасы, нәтижеге бағдарланған қаржыландыру, коллегиалды басқару және сыбайлас жемқорлықпен күрес қажет», – деді министр А.Сәрінжіпов. Бізде қазір осының бірі де жоқ екен. Жемқорлық та өршіп кеткен. Министр мырза әлі күнге ЖОО-ның қатып қалған кеңестік ескі қағидалармен жұмыс істеп жатқандығына ашынады. «Демек, ЖОО шын мәнінде, коммунал­дық кәсіпорын секілді жұмыс жасау­да және мемлекет атынан қандай да бір мемлекеттік қызметтерді ең төмен­гі бағамен көрсетеді. Бүгінде ұлт­тық мемлекеттік ЖОО барын­ша төмен, бекітілген бағамен оқытуда», –  деп шағымданды министр. Осы себепті ол отандық жоғары оқу орындарында өзгерістер жүргі­зіп, келесі жылы-ақ оларда шетелдік корпорациялардағыдай, «корпора­тив­тік басқаруды» енгізуді жоспарлап отыр. Қазіргі кезде ЖОО-нда бақы­лаушы кеңестер бар екені мәлім. «Біз ірі ЖОО-ның бақылаушылар ке­ңесінің құрамына жергілікті атқару­шы органдардың, индус­трия саласы­ның, кәсіпкерлердің ұлттық палатасы­ның және қоғамның өкілдерін енгізуді ұсынамыз. Бұл үздік халықара­лық тәжірибеге сәйкес болар еді», – деді А.Сәрінжіпов.  

Айта кету керек, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында БҒМ-нің жаңа басшысы Елбасыдан ескерту алған болатын. Ақордада өткен жиын кезінде Алматы әкімі Ахметжан Есімов әу баста ата-аналардың үлкен қарсы­лығы болғанымен, бүгінде ҰБТ-ға барлығының бой үйреткенін айта келе, Білім және ғылым министрлігінің тағы өзгеріс жасағалы отырғанын тілге тиек етті. «Бірақ таяуда министрліктің лауазымды өкілінің ҰБТ-ның жойылатындығына қатысты мәлімдемесі тағы дүрбелең туғызды», – деген еді. Бұдан кейін  Елбасы министрді орнынан тұрғызып, мән-жайды сұрап, елді шатастырмауға шақырды. 

Алайда, министр биылғы ҰБТ-да да өзгерістің болатындығын айтып, мазмұны жетілдірілетіндігін жеткізді. Яғни, сынаққа кеңейтілген түрде жа­уап беретін сұрақтар, эссе жазу тапсырмасы енгізілмек.  Мұнымен қоса, ҰБТ техноло­гиясына да толықтырулар жасалады. Бұл дегеніңіз, бұдан былай тестілеу компью­термен тапсырылады, бұл көшіріп алу, варианттарды ауыстыра қою сияқты субъективті факторлардың ықпалын азайтады деп сендіруде. Ал 2015 жылдан бастап, ҰБТ екі кезеңнен – ұлттық тестілеуден және кешенді тестілеуден тұратын болады. 

Сондай-ақ, тіл мәселесін тілге тиек еткен Білім және ғылым министрі: «Адам капиталының дамуы елімізге келешекте ғылыммен тығыз ұштасқан экономиканы және бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың берік іргетасын қалауымызға мүмкіндік береді. Алдағы 3-4 жылдың ішінде білім жүйесін құрылымдық және мағыналық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің деңгейіне жеткізу барысында саяси еркіндік және ресурстар негізінде айқын мақсаттар қойып, оларды нақты жүзеге асыру қажет. Елбасының білім жүйесінің ал­дына қойған мақсаты – 2020 жылы мек­теп түлектерінің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек. Біздің бақылауымызша, бар­лық деңгейдегі білім беру ұйымдарын­да қазақ тілінде оқытатындарының да саны тұрақты ұлғаюда. Еуропалық стандарттар негізінде 2010-2011 оқу жылынан бастап орыс тіліндегі мек­тептерде қазақ тілін меңгерудегі оқу бағдарламалары әзірленіп енгізіле бас­тайды», – дейді. 

Қазақ тілін оқыту нәтижесін анықтау үшін құрылған ҚАЗТЕСТ жүйесі мен қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік құзыреттіліктерін анықтайтын Қазақстан Республи­касының мемлекеттік стандарттары бекітілгені белгілі. Жаңа министрдің ұсыныстары мен алдағы жоспарын тыңдаған Премьер-министр Серік Ахметов «жаңашылдық-новацияларды ендіру сапасын арттыру және жетілдіру мәселелерінің айрықша маңызды» екендігіне тоқтала келе, бұл мәселеде қоғам мен мамандардың  және халықтың пікірін ескеру керектігін қадап айтты. 

Қуандық Шамахайұлы, журналист: 

– Білім мен ғылым саласын басқарып отырған жаңа министрдің бүгінгі мәлімдемесі көңілге қонады екен. Расында, ЖОО атау­лы мемлекетке масыл бола бермесін. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне қараңыздаршы, Гарвард, Кембридж дейсіз бе, Оксфорд па, бәрі жекеменшік қой. Ұлттық университеттер – Қазақстан халқының мүлкі. Ол санаткерлік бола ма, тікелей мағынада заттық бола ма, бәрібір. Сонымен бірге ол ғылыми-зерттеу әрі білім беру мекемелері болғандықтан, қандай бір саяси ықпалдан тыс, дербес тұруға тиіс. Өкінішке қарай,  біздегі заңдарға, қаулы-қарарларға жүгінер болсақ, ұлттық университеттердің ректорларын Президент тағайындайтындығына ғана көңіл демдеуге болар.   ЖОО базасын жетілдіруге еліміздің үкіметі айтарлықтай көңіл бөліп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, университеттердің қаржылық көздері оқу ақысынан, демеушілердің көмегінен, ғылымға бөлінетін дотациядан, патент, лицензия, роялттық төлемдерден және мемлекеттік бюджеттен құралады екен. Батыс Еуропа елдері, Жапония, Австралияға қарағанда,  АҚШ-та үкімет тарапынан ЖОО-ын қаржыландыру жағы айтарлықтай аз. Алайда, соған қарамастан, соңғы жылдардағы мәліметтерге қарағанда, АҚШ-та университеттердің барлық кірістерінің 50,77 %-ын мемлекеттік немесе жергілікті бюджет құйса, 18,06  % оқу ақысы, 25,32 %-ын көмекші шаруашылықтар, қызмет көрсетудің өзге түрлерінен түскен табыс, қалған 5,83 %-ын демеушілерден бөлінген қаржы құраған. Сайып келгенде, еліміздегі ұлттық университеттердің басқару жүйесін жетілдіру қажеттілігі өмірден туып отыр.  

Өмір Шыныбекұлы, журналист:  

– Жаңа бағдарламаның артықшылығы: баланы ойлануға, қандай да болмасын шешімді өзі табуға итермелейді. Білім процесіне қатысушылардың өзара сыйластығына негізделген! Бұрынғыдай «Я начальник, ты дурак» дегенге жол берілмейді. Бағдарлама іске асса, ҰБТ-ның қазіргі форматын да өзгертуге тура келеді…Менің айтарым, егер осы реформаны жүзеге асыра алмасақ, онда жағдайымыз қиын!


Динара Мыңжасарқызы